26 қаңтар 2010
Сбербанк БТА-ны сатып ала ма?
“Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры “БТА Банкiн” Сбербанкке сату жөнiндегi келiссөздердi биылғы жылдың II тоқсанында бастамақ. “Көп нәрсе кредиторлардың келiсiмiне байланысты... Бiз Сбербанктен кез келген ұсынысты күтемiз”, – дейдi “Самұрық-Қазына” қорының төрағасы Қайрат Келiмбетов. Оның айтуынша, “Самұрық-Қазына” Сбербанкке “БТА Банктiң” 85 пайыз акциясын сатуға дайын. Қазiр қорға банктiң 78 пайыз акциясы тиесiлi. Бiрақ, қайта құрылымдау аяқталған соң қорға БТА-ның 85 пайыз акциясы өтетiн көрiнедi.
Алайда ресейлiк Сбербанк БТА-ны сатып ала қояр ма екен? БТА-ны Сбербанкке сатамыз дегелi бiраз айдың жүзi болды. Соған қарағанда, ресейлiк банктiң БТА-ны сатып алуға онша-мұнша құлқы жоқ тәрiздi. Не де болса Сбербанктiң БТА-ны сатып алу-алмауы қайта құрылымдау аяқталған соң белгiлi болмақ.
ТЕҢГЕ БАҒАМЫНЫҢ ДӘЛIЗI КЕҢЕЙТIЛМЕК
Ұлттық банк теңге бағамының дәлiзiн кеңейткенi белгiлi. Ендi 5 ақпаннан бастап доллар бағамы 150 +15 /-22,5 теңге аралығында болмақ. Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко дәлiздiң орталығы 150 теңге болатынын, теңге бағамы қатты ауытқымайтынын қадап айтқан-ды. “Теңге бағамы дәлiзiн кеңейтсек те, теңге бағамы қатты ауытқымайды. Бұдан бiр жыл бұрын теңге бағамын 150 +5/-5 теңге деп белгiлесек те, теңге бағамы 148-151 теңге аралығында болғаны белгiлi”, – дедi бас банкир соңғы баспасөз мәслихатында. Десек те теңге бағамын қалай белгiлесе де, ол мұнай бағасына тәуелдi екенi анық. Ал мұнай бағасының қалай өзгеретiнiн болжап бiлу мүмкiн емес.
КӘСIПКЕРЛЕРДI ТЕКСЕРУ ЖҮЙЕСI ӨЗГЕРДI
Биылғы жылдың ақпанынан бастап кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексеру ережесi өзгередi. Кәсiпкерлер бұдан былай тәуекелдi басқару жүйесi бойынша тексерiлмек. Тәуекелдi басқару жүйесi деген не сонда? Экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгiнiң кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi департаментiнiң жетекшiсi Р.Ақбердин жаңа жүйе бақылау органдарының қызметiн бiр iзге түсiредi деп есептейдi. “Ендi бақылау органдары қауiп төндiретiн кәсiпкерлердi қатаң қадағалап, ал заң бұзбайтын кәсiпкерлерлiк субъектiлерiн тексерудi азайтады”, – дейдi ол. Ал USAID жобасының халықаралық сарапшысы Игорь Гуцан жаңа жүйеге сәйкес әр тексеру органы кәсiпкерлердi тәуекелдiлiктiң үш дәрежесiне бөлiп қарастыратынын айтады. Жаңа жүйе объективтi және субъективтi белгiлердi негiзге алатын көрiнедi. Бұл жүйе тексерiс пен айыппұлдан көз ашпай отырған кәсiпкерлерге септiгiн тигiзсе, құба-құп. Бiрақ кәсiпкерлер тексеру органдарының санын қысқартып, әкiмшiлiк реформасын жүргiзбейiнше, ахуалдың жақсара қоюы екiталай деп есептейдi.
“ШЫҒЫСЭНЕРГОТРЕЙД” ЖАРЫҚ БАҒАСЫН ӨСIРМЕК
“Шығысэнерготрейд” ЖШС не жарық бағасын көтеремiз, не электр энергиясын берудi бiржолата тоқтатамыз деп сес көрсетуде. Үкiметтiң селекторлық жиынында Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Серiк Әбенов: “Шығысэнерготрейд” аязды күндердi пайдаланып, ақпаннан бастап энергиямен қамтамасыз етудi тоқтату туралы мәселенi көлденең тартуда”, – деп мәлiмдедi. С.Әбенов тиiстi шараларды қолға алып, облыстық прокуратураға шағымданғанын да айтып өттi. Сондай-ақ облыс әкiмi орынбасарының айтуына қарағанда, “Шығысэнерготрейд” жарық бағасын өсiрудi көздеп отырған көрiнедi. Өз кезегiнде үкiмет жетекшiсi Табиғи монополияларды реттеу және Бәсекелестiктi қорғау агенттiктерiне “Шығысэнерготрейдтке” қатысты ахуалды ретке келтiрудi тапсырды.




