1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
ЭКСПО-дан кейінгі ес жию

Бізге мәлім бейресми дереккөздің сөзіне сенсек, бүгін 3 қазанда Астанада қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, осы жолғы отырыс басқаша болатынға ұқсайды. Бізге жеткен хабар «кеңес аймақ проблемалары мен мобилизация мәселелерін қарайды» дейді. Біздіңше, бұдан басқа да қауіпсіздік кеңесі қарайтын бірнеше мәселе бар.

Елдің есінде болар, Астанада ЭКСПО дүркіреп өтіп жатқан кезде «Әбу-Даби Плаза» оқиғасы туындады. Ел дүрлікті. Бұл іс қандай бағыт алып, нендей шешімдерге әкелгені уақытында жазылды. Осы бір төтенше оқиғаның себеп-салдары қауіпсіздік кеңесінде қаралуы әбден мүмкін. Яғни облыс басшыларының халықпен, соның ішінде жастармен жұмыс жүргізуі, аймақтардағы жұмыссыздық санын азайту, қайткенде де Астанаға ағылған жұрттың легін бәсеңдету мәселесі көлденеңінен қойылып, әкімдерге төте тапсырма берілуі де ғажап емес. Өйткені билік үшін өтпелі кезеңде әлеуметтік толқулар, еңбек қатынасына байланысты төтенше оқиғалардың болмағаны жақсы. Сондықтан да аймақтар мәселесінің қауіпсіздік кеңесінде қаралатындай жөні бар. Және де тып-тыныш депутат болып отырған В.Божконың «ауылдардан қалаға ағылып жатқан жастардың санын азайту керек» дегенін айтқызып отырған белгілі күштер болуы бек мүмкін. Бұл аз десеңіз, үкіметтің «уақытша тіркеуге тұру» деген дабырасын қосып қойыңыз. Демек, қалаға ағылған қазақтың алдынан арқан керу ісі кеше басталмаған... Осы арқанның бір ұшы қауіпсіздік кеңесінде «аймақтар мәселесі» деген атпен жіті қаралып жатса таңғалмаймыз. Осы айтылғандармен бірге бұл жолы Қ.Қасымовтың да министрлігі кеңесте қатты сөз естіп, тіпті министр қызметінен кетіп қалуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, «Әбу-Даби Плаза» оқиғасы ішкі істер министрлігі жұмысының әлсіздігін көрсетті. Басқа – басқа, Астананың сол жағалауында, ЭКСПО өтіп жатқан тұста әлеуметтік наразылыққа ұласып кетуі мүмкін оқиғаның болуы қауіпсіздік кеңесінде министрге абырой әпермесі анық. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, ел ішінде қызу талқыланған Тараздағы құқық қорғау органдары шенділерінің бір-бірін пышақтаған қанды төбелесі де кеңес отырысында сөз болмай қалмас. Осындай ойларды есепке алсақ, Қ.Қасымовтың дәурені кеңестен кейін аяқталса, онда Тараздағы төбелес кезінде министрдің қызметінен дереу кетуін талап еткен жұрттың тілегі орындалады.
Әрине, аймақтарда проблема аз емес. Бірақ әзірше қауіпсіздік кеңесіне салатындай төтенше яки болмаса жарылғалы тұрған сыздауық жоқ сықылды. Әлбетте, кесіп айтуға келмейді. Әлеуметтің жанын жеген көп сыздауықтың қайсысы қай күні жарылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал биліктің әрекеті сыздауықты емдеу емес, қайткенде де соның жарылуын болдырмау. Әр аймақтың сыздап тұрған жарасы жетерлік. Әсіресе жұмыссыздық. Қымбатшылық қысқан заманда «екі қолға – бір күрек» таппай сенделген халық Астанаға ағылмағанда қайтеді. Облыс басшыларының есебіне қарасаң, «қарын тоқ, көйлек көк». Жоғарыға да сондай есеп бума-бума болып жөнелтілетіні анық. Алайда жақсарған әлеуметтік жағдай қағазда бар да, халықта жоқ. Төзімі түгесіліп, жұмыссыздық қажытқан елмен ойнау қашанда қауіпті. Білетін билік болса, «Әбу-Даби Плаза» оқиғасының ар жағында әр өңірдегі жұмыссыздық мәселесі жатыр. Аймақтар мәселесін қауіпсіздік кеңесінде қарағанмен, жұмыссыздық шешіле ме? Әлде «бәрі чики-чики» болады деп Астанаға уәдені үйіп-төгіп, әр әкім баяғы қағаздағы өркендеп жатқан Қазақстанына қайта орала ма? Ал билік дәл қазір әлеуметтік наразылықтың болмағанын барынша қалайды. Тым құрығанда жоғарғы биліктегі өтпелі кезең ақырына жеткенше. Міне, содан да болса керек, қауіпсіздік кеңесінің отырысында аймақтардың мәселесін қарап, барлық деңгейдегі шенеуніктерге ЭКСПО-дан кейін естерін жиып, қарауындағы бұқараның бұрқ ете қалмасы үшін алған деміне дейін бағып отыру қатаң тапсырылады-ау. Оған себептің ең үлкені – биліктің ауысуы. Осыған дейін заңнамалық тұрғыда биліктің ауысуына қатысты құқықтық мәселелер біржақты етілді. Қалай болғанда да өтпелі шақта биліктің өз ішін ерекше тәртіпке келтіруі оның өзіне ауадай қажет. Егер біздің болжам шынға айналып жатса, кеңестен кейін аймақтарда, үкіметте біраз ауыс-түйістер болады-ау. Жоғарыда айтқан Қ.Қасымов осы қатарда. Біз білсек, бұл қатарға үкіметтен тағы бір адам қосылады. Ол – мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Арыстанбек мырзаның қылығы мен «былығын» жалпақ жұрт жатқа біледі. ЭКСПО сынды маңызды іс-шара өткеннен кейін әркімнің осыған дейінгі іс-әрекеті жіпке тізіліп, қоштасатын уақыт тақайды.
Қауіпсіздік кеңесінің аймақтар мен мобилизация мәселесінде талқылайтын тағы да бір маңыздырақ екі дүние бар. Оның бірі – ішкі көші-қон, екіншісі – ақпараттық қауіпсіздік. Кеңес отырысында ішкі көші-қон мәселесі қаралуының айрықша мәні бар. Теріскейдегі көрші ел – Ресей Украинамен арадағы соғыстан тауып алған экономикалық санкциялардан әлі көз ашпай келеді. Халі мүшкіл. Санкция үсті-үстіне салынып жатыр. Әмбесі ол елде келесі жылы президент сайлауы. Осылайша «тоғыз қатынның толғағы қатар келгендей» күйдегі Ресей дәл қазір жаралы аюдың кейпінде кімге барып соқтығарын білмей жанталасып жатыр. Мұндайда Қазақстанға Ресеймен шекаралас аймақтарға айрықша көңіл бөліп, ондағы әрбір мәселені жіті қарамаса болмайды. Шекарадағы облыстар мәселесінің бір мәні – ішкі көші-қонға дем беру. Яғни халық тығыз орналасқан аймақтардағы «солтүстікке көшем» деген жанның қолын қақпай, қолдау көрсету. Ал қауіпсіздік кеңесінде ішкі көші-қонды барынша жеделту, қарқын беру жайлы айтылар болса, онда ол төтенше тапсырма Қ.Көшербаев, Ж.Түймебаев, А.Баталов сынды оңтүстік, оңтүстік батыс аймақтардың басшыларына жүктеледі. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сол үшін де бұл жолғы кеңес қайткенде де ішкі көші-қонға баса назар аударады-ау. Билік те қалтақтап ат ауыстырар белге келгенде «мәңгі доспын» дейтін көршілерден іштей секемденіп, бекем отыру қажеттігін уақыттың өзі алға тартып отыр.
Қауіпсіздік кеңесінің бұған дейінгі бір отырысында ақпараттық-коммуникациялық мәселе сөз болып, соның ішінде кибершабуылдарға қарсы тұру туралы айтылған еді. Бізге салсаңыз, кеңес ақпараттық қауіпсіздік проблемасын да күн тәртібіне қоюы тиіс. Мәселен, ресейлік ақпарат құралдары мен қоғамдық-саяси тұлғалары, сарапшылары тарапынан Қазақстанға қатысты үнемі арандатушы материалдар жарияланып, пікір айтылып жатады. Қоғамның белгілі бір бөлігі әлі күнге советтік аңсармен өмір сүріп жатқанын ескерсек, әлгіндей ақпараттардың қауіптілігі қандай деңгейде болатынын аңдау қиын емес. Ендеше, қауіпсіздік кеңесінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі үтір-нүктесіне дейін талқыланғаны абзал.
Бүгінгі қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралуы мүмкін-ау деген бірнеше мәселенің басын шалдық. Бастысы, қара суығы қақап тұрған күздегі қауіпсіздік кеңесінің отырысы ЭКСПО-дан кейінгі биліктің ес жиып, елге бет бұрар қадамына бастаса жақсы-ақ болар еді. Әй, бірақ... Үмітті айтсаңызшы!

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:
– Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресейдегі кейбір топтардың яки болмаса орыстілді ұйымдардың Қазақстанның ұлттық дамуына кедергі келтіруі мүмкін деген мәселе қаралуы мүмкін. Себебі мұндай проблеманың бар екендігі 90-жылдардан бастап әлі күнге айтылып келеді. «Бәрі жақсы» дегенмен, Қазақ мемлекетіне, оның тәуелсіздігіне деген ниет, пиғыл өзгерген жоқ. Өкінішке қарай, бұрынғы совет менталитетінде қалған азаматтар өте көп.
Солтүстік облыстарда мәселе көп. Соның бірі – ономастика. Жер-су, ауыл-аудан, аймақ атауларының көбі баяғы советтік атаулардан арылған жоқ. Сондықтан ішкі көші-қонның жанданғаны керек-ақ. Бірақ солтүстік аймақтарға тек қана оңтүстік облыстардан барам деушілер ғана емес, өзге аймақтардан да көшем деушілерді қолдау керек. Және көшіп барушыларды қысқа мерзімге емес, ұзақ мерзімге жоспарлы түрде әлеуметтік қолдау қажет. Сонда ғана ішкі көші-қонның өрісі ашылады, көшсек дейтін жұрт қатары молаяды.
Ресейдегі жағдайды алып қарасақ, олар біздің шекаралас аймақтағы кейбір мәселелерді шиеленістіріп жіберуі әбден мүмкін. Ресейге қазіргі кезде болмашы нәрсені шиеленістіру керек болып тұр.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Тоқтар | 4 қазан 2017 00:44
Үндемей iштей тынып отыр халық. Мына қымбатшылық , жетiспеушiлiк ырыққа көнбей бара жатыр.
Тайтөлеу | 5 қазан 2017 10:37
ЭКСПО өткізген Астана халқының бір бөлігі жағарға көмір таба алмай қалтырап отыр. Әдеттегідей, алып-сатарлардың саудасы жүріп тұрғанмен биылғыдай тапшылық болмаған бұрын. Көмір бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Газы жетіп-артылатын, көмір қоры асып-артылатын елдің бас қаласында осындай жағдайдың қалыптасуы тіпті масқара ғой.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар