1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Бас қаланың бас ауруы «қорғалжын орамы» оңбай тұр

Астанада бітпейтін, шешілмейтін даудың бірі – үлескерлер мәселесі. Бұл дауға президент те ауық-ауық араласты. Шу қатты шыққан сәттері билік тіпті ел есебінен банк қарыздарын да жауып берді. Жеке құрылыс компанияларына талапты күшейтіп, шағындарын алыптарға жұтқызды.

Құрылыс пен үлескерлік заңдарын қатайтып, ойын ережесін де өзгертті. Бірақ үлескер мен жеке инвестор дауы әлі басылған жоқ. Пәтерге салған ақшасының соңына жете алмай, әр табалдырықты, Ақорданың босағасын, жоғарғы соттың қақасын, бас прокуратураның табалдырығын тоздырып шаршағандар кейде топталып Астана әкімдігінің кіреберісіне жау шапқандай шабуыл жасап қояды. Сол сәттері билік те, құзыры кең орындар мен құқық қорғау қызметтері бар жұмыстарын тастай салып, солармен әуре болып кетеді. Бірақ мәселе түпкілікті, түбіне де шешілер емес.
Үлескерлерді сарыуайымға салып, сенімінен айырып отырған осындай құрылыс алпауыттарының бірі «АССМ-01» компаниясы. Алғашқы жылдары отандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Балуан тұрғызған баспана» (ол кезде компанияны самбо күресiнен халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Ерлан Алшынбаев басқаратын) деп айқайлатып тұрып айдар қойып, сала құлаш материалдар жарияланып, жарнамасы жер жарған компанияның бүгінгі халі тым бөлек. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылысы аяқталып, жұрт қоныстойын жасауы тиіс «Ақ Ерке-2», «Алтын бұлақ», «Қорғалжын кварталы» секілді құрылыс нысандарының жұмысы әлі аяқталған жоқ. Тіпті әлі құрылысы басталмаған нысандар да бар. Осының салдарынан қаншама үлескер уәде етілген баспаналарына қол жеткізе алмай жүр.
«Мәселен, осы компанияның ең үздік нысандарының бірі деп сипатталатын «Қорғалжын орамы» тұрғын үй кешені 2015 жылы аяқталуы тиіс-ті. «Биыл, міне, 2017 жыл аяқталып келеді. Үй дайын емес. Біресе «қаржы жоқ», біресе «құжаты дұрыс болмай қалды» деген желеумен құрылыс жұмыстары сағызша созылып келеді. Келісімшарт бойынша үйді 2015 жылдың аяғында, яғни желтоқсан айының соңында алуымыз керек еді. Іс жүзінде олай болмай шықты. Компания басшысы Ерік Смағұлов «сәл кешіктіріп барып тапсырамыз» деп бірнеше рет уәде берген-ді. Онысын орындаған жоқ. Күте-күте шаршаған соң ақыры шартты бұздық. Қосымша келісімшарт жасалып, компания салған ақшамызды үш ай ішінде қайтарып беруге уәде еткен. Содан бері алты ай өтті. Ақша жоқ. Смағұлов телефонын көтермейді. Бірнеше күн сату бөлімінің табалдырығын тоздырдым. Ешкім жөнді жауап бермейді», – дейді Алмагүл есімді үлескер.
Алмагүл компаниямен келісімшартты амалсыздан бұзған. Себебі денсаулығын емдеуге шұғыл ақша керек.
«Қорғалжын орамы» кешеніне алданған үлескерлер «Басында біз келісімшарт жасасқанда үйдің келбеті мүлдем бөлек, сәулеті көз тартарлық, төртқабатты оймақтай ғана үй еді. Енді төрт емес, бес-алты қабат, қорап тәрізді көп кешеннің бірі болып келеді» дейді.
Айта кетерлігі, компания басшылары үлескерлерді ғана емес, қала әкімдігін де алдап жүр. Өткен жылы Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төрағалығымен үлестік қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында компания басшысы «Ақ Ерке-2» және «Алтын бұлақ» кешендерінің құрылысын жалғастыру үшін қытайлық инвесторлардан ақша түскенін айтқан болатын. Осылайша «Алтын бұлақ» кешенінің құрылысы 2017 жылдың ІІ тоқсанында, «Қорғалжын кварталы» 1 желтоқсанға дейін, ал «Ақ Ерке-2» 30 қазанға дейін аяқталады деп уәде берген еді. Одан бері біраз уақыт өтті.
Кейбір үлескерлер сақалды құрылыс, әйтеуір, бір біткенімен, оны құжаттау мәселесі оңай болмайтынын айтады. Өйткені, олардың сөзінше, жобалау жұмыстарында ауытқулар өте көп. Артық қабаттар мен сыртқы бейнесін қайта мақұлдату ұзақ уақытқа созылады. Оған дейін үй мемлекеттік комиссиядан өтпейді. Яғни үйдің құжаты берілмейді. Демек, онда тұру, сондай-ақ үйді сату мүмкін болмайды деген сөз. Бірнеше жылға кешіктіріліп барып тапсырылған «Медине» тұрғын үй кешені тұрғындары дәл осындай мәселемен бастарын қатырып жүр. Компания басшысы Смағұловтың айтуынша, осындай шетін жағдайға қаржылық қиындықтар себеп болған.
Алайда үлескерлер бұл уәжбен келіскісі келмей, «ақша жоқ» деген құр сылтау ғана дейді. «Ақшаны қолма-қол санап бердік. Барлығымыз да 100 пайыз төледік. Ақша жоқ дегені өтірік. Басқа дүниеге салып, құртып жіберген ғой» дейді үлескерлер.
Бірнеше мәрте орындалмайтын уәде берген «АССМ-01» компаниясы басшылығымен жүз шақты наразы үлескер заң қудалайтын кеңселерде сөйлеспек.

Үкі НҰРАТАЙ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті