1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (15511) 6 шілде, сейсенбі 2010
6 шілде 2010
«Ауылға бар, қалқатай»деу үшiн мамандығына сай жұмыс бер, татымды айлық төле

Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Сәтбаев ауылының тұрғыны Ырыскүл Мұхамединқызы редакцияға бас сұғып, өз ойын былай жеткiздi: «Ауылда жұмыс орны – тек қана мектеп. Шындықты айту керек, жастарға жұмыс жоқ. Сондықтан Алматы, Астана сынды қалаларға барып, қара жұмыс iстеп жүр. Ал үкiмет күлкiңдi келтiрiп «Ауылға – дипломмен» дейдi. Дипломмен барған жастарды ауыл құшақ жайып қарсы алатындай. Мұндай саясатты насихаттап жатқандары несi? Жұртты ақымақ санай ма осы? Ойлап қараңызшы, қандай маман жетiспей жатыр ауылға, ә? Бағдарламаны жүзеге асыру үшiн елдiмекендерге жаңадан жұмыс орнын ашу керек қой, сiрә».

Ауылдың бүгiнгi тыныс-тiр­шiлiгiмен таныс апайдың бұл пiкiрiн ескерiп, бағдарлама негiзiнде орын­дал­ған және орындалмаған жұмыстар­ға көз жүгiртiп, електен өткiздiк. 2009-11 жылдарға арналған дәл осы бағдарламаның 2009 жылғы нәтиже­сiне көңiлi толмаған ҚР Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Алдан Смайылдың айтуынша, бастама заңмен бекiтiлiп, қаржыландырылды. Мәселен, 2009 жылы 986 миллион теңгеден астам ақша ажыратылды. Ауылға бар­ған жастар 90 мың теңге көлемiнде бiржолғы көтерме ақы алатын болды. Сонымен бiрге баспана үшiн 630 айлық-есептiк көрсеткiш мөлшерiнде 15 жылға дейiнгi мерзiмге несие беру көзделдi. Әйтсе де, диплом алған жас­тар ауылға ағыла қойған жоқ. Жоспар бойынша 2009 жылы ауылға 11 069 жас маман баруға тиiс едi. Атап айтқанда, 5927 мұғалiм, 2790 дәрiгер, 394 спорт, 1534 мәдениет қызметкерi. Бiрақ, бастамаға үн қосқандар бар-жоғы 646 маман ғана. Бiрқатар облыс­тарға, оның iшiнде Қызылорда, Маң­ғыстау т.б. өңiрлерге бiрде-бiр адам бармаған.
– Мұның бiрнеше себебi бар, – дейдi депутат. – Бiрiншiден, елiмiздiң кей өңiрi жас мамандарды қабылдауға толық дайын емес. Бұл бағдарлама туралы толық бiлмейтiндер де бар. Екiншiден, ауыл спорт және мәдениет маманына зәру болғанымен, олар жұмыс iстейтiн орындар әбден тозған. Мұны көрген жастар қалаға керi кетуде. Ал дәрiгерлер аудан орталықтарында ғана еңбек ете алады. Үшiншiден, бүгiнгi ауыл мұғалiм мен дәрiгерге ғана зәру емес. Басқа да мамандық иелерi қажет-ақ. Мәселен, мал өнiмiн ұқсататын мамандықтар қажет: инженер, технолог, электрик, т.б.
Депутаттың дәл осы үш себебiнiң жаны бар. Шындығында да бүгiнгi ауыл жас маманды қабылдап алуға әлi дайын емес. Тозған, тозығы бiткен елдiмекендер көп-ақ. Бiрақ, мұны елеп ескерiп отырған кiм бар? Керiсiнше, Ауыл шаруашылығы министрлiгi бөлiнген қаражаттың жүз пайыз орындалғанын, ауылдық елдiмекендерге 6 582 маман барғанын мәлiмдедi. Мәселен, 5136 жас мұғалiм ауылға жұмыс­қа аттанған. Агроном, ветеринар сияқ­ты мамандарды ауылға тарту ауадай керектiгiне дау жоқ. Алайда барлығы заң негiзiнде жасалуы тиiс.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына алты ай толғанда оның нәтижесiне үңiлiп, билiктiң «жаңа» тапсырмасы ауыл мәселесiндегi ескi әуендi қайталамай ма ( «Жас Алаш» №79. 1 қазан, 2009 жыл ) деген са­уалды ортағы тастаған едiк. Сонда алты айда 141 маман ауылға баруға өтiнiш жазған болатын. Ендi мiне, қанша маман ауылға барды деген сауал талқыға түсiп отыр. Айырмашылығы – жарты жылдық емес, бiр жылдық есеп. Депутат 646 жас маман ауылға жұмыс iздеп барды десе, министрлiк оны еселеп өсiрiп, 6 582-ге жеткiздi. 6 айдың iшiнде 141 маман еселеп өсiп, 6 582-ге артты дегенге сенесiз бе? Әйтпесе, депутат 646 деген санды қайдан шығарып алды?
Асылы, бағдарлама бойынша үш жылда ауылдық елдiмекендерге 26 584 маман баруы тиiс болған. 2009 жылы оның 11 109-ы алтын бесiк ауылда жұмыс iстеуi қажет едi. Мейлi депутаттың емес, министрлiктiң сөзiне сендiк деген күннiң өзiнде жоспар орындалмаған. Әйтсе де, назар аударатын мәселе – бөлiнген қаражат жүз пайыз игерiлген. Алайда, нәтижесi дерлiк екi есе төмен. Ендеше Ауыл шаруашылығы министрлiгi неге бұған мән бермеген? Неге 11 109 маманға бөлiнген ақша 6 582-сiне ғана жеттi? Министр­лiк әу баста есептен жаңылысты ма, әлде...
Жалпы, басынан бағы тайып, берекесi қашқан ауылға жас маман бара ма, жоқ па? Бар мәселе осында, ауылдың бүгiнгi тұрмыс тiршiлiгiнде. Күш-қуатында. Барлап қарасақ, тiптi, мемлекеттiк БАҚ-тың өзi мақтауын келтiрiп сөйлегенде қандай да бiр ауылдың мәселесi шешiлдi дегендi ауызға алып жатады. Қазiргi таңда тасы өрге домалаған ауылдардың қатары қалың ба? Әй, қайдан? Статистика мәлiметтерiне жүгiнiп, 2010 жылы республика бойынша қанша аймақтық елдiмекен бар екенiн, оның қаншасы «өте жақсы», «жақсы», және «қанағаттанарлық» деген бағаға лайық екенiн бiлмек болдық. Өкiнiшке қарай, 2009 жылдың алғашқы айларындағы деректерден бөлек ресми деректердi көзiмiз шалмады. Естерiңiзде болса, онда Қазақстанда 7093 аймақтық елдiмекен бар, оның iшiнде 2473-i жоғары, 4490-ы орта, 103-i төмен деп бағаланған-ды. Және жиырма жетiсiнде мүлде тұрғынжай болмай шыққан.
Не десек те, үкiмет уәде еткендей «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен әзiрге ауылдың бағы жанбай тұр. Бiздiңше, мұнда екi мәселеге баса көңiл бөлу қажет-ақ.
Бiрiншiден, қолына ендi ғана диплом алып, келешекке үкiлi үмiтпен қарайтын жас маман қаңырап тек қаңқасы ғана қарайып қалғалы тұр­ған болашағы бұлыңғыр ауылға бара ма? Урбанизация қызып, ауылдағы ағайын қалаға ағылып жатқан шақта жас маман қаладағы қоржынын ауылға арқалайды дегенге кiм сенедi?
Екiншiден, ауылдың қарапайым тұрғыны Ырыскүл апай айтпақшы, дипломмен барған жастарды ауыл құшақ жайып қарсы ала ма? Онда бос тұрған жұмыс орындары бар ма, жоқ па? Сондай-ақ, депутаттың демей-ақ қоялық, министрлiктiң көрсеткен қорытынды деректерi көңiл көншiт­пей­дi. Мұның бәрi мәселенi тек қана бағдарлама қабылдап, оған қаржы бөлумен, жастардың материалдық жағдайын жақсартумен шешуге болмайтынын және бiр рет дәлелдедi.
 
Дилара ИСА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
қазақ | 7 шілде 2010 17:10
Өте дұрыс айтылған ақыл, ауылдар әбден тозған,мұғалімнен басқа мамандық жоқ есебі.
Не болмаса байланыс бөлімшесіде жоқ, телефон байланысы да жоқ, барынан жоғы көп ауыл-осындай ауылдың бірі Сарыағаш ауданы Шеңгельді станциясы.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті