9 ақпан 2010
Адвокатқа судьяға кiруден гөрi, түрмеде жатқан қылмыскерге кiру оңай
Алматы қалалық сотының төрағасы Т.Бәрiпбаевтiң қаперiне
Сот, адвокатура саласында «көлденең көк атты» емеспiн. 1953 жылы Алматы мемлекеттiк Заң институтын бiтiрiп, инситиуттың сол кездегi директоры, академик Салық Зимановтың қолынан диплом алып, Семей облыстық прокуратурасының аға тергеушiсi, Семей қалалық сотының судьясы, Қызылорда облыстық IIБ-де жауапты қызметтер атқарып, полковник шенiнде 1990 жылы зейнетке шықтым. Содан берi адвокаттық қызметте жүрмiн. «Көз өзiне сенедi, құлақ өзгенiң сөзiне сенедi» дегендей, адвокат ретiнде өз көзiммен көрген, көңiлiме кiрбiң туғызған жағдайды айтқым келiп отыр.
Алмалы аудандық соты (судья Д.Тiлеубаев) 1 қаңтарда маған сенiм бiлдiрген адамның арызын қарап, оған он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде ай сайын 12 730 тенгенi қызынан алимент есебiнде төлету туралы шешiм шығарды. Сот шешiмiне келiспеген қызы апелляциялық шағым түсiрдi. Апелляциялық шағымды қарау 19 қаңтар күнi сағат онға белгiлендi. Алматы қалалық сотының ғимаратына сол уақытта келiп, азаматтық iс бойынша апелляциялық сатыда қаралатын iстердiң тiзiмiн тексере бастадық. Тiзiм бойынша қалалық соттың апелляциялық сатысында сол күнi төрт сот залында қаралатын азаматтық iстiң жалпы саны 110! №1 сот залында апелляциялық сот алқасының төрайымы, судья Г.Қаракузиеваның басқаруымен барлығы 41 азаматтық iсi қаралатын болыпты. Сол тiзiмнiң рет санымен 21-iншi болып бiз тұрмыз! №5 сот залында судья А.Көшербаеваның басқаруымен қаралатын — бас-аяғы 35 iс. №6 сот залында сот төрайымы Г.Ысқақованың басқаруымен 32 iс, үлкен сот залында судья Б.Бегалиевтiң басқаруымен 2 iс қаралмақшы.
Жиналған адамдардың санында есеп жоқ, шамамен 400-ден асады. Орта есеппен алғанда әрбiр азаматтық iс бойынша 4 адамнан болғанда (талапкер, жауапкер, олардың сенiмдi өкiлдерi, кейбiр iстер бойынша талапкерлер мен жауапкелердiң саны одан да көп.) 110 iс бойынша 440 адам, қалалық соттың ғимаратының, енi екi метрлiк дәлiзiнiң iшiне сыймай бiрiне-бiрi сеңдей соғылысып жүр. Отыратын орын жетiспегеннен адамдар түрегеп тұрды. Оның үстiне әр жарты сағат сайын абақтыдан әкелiнген қамаудағы қылмыскерлердi сот залына кiргiзiп шығару үшiн жиналған жұртты айдаболдар (конвойлар) тықсырып қуумен әлек.
Ақылға сыймайтыны — 400-ден аса адамның бәрi сағат онға шақырылған. №1 сот залындағы бiздiң азаматтық iсiмiздi қарайтын судьяларды алты сағат бойы тостық! Сағат онға шақырып едi, сот залына төрттен өте кiрдiк.
Қалалық соттың ғимаратында қандай «базар» болып жатқанын қалалық соттың төрағасы Тiлектес Бәрiпбаев бiле ме? Бiлмесе, құлаққағыс еткiм келедi.
«Көп екен көргенiмнен көрмегенiм» демекшi, 57 жыл бойы осы саланың «отымен кiрiп, күлiмен шығып» жүрсем де, сот алқасында бiр күнде 110 азаматтық iстi қарағанын бiрiншi рет көрiп, қайран қалдым. Мұны Гиннестiң рекордтар кiтабына жариялауға болады, тiптi. Бәлкiм, осындай жұмыс тәжiрибесiн Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiне байланысты енгiзген болар? Солай-ақ болсын делiк, алайда 110 iстiң бәрi дұрыс шешiлгенiне кiм кепiл болады? Тiптi техникалық компьютермен басқарылатын конвейер жүйесiн немесе мыңдаған жұмыс қолын пайданалатын үлкен зауытта бiр күнде 110 қажеттi тетiк шығара алмауы мүмкiн. Шығарған күнде де олардың жарамсыз болғанын қайта балқытуға жiбередi. Ал дұрыс шешiлмеген жүздеген, тiптi мыңдаған адам тағдырларын қайтпек бұлар?
Тiлектес Ешейұлы, судьялар iс қарауды неге уақтылы бастамайды? Жұмысын кешiктiрiп бастаған судьялар неге тәртiпке шақырылмайды?
Шағымданушының бәрiн сағат онға шақырып, оларды сот ғимаратының тар дәлiзiне қамағандай еткенi несi? Судьялар сотқа шақырған адамдардың құқығын неге бұзады? Азаматтар жiпсiз байланып, алты-сегiз сағат бойы сот залының есiгiн күзетiп отыруы керек пе? Соттың өзi тәртiп бұзса, қалған жұрт не iстемек?
Заң шығарушы жоғарғы органдар Сенат, Мәжiлiс регламентпен жұмыс iстейдi. Неге қалалық соттың судьялары жұмыс кестесiн жасамайды? Қаралатын iстердiң тiзiмi сол күнi таңертең ғана iлiнедi. Ол тiзiмдер неге екi-үш күн бұрын iлiнiп, рет саны бойынша әр iстiң қаралатын нақтылы уақыты көрсетiлiп, бiр жүйеге келтiрiлмейдi?
Соттардың жұмыс тәжрибесiнде қандай iс қай судьяның өндiрiсiнде екенiн құпия ұсталатынын бiлемiн. Оның себебi, судьяға пара берiп қоюы мүмкiн. Бес саусақ бiрдей емес, пара алатындары да бар шығар, бiрақ бәрi ондай емес қой. Қолы таза судьяға неге күдiк келтiресiздер? Орыстарда «жүргiш ене, келiнiне сенбейдi» деген сөз бар. Мына әрекет осының керi емес пе? «Шошқа аунап-қунау үшiн қара балшықты қайдан болса да табады» дегендi де ұмытпайық. Бұл әрекеттерiңiз жұрт арасында күлкi туғызып жүр. «Пара алам деген судья дәретхананың iшiнде де ала бередi» дегендi жиi естiп жүрмiз. Сол тiзiмде судьяның аты-жөнiн көрсетпей-ақ, уақыты мен орны, рет саны көрсетiлсе, шақырылған адамдар кезек күтiп сарылмас едi.
...Маған сенiм бiлдiрген талапкердiң iсi 73 күнде әрең шешiлдi. Екiншi арызы 117 (!) күннен кейiн қаралып, қалалық соттың апелляциялық сатысына әлi жiберiлмей отыр. Арызданған қария сотқа бiрнеше рет шақырғанан шаршады ма бiр сөзiнде: «Кеңес одағының кезiнде сот алимент мәселесiн бес минутта шешiп берiп едi. Бiз егемендiгiмiздi алдық, тәуелсiз мемлекет болдық дегендегiмiз осы ма? Мұндай соттар кiмге керек?». Соттар үшiн маған ұялуға тура келдi. Сот шақыруынан шаршаған арызданушы бұл сұрағын президентке де жiберуi мүмкiн.
Алимент кесiп беру iсi көп болғанда 5-10 күн iшiнде шешiлу тистi. Жоғарыдағы аталған алимент туралы азаматтық iстердi неге судьялар екi ай бойы созып келдi. Онда мынандай гәп бар. Сотқа келiп түскен талап арыздар компьютер арқылы судьяларға бөлiнедi де, қай судьяда қанша iс бар екенiн компьютердiң базасы көрсетiп тұрады. Жалқау судьялар жаңадан келiп түскен талап арыздарды алмау үшiн алимент, неке бұзу сияқты жеңiл iстердiң қаралу уақытын созу арқылы көзбояушылық жасап, өндiрiстерiнде қаралатын iстiң көп екенiн көрсетедi. Сөйте тұра, талапкерлер мен жауапкерлердi, олардың өкiлдерiн қайта-қайта сотқа шақырып, мезi етедi. Соттың шақыра бергенiнен қажыған кейбiр талапкер арызын қайтарып алады. Көрдiңiз бе, жалқау судьялардың арзан қулығын!
Сөзiм жалаң болмау үшiн мысал келтiрейiн. 25 қаңтар судья Г.Жүсiпқалиеваның хатшысы «сағат екiде келiңiз, жауапкердiң жұмыс орнын бiлсеңiз, бiрге барып келейiк» дедi. Уәделескен уақытта сот ғимаратында судья Г.Жүсiпқалиева мен хатшысы болмай шықты. Телефон шалып, Әуэзов аудандық сотының төрағасына кiрудi сұрадым. Қабылдау бөлмесiнде отырған хатшы қыз: «Төраға қабылдау үшiн екi-үш күн бұрын оның атына өтiнiш жазып, кезекке тұруыңыз керек», — дедi. Судья Жүсiпқалиева қалалық сотқа азаматтық iстi жiбермей жатқанын сот төрағасына айту үшiн қызмет бабымен келген уәжiмдi тыңдамады. Айдаболдар мен полицияның қарсылығына қарамай, сот төрағасының кабинетiне кiрiп бардым. Төрағаның кабинетiн жұмақ дерсiң құдды. Төраға Ұлан Есбергенов маған сұстана қарады. Мен адвокат екенiмдi, екi ай бойы судья Жүсiпқалиеваның апелляциялық сатыдағы сотқа азаматтық iстi жiбермей отырғанын бастырмалап айттым. «Таксимен келдiм, бiр қызметкерiңiздi берiңiз, сотқа келмей жүрген жауапкердi жұмыс орнынан алып келейiк», — дедiм. Төраға не айтты дейсiз бе? «Сiз жауапкердiң жұмыс орнына барып, оның бастығын телефон арқылы маған қосыңыз» дедi. Салым суға кеткендей болып оның кабинетiнен шықтым. «Бүркiт қартайса тышқан аулайдының керi келдi-ау» деген ой келдi.
Тағы бiр айтпағым, бiр кездерi Алматы қалалық сотының залдарында орнатылған бейнежазу электронды аппараттар неге iске қосылып, сот отырысының барысында пайдаланылмайды? Егер қажетсiз болса, неге қыруар қаржыны ысырап еттi?
Жуықта Ақтөбе облыстық сотының сот залдары элетронды жазба аппараттармен жабдықталса да, оған бiр судьяның аяқ баспайтыны телеарнадан көрсетiлдi. Себебi судьялардың сот отырысына дайындықсыз келетiнi, кейбiр судьялардың сауатсыздығы тайға таңба басқандай көрiнiп тұрады. Сондықтан судьялар электронды бейнежазба аппараттарынан қашады. Алматы қалалық соты мен аудандық соттарында да солай ма деп қалдық.
Тағы бiр айтпағым, судьялар түрме режимiнде отыр десем, артық айтпаған болар едiм. Адвокаттарға судьяға кiруден гөрi, түрмеде қамауда жатқан қылмыскерлерге кiру әлдеқайда оңай. ҚР «Адвокттық қызметi туралы» заңының 14-бабының 10-бөлiмiндегi 5-тармағында: «сот, прокуратура, тергеу мекемелерiнiң ғимаратына адвокаттар адвокаттық куәлiгiн көрсетiп, тоқтаусыз кiруге құқы бар» деп көрсеткен. Бiрақ iшкi тәртiп бойынша, адвокаттарға судьяларға кiруге болмайды деген құжат қабылдап, президенттiң қол қойған заңының талабын бұзып отырсыздар. Себебi, адвокаттар судьяларға пара берiп қояды деген жоғарыда айтылған сезiктену бар.
Құрметтi Т.Е.Бәрпiбаев мырза! Жоғарыдағы жазылған жағдайларды өзiңiзге бетпе-бет жолығып айтпақ болғам. Дабыра қылмай-ақ, ауызба-ауыз пiкiрлессек дегем. Алайда, айдаболдарыңыз кiргiзбедi. Сондықтан өзiңiзге газет арқылы хабарласуға мәжбүр болып отырмын. Мақсатым — бiреудi мұқату емес, сот жүйесiн жетiлдiруге көмегiм тие ме дегенiм.
Кәрiм ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Алматы қалалық адвокаттар алқасы, Алатау заң кеңесiнiң адвокаты.





Уәж айту