1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
28 қыркүйек 2017
Алматыда Колбиннің «көлеңкесі» кезіп жүр

(Алматы туралы архитектуралық аңсар)

Шаһар архитектурасының алдымен идеология құралы екеніне екінің бірі назар аудара бермейді. Кез келген қаланың рухани, саяси, діни сипатын оның архитектурасына қарап аңғаратын үрдіс бар. Мәселен, Орта Азия шаһарларындағы күмбездер мен батыс қалаларындағы рококко, барокко үлгісіндегі ғимараттарды ауызға алуға болады. Қаланың табиғаты мен болмысы да осы сипаттары арқылы тұжырымдалады. Орта ғасырда Рим папасы Пийдің Еуропада христиан дінін нығайту үшін ондағы барлық ғимараттарға готикалық сипат енгізу туралы пәрмен бергенін бүгінгі танымдық сана иесі жақсы біледі.
Саяси формация немесе діни ұстаным өзгергенімен, тарихи ғимараттардың архитектуралық-идеологиялық сипаты өзгермейтінін Испанияның кезінде ислам дінін ұстанған, соңынан христиандыққа бет бұрған Кордова провинциясындағы Альгамбра сарайынан көруге болады. Альгамбраңыз – әлі күнге дейін ислам идеологиясын өз архитектурасы арқылы насихаттап тұрған нысан. Ал осы тұрғыдан алып қарастырғанда көпконфессиялы Қазақстандағы жағдай қандай деген сауалдың туындауы да қисынды деп ойлаймыз. Бұл жерде діни ұстанымға берік болғанымен, тіл мен ділде еуропалық ықпалға көбірек ұшыраған Қазақстанның солтүстігіндегі бір оқиға еріксіз есімізге түседі. Көкшетау қаласында шатыры готикалық мәнерде батыстың қамалдарына ұқсатып салынған «Аққу» атты қазақ балабақшасы бар. Әлбетте, балабақша – болашақ ұрпақтың ой-санасын, ұстанымын тәрбиелейтін мекеме. «Аққу» қазақ тілінде тәрбие, білім береді. Бірақ оның архитектуралық идеологиясы батыстың сойылын соғып тұр. Кезінде осы қаланы басқарған ұлтжанды азамат Асқар Хасеновтің осы жымысқы пиғылды сезіп қалып, қатты намыстанғаны бар. Ізінше «Аққудың» готикалық стильдегі шатырын шығыс күмбездеріне алмастыруға ниеттенгені де есімізде. Өкінішке қарай, Асқар Хасенов дегеніне жете алмай кетті. Ұлтжанды азаматты жергілікті әлдебір топ түрлі сылтаумен қызметінен тайдырған. Сол «Аққу» әлі күнге дейін христиан дінінің идеологиялық нышаны – готикалық шатыр астында қазақ балаларын Абай тілінде тәрбиелеп жатыр. Көкейде «осының арты не болар екен?» деген бір күмәнді сауал жатқаны да өтірік емес.
Айта берсек, Қазақстанда мұндай мысал көп. Алматының Саин көшесіндегі қаз-қатар тізілген жеті үйдің қаспетіндегі көк тіреген діни ғимараттар суретін бәріміз де жақсы білеміз. Кезінде кеңестік идеология атқа мініп тұрғанда салынған ғимараттар. Сонда бұл қаспеттердегі діни ғимараттардың ішінде қай концепцияның символикасы басым екен дегенге келейік. Әлбетте, кеңестік кезде салынған ғимараттан христиан діні культінің басым екені айқын аңғарылады. Жеті ғимараттың сол жақтан санағандағы үшеуінің қаспетіне христиан шіркеуі салыныпты. Одан әрі «мұсылмандарды да шамдандырып алмайын...» дегені болар, көңіл үшін болса да, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мавзолейінің суреті бедерленіпті. Одан әрі екі буддалық погода кетеді. Ең соңында «көңіл үшін болса да...» тағы да бір исламдық ғимараттың сұлбасы салыныпты. Бір қарағанда жай ғана, архитектуралық-урбанизациялық шешім тәрізді болып көрінгенімен, осы Саин көшесіндегі архитектуралық мәнердің астарында жымысқы пиғыл жатқанын аңғару қиын емес.
Әрине, ол кеңестік дәуірдің архитектурасы. «Мықтының арты диірмен тартады» демекші, билік қолында тұрғанда орталықтың мұндай әрекеттерді жиі жасағаны бүгінгі әммеге аян.
Өз заманында Үндістанды жаулап алған ағылшындар да алдымен отар елдегі ықпалын шаһарлардың архитектуралық келбетін өзгертуден бастағаны белгілі. Алайда халқы көп, діни ұстанымы басым үнді халқы отаршылдардың мұндай әрекетіне алдырған жоқ. Үндістан сол баяғы тарихи дәстүрі мен ұлттық сипатын сақтап қалды. Осындай жымысқы әрекеттерді қазақстандық архитектуралық нысандардан да жиі байқауға болады. Мәселен, аты исламдық дегенмен заты, астары қытайлық погода үлгісіндегі ғимараттарды қазақ даласынан жиі кездестіреміз.
Тіпті бүгінде қазақстандық туризмнің басты брэндтерінің бірі саналып отырған Жаркенттегі мешітте де дәл осындай реңк менмұндалап тұр. Оған Панфилов паркіндегі ұлттық музыка аспаптары мұражайын, алдыңғы жылы өртеніп кетіп, қайта қалпына келтірілген Жібек жолы көшесіндегі «Қызыл таң» дүкенін қоссаңыз, біздің аргументтеріміздің ақиқаттығына көзіңіз жете түспек.

***
Жалпы, ұлттық қалаларға тигізілген сыртқы архитектуралық ықпал туралы әңгіме урбанизацияның бүгінгі таңдағы өте өзекті тақырыптарының біріне айналып отыр. Мысалға, өзіміздің аяулы Алматымызды алайықшы. Бір қарағанда Алматы – үлкен қазақ ауылы, үлкен этномегаполис.
Дегенмен көзіміз қаншалықты үйреніп кетті десек те, ондағы сыртқы архитектуралық ықпалдарды аңғару қиын емес.
Тіпті кейбіреулердің аузы «басқаны айтпағанда, Алматыда массондық символикалар да жетіп-артылады» дегенге дейін қисаяды. Ал оған мегаполистері ғимараттарға салынған «Давид жұлдызының» сансыз графитиін қоссаңыз, біз көтеріп отырған тақырыптың «тұздығы» одан да ашқылтым тарта түспек.
«Посткеңестік дүниеде кеңестік конструктивизм үлгісінде салынған дәл Алматы тәрізді қала некен-саяқ» деседі білетіндер. Демек, Алматыда сыртқы, яғни этноспицификадан ада кеңестік архитектуралық әсер посткеңестік дүниедегі барлық қалалардан да басым деген сөз.
Атап айтқанда, өткен ғасырдың 80-жылдары шаһар кеңестік кезеңдегі ең үздік қала құрылыстық жобалардың бірі деп саналды. Бір ғана қазіргі Достық, сол кездегі Ленин даңғылының ұзындығы жеті шақырымға дейін ұзартылды.
Ал ел нарықтық қатынастарға көшкеннен бері қала келбетіне батыстық мәнер көбірек ене бастады. Мәселен, осы Достық даңғылының жоғары жағындағы «Достық Плаза» ансамблін алайық. Ондағы самсаған бизнес орталықтары архитектураның ешқандай нормалары мен ережелері сақталмастан, қалай болса солай салынған.
Сондай-ақ Мақатаев көшесіндегі жаңадан салынып жатқан үйлерде де осындай тәртіпсіздіктер байқалады.
Ал мұндай бей-берекеттіктің залалы өзіміз жоғарыда келтірген архитектурадағы сыртқы ықпалдан да қауіпті һәм қатерлі.
Шын мәнісінде қазір күндіз-түні құрылыс жүргізіліп жатқан мегаполисте сонау 50-ші немесе 60-жылдардағы келбетін бұрмалауға болмайтын тарихи ғимараттар да жеткілікті. Олар тарихи тұрғыда ғана емес, сондай-ақ архитектуралық мәнерде де үлкен маңызға ие.
Ара-тұра қаланың жасы келіп қалған қарияларының сол ескі ғимараттар төңірегінде жиі сейілдеп жүргендерін көреміз. Бәрі де ескі ғимараттар арқылы сонау алыста қалған жастық шақтарын естеріне түсіретін тәрізді... Яғни жастыққа деген ностальгия...
Қазіргі қала урбанизациясындағы ескі ғимараттарды сақтау проблематикасы дәл осы жерден туындайды десек те артық емес сияқты. Мегаполистегі жер мен үй нарқы көтерілген алдыңғы жылы қаланың «Алтын шаршы» («Золотой квадрат») деп аталатын орталық тұсындағы ескі ғимараттарды сырып, орнына заманауи жаңа нысандар тұрғызу туралы әңгіме көтерілгені есімізде.
Алматының орталығы – республиканың кемеліне келіп, жаңа дәуірге бейімделе басталуының алғашқы кезеңінің тарихи артефакты екені екінің біріне аян. Онда өз заманында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов сияқты ұлт жайсаңдарының тұрған үйлері бар. Яғни «Алтын шаршы» – алдымен ұлттық болмыстың, тарихтың белгісі. Сондықтан оны қайта салудан гөрі сақтап қалудың маңыздылығы үлкен.
Бұл да бүгінгі Алматы архитектурасына байланысты өзекті тақырыптардың бірі. Басқаша айтқанда, тарихи құндылықтар болып саналатын архитектуралық нысандарды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру маңызды болмақ.
Дегенмен қазіргі нарықтық қатынастар жағдайын пайдаланып, тарихи мәні бар ескі ғимаратты иемденіп алғандардың оның сипатын өзгертіп, жанына қосымша ғимараттар салып жатқан жағдайын да аңғару қиын емес. Сол арқылы республиканың, Алматының өткені өшіріліп, бұрмалануда. Мәселен, кезінде республикалық мәнге ие Алматыдағы бес нысанның бірі болған – Желтоқсан және Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы қазіргі ұйғыр драма театрының ғимаратын алайық. Ғимараттың архитектуралық тарихи маңызына қарамастан, 2002 жылы қазіргі қожайындары оның қаспетін түбегейлі өзгертті. Әлдекімдер «ғимарат бар болғаны жай ғана қайта салынды» деген уәж айтса да, мамандар бұл әрекетті нағыз варварлыққа теліп отыр. Осындай ретсіз салынған, ретсіз реконструкцияланған құрылыстың салдарынан 2014 жылы аталмыш ғимарат республикалық маңыздағы тарихи және мәдени нысан статусынан айырылып қалды. Өкінішті-ақ. Осындай республикалық маңыздағы ғимараттардың бірі – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ғимараты. Оны біршама қалыпты жағдайда сақталған нысан деуге болады. Осы ғимараттың жанында ел астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген, 30-жылдардың басында салынған Баспочтамп үйі бар. Оның мұнарасындағы тарихи сағат көптеген оқиғалардың куәсі. Қазір аталмыш ғимараттың бір бөлігі консерваторияға берілген. Бір қуаныштысы, осы ғимарат бастапқы қалпынан мүлдем өзгертілмей, тарихи келбетін сақтап тұр.
Кезінде Байланыс үйі аталған Баспочтамп пен оған тақау жердегі Үкімет үйінің ғимараты елдегі аса маңызды ғимараттар ансамблі есебінде мадаққа ие болды. Осы екі тарихи нысанның да бастапқы келбетін күні бүгінге дейін өзгертпей тұрғаны қуантады. Үстіміздегі жылы қала басшылығы Үкімет үйі алдындағы алаңды кеңейтіп, Алматының екінші Арбаты етіп салу жұмыстарын бастап отыр. Халық саны 2 миллионнан асқан мегаполис үшін ол да қуанышты жағдай дер едік.
Қала келбетіндегі соңғы дәуірдің өзгерістері бүгінде әммеге аян. Дегенмен архитектор мамандар тарихи қала бұрынғы сипатынан айырылмас үшін ғимарат салушылардың Ескі Алматы үйлерінің қаспетін өзгеріссіз қалдырып, негізінен, концервацияланғанын қалайды. Әрі тарихи Алматының архитектурасын сол қалпында сақтап қалудың маңыздылығын алға тартады. Өкінішке қарай, қазіргі Алматыда не көп – үйлерге жапсарластырыла салынған дәмхана, дүкен, мейрамхана көп. Ал оларды тек қана қалалық архитектура бөлімінің ресми рұқсаты арқылы салуға болады. Дегенмен қалталы азаматтар оған қарап жатқан жоқ.
Ал өз кезегінде қалалық архитектура бөлімінің ондай заңсыз ғимараттар салуға рұқсат ете алмайтынын біз жақсы білеміз. Себебі бұл орайдағы заң өте қатал. Тек сол заңның қалталыларға жүрмей тұрғаны ғана қынжылтады.
Қазіргі урбанизация дамыған заманда кез келген қаланың бастапқы архитектуралық келбетін сақтау оңайға түспейтіні белгілі. Дегенмен әлемдік архитектураның білгірлері оның да жолын тапқанын көріп отырмыз.
Мысалға, өзімізге бауырлас Венгрияның Буда және Пешт деген екі бөліктен тұратын астанасын келтіруге болады. Өркениетті Еуропаның қақ ортасындағы бұл қалада әлемге танымал архитектураның рококко, барокко, классицизм, модерн үлгісіндегі барлық мәнерін кездестіре аламыз. Әрі солардың бәрі де тарихи жәдігер болып саналады.
Мадьяр ағайындар қазіргі заманғы қаржылық дағдарысқа қарамастан, күтім мен жөндеуге мұқтаж тарихи ғимараттарды сақтап қалудың жолын тауыпты.
Атап айтқанда, Пешттің тарихи бөлігінен пәтер алғысы келген қалталы азаматқа мадьяр билігі бір талап қоятын көрінеді. Олар заманауи үлгіде салынуға тиісті үйді, айталық, Х-ХІ ғасырларда салынған үйдің қаспетіне тұрғызуға міндеттеледі. Сол арқылы байырғы архитектуралық мәнердің негізі сақталынып қалады.
Бұл тәсілдің бүгінгі Алматыға да тигізер әсері мол болмақ дер едік. Себебі күні кеше бой көтерген ХХІ ғасырдың қаласы Астана сияқты емес, Алматыда әлемдік деңгейде мақтаныш етуге болатын тарихи ғимараттар баршылық.
Ендігі басты мәселе – мыңжылдық шаһардың тарихи келбетін сақтап қалуда және оған сыртқы экспансиялық ықпалды енгізбеуде.
Аяулы Алматының өзінің көз үйренген байырғы келбетін сонда ғана сақтап қалары сөзсіз...
 

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 28 қыркүйек 2017 14:53
"Астананы салған бас архитектор"не дейді?ҚАЗАҚИ келбетті қала саламын"демей ме?Біздің Қызылордада тарихи,ӨР ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСТЫЛАРЫ жүрген көшелер,тұрған үйлері жермен жексен болып,орындарына бетон-әйнек үйлер салынып кетті.Балаларымызға"осы жерде АЛАШ АЗАМАТТАРЫ тұрған,жүрген"дейтін сөз айта алмайсың.Енді Бас қаламыз да дүние жүзіндегі ғимараттардың,молалардың көшірмесі. Шымкенттің орталығында"Шым қаланың"ұсқындары сақталған.Бірақ ол сауда-саттық орынға айналып,"иски шахар"деп өзбекше аталады.
Серик | 28 қыркүйек 2017 16:41
Рахмет данышпандарга жароков кошесине 10 мин жететин едик бир жакты багыт болгалы шевченко кошеси 30 мин жететин болдык
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті