1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
«Оңтүстіктің халқына үйретудің қажеті жоқ»

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив құрылған. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестиция көлемі 21,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артқан. Биыл Шымкент механикалық зауытының базасында модульдік сүт қабылдау бекеттерін жинақтау өндірісі іске қосылды. Кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз 15 модульдік сүт қабылдау бекеті несиеге берілді. Бекеттерге мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек қомақты. Бекет құнының 50 пайызы субсидия ретінде төленеді.

Айта кетейік, бекеттердің кілтін иелеріне осыдан бір ай бұрын Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында өткен семинарда салтанатты түрде табыс еткен болатын. Су жаңа бекеттер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Модульді сүт қабылдау бекеттері отандық ауыл шаруашылығы тауарларының көбеюіне, тұтынушыны сапалы өніммен қамтамасыз етуге оң ықпал етері айтпаса да түсінікті. Жалпы, биыл өңірдің ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған ілкімді істер көп. Шаруашылықтарды несиелендіруге республикада 27 млрд теңге қаржы бөлінсе, оның 3,2 млрд теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы және «ҚазАгро» АҚ ОҚО еншілес мекемелері арқылы шаруалар мен кооператив мүшелеріне түрлі бағдарламалар бойынша жылдық 6 пайызбен несиелер берілуде. Бүгінгі күні 20-дан астам кооперативте 33 сүт қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда оларға 439 млн теңге инвестициялық субсидия төленген. Оның ішінде 18 сүт қабылдау бекетіне 50,8 млн теңге субсидия беріліп отыр.
– Оңтүстіктің халқы іскер, оларға үйретудің қажеті жоқ. Тек жұмыстың жобасын көрсетсең, өздері алып кетеді. Облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары. Бау-бақшаны дамыту саласы бойынша да шаруаны алға қарай алып кете алады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін беріліп жатқан көмектер жеткілікті ме, қосымша заңдарды қайта қарастырып, сол арқылы көмек қажет пе, сол жағын қарастыруымыз керек.
Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өңір халқының еңбекқорлығын бағалап, осындай баға берді. Шынында, оңтүстікқазақстандықтардың тірлігі орасан.
Жалпы, елімізде алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейту жоспарланғаны белгілі. Бұл межені орындауда оңтүстік өңір көш бастап тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының таратқан мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні республикада 1350 кооператив құрылса, оның жартысына жуығы, дәлірегі 640-ы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бұл жыл басынан бері шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің арқасында мүмкін болып отыр.
Иә, бас біріктірмейінше, тірліктің жүрмейтінін шаруаның да түсінетін кезі келді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды артық көрген» заман артта қалды. Қазіргі заманның талабы басқа. Өнімді өндіру ғана емес, өзімізде өңдеу, дайын өнімді өткізу, қажет болса шетелге экспорттау үшін шаруашылықтардың әлеуеті мықты, нарыққа бейімделген болуы тиіс. Мемлекет қолдауды да осындай іріленген шаруашылықтарға беріп отыр. Мамандардың айтуынша, ортақ іске жұмылған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан түрлі көмектер мен қолдаулар бірінші кезекте беріледі. Субсидия, арзандатылған жанар-жағармайды алу оңайлайды. Қажетті техникадан да тапшылық көрмейді. Барлық істі сол кооператив мүшелері бірлесіп атқарады. Егер шаруаның егін егуге құлшынысы болмаса, кооперативке уақытша пайдалануға беріп, кейін тапқан табысынан пай ретінде өз үлесін алып отыруына болады.
Жыл басында шаруаларға кооперативтерге бірігудің артықшылықтарын насихаттау үшін облыста арнайы жоба жасалды. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың өзі бастап, аудан-қалаларда көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Алғашқы семинар Шымкент қаласына қарасты Мәртөбе ауылы «ҚазАгро» ЖШС-нің жылыжай базасында ұйымдастырылды. Табиғаты жылы оңтүстікте жылыжай шаруашылығы соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Бүгінгі таңда облыстағы жылыжайлар көлемі 1123 гектарды құрап, республикадағы үлесі 86 пайызға жетіп отыр. Жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқан. Жылыжай шаруашылықтарын дамытуға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау жақсы. Өндірістік жылыжайдың әр гектарына 1,5 млн теңге (жылыту жүйесі жоқ жылыжайдың 1 гектарына 800 мың теңге) субсидия беріледі. Тыңайтқыштар мен гербицидтерге 50 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Өнеркәсіптік бағыттағы жылыжайларға 11,3 пайызбен несие берілсе, кооператив мүшелерінің 6 пайызбен несие алуға мүмкіндігі бар. Кооперативтерге біріккен жылыжай иелері өнімді бірігіп өндіру ғана емес, оны сатуды да тиімді жүзеге асырады.
– Халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысын жан-жақты дамыту жөнінде мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Сондықтан өңір халқын жеміс-жидек, көкөністермен, жалпы, ауылшаруашылық өнімдерімен қамту үшін барынша жұмыс істеуіміз қажет. Бүгінгі семинардың мақсаты да ауылшаруашылық өнімін өндірушілер мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, ұсақ қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, – дейді Жансейіт Түймебаев.
Жақында ғана Қазығұрт ауданындағы «Қайып ата» мал бордақылау кешенінде өткен семинарға оңтүстіктен ет тасымалдасақ деген ниеті бар Иран мемлекетінен келген инвесторлар да қатысты. Иран мемлекеті жылына 2 млн 400 тонна ет тұтынады. Осы қажеттіліктің бір бөлігін қамту мақсатында екі тарап күніне 3000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас ірі қара мал етін алу үшін келісімшарт жасасты. «Қайып ата» cеріктестігінде қазір 3000 бас ірі қара бордақыланып жатыр. Мал бордақылау алаңындағы ақбас сиырлар орта есеппен 300-350 келіге дейін ет береді. Етті малға тән белгілері де айқын – тез жетіледі, кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Ұрғашы тайынша күніне 700-800 грамм, 15-18 айлық бұқашықтар тәулігіне 900 грамға дейін салмақ қосады екен. Жалпы, облыста соңғы екі жылда ірі қара мал саны – 865 мың, қой-ешкі – 3 млн 893 мың, жылқы – 230 мың, түйе 23 мың басқа жетіп отыр.
– Президенттің ауылшаруашылық кооперациясын дамыту жөніндегі тапсырмасына орай, Төлеби ауданында құс шаруашылығымен айналысуға бел буған 24 кәсіпкер «Ленгір құс» ауылшаруашылық кооперативін құрып, мемлекеттен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жұмысын бастағалы отыр. Бұл өзгелерге өнеге болуы тиіс, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бір айта кетері, шағын құс фермаларының құрал-жабдықтарын сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ сатып алынған асылтұқымды етті шөжелердің әр басына 400 теңгеден демеу қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, шаруалар өндірілген құс етінің әр келісіне 40 теңгеден көмек қаржы алатын болады. Аталған құс фермасы жарты ғасырлық тарихы бар «Шымкент құс» ЖШС-нің бірлескен кәсіпорны болып табылады. Бүгінде аталған құс фермасында 600 мыңнан астам құс өсіріледі. Тауық фермасы жылына 14 млн дана жұмыртқа өндіреді. Өнімдер оңтүстік өңірмен қатар, көршілес облыстарға да жөнелтіледі.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті