1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
Атырауда кәсіпорынды ашып-жабу сәнге айналып кеткен бе?

Кейбір телеарналарға көз тіксең, отандық өнеркәсіп қарыштап дамып жатқандай әсерде қаласың. Жер-жерден әлдебір жобалардың жүзеге асып, зауыттар мен цехтардың ашылғаны айтылып жатады. Сосын көретінің: қиылған қызыл лента, бал-бұл жанған жүздер, пәлен адамның жұмысқа тұрып, түген деген дүниені көптеп шығаратыны жөніндегі әсем жоспарлар... Уақыт өте дабыр-дұбырмен басталған істің соңы сиырқұйымшақтанып, берілген уәделер құмға сіңгендей жылыстап жоғала береді. Бұл сценарий көбімізге таныс десем қателеспеспін.

Атырау облысында да индустрияландыру бағдарламасы аясында «Қазақстанда жасалған», «Атыраулық өнім» деген белгілермен бірнеше өнім түрі шығып, мұнайлы өңірдің мерейін өсірген. Өкінішке қарай, олардың ішінен рыноктағы орнын тап басып, тұрақтап қалғаны сирек. 2009 жылы іске қосылған бір реттік қолданылатын шприц шығаратын «Брандо» зауыты сәтті жобалардың бірінен саналып келді. Қуаттылығы жылына 250 млн шприцке жететін «BRANDO» ЖШС 1-дәрежелі «Алтын сапа» жүлдесінің дипломын иеленді. 2012 жылы инфузиялық ерітінділер мен медициналық қолғаптар шығаратын екінші зауыты іске қосылды. Алайда дәл қазір «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігі тарапынан мәселелер туындап, елден сұранысқа ие болмаған шприц зауыты Ресей нарығына шығып кетіпті. Жақында елге келген жұмыс сапарында мәжіліс депутаты Кеңес Әбсаттаров Астанаға барған соң осы жағдайдың жай-жапсарын анықтауға уәде берді. Сондай-ақ халық қалаулысы тағы бір жобаның – жылына 100 тонна түйе жүні мен 350 тонна қой жүнін өңдеуге қабілетті Caspiy Lana Atyrau жүн өңдеу кешеніне байланысты туындаған проблемаларға назар аударды. Белгілі болғандай, жергілікті мал иелері жүнді алыпсатарларға сатуға бейім екен. Себебі олар ақшасын қолма-қол береді, ал мекеме құжат толтырып, заңды негізде төлейді. Бір келі жүннің бағасы – 300 теңге. Осы орайда, Caspiy Lana Atyrau-ды жүнмен қамтамасыз ететін бір кооператив құрылса құба-құп болар еді. Ұзақ жылдар бойы малдың жүнін алушы болмаған соң құр босқа өртеліп келді, терісі тиын-тебенге Түркия асып, өзімізге былғары тон болып оралып жатты. Енді ел ішінен өзімізде барды кәдеге жарататын кәсіпкерлер шыққанмен, оларды қолдаудың оңтайлы механизмдері жоқ.
Ұзаққа шауып кете алмаған өндіріс ошақтарының қатарында Индер ауданынан ашылған «Индертұз» АҚ мен құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «БиасТек» ЖШС де бар. Бұл аудан Менделеев кестесіндегі барлық элементтің кездесетіндігімен ерекше. 1984 жылы ел басқарып тұрған Дінмұхамед Қонаев аудан орталығы Индерборға келген сапарында бұл жерді үлкен шаһарға айналдырып, болашақта 10-нан аса зауыт ашу керектігін айтыпты. Әйтсе де қолда бардың қадірін білмейтініміз тағы көзге ұрып тұр. Шикізат көзі жеткілікті болса да, екі зауыт 2016 жылы жұмысын тоқтатты. Оның бір себебі – сол кезде аудандағы кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Мырзабек Тасыбаев түсіндіргендей, қажет істі қолға алған кәсіпкерге ешқандай жағдайдың болмауы. Жүретін жолы мен жағатын жарығынан бастап, өнім сақтайтын қоймаға дейін жоқ болып, оған қол жеткізу қыруар ақшаға шыққанда шарасыздықтан шаршаған бизнес иесі қолын бір сілтеген сыңайлы.
Жұмыс істеп тұрғандарының да «шықпа, жаным, шықпамен» отырғандары аз емес. Мәселен, 10 түрлі оптикалық-талшықты сым шығаратын «ПКФ «Континент Ко ЛТД» ЖШС тек «Қазақтелекомды» қамтамасыз етіп, 30 пайыз қуатына ғана жұмыс істеп тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының бұйымдарын дайындайтын «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясының полиэтилен құбырлар зауытының межелеген жоспарына жететін түрі көрінбейді. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, кәсіпорындардың тапсырыстың астында қалып, қуат алып кетуіне кедергі жасап тұрған біздегі тапсырыс жүйесі екен. Әдетте, тендерден ең төменгі бағаны көрсеткен қатысушы жеңіп шығады. Сөйтіп, сапалы өнім шығаратын отандық кәсіпорын емес, қытайдың арзанқол дүниесін ұсынған әлдебір мекеменің бағы жанады. Ал жалаулатып ашылған өндіріс ошақтары барын амалсыздан бөтен елдерге шығарып жатыр. Бұл жүйесіздіктен, айналып келгенде, ұтылып және зардап шегіп отырған – сапасыз бұйым мен қызмет түрін пайдаланып отырған тұтас тұтынушылар қауымы.
Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші кезеңі – 2010-2014, екінші кезеңі 2015-2019 жылдарға тиесілі. Осының алғашқысында Атырау облысынан 54 жоба енгізіліп, оның 28-і жүзеге асыпты. Екі мыңнан аса адам еңбекпен қамтылған. Ресми статистика екінші кезеңде қазірдің өзінде 26 жобаның қолға алынып, 3500 адам жұмысқа алынып жатқанын айтады. Мұның қағаз бетіндегі қайсы, шындығы қандай – оны білу мүмкін еместей. Екі жылдан кейін аяқталатын екінші кезеңнің қорытындысы қандай болмақ? «Алдыңғы арбаның» ізімен кете ме, өзінің жолы мен жүйесін таба ма? Әй, қайдам...

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Төре | 26 қыркүйек 2017 15:29
тендер деген пәлені құртыңдар және сонымен ақшаға бөгіп отырғандарды куртыңдар сонда өнімдеріңді жақсы өткізесіңдер.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті