1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Е.Ертiсбаев: «Егер президент «ұлт көшбасшысына» қатысты заңға вето қойса, бүкiл депутаттар корпусын өзiне қарсы қойып алады», — дедi. Неге?
Депутаттарды президенке қарсы қойғысы келдi (13.6%)
Қожасына кеңес берген түрi (60.3%)
Жанашырлықпен айтты мұны (5.5%)
Саяси кеңесшi көрiпкел ғой... (20.6%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (15458) 31 желтоқсан, бейсенбі 2009
31 желтоқсан 2009
ЗОБАЛАҢ

НЕМЕСЕ ТАС ЖҮРЕК ҰЛДАРЫНЫҢ ТЕПКIСIНДЕ ЗАР ИЛЕГЕН ҚАРАПАЙЫМ ҚАЗАҚ

Мен осы Маңғыстауда туып-өстiм. Осы өлкеде өсiп-өркендеген азамат ретiнде менi қазiргi таңдағы халықтың ауыр хал-ахуалы қатты толғандырады.
Маңғыстау елi, оның iшiнде күн сайын көтерiлiп, ұрандап ереуiлге шығып, аштық жариялаған Жаңаөзен халқы неге осындай халге түстi? Халықтың қанын теспей сорып, үрiп iшiп-шайқап төгiп жүрген ат төбелiн­дей атқамiнерлер мен жерден бастап барлығы жекеменшiкке сатылып, халықтың бар байлығы талан-таражға түскенде қазынадан қарпып асап, оңай олжаға кенелiп үлгерген байшыкеш, бай-бағыландар болмаса, «шықпа, жаным, шықпа» деп, шырылдап зорға күнелтiп отырған қарапайым халықтың көңiл-күйi неге төмен? Иiнi неге түсiңкi? Еңсесi неге езiңкi? Ертеңiне неге үкiлi үмiтпен, сергек сенiммен емес, уайым-күдiкпен, қоян жүрек қорқынышпен қарайды? Елiмiздiң ертеңгi жар­қын болашағы болуға тиiстi жастар арасында нашақорлық пен маскү­немдiк, тонау мен зорлау, төбелес пен дiни және топтық жiкшiлдiк, әртүрлi айуандық әрекеттер неге көп? Небiр құлақ естiп, көз көрмеген, тiрi адамды тiтiркентiп, өлген адамды оятатындай сұмдық қылмыстар күн сайын неге өршiп барады?
Менiңше, мұның ең басты себебi – жұрттың жаппай жұ­мыссыздығында және ел басқарып отырған азаматтардың қол астындағы қараша халыққа жаны ашымайтын қатыгездiгi мен селқостығында. Сол атқамi­нерлердiң «Бiрiң өлiп, бiрiң қал», «Сен тимесең – мен тимен, бадырақ көз!» принципiн ұстанып, өзiнiң ғана қарнын қампитып, қалтасын толтыруды бiлетiн тоғышар пиғылы мен тоң-торыс мiнезiнде. 
Ақшаның бәрi негiзiнен республикаға, ғұмыры араны тоймайтын Астанадағы айдаһарлардың апанын тығындауға кетiп жатыр. Одан қалғанын облыстың әкiмi бөледi. Ал бұл әкiм тек өзiн күмпiлдетiп, жарнамалауды ғана бiледi. «Ақтау-Сити», «Кендiрлi», «Жер-Теңiз-Аспан» деген сияқты өмiрi орындалмайтын, «алып жоспарлармен» халыққа және жоғарғы жаққа жақсы атты көрiнуге тырысады. Асылы, ерте замандағы ел билеушiлерiнiң залым ойынан шыққан «Халықты сендiргiң келсе, адамның ақылына сыймайтын, алапат жоспарларды алдына мақсат етiп қой. Сонда надан халық сенiң айтқаның миына толық қонбағасын, соңыңнан сөлпеңдеп, мағынасыз ере бередi. Ал ақылға қонатын нәрселердi айтсаң, көпшiлiктiң iшiнен сенiмен сөз таластырып, өзiнiң ой-пiкiрiн айтатын ақылды адамдар шығып, қарсылық бiлдiруi мүмкiн» деген «қанатты қағидасы» рас болса керек. Жә­не соны бүгiнгi әкiмдер күнде­лiктi жұмысының басты кредосы, айнымас алтын қазығы етiп алған тәрiздi.
Әйтпесе, бұл не? Халықтың алдында майдалап сөйлеуге шебер, әкiм Қырымбек Көшербаевтың қиялындағы «Ақтау-Ситиi» де, арабтармен келiсiмдерi де өтiрiк болып шықты. Сенбесеңiз, Атыраудан шығатын тәуелсiз «Алтын ғасыр» газетiнiң 27.11.2009 күнгi № 48 (404) санында жарияланған, қазақ оппозициясының шетелдегi бюросының жетекшiсi Серiк Медетбековпен сұхбатты оқып қараңыз. Онда С.Медетбеков: «Назарбаевтың Әмiрлiктерге «мемлекеттiк сапарлары» да дәл осындай. Ол жаққа қанша рет бара беруге болады? Талай мәрте уәде етiлген инвестициялық супержобалар қайда? Шейхтар бiзде ештеңенi салайын деп жат­қан жоқ. Өйткенi, олардың салған ақшасының қайтатындығына ешкiм кепiлдiк бере алмайды..», - деп ашығын айтады.
Демек, Маңғыстау облысының әкiмi Қ.Көшербаевтың «Ақтау-Ситидiң» алғашқы құрылысы басталды!» деп алаулатып-жалаулатып, ел президентi мен арабтың шейхын Ақтауға шақырып, құрылыстың алғашқы қадасын қақтырып, бүкiл ел-жұртқа жарнамалап жүргенi жалған әңгiме, құр даңғаза болып шыққаны ма?
Күнi кеше ғана – жаңа оқу жылының басында облыс орталығының 31-шағын ауданындағы академик Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттiк технологиялар және инжиниринг университетiнiң жаңа ғимараты пайдалануға берiлдi. Бұл құрылысқа да осынау дағдарыс кезеңiнде аз қаражат кеткен жоқ. Ал соншама қаржы жұмсалған университет ғимаратына жылу беру маусымы басталғаннан кейiн арада бiр ай жарым уақыттан кейiн ғана, жергiлiктi БАҚ-тар улап-шулап, мәселе көтерiп, студенттер мен оқытушылардың алды тұмау эпидемиясына шалдығып, апталап ауырып-сырқап, жұмыстан, сабақтан қалғаннан кейiн барып, зорға дегенде, онда да қанжылым ғана жылу берiле бастады. Бұл – бiр,тағы бiр проблема, осы жаңа ғимараттың iшiнiң кейбiр қабырғалары қазiрдiң өзiнде қақ айырылып, басбармақ сиятындай жарықтар пайда болған (яғни, iргетасы отыра бастаған болуы мүмкiн)! Ал, күндердiң күнiнде, бiрнеше күн ағыл-тегiл жаңбыр жау­са, зәулiм ғимараттың жалп етiп құламасына (бiр Құдай сақтасын!) кiм кепiлдiк бередi?! Ал соны пайдалануға берер алдында «Бәрi дұрыс» деп қабылдап алған мем­лекеттiк комиссия қайда қараған? Кiмнiң сойылын соғып, кiмнiң артын жапқан? Осындай көзбояушылықпен жасалмаған жұмысты «жа­салды» деп жалған ақпар беру кiмге керек?
Жалпы, облыс әкiмiнiң барлық «жасалды» деп жүрген шаруаларының артынан осындай өтiрiгi шығып, қоясы қопарылып жататыны қазiр кiм-кiмге де құпия болудан қалған. Бұл адам өткен жазда: «Маңғыстау облысының 97 пайызы көгiлдiр отынмен қамтамасыз етiлдi (газдандырылды) және 2009 жылдың аяғына дейiн бұл жұмысты 100 пайыз аяқтап, бiтiремiз»,- деп күмпiлдедi. Ал мiне 2009 жыл да аяқталды, шын мәнiндегi қазiргi жағдай қалай? Облыста небәрi 5 аудан ғана бар (Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы). Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласына әлi күнге газ барған жоқ. Ақтау қаласының iргесiндегi Мұнайлы ауданының орталығы Маңғыстау кен­тiнiң тең жартысында және ауылдарының бiразында сол кө­гiлдiр отыныңыз әлi күнге жоқ?! Шалғайдағы ауылдарды айтпай-ақ та қояйық. Сонда Қ.Көшербаев 97, 100 пайыздарды қайдан алып отыр? Кiмдi алдағысы келедi, президенттi ме, халықты ма?
2007 жылы осы әкiм (Қ.Көшербаев) 100 жасқа толған Ергенғұл Төлегенұлы деген ақсақалдың то­йына барып, құттықтап, оған Ақтау қаласынан 3 бөлмелi пәтердi сыйға тартты. Кейiн сол уәдесiн ұмытып, тайқып кеттi (яғни, берiлген пәтер жоқ болып кеттi). Бұл жағдай бiрнеше тәуелсiз газеттерде жарияланып, әкiмiмiз бүкiл ел-жұрттың алдында өтiрiкшi болды.
Ол ол ма, облыстың әкiмi тек айналып келiп, жыл аралатып, облыс орталығының негiзгi жолдары мен президент даңғылын биттiң қабығындай қабатын қырып тастап, қайтадан сол биттiң қабығындай етiп төсеп, жөндей бередi. Өткен күздiң (2009) қыркүйек айынан бастап, кенеттен Ақтаудың iшi мен айналасына бұрын болып көрмеген бiр аласапыран асфальттау жұмысы басталды. Алас-қапас, бiр айға созылған бұл жұмыс күздiң жауын-шашынды мезгiлдерiнде жүргiзiлдi. Кейбiр жол мамандарының ай­туынша: «Күн салқындап, жауын-шашын кезiнде төселген асфальтта ешқандай сапа болмайды»,- десе, ендi бiреулер: «Ала жаз бойы тым-тырыс отырып, қоңыр күзде кенеттен жанталасудың себебi, ұстап отырған қаржыны қалай да жұмсау керек болған шығар, немесе шығындалып кеткен қаржы мен жұмыс көлемiн сәйкестендiру керек болған» – деген жорамалдар айтты. Иә, елдiң аузына қақпақ қою қиын, дегенмен уақытша болса да бiраз жер асфальттанып, кө­лiктердiң жүрiс-тұрысы едәуiр жеңiлденiп қалды. Қарапайым ха­лық «Бұған да шүкiр» дедi де қойды.
Қазiр халықтың жергiлiктi жерлердегi сыбайлас жемқорлықпен күрес дегеннiң құр сөз екенiне көздерi әбден жеттi. Мысалы Маңғыстау ауданындағы газ құбырлары құрылыстарын жүргiзу жұмыстарына 3 млрд теңге тұратын тен­дердi жеңiп алған «КА Строй LTD» ЖШС деген мекеме. Бұл мекеменiң мекенжайы – Алматы облысы Қа­ра­сай ауданы Қаскелең қаласы Абылайхан көшесi, 48А ! Ал газ құбырларын тартуды Маңғыстаудың жергiлiктi құрылыс мекемелерi жүргiзедi. Темiр құбырлардың бағасы удай қымбат, яғни әлi күнге дағдарыстың алдындағы бағалармен есептелiп, миллиардтаған қаражаттар күмәндi жолмен шығындалып жатыр. Осыны бiлiп отырса да әкiм, құқық қорғау органдары үнсiз?! Жақында осы, алматылық «КА Строй LTD» фирмасының басшысы Сәкен Есенгелдин облыс басшылығының ұсынысымен «Ерен еңбегi үшiн» медалiмен марапатталды. Шамасы «қолы ашық, жомарт» жiгiт болса керек. Осы Маңғыстау ауданына қарасты Бекi ауылына осыдан бiрнеше жыл бұрын орна­тыл­ған су тұшыту қондырғысы лентасы қиылғаннан кейiн 1 литр су тұшытпастан, ақыры түбiнен кесiп, металл сынықтарына тапсыру үшiн тиеп, алып кеттi. Тиген ауылына орнатылған тағы бiр су тұшыту қондырғысы, бұл да ешқандай жұмыс iстеместен тұр және оның да бөлшектерiн бiртiндеп тасып әкетiп жатыр. 2008 жылдың аяғында аудан орталығында ет-балық цехы ашылды. Халық үшiн мемлекеттiң қаражатына ашылған, мемлекеттiк мекемеге бағынышты, қыста жылуы, жазда мұздатқышы жоқ осы цехтың күндердiң күнiнде жекеменшiк екенiн халық бiр-ақ бiлдi. Ал осыларға кезiнде миллиондаған қаражаттар жұмсалды. Оны сұрайтын облыс әкiмi, я аудан әкiмi жоқ. Маң­ғыстау ауданында Қ.Көшербаевтың өзi тағайындағанына 4 жыл болған Жиенай Албытов деген уақытша әкiм бар. «Уақытша» дейтiнiмiз бұл Ж.Албытовтың отбасы аудан орталығы Шетпе кентiнен 160 км Ақтау қаласында тұрады. 4 жылдан берi аудан әкiмii Ж.Албытов облыс орталығынан қатынап жұмыс жасайды. 4 жылдан берi сол Ж.Албытов жүргiзушiсi екеуi Шетпедегi әкiмшiлiктiң қонақ үйiнде жатады. 3-4 адам күтушiсi бар, т.б. шығындар кiмнiң, ненiң есебiнен?
Бейнеу ауданының аумағындағы Ақжiгiт ауылының маңындағы шағын газ зауытының «құрылысы бiтiп, лентасы қиылғанына» бiр жыл болды. Ал сол зауыт әлi жұмыс iстеместен, қозғалыссыз тұр! Бұл – тек бiр-екi аудандағы iшiнара мысалдар. Ал осы жағдайлардың барлығы облыс әкiмi Қ.Көшербаевтың көз алдында өтiп жатыр.
Облыстағы басшы (және қос­шы) кадрлардың (ҰҚК, полиция, сот, прокуратура, кеден, салық, кейбiр бұрынғы және қазiргi әкiмдер, құрылыс компаниялары,т.б.) көбi сырттан – басқа облыстардан әкелiнген. Ал солардың жергiлiктi кадрлардан алып-жұлып, асып-тасып бара жатқан ештеңесi жоқ. Ақыл-ойы мен сана-сезiмi де дәл сондай дәрежедегi, екi аяқты, бiр басты пенделер. Қайта көпшiлiгiнiң бiлiм-бiлiк деңгейi көп ретте жергiлiктi мамандардың қолына су құюға да жарамайды. Сонда Маңғыстаудың қатындары ел басқара алатындай дара дарыны, қарым-қабiлетi түгiлi, кiшiгiрiм мекемеге басшылық ететiн ортаңқол маман болуға жарайтын бала табудан да қалғаны ма?! Әлде Әбiш Кекiлбаев сияқты пайым-парасатымен он падишаны орап тұрса да, өзiнiң беде­лiн өзi түсiрiп қана қоймай, патшаның қолынан жез қаңылтыр, темiр түймешiк алғанға мәз болып, ете­гiне оратылып, қолын сүйгендi дәреже көретiндердi ғана туа бере ме?!
Және, бұл әкiмiңiз алып келiп, халықтың көңiлiн алдарқатып, назарын басқа жаққа бұру үшiн түкке керегi жоқ, мағынасыз тойлар жасауға шебер. Артында ешқандай iз қалмайтын, құр босқа ақша шашуды ғана мақсат тұтқан таусылмайтын даңғаза тойлардан халық қажып бiттi. (Бұл тойлар бәлкiм, билiктегiлердiң сарқытын iшiп, сары табағын жалағанға мәз болған сарай ақындары мен намыстан жұрдай, жәреукелiкпен күнiн көрiп, бала-шағасына, жақын-жуығына жұмыс тауып, жұлдыз алып берiп, нан-тұзын айырып жүрген «шестерка» шалдар­ға ұнайтын болар). Тiптi сол әлемдi қысқан қаржы дағдарысы кезiнде жер-дүниенiң бәрiнен – Қазақстанның түкпiр-түкпiрiн былай қойғанда, шетелдерден де шет-шегi жоқ қонақтар шақырылған тойларда қарапайым халықтың аузына бiр сындырық қара нан мен бiр жұтым қара су да тимей, көпшiлiгi көлiк жоқтықтан ала шаңға араласып, қаңғып қалып жүргенiн несiне жасырамыз? Иә болмаса, сол тойдан кейiн бiрнеше ай бойы жалақысын ала алмай, тарығып қалған бюд­жеттiк мекеме қызметкерлерi мен жергiлiктi кәсiпкерлердiң жай-жағдайын ойлаған кiм бар? Бұдан сонда кiм ұтты, кiм ұтылды? Әрине, тойдың ыссы бауырсағы мен жылы-жұмсағын кертiп жеп, кекiрiгi азған, «тойға» деп жиналып, өтiрiк шығысталған артық ақшаны қалтасына басқан әкiм-қаралар мен шiренген шенеунiктердiң iшi майлы да, тағы да сол соры қайнап, зар қақсап қалатын – қарапайым халық. 
Ақтауды түгелдей Қытайдың «СНПС» компаниясы мен Ресейдiң «Лукойлы» алып болған. «Маңғыстаумұнайгаздың» айналасындағы «ОСК», «ОТК», «ОКК» сияқты сервистiк компаниялардың бәрi – қайдағы бiр аты да заты да белгiсiз «индонезиялық компанияның иелiгiндегi» деп айтылатын Рашид Сәрсеновтiң және басқалардың адамдары едi. Ендi оларды да түре қуып, қытайлықтар өз елiнiң сер­вистiк компанияларын әкел­мекшi. Форт-Шевченкода – «Аджип» компаниясы. «Өзенмұнайгаз» - сiрә, «Қазмұнайгаздың» меншiгi» деп саналатын Т.Құлыбаевтың иелiгiн­де. Солардың бiрде-бiрiне облыстың әкiмi шақырып алып: «Ай, елбасының «қазақстандық мазмұн» саясаты бойынша, мына жердегi жұмыс көлемiнiң елу немесе одан да көп бөлiгi, мынанша пайызы қазақстандық компанияның үлесiне тиесiлi, жергiлiктi кәсiпкерлер болуы керек. Мынанша пайызы қазақстандық мамандар болуы тиiс. Кәнеки, солай жаса!» - деп дәтi барып, батып айта алмайды. Себебi, өзi де солармен бiрге және кейбiрiнiң төбесiнен жұдырығын бiлеп тұрған түктi қолды көкелерi­нен қорқады. Мiне, сөйтiп, Маң­ғыстаудың барлық байлығы мен халықтың қазынасын қазiргi билiк бөлшектеп, бөлiске салып тас­таған.
Ал сонда жергiлiктi кәсiпкерлер немен айналысады? Азын-аулақ қара-құраны алдына салып, мал бағады, ұсақ сауда-саттықпен, алыпсатарлықпен айналысады, базарға барып, арба итередi немесе несиеге алған жаман мәшинесiмен такси болып, адам тасиды. Сосын азғана бөлiгi (онда да ол қараға iлiнсе) төменгi деңгейдегi ұсақ шенеунiктiк қызметте жүредi.
                Осыдан екi-үш жыл бұрын Отпан таудың басында Маңғыстау халқы тайлы-таяқтысы қалмай, «ел бiрлiгiне бiр сеп, керiтартпа билiкке сес болар ма екен» деп «Адай-ата» кесенесiн орнатты. Ақыры не болды? Халықтың, демеушiлердiң қаражаттарына салынған кесененi жергiлiктi билiк бiр тиын да шығармай мемлекетке өткiзiп алды да, бiр күнде «Отпан» мәдени-тарихи кешенi» деген мекеменi құра қойды. Қазiр оның басында (бiр жар шырақшыдан басқа) ешкiм жоқ, тек ара-тұра әкiмдер жалбақай ақсақалдарды ертiп апарып, бiрдеңелер жасаған болады. Ал осы кесененi бастаған бастамашыл топ бiр-бiрiмен алауыз болып, (тiптi, бiрқатары қаржы полициясының назарына да iлiгiп) онсыз да миы айналып жүрген халықтың пырдай басын шырдай қылды. Олар осылай аз қазақты алалап, жiкке бөлiп бiттi. Әкiмдерге де керегi сол – аздап артына адам-қара ерте алатын, өзiндiк пiкiрi бар азаматтардың өстiп бiр-бiрiмен қырқысып, өшiгiп, бiрiн-бiрi қиып жеп жүргенi оларға тиiмдi. Сонда олардың бiр жұдырық болып бiрiгiп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, әкiмнiң бұрыс кеткен, қиыс басқан жерiн түзетiп, халықтың атынан бiр ауыз сөз айтуға мұршасы да, мүмкiндiгi де болмайды. Әрқайсысы «Қайтсем, әкiмге ұнаймын? Қалай әкiмге жағынамын? Қайтсем, сөзiмдi оған өткiзiп, анадан кегiмдi қалай аламын?» деп аласұрып, ұры күшiкше сумаңдап, ұлықтардың маңайын жағалап, күнi үшiн күркесiнен шыға алмай, күңкiлмен күн өткiзедi. Сөйтiп, әкiм «Бөлiп ал да, билей бер!» саясатын емiн-еркiн жүргiзiп, бiр-бiрiмен алакөз ер халықтың еркелерi мен серкелерiн бiр-бiрiне айдап салып, айтқанын жүргiзiп, отыра бередi. Ондай бетiмен кеткен берекесiз елдi басқару да оңай. 
Мiне, әулиелi де, қасиеттi Маңғыстаудың қазiргi таңдағы шынайы хал-ахуалы, бет-бейнесi осындай. Және бұл жағдай тек Маңғыстау ғана емес, бүкiл қазақ елiнiң картинасы iспеттi. Қазақ даласының қай түкпiрiнде де осындай хал-ах­уал: шектен шыққан шетелдiктерге жем болған, қала бердi, өзiнен туып, өгей балаға айналған, тек бай­лыққа ғана бас ұрып, бақ-дәре­женiң буына басы айналған, тас­жүрек ұлдарының тепкiсiнде зар илеген тайқы маңдай, қарапайым қазақ. Қазiр қазақ ұлты мен оның елi ХХI өркениет ғасырында түрi де, сипаты да өзгеше бiр зобалаңды бастан кешiрiп жатыр.
 
Аманқос ҰЗАҚБАЕВ,
Маңғыстау облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (16)
Бейнеулік | 31 желтоқсан 2009 00:06
Бейнеу ауданы әбден былық-шылыққа батқан аудан Бұл ауданды да,НӘН секілді20жылдан бері бір адам билеп төстеп келеді Басқасын айтпай ақ бір ғана солярка мафиясының өзі жылына бірнеше жүздеген тонна май ұрланады ҰҚК,ІІБ кришават етеді,
батыс жигити | 31 желтоқсан 2009 08:45
Бул тек Мангыстаудын емес букил Казакстаннын басындагы жагдаи..Назарбаев Кетсин!!!
жын | 31 желтоқсан 2009 20:00
Абеке, айтқандарыңның бәрі орынды,бірақ осы айтылғандарды елдің бәрі біліп отырғанымен басшы жоқ, айтуға бәріміз шеберміз,менде айта аламын,сондықтан қызыл тілді безей бермей ақсақалдық әңгімеңізді айта отырыңыз,осыдан шығатын тығырық жол қайсы соны көрсетің әйтпесе сүйегі жоқ қызыл тілге жүгініп оттай бергеннен пайда жоқ.
батыс жигити | 2 қаңтар 2010 08:13
Бейнеу ауданы акими де НАН-нын табанын жалап журген киси емес па?аитпесе кашан озгерер еди..сол ауысып баска ауданга кетип калма ушин(тусирип не соттамаиды гой) арын сатып журген адамнан,сонын колшокпарларынан не кутуге болады..килен жалбакай,жарбакаиларды топтастырып алган...кеиде тирликтерине кулкин келеди..заман отер...тарих калады...келер урпакка мазак боласындар НАН жане онын жарбакаилары...ойланыдар!!
батыс жигити | 3 қаңтар 2010 12:10
Бейнеуди баскарып отыргндар килен кйшылар жане онын тумалары...олар окудын,этиканын (кобиси) не екенин билмеитин адамдар.Бари бармак басты коз кысты..маке-саке болып шешиип жатыр..туби курдымг кетемиз гой осылай журе берсек...койшылар койын багып,окыган жастар биликти оз колдарына алуы кажет...ел боламыз десек агаиын
WEST | 9 қаңтар 2010 04:33
сынаган дурыс кой. бирак сын жазу ушин де ауели узак арап ойланган жаксы. Озин минсиз адамдай сойлейсин. Озинди озин тузетип болып енди дуниени тузеткеин келеди. Абишке ангиме айту ушин ауели абиштин тырнагына татитындай елге кызмет етип ал. Ал калган маселелерге келисем. Егер накты фактилер болса урлаган каржыларын, тендерлер, шапкалар, кандай компаниялар аркылы канша колемде жинап...
WEST | 9 қаңтар 2010 04:39
Кандай компаниялар аркылы канша процент шапка алды. кандай тендерлер болды барин кужат туринде накты фактимен корсеткен дурыс. Например жана аэропорттын проектиси де жок дейди. Арзан материалмен салынган. Ен кызыгы онын иеси турик бизнесмени. Стратегиялык обьект шетелдиктин меншигинде. Естуимизше Зеки Пилге мен Крымбектин баласы осы проектинин меншик иелери. Жалпы Крымбек оте кауипти адам. Ол адайдын жигиттеринин арасына от тастап елди булдирди. Светкали оны коргиси де келмейди
WEST | 9 қаңтар 2010 04:43
Кокейн акша мен атак тескен Сабыр Адайды Крымбек озине каратып алды. Сабырдыки де дурыс кункорис керек кой. Бирак Адай-Адай деп журип шын манинде Светк4али секилди достарын сатып кеткенин Сабыр арынын алдында мойындау керек. Ал барине кинали Крымбек! Тутас бир елди булдирди. Автор Абиш туралы артык айтады. Крымбек туралы али оте кем айтып отыр.
Суретші Алматы | 11 қаңтар 2010 10:28
Мен Бейнеуге конакка барганмын. Әрбір әкім Бейнеудің әкімі сияқты ауданына қызмет етсе, еліміз алде қайда гулденер еді. Жұмысын ісімен далелдеген кісі. Бейнеуді коріп демалып калдым. Мен 57-демін. Ненің не екенін білемин. Ерме создің қажеті жоқ.
АДАЙ | 11 қаңтар 2010 12:44
Деңгейі жогары адамдарға қарай томеннен шабалаңдап үріп елге ылаң саласыңдар гой. Көшербаевтың Ақтау қаласын қандай қылғанын корип отырсындар. Неге адамдардын жаксылыгын коруге болмайды. Ол түгіл уйінде барлыгы сап-сай емес кой. жай-жай барлыгы битер. Тап касында жургендей сойлейсиндер. Барлыгы Аллага жауап береді. Истеген - истемеген Аким де, киналап отырган сендер де.
Зейнеткер БЕЙНЕУ | 13 қаңтар 2010 18:42
5 жыл жасап, жымқырған әкімдерден емес, 20 жыл жасап, елдің бетіне тіке карай алатын әкімімнен айналайын. Елге керек жагдайдың бәрі жасалып жатыр.
БОТА | 13 қаңтар 2010 18:44
ИТ ҮРЕДІ, КЕРУЕН КӨШЕДІ. ҮРГЕНШЕ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙЫҚ. ОЗІМІЗ НЕ БІТІРДІК? ұЯЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ,АҒАЙЫН.
Қазақтың баласы | 15 қаңтар 2010 23:19
Ислам діні айтады - адам баласын сыртынан ғайбаттаған, сол адамның етін жегенмен бірдей деп. Одан өткен күнә жоқ шығар сірә. Соның ішінде елбасы мен Әбіш ағаға және Маңғыстау еліне ерен еңбегін сіңіріп отырған Қырымбек ағаға тіл тигізіп отырған осы мақаланың авторы Аманқос көкеміз зобалаңның қазіргі шақта емес, о дүнйеге барғанда болуы мүмкіндігін шамасы білмесе керек. Артық айтқанын бір Аллаһ өзі кешірсін.
ауыл азаматы | 17 қаңтар 2010 23:11
Абіш Кекілбаевтың ешқандай беделі түскен жоқ сол кісіні жамандап жазып отырған адамның беделден жұрдай екені көрініп тұр.
Жергілікті кадрлардан аудан және қала әкімдері, көптегені басқарма, бөім басшылапы екенін біле тұра өтірік айтасыз.
zhanna-oish@rambler.ru | 18 қаңтар 2010 10:05
мына жазылганның бәрі де бос сөз.
Азамат | 20 қаңтар 2010 20:31
Түке тұрмайтын әнгімені айтып отырсың ағатай. Мен, Сіздің орныңызда болсам өзімді осы мақаланы ойланбай жазғаным үшін жаман санар едім.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар