1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Не үшін?
Қаланы қоқысқа толтырғаны үшін
Анекдот болсын деп...
Метро салғаны үшін
...Құдай болсам дейді
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Жас Алаш №24 (15794) 29 наурыз, жұма 2013
29 наурыз 2013
Колледж түлегi өзiн “академик” санайды

ЖАСАН ЗЕКЕЙҰЛЫН АТАМЕКЕНГЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ӨЗI ШАҚЫРТҚАН БА?

ҚР Денсаулық сақтау министрiнiң, ҚР Бiлiм және ғылым министрiнiң және ҚР ҰҒА назарына!
Соңғы кездерi түрлi саладағы сапа мәселесiн жалаң жарнамалардың орны алмастырды. Дәл сондай жарты әлемге жасаған жарнамасының арқасында жалпақ жұртқа танымал болған “академик” Жасан Зекейұлын қауымға қайта таныстыру артық... “ЖАС-АЙ” шығыс-тибет медицинасы орталығының ресми сайтында былай дептi:
“Жасан Зекейұлы 1967 жылы маусым айының 3 жұлдызында Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында дүние­ге келген.
1983-89 жылдары ҚХР СУАР Медициналық универ­ситетiнiң емдеу факультетiн тәмамдаған. Еңбек жолын 1989 жылы Қытайдың Iле-Қазақ автономиялы облыстық Күйтiн орталық ауруханасынан бастап, 1995 жылға дейiн осы орталықта дәрi­гер-хирург және инемен емдеушi аға дәрiгер қызме­тiн атқарған. Хирургиялық ауруларды және операциядан кейiн ауруы асқынған сырқаттарды тибеттiк емдiк тәсiлдер арқылы емдеген. Пекин, Тянжин қалаларында бiлiмiн жетiлдiрген. 1994-95 жылдар аралығында Iле Қазақ автономиялы облысы Орталық емханасының хирургия бөлiмiнiң бөлiм меңгерушiсi қызметiне тағайындалған. Осы жылы тибет медицинасына сiңiр­ген ерекше еңбегi үшiн ҚХР Денсаулық сақтау ми­нистрiнiң бұйрығымен “Жоғары бiлiктi аға зерттеушi-дәрiгер” атағына ие болды және Алтын инемен емдеу халықаралық ғылыми-зерттеу қоғамына мүшелiкке өтiп, ҚХР Денсаулық сақтау iсi бойынша мемлекеттiк 100 үздiк жас маманның бiрi болып қабылданды. 1996 жылы тарихи отанына оралды...”.
Жасан Зекейұлының бұдан өзге де “атақ-даң­қ­­­­­тарын” тiзбелей келе, “1998 жылы желтоқсан айында Халықаралық инемен емдеу Академиясының академигi болды 1998-99 жылдары ҚазМУ “Хирургиялық сыр­қат” кафедрасының аспиранты болып бiлiм жетiл­дiрдi. 1999 жылдан бастап, 2004 жылға дейiн Алматы қаласының №12 клиникалық қалалық орталық ауруханасында Шығыс-тибет медицинасы мамандығы бойынша аға дәрiгер қызметiн атқарды. 2004 жылы “Жас-Ай” медициналық орталығының негiзiн қалап, бүгiнгi күнге дейiн осы мекеменiң директоры, бас дәрiгерi қызметiн атқарып келедi” дептi де, “Жасан Зекейұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық шығармашылық академиясының академигi, Вена Халықаралық университетiнiң “Құрметтi профессоры”. ҚР Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi, Халықаралық “Сократ” атындағы өрденнiң иегерi, “Жас-Ай” журналының бас редакторы. “Өмiрдi қорғау” қайырымдылық қорының құрылтайшысы. Бiрнеше медициналық ғылыми еңбектiң, медициналық екi патенттiң иегерi” деп қайырыпты. (JASAI.KZ)
Жасан Зекейұлының “таңғажайып табыстары” жайлы Мұрат Жұрынов, Тоқан Сұлтанәлиев, Ғарифолла Есiм, Зиядан Қожалымов сияқты аузы дуа­лы академиктер мен Шерхан Мұртаза, Уәлихан Қалижан, Бақытжан Ертаев бастаған бiр топ қоғам қайраткерлерi де ыстық лебiзiн бiлдiрiптi. Ақындарымыз да қарап қалмаған, Тұманбай Молдағалиев, Марфуға Айтқожина, Жәркен Бөдеш, Гүлнар Салықбай сынды көрнектi ақындарымыздан бастап, Қайрат Құл-Мұхаммед, Жәди Шәкен қаламгерлер де мадақ жырларын аямай арнапты...
Мынадай мақтау-марапат пен атақ-даңққа қолы жеткен “ақ халатты абзал жан” турасында басқаша пiкiр жазудан кiсi қаймығады екен. Бiрақ мәселе адамдар үшiн ең қымбат байлық – денсаулық пен өмiр болған соң шындықты бiле тұра, қалай жасырып қаласың.
“Академик” дәрiгерге қаралудан бастап, ем қабылдаудың қымбаттығы, аурудан шындап айығатындардың аздығы, Қытайдан заңсыз жеткiзiлетiн дәрi-дәрмектердiң науқастарға орынсыз тықпаланатыны және бас айналдырар осынша ғылыми дәреже мен атақ-даңққа қалай жеткенi жайлы күдiк-күмән көп.
Адам өмiрiне тiкелей ықпалды сала болғандықтан бiрнеше сауалға жауап iздеу және ақиқатқа көз жеткiзу мақсатында Жасан Зекейұлы жөнiнде журналистiк зерттеу жүргiзуге бел будық. Қытайлар ежелден жазба мұрағаттарға ұқыпты халық қой. Жасан Зекейұлының жеке мұрағаты Қытайдың Iле қазақ автономия­лы облыстық Күйтiн орталық ауруханасының мұрағат қорында толығымен сақтаулы екен.
Мұрағат қорында Жасан Зекейұлының 1989 жылы 20 қыркүйекте өз қолымен жазылған: “Мен 1968 жылы қазiргi Тарбағатай аймағы Толы ауданында 6-айдың 3-i күнi дүниеге келдiм”, – деп басталатын өмiрбаянында 1974 жыл 9-айдың 1-i күнi бастауыш мектепке барғаны, 1980 жылы қазiргi Толы аудандық 1-ортаға түскенi, 1983 жылы комсомол қатарына өткенi және оқуда озат болып үнемi “үште жақсы” оқушы болып сыйланғаны, сөйтiп 1985 жылы шiлде айында орта мектептi жақсы нәтижемен тәмамдағанын баяндай келiп: “1985 жылы 9-айдың 26-сы күнi даңқпен осы қазiргi Iле медицина мектебi дажуан (арнаулы курс) дауалау сыныбына оқушы болып қабылдандым”, – дейдi де, осы медициналық колледждiң қабыр­ғасында өткен 4 жылдық өмiрiнен есеп бередi. Және өзiнiң елдегi саяси өмiрге де бейжай қарамайтынын да ашық мәлiмдейдi. Мысалы, 1989 жылдың маусым айында қызыл ком­мунистердiң бейкүнә студенттердi қызыл қанға бөктiрген “Тяньаньмэнь” алаңындағы қатыгез қылмыс жайлы: “Жақында туылған орталықтағы дүрбелеңге қарата қатты кектендiм. Сондай-ақ, орталық комитеттiң дер кезiнде керi төңкерiсшiлерге қарата пәрмендi шараларға барғанына, партияның, отанның, халықтың тағдырын қорғап қалғанына қатты әсерлендiм”, – дептi “ағынан жарылып”.
Жастардың қырылғанын қуаттай келе, алты беттен тұратын өз қолымен төте жазуда жазыл­ған өмiрбаянын: “Бiз нағыз партия мүшесiндiк атқа ие болып, ұлы компартиямыздың бiр мүшесi болып қабылдандым”, – деп аяқтапты.
Өз қолымен толтырылған бұл мұрағат құжаты Жасан Зекейұлының “1983-89 жылдары ҚХР СУАР медициналық университетiнiң емдеу факультетiн тәмамдағаны” өтiрiк екенiн растайды. Демек, ол – бар болғаны медициналық колледждiң арнаулы курсының қатардағы түлегi. Әрине, пысық әрi қоғамдық жұмыстарға белсендi болғанын осы мұрағат құжаттардағы колледжегi оқуын аяқтар кездегi толтырылған анкеталарда жазылған төрт жылда жетi рет сыйланғаны және өз сыныптастары мен сынып жетекшiсi Салауат деген ұлты ұйғыр ұстазының мiнездемелерi айғақтайды. Тағы бiр айта кететiн жағдай 1983 жылы Жасан Зекейұлы Толы аудандық 1-орта мектепте оқып жүрген 15 жастағы бозбала шағымда өзiм айттым деген мына сөзi: “1983 жылдары Қытайдағы медициналық университеттiң емдеу факультетiнде оқып жүргенiмде бар күш-жiгерiмдi қазағыма арнасам деп ойлаушы едiм” ( “Жас-Ай” жорналы, N 5 (14) 2011 ж.) өтiрiк екенiн осыдан 24 жыл бұрын өз қолымен жазған мұрағат құжаттар айғақтайды. Кейiпкерiмiздiң өзi жайлы жалған “ертегiсi” мұнымен аяқталмайды. Ендi ретiмен осыған тоқталайық.
Еңбек жолын 1989 жылы Қытайдың Iле Қазақ автономиялы облыстық Күйтiн орталық ауруханасынан бастаған Жасан Зекейұлы 1996 жылдың басына дейiн табан аудармай осы орталықта еңбек етедi. Бiрақ өзi айтқандай: “осы орталықта дәрiгер-хирург және инемен емдеушi аға дәрiгер” емес, практикант болып жұмысқа қабылданып, бiр жылдық сынақ мерзiмi аяқталған соң, 1990 жылдың 25 желтоқсанында ең төменгi 8-дәрежелi қызметкер атағы берiлiп, айлық жалақысы 126 юаньға өсiрiлiптi. Және осы дәрежесi 1992 жылдың шiлде айына дейiн созылған. Бұл сөзiмiзге ол кiсiнiң жеке мұрағатында сақталған, 1989 жылдың 23 қазанында алғаш жұмысқа қабылдан­ған күнi толтырған анкетасы мен 1992 жылдың 3 шiлдесiнде фельдшер атағын алуға жасаған өтiнiш хаттамалары дәлел. Бiр қызығы, жұмыс­қа қабылданған күннен бастап Жасан Зекей­ұлының туған жылы 1967 жыл болып жазылыпты... Өз қолымен жазылған осы хаттамада: “Мен емханаға жұмысқа қабылданғаннан қазiрге дейiн бадамша бездi кесiп алу (тонзиллэктомия), эпителий жасушасында өсетiн қатерсiз iсiктi кесiп алу (полипэктомия), мұрынның жоғары қойнауындағы iрiңдi тесiп алу (пунк­цию верхнечелюстной пазухи), соқыр iшек (аппендэктомия), геморой, қолтықтың қолаңса безiн алу және сүндетке отырғызу қатарлы оталарды жасай алатын және ауру тарихын жаза алатын жағдайға жеттiм”, – делiнген.
Мұнда “хирургиялық ауруларды және операциядан кейiн ауруы асқынған сырқаттарды тибеттiк емдiк тәсiлдер арқылы емдегенi” жайлы бiр ауыз сөз жоқ. Ал өзi еңбек еткен бөлiмнiң 1992 жылы 7 шiлдедегi қорытынды пiкiрi былай жазылған: “Өз мамандығы бойынша негiздiк теориямен таныс. Шамалы техникалық шеберлiктi меңгерген. Ауру тарихын жазу мен күнделiктi кездесетiн науқастарға ем жасай алады. Қарапайым операцияларды жасауды негiзгi жақтан меңгерген. Жұмыс қабiлетi жақсы. Орыс тiлiнен әлiппелiк негiз қалаған. Арнаулы курс бiтiргеннен кейiнгi жұмыс тәжiрибесi фельдшер атағын беруге лайық”.
Сол кездегi емхананың бас дәрiгерi Шүй Шаңчуан да сол жылдың 11 шiлдесiнде жоғарыдағы берiлген бағаны құптайтынын жазып, қолын қойыпты. Мұрағатта 1996 жылдың 10 ақпанында толтырылған 1995 жылға арналған жұмыс қорытындысында да сол баяғы фель­д­шерлiк дәрежесi көрсетiлген. Бiлiктiлiгiне байланысты ұжымдық баға да көңiл көншiт­пейдi. Мұнда: “Өзiнiң бiлiктiлiгiн жетiлдiру ар­қылы көкiрек сыртқы аурулар бөлiмiндегi үнемi кездесетiн науқастарға және салмақты науқас­тарға диагноз қойып, емдей алатын деңгейге жеттi”, – дептi.
Бұл – Жасан Зекейұлы Қазақстанға қоныс аударардан бiр ай бұрын ғана жазылған қорытынды құжат. Ал “академиктiң” жеке мұрағатынан “Пекин, Тянжин қалаларында бiлiмiн жетiлдiрген. 1994-95 жылдар аралығында Iле Қазақ автономиялы облысы Орталық емханасының хирургия бөлiмiнiң бөлiм меңгерушiсi қызметiне тағайындалған. Осы жылы тибет медицинасына сiңiрген ерекше еңбегi үшiн ҚХР Денсаулық сақтау министрiнiң бұйрығымен “Жоғары бiлiктi аға зерттеушi-дәрiгер” атағына ие болды және Алтын инемен емдеу халықаралық ғылыми-зерттеу қоғамына мүшелiкке өтiп, ҚХР Денсаулық сақтау iсi бойынша, мемлекеттiк 100 үздiк жас маманның бiрi болып қабылданды” дегенге дәлел боларлық бiрде-бiр құжат жоқ. Мұрағаттағы деректер толық болмауы мүмкiн деуге де негiз жоқ. Себебi он бөлiмнен тұратын мұрағат құжатында кейiп­керiмiздiң жұмысқа қабылданған алғашқы айда 98 юань 50 тиын жалақы алғанынан тартып, жұмысқа келген немесе белгiлi себептермен жұмысында болмағаны жайлы, тiптi сырнай тартып, спортпен айналысқанына дейiн егжей-тегжейлi қағазға түсiрiлген. Мұнда Жасан Зекейұлының тағы бiр “қырын” ашатын мына бiр құжатты да кездестiрдiк. “Iле қазақ автоно­мия­лы облыстық Күйтiн доқтырханасының құжаты (шешiмi) 1995 жыл №35” делiнген мұрағатта: “Жасан жолдастың өз бетiмен ақша алған (науқастардан) мәселесi жайлы шешiмi” деп аталады. Толық мәтiнi былай: “Ли фамилия­лы науқастың мәлiмдеуiнше, 1995 жылы 7-айдың 19-ы күнi түстен бұрын Жасан жолдас емханада науқасқа операция жасау орайын пайдаланып, одан 85 юань ақша бопсалап алған. 7-айдың 19-ы күнi түстен кейiн емханамыз партком кеңсесi, дауалау бөлiмi, қазыналық бөлiм бiрлескен тексеру тобын құрып тексеру жүргiздi. Бөлiмдегi қатысты куәлар мен айғақтарды тексеру барысында Жасан жолдастың науқас адамнан бопсалап ақша алғаны дәлелдендi. Осы жағдайдан соң Жасан жолдас Ли фамилиялы науқасты қайта-қайта мазалағанымен қоймай, бүкiл емханамызға “iстiң шындығы” деп аталатын жазбаша хабар таратып, ұжымдық тәртiптi өрескел бұзды. Жасан жолдастың өз қателiгiн тану мәселесiне байланыс­ты емхана басшылығы мен бiрлескен тексеру тобындағы жолдастар Жасан жолдасқа көп рет тәрбие берiп көмектесуiнiң арқасында ол өз қателiгiн мойындады және қайталамауға уәде бердi. Автономиялы райондық денсаулық сақтау меңгермесiнiң 1995 жылғы “Денсаулық сақтаушы қызметкерлердiң моральдық этиканы бұзғандарды жазалау шарасы” жөнiндегi № 10 шешiмiнiң 5-тармағына сәйкес, тәрбие беруде қатаң, жазалауда байыпты болу жағдайы­на сай, жаза басушы өз қатесiнен сабақ алып, қайталамауы ескертiлдi. Жасан жолдас­тың өз қателiгiн тану мәселесiне байланысты мынадай шешiм шығардық: Жасан жолдастың кiнәсiне байланысты бүкiл емхана бойынша сөгiс жариялансын.Тексеру барысындағы (7-айдың 20-күнiнен 8-айдың 20-күнiне дейiн) қосымша ақысы ұстап қалынсын, 50 юань айыппұл төлесiн.
1.            Жасан жолдас ми сыртқы аурулары, көкiрек сыртқы аурулары бөлiмдерiне жұмысқа қайтарылсын.
 Iле Қазақ автономиялы облыстық Күйтун орталық ауруханасы
 1995 жыл 9-айдың 6-күнi”
 
Қашанда науқас жандардың жанынан табылуға тиiс коммунист-фельдшердiң ұятты тiрлiгi билiк басындағы партияның беделiне кiр келтiретiнi шындық. Сонда да партия ұйымы оның партия қатарына қабылданарда 1987 жылдың 7 сәуiрiнен бастап, екi жылдан аса үзбей жазып, қайталай беретiн: “Бүкiл ынта-пейiлiммен халық үшiн қызмет iстеймiн. Халқым үшiн өзiмде бардың бәрiн де құрбан етуге әзiрмiн. Адамзат баласы үшiн ең асқақ мұрат – коммунизм үшiн, социалистiк түзiм үшiн ғұмыр бойы күресемiн”, – деп ант-су iшкен уәдесiне қатты сенген болуы керек, ол кiсiнi партия қатарында қалдырыпты. Тiптi тарихи отанына қоныс аударып кеткен соң да қимастық сезiммен ұзақ күткенге ұқ­сайды. Мұрағат құжаттарда 2000 жылдың 30 қыркүйегiнде “академик” еңбек еткен аурухананың партия ұйымы Жасан Зекей­ұлын партия қа­тарынан шығару жөнiндегi қаулысы тiркелiптi. Онда: “Жасан Зе­кей, ұлты қа­зақ, 1968 жылдың маусым айында туылған. 1989 жылдың қыркүйек айында партия қатарына қабылданған. 1996 жылы наурызда Қазақстанға туысшылап кеткеннен күнi бүгiнге дейiн қайтып оралмады. 1996 жылдың қараша айынан берi партия ұйымымен ешқандай байланысы жоқ. Қытай коммунистiк партиясының жар­ғысы 1-тарауының 9-бабына сай, алты ай бойы партия­ның ұйымдық тұрмысына қатыспаса, немесе партия жарнасын төлемесе, партия қатарынан шығарылатыны” жазылыпты. Бiр қызығы, аталған себеппен алты айдан соң партия қатарынан шығарылуға тиiс Жасан Зекейұлы ол жақтағы партия ұйымынан 54 ай, яғни аттай 4 жыл өткен соң ғана шығарылған. Неге? Шекарадан ұшқан құсты бақылап отыратын Қытай мемлекетi Жасан мырзаны не үшiн 4 жыл бойы ұстаған? Ол елге келген соң емдiк мәселелерден бөлек нендей шаруамен айналысты? Қытайдың компартиясына “өле-өлгенше қызмет етемiн” деген “академик” қазiр “Нұр Отанның” мүшесi...
Бiз куә болған және Қытайдағы бiлiктi қазақ мамандарының сараптап, аударып берген архив құжаттарының ұзын-ырғасы осылай.
“Акедемик” мырза “Орал өңiрi” газетiне берген сұхбатында: “Қытайда медицина мамандарын даярлау барысында ине салу, шөппен емдеу секiлдi уақыт сынынан өткен әдiс-тәсiлдерге жете мән берiледi. Осы бағытты жетi атасынан берi ұстанып келе жатқан әрi осы саланы iндете зерттеп, бiрнеше кiтап жаз­ған Құң Сұн деген керемет ғалым-дәрiгер бар. Оның мыңдаған шәкiрттерiнiң iшiндегi жалғыз қазақ – менмiн”, – дейдi. Ал “Жас-Ай” журналына берген сұхбатында: “Бұл iлiмнiң түп-тамырына дейiн зерттеп том-том кiтап жазумен қатар, мыңнан астам шәкiрттер тәрбиелеген Ли Жи Сун деген ғалым-дәрiгер кiсi. Жасы тоқсанға келсе де, алтын иненiң құдiретiн әлемге танытудан жалықпаған ұстазымның қазақтан шыққан тәлiмгерi тек мен ғанамын”, – дептi. “Қазақ радиосында”: “Жасы 93-ке келген, жетi атасынан берi осы саланы зерттеген маман” – дептi. Ғұлама ұстаздың аты мен жасы қалай құбылса да, бiз сұрау салған Қытайдағы әр ұлттан шыққан осы саланың майталман мамандары әлгi Жасан Зекейұлының “ғұлама ұстазы” жайлы бiлмейтiн болып шықты. Ал “академик” өзiн “мүшесiмiн” деп санайтын “Халықаралық инемен емдеу Академия­сы” жайлы сауалға тiптi аң-таң болып: “Аталған iлiмнiң отаны болған Қытайда инемен емдеу ғылыми қоғамы бар, бiрақ ол Қытай емшiлiк Академиясына қарайды. Қытай емшiлiгi ұзақ тарихқа ие тәжiрибе жүзiндегi iлiм болғандықтан, бұл салада академик атағы ешкiмге берiлмейдi”, – деген кесiмдi жауап алдық. Ал бiзде Жасан ағамыз мұндай атақты 1998 жылы ҚазМУ “Хирургиялық сырқат” кафедрасының аспиранты болған жылдың өзiнде-ақ алып үлгерiптi... Бiз тағы “алтын ине” деп аталып кеткен қытай медицинасында қолданылатын ине жайлы да сұрастырдық. Себебi Жасан Зекейұлының алтын ине жайлы берген түсiнiктемесi де әр жерде әртүрлi айтылады. “Қазақстан” газетiне берген сұхбатында: “Алтын ине және күмiс ине деген болады. Ол инелердiң құрамына, шынында, белгiлi мөлшерде алтын, күмiс қосылады” – десе, “Қазақ радиосына”: “Бұл иненi Қытай халқы әлемдiк стандарт бойынша жасап жатыр. Иненiң 80 пайызы күмiстен, 10 пайызы тазартылмаған мыстан,1/2 пайызына алтын жалатып жасалады. Сондықтан халқымыз жеңiл түрде алтын ине атап кеттi”, – дептi. Бiз сауал жолдаған Қытайдағы инемен емдеудiң жiлiгiн шағып, майын iшкен маман дәрiгерлер бiр ауыздан “иненiң құрамында алтын бар” деген пiкiрдi басыбүтiн жоққа шығарды. Және ол жақта мұндай иненi “алтын ине” деп атамайды екен. Әрине, 80 пайызы таза күмiстен, қалған 20 пайызы қызыл мыс, мырыш және никель қоспасынан жасалатын инелер болады. Бiрақ мұндай инелердiң әр талы 45-55 юань болатындықтан, ауқатты адамдар ғана пайдаланады. Оны екiншi бiр адамға салуға қатаң шектеу қойылған. Себебi, гепатит, СПИД сияқты жұқпалы iндет таралуы мүмкiндiгiн ескерiп, 2002 жылдан берi бiр мәртелiк иненi пайдалануға ғана рұқсат етiлiптi. Мұндағы стандартты ине аустенттi тот баспайтын болаттан жасалады екен. Оның құрамы да бiркелкi, болаттың құрамына 18 пайыз хром (Cr), 8-10 пайыз никель(Ni) және 0,1 пайыз көмiртегi ( С ) қосылу арқылы жасалады.
Жоғары бiлiмi жоқ, Қытайдағы Iле медициналық колледждiң арнаулы курсын ғана тәмамдаған қатардағы түлегi қалай ҚазМУ “Хирургиялық сырқат” кафедрасының аспиранты атанды? Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесiн ғылым­ға қосқан қандай ерекше еңбегi үшiн алды? Орыс тiлiнен шала сауатты адам Мәскеу қаласында медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесiн қалай қорғады? “Халықаралық инемен емдеу Академиясы” деген не? Қалай, қашан және қайда құрылған? Бұл са­уалдарға ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, ҚР Ғылым академиясы жауап беруi тиiс.
Ең қызығы, Жасан Зекейұлы әртүрлi сұхбаттарында “мен атамекенге президенттiң бұйрығымен, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң шақыртуымен келдiм” дегендi жиi айтады. Және өзiнiң өмiрдерегiне де қосыпты. Осындай қатардағы адамды ат жiберiп алдыратындай мемлекет басшысы оған зәру ме едi? Шақырту керек болса, бұл күндерi әр салада оза шауып, қазақтың атын шығарып жүрген небiр талантты саңлақтарымыз жетiп артылады. 
Әртүрлi орталарда жүретiн, қоғам және мемлекет қайраткерлерiмен, елге танымал тұлғалармен жанасып суретке түсу арқылы өз “имиджiн” жасауға шебер Жасан мырза осы аталған сұрақтарға жауап берсе, осыдан туын­дайтын көкейдегi өзге сауалдарды тағы қоятын боламыз...

М.Мыңжасарұлы.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Акикат | 6 сәуір 2014 11:32
Озық ойдың жаршысына айналған “Жас Алаштың” М.Мыңжасарұлының мақаласын жариялағаны өте дұрыс. М.Мыңжасарұлының мақаласы күншілдік емес нағыз шындық. Науқастар өтірік жарнамаға алданбасын деп халықтың жағдайын ойлаған Мыңжасарұлына рахмет.жасай мен жасан науқас емдемейді тек журнал арқылы жалған жарнамамен алдап науқастардың ақшасын алады.жасанның ақшасына бола жалған жарнама жасаушылар науқастарды алдап шақырып, материалдық, мор үшін жасанмен бірге ҚР заңы алдында жауап беретінін ойлануы керек.
Ақиқат | 7 қазан 2014 21:02
жасан аңқау елге арамза молда деген мақалға сәйкес жасай журналы арқылы халықты алдап шақырып, науқастарды емдеудің орнына ақшаларын алдап алып, квитанциясын да бермейді.Емдей алмаған науқастарының ақшасын тез қайтарсын. Заң орындары жасанды тексеруді жақында бастайды. Алданған науқастар ұйымдасып, ақшаларынызды қайтарып алыңыздар
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті