27 шілде 2010
14 елде 50 жастан зейнеткерлiкке шығу бар. Ал Қазақстанда...

Газетiмiздiң өткен санында (№58. 22 шiлде, 2010 жыл) Шымкент қорғасын зауытының бұрынғы қызметкерлерi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне бiрнеше сауал жолдаған-ды. Iле-шала министрлiктiң баспасөз қызметiнен жауап келдi.
Тоқетерiн айтқанда, жұмысшылардың алға тартқан сұрағы мынандай болатын: «Бұрын зауытта iстейтiн қызметкерлер 50 жастан зейнеткерлiкке кететiн. Қазiр 63 жастан зейнеткерлiкке шығатын болдық. 53 жастан мемлекеттiк жәрдемақы алып, жұмыстан босаймыз. Жәрдемақының мөлшерi – 12 700 теңге. Бұл қай жыртығымызды жамайды? Дәрi-дәрмегiмiз былай тұрсын, күнделiктi шығындарымызды өтемейдi. Тiптi, бұл жәрдемақының мөлшерi ең төменгi күнкөрiс мөлшерiне де жетпейдi.
Зауытта жұмыс iстеген қанша азамат елу жасқа толмай өмiрден өттi. Бүгiнде тiрi жүргендерiнiң денсаулығы сыр берген. Бiрiнiң көзi көрмейдi, екiншiсiнiң аяғы ақсақ, үшiншiсiнiң қолы шолақ... Жұмысқа жарамсыз. Мемлекеттiң 12 700 теңге жәрдемақысы жұқ болмайды. Неге министрлiк бұл мәселенi таразылап, бiздердi заң жүзiнде 50 жастан болмаса да, 55 жастан зейнеткерлiкке шығаруды қолға алмайды? Неге мемлекеттiк жәрдемақының мөлшерiн өсiрмейдi?»
Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, Қазақстан Республикасы 1998 жылдан бастап нарықтық экономикаға көштi. Зиянды өндiрiстiк кәсiпорындар жекешелендiрiлдi.
Осыған орай әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң құрылымдық реформасы жүргiзiлуде. Бұл реформа әлеуметтiк және зейнетақылық сақтандыруға басымдық бередi. Зейнетақы жеңiлдiктерi қарастырылғанымен, мерзiмiнен бұрын зейнеткерлiкке шығу қысқарған. Оның үстiне, мемлекеттiк қазынадан, анықтап айтқанда, барлық салық төлеушiлердiң есебiнен жекеменшiк кәсiпорындардың қызметкерлерiне жеңiлдетiлген зейнетақы төлеу тиiмсiз.
Әйтсе де, азаматтарды әлеуметтiк қорғау мақсатында қызметкерлердiң 1998 жылдың 1 қаңтарға дейiнгi жұмыс стажы, жұмыстың зиянды (өте зиянды) және ауырына (өте ауыр) байланысты №1 және №2 тiзiм бойынша мемлекеттiк арнаулы зейнетақы қарастырылған. Ол зейнетақы жас шамасы бойынша тағайындалады. Сондай-ақ, мемлекеттiк жәрдемақы алушы бұған дейiнгi табысы бойынша зейнетақы төлемiн рәсiмдеуiне болады.
Зиянды өндiрiсте жұмыс iстеп, денсаулығынан айырылған жұмысшыларды әлеуметтiк қорғауда еңбек қатынасын реттеу механизiмi толық жұмыс iстемейдi және кәсiподақтың белсендiлiгi төмен. Кәсiподақ өз қызметiнiң шеңберiнде зиянды өндiрiсте жұмыс iстейтiндердiң еңбекақысын көтеруге, жағдайын жақсартуға, қосымша сақтандырудың жолдарын табуға мiндеттi.
1998 жылы 1 қаңтарда жасалған зейнетақы жүйесi 2003 жылы қайта қаралып, дәл осы азаматтарға жеңiлдiктер жасалды. Яғни, жұмыс берушiлер жұмысшылардың пайдасына кәсiби салымдарды ерiктi түрде өз есебiнен жүргiзедi. Мұндай жағдайда жұмыс берушiлерге салық преференциялары қарастырылған. Ал қорға аударылған ақша жұмысшыларға 50 жастан бастап төлене бастайды.
Кәсiби зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесiн ұйымдастыру еңбек қатынасындағы әлеуметтiк маңызы бар сұрақтардың шешiмiн табуға мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, әлеуметтiк әрiптестiктi күшейтiп, жұмысшылардың жағдайын түзеуге септеседi, оларды зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейiн көтередi. Мұндай жүйе халықаралық тәжiрибеде бар. Мәселен, Ұлыбританияда кәсiпорында кем дегенде екi жыл жұмыс iстеген жұмысшыға жұмыс берушi кәсiби зейнеткерлiктi ұсынады. Көбiне жұмыс берушi мен жұмысшы зейнетақыны барынша жақсы жасау үшiн тағайындалған жалақының белгiлi бiр пайызын ұстап қалуға келiседi. Кейде жарнаның мөлшерi жалақының 15 пайызын құрауы мүмкiн. Бiрақ, жұмысшылардың басым бөлiгi 5-8 пайыздық жарнаға келiсiм бередi. Көбiне салалық қорлар жұмысшыларға өмiрiн сақтандыру, мүгедектiк немесе асыраушысынан айырылғанда жәрдемақы төлеу қызметi бар кешендi «әлеуметтiк пакет» ұсынады.
Редакция тарапынан министрлiктiң баспасөз қызметiне жедел қайырған жауабы үшiн ризашылығымызды бiлдiремiз. Өкiнiшке қарай, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Шымкент қорғасын зауытының бұрынғы жұмысшыларының ең төменгi күнкөрiс мөлшерiне де жетпейтiн мемлекеттiк жәрдемақы мөлшерi өсе ме, жоқ па, зейнеткерлiкке неше жастан шығарады деген сұрақтарына нақты жауап бермептi. Шынтуайтына келгенде, зауыттың бұрынғы қызметкерлерi мемлекеттiң қамқорлығына iлiнбеген бе сонда? Олардың мұң-зары дер кезiнде ешкiмнiң есiне кiрiп шықпағаны ма? Неге кезiнде Кеңес Одағына кiрген 14 елде 50 жастан зейнеткерлiке шығару сақталған да, Қазақстанда бұл жүйе өшiрiлген? Қазақстанда зиянды өндiрiстiк кәсiпорындарда қызмет iстеген және бүгiнде iстеп жүрген азаматтар тоқалдан туған ба сонда?
Зейнеткерлiк мәселесi тәуелсiздiк алған жылдардан берi халықтың мүддесiне орай шешiмiн таппады. Үкiмет те, дәрменсiз парламент те республика азаматтарының ауыр жағдайына көңiл бөлер емес. Шенеунiктердiң өз күнкөрiсi жақсы болған соң, өзгелердi ойлап, басын қатырып қайтсiн. Жыл сайын бюджеттен бөлiнген ондаған, жүздеген миллиард теңгенi игерусiз қалдырып жатқан үкiмет мүшелерi халықтың әлеуметтiк мұқтаждықтарына қырын қарап келедi. Мұндай үкiмет пен парламент кiмге керек?!
Дилара ИСА





Уәж айту