1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
Жерді арзанға алып, қымбатқа сату...

САЙРАМДЫҚ ӘКІМДЕРДІҢ ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТІНЕН КӘСІПКЕРЛЕР СОТТАСЫП ЖАТЫР
Былтыр биліктің жерді жаппай сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға бүкіл халықтың жаппай қарсы шығып, соның нәтижесінде президенттің заңға мораторий жариялағаны белгілі. Жерге келгенде қазақтың осындай қайсар мінез танытатыны рас. Дәл осындай жүрек елжіретер отаншылдық сезім біздің билікте, соттардың бойынан табылмайтыны өкінішті.

Үкіметтің қаулысымен Сайрам ауданынан Шымкент қаласына өткен жерлердің жергілікті шенеуніктердің өзара ауыз жаласып талан-таражға салғаны, соның салдарынан қазір дау-дамай туындап, оның соңының соттасуға ұласып жатқанын біз «Жас Алаш» газетінің өткен сандарының бірінде жазған болатынбыз. Тақырыпқа тағы да тоқталып отырмыз.
2012 жылы Сайрам ауданы Сайрам ауылдық округінің жерлері үкімет қаулысымен Шымкент қаласына берілген. Жердің облыс орталығына өтетінін және ол аумаққа «Сауран» деп аталатын мөлтекауданның түсетінін жақсы біле тұра, сайрамдық шенеуніктер аталған ауылдық округте орналасқан жерлерді жаппай сатуға көшкен. Алдымен едел-жедел конкурс өткізіп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін 15 гектар жер телімін Б.Тұрдиева деген азаматшаға 48 жылға жалға беріп жібереді. Арада бір ай өтпей жатып Б.Тұрдиева Сайрам аудандық әкімдігі арқылы жерді 26 775 000 теңгеге сатып алады да, пайдалану нысанын коммерциялық мақсатқа өзгертеді. Арада 19 күн өткенде ол әкімдіктен алған жер телімін М.Бекеев деген азаматқа 69 300 000 теңгеге сатып жіберген. Яғни ол айналдырған 19 күнде 42 миллион теңгеден астам пайда тапқан.
– Бірақ Тұрдиеваны жерді алып сатып жүрген қып-қызыл бизнесмен десеңіз қателесесіз. Жоқ, оның жерді өкіметтен гектарлап сатып алардай, коммерциямен айналысатындай асып-тасыған дәулеті де байқалмайды. Қарасу ауылының қарапайым ғана тұрғыны. Кейін тергеу барысында ол жерді сатып алу үшін әкімдікке ешқандай 26 миллион теңге төлемегенін, жерді ешкімге сатпағанын, өзінің 69 миллион теңге алмағанын айтқан. Ең қызығы, бұл емес, Б.Тұрдиеваның Сайрам ауданы әкімдігінің өткізген жерге қатысты конкурстарына қатысқаны күмән туғызады. Конкурсқа балама ретінде қатысқан екінші азамат кейіннен бұл конкурс туралы ештеңе білмейтінін айтқан. Яғни Шымкентке өткелі жатқан жерді Б.Тұрдиеваның атына рәсімдеп, артынша оны сату, ақыры түбінде мемлекетке қымбат бағаға саудалау «бизнесінің» артында Сайрам ауданы әкімдігінің жауапты шенеуніктері де тұрды десек қателеспеуіміз мүмкін.
Дәл қазір Б.Тұрдиеваның өзімен жолығу мүмкін болмай отыр, – дейді «Жас Алаштың» облыстағы қосынына келген жеке кәсіпкер Әлия Тәжібаева. Осыншама заңсыздықтың бәрі «жабулы қазан жабулы күйінде» қалар ма еді, егер бұған М.Бекеевтің өзі ықпал етпегенде... 15 гектар жердің басыбайлы иесі атанған ол осы жер телімі арқылы электр бағаналарын алып өткен жеке кәсіпкер Әлия Тәжібаеваға тиісе бастайды. «Бағаналарыңды менің жерімнен алып кет» дейді. Дау-дамайдың соңы соттасуға ұласады. Осы сот процестері кезінде барып, М.Бекеевтің алған жерінің түбі тексерілген. Заңсыздықтар су бетіне шыға бастаған. Мәселеге прокуратура араласып, ақыр аяғында облыстық жер инспекциясы сотқа талап арыз береді. Осыған қатысты бірнеше сот процестері өтеді. Алайда осы уақытқа дейін нақты бір нәтиже жоқ. Соңғы шешімді өткен тамызда Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты шығарды. Сот Сайрам аудандық әкімдігінің Б.Тұрдиеваға 15 гектар жерді беруде заңсыздыққа жол бергенін ақыры мойындап, екі арада жасалған барлық келісімшарттарды заңсыз деп тапты. Алайда судья А.Сапашев «М.Бекеев бұл жерді Б.Тұрдиеваға Сайрам ауданы әкімдігінің заңсыз сатқанын білмеген, яғни ол адал сатып алушы» деген тұжырымға келеді. Б.Тұрдиева мен М.Бекеев арасында жасалған жерді сату-сатып алу туралы жасасқан келісімшарт күшінде қалады. Яғни сот бұл жолы сайрамдық шенеуніктердің заңсыздыққа барғанын мойындағанымен, бәрібір заңсыз берілген жерді М.Бекеевтің иелігінде қалдырған.
– Бекеевтің адал сатып алушы екендігіне күмәніміз бар. Ол сатып алған жердің Шымкент қаласына өтіп кеткенін және ол жерге келешекте «Сауран» мөлтекауданы салынатынын білген. Біз жан-жақты іздену барысында жаға ұстатарлық фактілерді анықтадық. М.Бекеев айналдырған 2-3 жылдың көлемінде әлі салынбаған «Сауран» мөлтекауданынан 46 жел телімін сатып алған. Жерді сатып алудың бәрі бір схема бойынша жүзеге асырылған. Мәселен, Джуманова Шарапат деген азаматша Сайрам ауданы әкімінің 2013 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен 1,28 гектар жер телімін мемлекеттен 168 576 теңгеге сатып алып, оны артынша Л.Исаева деген азаматшаға 1 556 500 теңгеге сатқан. Ал Исаева жерді осы бағамен М.Бекеевке саудалаған. 46 жер телімінің бәрін М.Бекеев осындай жолмен иеленіп отырған. Енді ең басты сауал – не үшін? Бұл жерлерді түбі мемлекет мұқтаждық үшін қайта сатып алады. Міне, сол кезде М.Бекеевке 46 жер телімінің сатып алған бағасы бойынша шығындары өтеледі. Бірақ бұл шығын шынайы ма, әлде ойдан құрастырылған ба? Біз жоғарыда тергеу барысында Б.Тұрдиеваның «ешқандай жер сатпадым, 69 миллион теңгені алғаным жоқ» деп жауап бергенін айттық. 46 жер телімінің бәрінде осы әдіс-тәсіл қолданылған болуы мүмкін. Б.Тұрдиеваға қатысты қылмыстық істер қозғалғанымен, тергеу амалдары тым ұзаққа созылып кетті. Осы 46 жер телімін М.Бекеевке сатқан азаматтар талапқа сәйкес, тапқан пайдасының 10 пайызын мемлекетке салық ретінде төлемеген көрінеді. Қазір Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бұл бағытта жұмыс жүргізуді бастады. Аудандық соттан әділдік таба алмаған соң енді облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданып отырмыз. Әділдікке жетпейінше тоқтамаймыз, – деді кәсіпкер.
Иә, Шымкентте жерге ешкімнің жаны ашымайды. Жоғарыда айтқанымыздай, түбі мемлекет М.Бекеевтің жерін қайта сатып алады. Бір кездері Б.Тұрдиеваға 26 миллион теңгеге сатылған жер 69 миллион теңгеге сатып алынады. Бюджеттің есіл қаржысы десеңізші. Жерді Б.Тұрдиеваға заңсыз беріп жіберген Сайрам ауданы әкімдігіндегі жерге жауапты қызметкерлер қазір басқа жаққа ауысып кеткен. Бір-бірімен ауыз жаласқан жемқорлар кетті, арттарында кәсіпкерлерді өзара қырқыстырған дау-дамай қалды. Іске төрелік айтады деген шымкенттік соттың сиқы мынау. «Бұл мәселеге Оңтүстік Қазақстан облыстық соты мен жоғарғы сот тиісті бағасын берер деген үміттеміз», – дейді арызданушы.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар