5 қаңтар 2010
“Ұрды, соқты, соттады да

Бәрiбiр қайтпадық. Жеңiске жеттiк”, – дейдi тұрғындар
Алматы қаласындағы №1 автопарк жатақханасынан шыққан дауға нүкте қойылды. Билiктiң бетiн берi қаратқан тұрғындар жаңа жылды “Шаңырақ” шағынауданындағы жаңа қоныстарында тойлады.
– Дау-дамайдың түп тамырын қаузайтын болсақ, Алматы қаласының бұрынғы басшысы Виктор Храпунов мырзадан бастау алады. Кезiнде 375 миллионға бағаланған үш жатақхана бұрынғы әкiмнiң туыстарына небәрi 23 миллион теңгеге пұлданғаны бар, – дейдi қоғамдық қорғаушы Ризада Жақыпбек. – Мұндай қарама-қайшылықтарды көптеп кездестiруге болады. Әйтсе де, табандап тұрып, соңына дейiн күрестiк. Мiне, төрт отбасының әрбiрiне қала әкiмшiлiгi “Шаңырақ” шағынауданынан алты сотық жер бердi. “Finex Corporation LTD” ЖШС екi бөлмелi үй тұрғызды. Бұл – бәрiмiздiң ортақ жеңiсiмiз, – дейдi ол.
“Басымызға қара бұлт төнгенде қол ұшын берген барша жандарға алғысымыз шексiз. Әсiресе, ақпарат құралдарына. Оның iшiнде, “Жас Алаш” газетiне. Қанша күрестiк, жанталастық. Бiрiншi болып сiздер төбе көрсеттiңiздер”, – деп сөз бастаған бес баланың анасы Үмiт апайдың сөзiн жаңа қонысқа көшуге қамданып жүрген Н.Байғазиев былай жалғады: “Шыны керек, қуанышымызда шек жоқ. Дәл қазiр үйiмiз, жерiмiз, бастысы туған Отанымыз бар екенiн сезiнiп отырған жайымыз бар”.
– Не көрмедiк? Кезiнде ұрды, соқты, соттады да. Бетiмiз көгала қойдай көгерген кездер болды. Бала-шағамызбен жылап-еңiреп шатырға да шықтық, қазаншұңқырға да түстiк. Әйтеуiр, Есiмов мырза басымызға түскен ауыртпалықты ескерiп алты сотық жер бердi. Үй салдырды. Ендi мiне, жаңа жылды өз баспанамызда тойлайын деп отырмыз, – дейдi Мейiргүл Саттарова жанарына жас алып. Осылайша екi жылдан берi бала-шағасымен бiрге баспана үшiн күрескен төрт отбасы бар бұйымдарын буып-түйiп, ескi қоныстарымен қоштасып, “Шаңыраққа” аттанып кеттi.
Дилара ИСА




