10 наурыз 2010
Үкiм оқылды

БIРАҚ, КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР: «ЕКIҰШТЫ ШЕШIММЕН МАЗАҚ ЕТПЕСIН», – ДЕЙДI
Түйенi түгiмен жұтқан «Ғибрат» республикалық көпбалалы аналар қоғамының бұрынғы басшыларына қатысты сот аяқталды. Алматы қаласы, Бостандық аудандық сотының судьясы Шынар Ерғалиева ҚР Қылмыстық кодексiнiң 177-бабы, 3-бөлiгiнiң «Б» тармағы бойынша, яғни iрi мөлшерде алаяқтық жасағандары үшiн кiнәлi деп тауып, М.Бұтабаева мен Г.Мамытованы – 8 жылға, Ж.Балқыбекованы 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкiм шығарды.
Сот табалдырығын тоздырып жүрген көпбалалы аналар бұл жолы әдеттен көп жиналды. Зал лық толы. Көпшiлiктiң қабағы қатулы. Үрей басым. Қандай үкiм оқылады? Сотталушылар жазасын тарта ма? Жер дауы шешiле ме?
Сонымен, түрлi себептермен дерлiк екi жылға созылған «Ғибраттың» сотына қатысты үкiм екi сағат бойы оқылды. 148 жәбiрленушiнiң арыз-талаптарын, сотта берген жауаптарын, сотталушылар кiнәсiн толық мойындамағанын судья Шынар Ерғалиева тiзiп тұрып айтты.
Ең алдымен, М.Бұтабаеваның кiмдi қалай алдағаны сөз болды. «2004 жылдың наурыз айында М.Бұтабаева «Ғибрат» көпбалалы аналар қоғамының мүшесi Бейсенбинаның баспанасы жоқ екенiн бiлiп, Алматы қаласындағы мемлекет меншiгiндегi балабақша бөлмесiн алып беретiнiн айтып 2500 доллар, 2005 жылдың маусым айында Бесбековаға жер телiмiн алып бере алатынын айтып 100 мың теңге, 2006 жылы мамыр айында Ақжолтаевқа тұрғын үй салуға арзан бағаға кiрпiш алып беретiнiн айтып 150 мың теңге алған» .
– «Ғибрат» көпбалалы аналар қоғамының төрайымы М.Бұтабаева, кассирi Ж.Балқыбекова, заңгерi Г.Мамытова және тергеу кезiнде анықталмаған тұлғалар алдын-ала сөз байласып, 2006 жылы қоғамның мүшелерiне Алматы қаласында жер телiмiнiң қымбаттап кеткенiн пайдаланып қылмыстық iс бастаған. Алдын-ала сөз байласып, iрi мөлшерде ақша иемденудi мақсат еткен, – дедi судья.
Бөтеннiң мүлкiн iрi мөлшерде иемдену мақсатында 2006 жылдың шiлде-тамыз айларында және қыркүйек айының 25 жұлдызына дейiн сотталушылар және тергеу кезiнде анықталмаған тұлғалар мына азаматтардан алаяқтық жолмен ақша алған: Арықбаевадан – 1500 доллар, Шадияровадан – 2000 доллар, Ашыбасаровтан – 12500 доллар, Бақытдиновтан – 4000 доллар, Сұлтанбаевадан – 6000 доллар... Жәбiрленушiлердiң тiзiмi осылай жалғасып 100 адамнан асып түстi.
Үкiмдегi деректер бойынша, сотталушылар Алматы-Қапшағай жол трассасына жақын орналасқан Алматы облысы, Iле ауданы, Байсерке ауылы аумағындағы шаруа қожалығына арналған 162 гектар жердi сатып алған. Нотариус арқылы Г.Мамытованың атына заңдастырған. Осы деректi тiлге тиек еткен судья 2008 жылға дейiн жер телiмi үшiн ақша тапсырған аналардың тiзiмiн оқуды жалғастырды ...Ұлниза Уәлиева – 61 900 доллар, Шалабаева – 6000 доллар... Бұл тiзiм жетпiске сәл-ақ жетпедi. Сондай-ақ, сотталушылар жәбiрленушiлерден 10 сотық жер телiмiне жекеменшiк құқығын беретiн мемлекеттiк акт алуы үшiн 300 доллардан төлеудi талап еткенi айтылды. Оған қоса сотталушы Ж.Балқыбекова және мына азаматтардан ақша алыпты: Торғаевтан – 2300, Камаевадан үстеме ретiнде – 500, Керiмқұловадан – 1000, Сәдуақасовадан – 4000 доллар... Бұл жолы тiзiм 20-дан асты.
Сондай-ақ, жарыссөзде мемлекеттiк айыптаушы Еркiн Машимов «сотталушы М.Бұтабаева Қ.Сүлейменова тапсырдым деген ақшаға қолхат бергенiн мойындамады. Әрi Сүлейменова берген қолхаттар басқа қолхаттарда қойылған Бұтабаеваның қолымен сәйкес келмейдi. Сондықтан да дәл осы қолхаттағы қолдың кiмдiкi екенiн анықтау үшiн Қ.Сүлейменоваға қарсы тергеу амалдарын жүргiзу керек деп санаймын» деген-дi. Мұны судья Шынар Ерғалиева да қуаттады. Қ.Сүлейменоваға қатысты iс қайта тергеуге жiберiлдi.
Судья Шынар Ерғалиева 148 жәбiрленушiнiң басым бөлiгiнiң азаматтық арыз-талаптарын қанағаттандырғанымен жиырмадан астам адамның iс материалдарын бөлектеп, қосымша тергеуге жiбердi де мынадай үкiм шығарды: «2008 жылдың 8 тамызында тергеушiнiң қаулысымен Алматы облысы, Iле ауданы, Байсерке ауылындағы 162 гектар жер телiмiне, Қарасай ауданындағы 2 гектар 90 сотық жерге тыйым салынған. ҚР Қылмысты атқару кодексiне 60 бабына сәйкес сотталушылардың тәркiленген мүлкiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға бұйыру ҚР-ның заңдарына сәйкес оған қойылатын барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн жүргiзiледi. Тәркiленген мүлiк есебiнен қанағаттандырылуға жатады. Талаптар жөнiнде мемлекет оны сатудан немесе одан әрi пайдаланудан алынған қаражат негiзiнде жауап бередi. ҚР Қылмыстық кодексiнiң 177-бабы, 3-бөлiгiнiң «Б» тармағы бойынша, яғни iрi мөлшерде алаяқтық жасағандары үшiн кiнәлi деп тауып, мүлкiн тәркiлеп М.Бұтабаеваны 8 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазаны өтеу мерзiмi 2008 жылдың 11 қыркүйегiнен басталсын. Г.Мамытова сот залынан қамауға алынып, жазасын 8 жылға түзеу мекемесiнде өтесiн. Ж.Балқыбекова 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сот залынан қамауға алынсын». Судья сондай-ақ, құқық қорғау орындарында жiберiлген кем-кетiктердi де атап өттi. «Тергеу iсiнде көптеген кемшiлiктер шықты, заңбұзушылықтар анықталды» – деген ол iс бойынша нақ 25 адамның арызы iшкi iстер басқармасына тiркелгенiмен жәбiрленушi ретiнде танылмағанын, тiптi арыз жазған адамдардың өзi шетте қалғанын, белгiсiз себептермен Сүлейменова мен Жұмақожаеваның қылмыстық iсi бөлектенгенiн және тағы басқа да заңбұзушылықтарды санамалап бердi. «Алматы қаласы iшкi iстер департаментiнiң тергеушiлерi қылмыстық iс жүргiзу заңдарын бұзған. 1 айдың iшiнде кеткен кемшiлiктердi жойсын. Және сотқа хабардар етсiн», – дедi судья.
Үкiм шықты. Жер жәбiрленушiлердiң есебiнде қалды. Бiрақ, үш жылдан берi жер дауына тап болған аналар аң-таң күй кештi. Әрбiрiнiң көкейiнде: «162 гектар жер шаруа қожалығына арналған. 2 гектар 90 сотық жер кiмге жетедi» деген сауал тұрды. Сот залынан шыққан көпбалалы аналар көздерiне жас алып: «Неге мәселенiң басын ашып айтпайды? Неге аналардың зарын ешкiм тыңдамайды? Бұл iстiң соңы не болады? Бiлмеймiз ғой. Үкiмет сөзiмiзге құлақ ассын. 10 сотық жер алуымызға көмектессiн. Әйтпесе, бәрiмiз аштық жариялаймыз. Көшеге шығамыз. Қажет десе Ақордаға барамыз. Бұлай екiұшты шешiммен бiздi мазақ етпесiн», – дедi.
Дилара ИСА




