1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Жаңа қазақ-латын әліпбиі қандай болуы керек?

 Латын әліпбиіне көшу мәселесі көпшілікті қатты алаңдатып тұр. Редакцияға өз ойларын айтып хабарласқан, хат жолдаған жандардың қатары тым көп. «Жас Алаш» газеті сол жолданған хаттардың кейбірін жариялап, нөмір сайын бұл тақырыпты қызу талқыға айналдыруда. Біз үшін пікір алуандығы ауадай қажет. Сондықтан бүгінгі санда да төмендегі мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Латын графикасына көшу деген – дүниежүзілік прогреске қарай қадам басу деген сөз. Сондықтан латын графикасына көшу «керек» емес, ол қажет. Бұл – заман талабы.
Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ президент «латын графикасына көшуіміз керек» деп өз аузымен ең алғаш рет айтқан кезде ол ұсынысты алдымен құптағандардың және қуанғандардың бірі мен болдым. Себебі латын графикасына көшсек, кеңестік саясаттың кесірінен тілімізге жөнсіз ендіріліп, қазақ сөздерінің дыбысталу, жазылу тұрпаттарын бұзып жіберген, жатжұрттық, басы артық 12 дыбыс пен әріптен құтылатын шығармыз деп үміттенген болатынмын.
Үстіміздегі жылы 11 қыркүйек күні қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия қазақ-латын графикасына қатысты өз жобаларын парламентке ұсынды. Осы жоба газеттерде жарияланғаннан бері менен маза кеткендей. Өйткені ол жобада қазақ тілі дыбыстарының ерекшеліктері ескерілмеген. Егер бұл жоба осы күйінде қабылданар болса, төл дыбыстарымызды жоғалтып алу қаупі бар.
Қазақ-латын әліпби жобасын әзірлегендер көңілдеріне келмесін, не мектепте, не жоғары оқу орындарының бірінде қазақ тілі дыбыстары жөнінде бір күн де сабақ беріп көрмеген, қазақ тілі дыбыстарының қыр-сырын жете меңгермеген адамдар сияқты. Мұны айтып отырған себебім: 1-сыныпқа келген балаларға А әрпін «а» дыбысының таңбасы деп, Е әрпін «е» дыбысының таңбасы деп үйретіп алғаннан кейін, «ал енді осы екі әріпті қосып айтсаңдар Ә дыбысы болады» деп мен оларға қалай айта аламын, не деп түсіндіремін?! Егер солай деген болсам, «Ағай-ау, А мен Е-ні қоссақ, Ә емес, АЕ болмай ма?» десе, мен не деймін?
Қысқасы, бұл жобадағы әріптер мен дыбыстарды балаларға, шетел азаматтарына ұқтыру да, айтқызу да және оларды оқыту да өте қиын. Жобада көрсетілгендей, қазақ тілінің дыбыстарын AE (ә), OE (ө), UE (ү), GH (ғ), NG (ң), ZH (ж), SH (ш), CH (ч) деп қос әріппен беру қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарын бұзады, қазақ тілі үшін алтын заң болып есептелетін үндестік заңы құрдымға кетеді.
Телехабардан берген сұхбатында осы жобаға қатысушылардың бірі А.Шәріпбай журналистің «Талқылауға ұсынылған әліпби жобасында бір дыбысты қос әріппен таңбалауды неге дұрыс көрдіңіздер?» деген сұрағына ол кісі компьютердегі әріптері ағылшын тіліне арналған пернетақта аясынан шықпағандықтарын айта келіп: «Егер әліпбиді осылай жасасақ, кирилл әріптерімен басылған 500 беттік кітапты арнаулы бағдарлама арқылы бір минут ішінде латын әрпіне көшіруге болады», – деп жауап берді.
Айналайындар-ау, латын графикасына көшудің мән-мағынасы, маңызы тек осында ғана ма екен?! Қазақ тілінің өз табиғатына сай келетін ұлттық қазақ-латын әліпбиін жасау, оны балаларға, шетел азаматтарына үйрету, әріптерді, сөздерді дұрыс айтқызу, дұрыс жазғызу дегендер сияқты толып жатқан мәселелер сонда қайда қалады?!
Жобада бұлардан басқа да кемшіліктер бар. Мәселен, онда кириллдің Ц әрпі латынның С әрпімен, ал Ч әрпі латынның қосарлы СҺ әріптерімен беріліпті. Қазақ тілінде Ц,Ч деген дыбыстар жоқ. Олай болса қазақ тілінің дыбыстар жүйесінің құрамында мұндай әріптердің болмағаны жөн.
Неге екенін қайдам, газет бетінде көрсетілген жобада латынның І таңбасының тұсында І/И деген екі белгі тұр. Сонда бір әріппен екі дыбысты белгілейтін боламыз ба? Егер бұл жердегі И кино сөзіндегі ұзын И болатын болса, онда қазақтың іні деген сөзіндегі І дыбысының латынша таңбасы қандай әріппен белгіленеді? Мәселенің бұл жағы айқындалмаған. Шындыққа жүгінсек, қазақ тілінде ұзын И деген дыбыс жоқ. Ол ый (қый), ій (кій) деген жуанды-жіңішкелі екі дыбыстың қосындысын білдіретін әріп қана.
Жобада кирилл жазуындағы Ж-ны латынның ZH, Ш-ны латынның SH әріптерімен таңбалау керектігі көрсетілген. Қосарлы әріптерге жармаса бермей, одан гөрі жобадағы біз жоғарыда айтқан ұзын И-ді алып тастап, оған берілген латынның І таңбасын қазақтың Й деп таңбаланатын қысқа дыбысына берген жөн болған болар еді. Сонда латынның J таңбасы босап қалады. Онымен (J таңбасымен) қазақ тіліндегі Ж дыбысын таңбалауға болады. Сондай-ақ кириллицадағы Ц дыбысы қазақ тілінде жоқ болғандықтан, оны да жобадан алып тастап, бос қалған латынның С әрпін қазақтың Ш дыбысына телісек, жаңадан жасалған қазақ-латын әліпбиі әрі жинақы, әрі оңтайлы болады.
Бұрын «орыс тілінде солай» деп сылтау іздейтінбіз. Енді «ағылшын тілінде солай» дейтінді шығардық. Қашан біз «қазақ тілінде осылай» дейтін деңгейге көтерілеміз?!
Мен қазақ-латын әліпбиін сонау 1993 жылдан бері зерттеп келемін. Зерттеу нәтижелерінің негізінде газет-журнал беттерінде бірнеше мақала жарияладым. Қазақтың қай дыбысына латынның қай әрпін таңба етіп аламын дегенді көп ойландым. Біріншіден, латынша әріптердің қолдануға (оқуға, жазуға) қолайлы болу жағын, екіншіден, оларды балаларға, шетел азаматтарына үйретудің оңай болу жолын қарастырдым. Енді, міне, жобамның соңғы нұсқасын көпшіліктің талқысына ұсынып отырмын.

Бұл нұсқаны жасауда мен мынандай ұстанымдарды басшылыққа алдым: латынның 26 әрпіне сай келетін қазақ әліпбиін жасау;
тек қазақ тілінің өз дыбыстарына ғана әріп (таңба) іздеу (орыс дыбыстарына әріп іздеп әуре болмадым, өйткені ол – орыс тілі мамандарының міндеті);
жаңадан жасалған қазақ-латын әріптерін жас буын мен қазақ тілін үйренем деген шетел азаматтарына оқытудың, үйретудің оңай болу жағын ойластыру;
ол үшін қазақ дыбыстарының әрбіреуін (алты төл дыбыстан басқаларын) латынның жеке-жеке дыбыстарымен таңбалау; яғни бір дыбысты бір ғана әріппен белгілеу;
қазақ дыбыстарына балама болатын латын әріптерін таңдауда құйрықты әріптерді де, үмләуітті әріптерді де, қос нүктелерді де пайдаланбау;
қазақтың төл дыбыстарының қасына әліпби құрамында жоқ, бірақ пернетақтада бар Һ белгісін қою (бұл қазақ тілі үшін әріп емес, шартты белгі. Ол оқылмайды. Тек дауысты дыбыстардың қасында тұрса – жіңішкелікті, дауыссыз дыбыстардың қасында тұрса – жуандықты білдіреді) т.б.
Өздеріңіз көріп отырғандай, мен латынның А, О, U, Ү дауыстыларының қасына латын графикасында бар Һ белгісін қою арқылы қазақ тіліндегі Ә, Ө, Ү, І деген жіңішке дауыстылардың латынша таңбасын, ал латынның G, N дауыссыз дыбыстарының қасына тағы да сол Һ белгісін қою арқылы олардың жуын сыңарларының (Ғ, Ң) латынша таңбасын жасадым. Нәтижесінде қазақтың 29 дыбысына таңба ретінде латынның 24 әрпі ғана пайдаланылды. Кейбір мамандардың «латынның 26 әрпі қазақ тілінің дыбыстарын таңбалауға жетпейді» деген лепірме сөздері айдалада қалып, керісінше, латын әліпбиінде бар V, F таңбалары (әріптері) артылып қалды.
Айта кететін нәрсе: парламентке ұсынылған жобада қазақтың Ы, І дыбыстары латынның әртүрлі таңбаларымен белгіленіпті. Бұл дұрыс болмаған. Себебі қазақтың төл дыбыстарының бәрі (үнділерден басқалары) жуанды-жіңішкелі болып жұп-жұбымен бірге жүреді. Осы тұрғыдан алғанда қазақ-латын әліпбиіндегі Ы мен І дыбыстарының латындық таңбаларын бір-бірінен алшақтатуға болмайды. Олар ұқсас таңбалармен таңбалануға тиісті (біз оны солай істедік). Бұл оларды балаларға айтқызып, жазғызып үйретуде теориялық жағынан да, практикалық жағынан да ыңғайлы болады.
Қорыта келе айтарымыз, ұлттық комиссияның парламентке ұсынылған жобаны әлі де талқылап, толықтыра түсуі керек. Қазақ тілінің өзіне тән төл дыбыстарының ерекшеліктерін сақтау, дыбыстардың дұрыс айтылуы мен дұрыс жазылу жағын ескеру қажет.
Жастарды оқытып жүргеніме ширек ғасыр болды. Олардың басым көпшілігі сөз қалай жазылса, оны солай оқиды. Мысал келтірейін. Осыған дейінгі қазақ тілінің ережелеріне сәйкес: түлкі деген сөзді түлкү деп айт, түлкі деп жаз деп қанша айтсаң да, бәрібір олар әлгі сөзді түлкі деп жазылуы бойынша айтады. Соған қарағанда «Ең оңай тіл – қалай айтылса солай жазылатын тіл» деген қағида дұрыс сияқты. Сондықтан біз қазақ тілі үшін латынның қандай әріптерін қабылдасақ та, ол қазақ тілінің фонетикалық заңдарына сәйкес келіп, олардың айтылуы мен жазылуының оңтайлы болуы жағын көбірек ойластыруымыз керек. Ұлттық әліпби балаларға оңай үйретілетін, естерінде тез сақталынатын болсын. Сонда ғана ондай әліпбиді қабылдауға болады. Тілімізде жоқ, басы артық Ц,Ч,Ф,Щ,И,Э сияқты әріптерді әліпби құрамына ендірудің қажеті шамалы. Онсыз да қазақ тілі көп жылдар бойы бұрмаланып, өзінің табиғи даму жолынан ауытқып кетті.
Егер біз жасаған осы нұсқа үкімет тарапынан қабылданып жатса, біріншіден, қазақ тілінің дыбыстары мен әріптерін жас буынға, шетел азаматтарына үйрету оңай болады; екіншіден, латын әріптеріне ешқандай қосымша таңба қосылмайды; үшіншіден, жаңадан жасалған осы әліпби арқылы қазақ қауымы дүниежүзілік интернет жүйесіне еркін қосыла алады.

Байынқол ҚАЛИҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (12)
мрода | 21 қыркүйек 2017 22:00
конiлге конымды екен нагыз маманнын усынысы
Б.Шаяхметұлы | 22 қыркүйек 2017 17:05
Мен осы жобаны қолдаймын!
Qaripolla | 23 қыркүйек 2017 08:21
Ц -ны қайтару керек, терминдерді қалай жазамыз? Сосын X-ті алып тастау керек. U үйреншікті У болу керек. Сонымен былай: U - У, С - Ц, H - Х, SH - Ш, W - Ұ, J - Ж болып жазылу керек. Ә, Ө, Ү, Ң, Ғ жоғарыдағыдай басқаша жазылу керек. Басқасы өте дұрыс. Basqasy aete dwrys. Osylai jazsaq, tez ueireniep ketemiez.
Сенімсіз | 23 қыркүйек 2017 11:21
Ал орыс тілділер кирилицада қала береді
Дегенді қалай түсінеміз? Қазақ мемлекеті
Орыс тілділер жəне латын тілділерболып қалама?
Жас алаш осы мәселе туралы мамандардың пікірін берсеңіздер. Қарапайым адамға түсінікті болсын.
Алпа | 23 қыркүйек 2017 18:10
оте дурыс
мағжан | 23 қыркүйек 2017 23:53
Бір дыбысқа үш әріп қолдансақта ,тобесінде астында нүктелер болмасыншы,
Берік | 24 қыркүйек 2017 12:46
Латын әліпбиіне көшу қажет, ал диграфтар өте көп одан айырылу қажет
Сіздер Қазақ әдебиетіне шыққан Тұрдақын Жексенбай жазушы азаматтың мақаласын оқысаңыздар КӨП мәселені аңғаруға болар еді Қайталап айтатыным ДИГРАФТАР өте көп басымыз одан бетер қатар содан құтылайық немесе азайтайық
Қызылордалық Балталы Төлеген | 25 қыркүйек 2017 13:38
Биліктегі орысқұлдар"үш тіл болашақ кепілі"деп ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ,ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ тамырына балта сілтеп,ЕЛДІ Ұлттық мемлекет ретінде жою жаспарына кіріскен.Енді парламентке"латын әліпбиі заман талабы"деп былық әліппиді енгізіп,ЕЛДІ жою жоспарына нақты кірісті деп білемін."АНАУ"өлмей тұрып"жылдамдатыңдар.Артымда ЕЛДІ,ТІЛДІ сұрайтындар қалмасын"деген шығар..ҚАЗАҚ өзі"қазақтілді,орыстілділерге"бөлініп тұрғанда мұны тоқтатқан жөн болады!Құрығымыз келмесе барлық мектептер бөлінбей былық емес"латында"оқысын.
Назар | 25 қыркүйек 2017 13:56
Дұрыс пікір айтылған. Тек ДИГРАФ тың керегі жоқ. Асты үстіне белгі қою арқылы төл дыбыстарды ажыратқан тиімді. Оқуға да, жазуға да ең тиімдісі осы болмақ.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 26 қыркүйек 2017 11:30
Латынға көшсек"кирильдағы"ҚАЗАҚТЫҢ 9 әріпін қалдырып,алфавитті"бір дыбысқа-бір әріп"(немесе екі әріптен аспасын)формасымен түзген дұрыс.Мыс:Төlеgеn,Әj-kerіm,Sanduғash,Іsker,Аpа,Әke,Chaқnazar,Қаzақstаn деген сияқты.Бірақ"кириль"толығымен кетуі керек."Латын"келіп"кириль"қалса"ит үріп керуен көшіп кетеді".Бұл"реформа"ЕЛДІ жою саясаты.Ең дұрысы"орыс тілді","қазақ тілді"болып бөлініп,ел болып қалар қалмасымыз тағдыр талқысына салынғанда,"шалдың сандырағына"ермеген дұрыс.Онан да"үштілділікті"жояйық!
Махамбет | 26 қыркүйек 2017 21:41
Сол комиссияда сондай ақылсыздар отырады деп ешкім ойламапты. Əрбір қазақ əрібіне бір латын əрібіне тура келуі тиіс. Екі əріптен құралатын, ноқаты бар əріптердің тиынға керегі жоқ. Ең маңыздысы қазақтың 8əріпін сол күйінде енгізуге əрекет етсе.
Nurgul | 11 қазан 2017 21:29
Мен латын əліпбиіне көшуді толықтай қолдаймын.Бұл Елбасымыздың жаңғыру əлемінде жасаған жасампаз іс əрекеттерінің бірі десек еш қателеспейміз.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар