3 желтоқсан 2009
«Президентке хат жазумен мәселе шешiлмейдi»

Кеше «Талмас» қоғамдық қозғалысы «үлескерлер мәселесiн қалай шешемiз?» деген сұрақты алға тартып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған «Азат» ЖСДП және Коммунистiк партиясының, «Қазақстан – 2012» және «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалысының өкiлдерi, бiрнеше компанияның үлескерлерi қатысып, өз пiкiрiн ортаға салды.
– Үлескерлер мәселесiн шешуде әлемдiк дағдарысты алға тарту орынсыз. Бұл дағдарыстың Қазақстанға еш қатысы жоқ, – деп сөз бастады Коммунистiк партиясының белсендi өкiлi Амантай Ахетов. – Бұл проблеманы шешуге билiк партиясының атсалысуы керек едi. Билiк азаматтарын далаға тастады, – дедi ол.
«Үлескерлер 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының ғимаратын торуылдап келедi. Олар «араша болыңдар» дейдi. Партия «мәселенi шешемiз» деген құрғақ уәдеден арыға бармай тұр. Мәселен, жуырда ғана үлескерлер Алматыдан Ақордаға жол тартты. Не өзгердi? Ештеңе де. Сондықтан да дөңгелек үстелге қатысушылардан сұрарымыз, мәселе шешудiң тетiктерiн сөз етсек», – дедi «Талмас» қоғамдық қозғалысы жетекшiлерiнiң бiрi Денис Алимбеков.
«Ақ ауыл» компаниясының үлескерi Аман Шорманбаев:
– Бұл мәселеге мемлекет бейжай қарауы жөн емес. «Көмектесемiз, мәселенi шешемiз» дейдi де, ұшты-күйлi жоқ болады. Естуiмiзше, түйiндi тарату үшiн 240 миллиард теңге ажыратты. Дәл осы қаражат қайда кеттi? Барлық үлескерлердiң көкейiнде осы сұрақ сайрап тұр. Алайда, жауап жоқ. Бiздiңше, үлескерлер мәселесiн шешудiң бiрден-бiр жолы – бiрiгу, – деп пiкiр бiлдiрдi. «Серт» АҚ-ның «Жайлы» тұрғын үй кешенiнiң үлескерлерi атынан келген Лейла Айнсанова: «Осы уақытқа дейiн бiрде-бiр қоғамдық қозғалысқа кiрiп, наразылық шарасына қатысқан емеспiз. Мәселенi бейбiт жолмен шешу ниетiнде. Билiкке қарсы шықпадық та. Нәтижесiнде не болды? Баспанасыз қалдық. Бөлiнген қаражаттың өзiн компания басшылығы басқа мақсатқа жұмсап жiберген көрiнедi. Бұл iске мемлекеттiк органдар, мәселен, қаржы полициясы да араласты. Президентке хат жаздық. Жауап жоқ. Мәсiмов мырзаның жеке блогына өтiнiш түсiрдiк. Және хабар жоқ. Бiр ай бұрын «Нұр Отан» партиясы мен облыс әкiмшiлiгiне де өтiнiш жаздық. Ләм-мим демейдi. Жағдай осылай жалғасса, бiз де, яғни жетi жүзге жуық үлескер митинг өткiземiз. Халықаралық деңгейде шешуге дейiн барамыз, – дедi. Ал «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалысының белсендi мүшелерiнiң айтуынша, әрбiр әлеуметтiк мәселе саяси мәнге ие болмайынша, шешiлмейдi. «Президентке хат жаздық» дейдi. Айналайын, мұнымен мәселеге нүкте қойылмайды. Әркiм өзiмен-өзi кеткен заман. Үлескерлер банкирлермен қырғиқабақ болып тұр. «Ақшаны алдың. Керi қайтар» деген ешкiм жоқ. Ұйқыдан оянатын кез жеттi», – дейдi олар.
Дөңгелек үстелге қатысқан ЖСДП «Азат» партиясының өкiлдерi: «Билiк өз азаматтарына қамқор бола алмайды екен, мемлекеттi басқаруға хақылары жоқ».
Дилара ИСА





Уәж айту