1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Мұғалімді аялау ма, алдау ма?

Мұғалім күнін атап өттік. Жалпы, ұстаздар қауымы мерекелерін жаппай тойлады. Оннан бірі отырыстарға қатысты. Жүзден бірі алғыс алды. Мыңнан бірі марапатқа ие болды. Он мыңнан бірі орден, медаль тақты. Жүз мыңнан бірі көлік, пәтер кілтіне ие болды. Бір желпініп қалған ұстаздар қауымын қайдам, осының бәрі менің жүрегімде ауыр сезім қалдырды.
Біріншісі – атауына байланысты. Ауызекі құттықтаулар мен әлеуметтік желілерді былай қойғанда, көптеген бұқаралық ақпарат құралдарының өзінде «Мұғалімдер күні» деп шулап жатты. Шындығында, мұндай атаулы күндер адамдар тобына емес, мамандыққа беріледі (шахтер күні, құрылысшы күні). Сондықтан «Мұғалім күні» деп айтылуы әрі жазылуы керек. Әлеуметтік желідегі «білгіштерге» ренжудің бекершілік екенін түсінемін. Ал ақпарат құралдарындағыларға не жорық? Айтып, жазбас бұрын, ең болмаса үкіметтің сайтына кіріп, мерекенің ресми атауын біліп алуларына болар еді ғой.
Екіншісі – атаулы күніне байланысты. Үкіметтің сайтына немесе egov.kz сайтына кірсеңіз, кәсіби және өзге де мерекелер тізіміндегі пәлен айдың бірінші, екінші, үшінші, соңғы жексенбісі деген даталардан көз сүрінеді. Қай білгіштің қандай оймен ұсынғанын білмеймін, бірақ өз басым осы уақытқа дейін елімізде кәсіптік мерекелердің бірде-біреуінің жексенбі күні тойланғанын көрмеппін. Бәрі бейсенбі, жұма күндері тойлап қояды. «Неге?» десең, «Жексенбі күні бәрі демалып жатады, қалай тойлаймыз?» дейді. Амалсыз келісесің. Бұл уәжбен билік қана келіспейтін сияқты...
Үшіншісі – мерекелік күннің мәніне байланысты. Түрлі мамандық иелерінің атаулы күндерін белгілеп, кәсіптік мерекелерін тойлау кеңес заманынан қалған үрдіс. Кеңес идеологтары осылайша жылына бір рет сый-сияпат жасап, мақтау, құрмет қағаздарын аямай таратып, арқаларынан қағып елді риза қылып, күнделікті тіршіліктің проблемаларын ұмыттырып қоятын. Базбір өткенді аңсаушылар кеңес заманын ұжмаққа теңегендерімен, ол кезде де, бүгінде де ұстаздарымыздың тұрмыс-тіршілігі, қоғамдағы мәртебесі әлемнің дамыған елдерімен салыстырғанда әлі де жер мен көктей. Мәселен, АҚШ-та мұғалім зейнетке шыққанда орташа есеппен әлеуметтік сақтандыру есебінен 1800 доллар, ұстаздар кәсіподағынан 2200 доллар зейнетақы алады екен. Ал Германияда мұғалімдер жалақысының көптігі соншалық – күнделікті тұрмысына ғана емес, әлемді жылда шарлауға жететін көрінеді. Бұл – материалдық жағы. Дамыған елдерде ұстаздарды моральдық қолдау, құрметтеу жағы да біздегіден көш ілгері тұр. Алақандай аралда тұрса да, әлемді мойындатып келе жатқан Жапонияда мұғалімді Құдайдай сыйлайды екен. Қоғамдық көліктерде омырауында ұстаздық белгісі бар жас адамға тоқсандағы қартыңның өзі атып тұрып орын береді. Метрода мұғалімдер үшін арнайы орындар белгілеп қойған. Мұғалімдер мұнда ешқашан кезекте тұрмайды. Кезекке тұрғанды айтасыз, кәсіпкерлер өз дүкендеріне мұғалім кірсе қуанып қалады.
Неліктен бізде мұғалім беделі мұндай биік емес? Қалай биік болсын, егер тапқан табысы шетелдерді аралау тұрмақ, өзінің отбасына жетпей жатса... Қалай биік болсын, бір жағынан, басшылардан «неге газет-журналдарға жазылмадыңдар?», «неге сыныптарыңды қатырып жөндеп қоймағансыңдар?», «неге келген комиссияны қатырып күтпедіңдер?» ... деп күнде ұрыс естіп жатса, бір жағынан, ата-аналар «неге ақша жинайсыңдар?», «балама дауыс көтеретін кімсің?», «балама неге төмен баға қоясың?» ... деп жерден алып, жерге салып жатса... Қалай биік болсын, егер билік жылына бір рет арқасынан қағып, ертеңінде ұмытып кетсе...
Айтпақшы, билік бір кездері судьялардың отбасы, бала-шағасы аш-жалаңаш жүр, сондықтан жемқорлыққа амалсыз баруда деген желеумен мантия кигендердің айлығын аспанға бір-ақ шығарды. Алайда одан сот жүйесіндегі жемқорлықтың күрт тоқтағанын көрсек көзіміз шықсын. Осы тірлігімен үкімет арбаны аттың алдына жеккен сияқты көрінеді маған. Одан да сол судьяларға, жалпы, мемлекеттік қызметтегі шенеуніктің бәріне бала кезінде тәлім-тәрбие беретін, дұрыс жолға салатын ұстаздардың айлығын еселеп көтергенде жемқорлық деген жегіқұрттың тамырына балта шабылмас па еді...

Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ, Журналистер одағының мүшесі

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
коныс | 5 қазан 2017 14:18
бізде этика жоқ басшыдан бастап дөрекі
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар