1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №58 (16244) 25 шілде, сейсенбі 2017
25 шілде 2017
«Қазақ туризмі» не үшін құрылды?

Үкімет «Қазақ туризмі» ұлттық компаниясын құрды. Оның мақсатын таныстырған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақстандағы туризмді дамыту, елге келетін шетелдіктердің санын көбейту және туристік салаға инвесторлар тарту» дейді. Министрдің сөзінше, шетелдік инвестор ел туризміне ақша құюға мүдделі. Дұрыс-ақ делік. Бірақ бізде мемлекет мойнындағы ұлттық компаниялардың басым бөлігі масылдықтан арыла алмай жүр. Осы себепті туризм саласында ұлттық компания ашқан қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды.
«Жас Алашқа» түсініктеме берген экономист Мағбат Спановтың ойынша, тоқырап тұрған саланың мәселесін әкімшілік әдіспен шешу дұрыс емес.
«Жаңа компания ашуға ненің негіз болғанын түсінбедім. Себебі жаңа компания қандай да бір сала енді ғана қалыптасып жатқанда жұмысын реттеу, бағыт беру үшін құрылады. Ал туризмнің мәселесі бұрыннан бар. «Қазақ туризмі» де бюджет қаржысымен күн көретін өзге мемлекеттік компаниялар секілді болатын шығар. Екі-үш жылдан соң істері дағдарып қалса таңғалмаймын», – дейді ол.
Қазақ үкіметі туризмді дамытуға бұған дейін де ақша аямаған. Мәселен, 2016 жылы елде туризм индустриясын дамыту үшін үкімет 2 млрд теңге бөлді. Бірақ сол жылы жалпы ішке өнімге туризмнен келген пайда 1 пайызға да жетпеді. Ал 2015 жылы туристік салада жұмыс істейтіндердің саны 2014 жылғы 70,8 мың адамнан 35,4 мың қызметкерге дейін екі есеге азайды. «Даму» қорының Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Едіге Марғұлан кәсіпкерлерге жылына 8,5 пайызбен 100 млн теңге берілсе де, қазақ туризмі алға баспай тұрғанын айтады. Ал Visit Almaty туристік ақпарат орталығының директоры Әсел Нүркебаева туризмнің дамымауына банктердің кәсіпкерлерге қаржыны тиімді етіп бермеуінен көреді.
«Алғашқы салым үшін ақша сұрап барған кәсіпкерлерге банктер несие бергісі келмейді. Ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер болса кепілге зат қойғысы келмейді. Осының әсерінен жұмыс жүйелі жүрмейді», – дейді ол.
Әсел Нүркебаева бәсеке ортасында дамуы тиіс салаға шопан ретінде қарайтын ұлттық компанияны ашқанын құп көрмейді.
Бір қызығы, жаңа компанияға бюджеттен қанша ақша бөлінетіні, басшылары қанша жалақы алатыны көпшілікке бұлыңғыр.
«Компанияның аты «ұлттық» болғанымен, ондағы қызметкерлердің жалақысы мұнай-газ саласындағы компаниялардың еңбекақысы сияқты төленбейді. Жоғары жалақы қойылмайды», – дейді екі қолын жан-жаққа сермеген министр. Оның сөзіне экономист Мағбат Спанов күмәнмен қарайды. Ұлттық компаниялардың есепшотында ашықтық жоқ екенін әрі басшыларының жалақы көлемі нақты айтылмайтынын алға тартқан ол «жоғары жалақы» деген түсінік шенеуніктердің өлшемінде басқаша» дейді.
Сондай-ақ сарапшылар жаңа құрылған ұлттық компания үкіметтің өз саясатына қарсы деп біледі. Себебі үкімет мемлекет қарамағындағы компанияларды жаппай жекешелендіру бағдарламасын қабылдаған еді. Сонысына қарамай, міне, және бір ұлттық компания құрып отыр.

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті