1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
Қазақ тілі кімге керек?..

Тәуелсіздіктің тұтқынына айналған қазақ тілінің төңірегінде кезекті шу шықты. Оғыз Доған есімді түрік азаматы Air Astana әуе компаниясының ұшағында қазақ тілінде қызмет ала алмағанына күйініп, оқиғаның қалай болғаны бейнеленген видео таратты. Сол-ақ екен, желідегі жұрт әуе компаниясының тұтынушыға мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін кешірім сұрауын талап етіп, шулап қоя берді. Бұл оқиға ел ішіне лезде тарап, қоғамдық дауға ұласты. Оғыз Доғанға жолаушыларға ортақ тәртіпке бағынбағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Бұл айыппұлды жұрт ана тілімізге соғылған кезекті соққы деп те қабылдап жатыр.

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН КҮРЕСТЕГІ ЕКІ МАЙДАН
Тіл мәселесінің шешімін таппағанына 26 жылдан асты. Әрі жақын болашақта мемлекет тарапынан тіл тағдырына қатысты оңды шешім болмайтын сыңайлы. Өйткені тіл түйткілін шешуге саяси жақтан құр сөзден басқа әрекет жасалған емес. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, қазақ зиялыларының қаншама әрекеттері болды десеңізші: митингілер, үндеулер, кездесулер, талқылаулар. Бірақ тіл тағдырына араша түскен бұл қадамдардың бәрі де ресми билік тарапынан ешқандай қолдау таппады. Әлбетте, биліктің айтар уәжі қашанда дайын. Мәселен, президент Н.Назарбаев 2012 жылғы жолдауында: «Қазақ тілі өркендеп, дамып келе жатыр. 2020 жылға дейінгі бағдарлама айтылды ғой. Сол кезде халықтың 95 пайызы қазақ тілін білетін болады. Мектептерде қазақ тілі оқытылып жатыр. Қазақ тілінің жайын айтып, жөн-жосықсыз елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Ол Қазақстанға пайдалы емес. Осыны барлықтарыңыз түсінулеріңіз керек. Депутаттар да, мемлекеттік қызметкерлер де осыған оң көз­қарас білдіріп, жұмыла іс­ке кіріскені жөн», – деген еді. 2020 жылға үш жыл қалды. Ал Қазақстанда қызмет көрсету саласынан бастап, үкімет отырыстарына дейін орыс тілінің үстемдігі бір кеміген жоқ. Оғыз Доғанның тіл мәселесінен кедергі көруі осы сөзіміздің анық бір дәлелі.
Әркез тіл мәселесі сөз болғанда елді мекендеген басқа диаспораларды былай қойғанда, қазақ халқының өзі іштен бөліне кететін әдет тапты. Ана тілінің азаттығын аңсаған, сол жолда тамшыдай әрекетке қолдау көрсетуді өзіне азаматтық парыз санаған жұрт қазақ тілін бүгінгідей қорлықтан құтқарғысы келеді, шырылдайды, үн қосады, қолдау көрсетуге тырысады. Екінші бір бөлігі болса қазақ тілінің төңірегінен шу шықса, кезекті арзан пиарға, «атың шықпаса жер өртеге» балап, тіл үшін шуылдаған жұртты жақтырмай, өздерінше ұстамды, байыпты бағыт ұстана қалады. Қарап тұрсақ, биліктің мемлекеттік тіл мәселесіндегі екіұшты ұстанымы қоғамның белгілі бір бөлігінің тіл мәселесіндегі көзқарасына орныға бастаған. Тілді қорғаушы топқа тыжырынып қарайтын топтан соның көрінісі байқалады. Бұл қазақ халқының өзі қазақ тілі үшін күресте екі майданға бөлінгенінің белгісі болса керек.


ҚАЗАҚТАН КІМ КЕШІРІМ СҰРАУЫ КЕРЕК?
Осы жолғы тіл мәселесінде тағы көтерілген бір нәрсе: ол – кешірім сұрату. Жұрт Air Astana әуе компаниясы Оғыз Доғанның талабына пысқырмай, бортсеріктердің қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін ресми кешірім сұрауды талап етіп жатыр. Енді осы кешірім сұратудың түп төркініне үңіліп көрсек. Қазақ отаршылдық қамытын сүйреген уақыт ішінде қаншама нәубет, қырғын көрді. Оның зарын, отаршылдық әкелген әрбір трагедияның ұлт санасына әкелген зардабы бу болып ұшып, ғайып болып кеткен жоқ. Оның бәрі ұлттың бойында жатыр. Яғни ұзына тарихтың көшінен қалған ыза, кек ұлттың қанында бар. Ширек ғасырдан бері қордаланып қалған ұлттық мәселелердің бірі көтерілсе болды, «кешірім сұрасын!» деген сөз жиі айтылатын болды. Бұл дегеніңіз – ұлт жүрегінің басына қатқан кектің қайтпағаны, қайтқаны былай тұрсын, жылы сөз, бір ауыз кешірім естімегеніне ызалы екенін байқатады. Осы ыза Оғыз Доғанның да мәселесінде кешірім сұратуды табанды талап етуге алып келіп отыр. Мәселен, Хан Кене, ашаршылық, репрессия, 1916, 1986 жылдардағы қырғындар үшін қазақтан кешірім сұрады ма? Жоқ! Бұл тарихи оқиғаларға саяси баға да берілген жоқ. Саяси баға берілмеген соң, кешірім сұратудың да реті жоқ. Саяси баға беру саяси биліктің тарихи танымы мен саяси ерік-жігеріне және оның ұлттық ұстаным, бағытына тікелей байланысты. Биліктің бойында ондай қасиет жоқ болса, ұлттың санасындағы кектің беті қайтпайды, жібімейді. Ал ұлттың бойын буған ыза-кек толқындап барып бір күні жарға соғатыны анық. Әйтеуір, бір формада сыртқа шығады. Ұлттық реңкі бар кез келген мәселеде, мейлі ол қызмет көрсету саласы, шенеуніктің мемлекеттік тілді білмеуі, үкімет жиындарының ресми тілде өтуі т.с.с болсын билік мықтап ойланғаны жөн-ақ. Ойлануға тағы бір себеп – санасы тәуелсіз жас өсіп шықты. Ал олардың ұлттық танымы мүлдем бөлек.

P.S. Президент Н.Назарбаев 2012 жылғы жолдауында: «Қазақ тілінің жайын айтып, жөн-жосықсыз елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Ол Қазақстанға пайдалы емес», – депті. Қазақ тілі Қазақстанға пайдалы болмаса, сонда ол кімге керек?

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Қазақ үні | 17 тамыз 2017 16:00
Таңатар мырза, МЫҢ ЖАСА!!! Қазіргі биліктің Қазақ ұлтының мүддесін ешқашан қолдамайды, себебі биліктің ұшар басынан бастап соңғы контор шенеунігіне дейін сол орыс шекпенінен шыққан немесе сол заманның сойылын соққандардың ұрпағы. Олардың ұрпақтары да дәл өздеріндей Қазақи болмыстан ада ұрпақ өсіруде. Қазақты құртпаса Олар ертең қалай күн көреді? Ұрпақтарына "керітіп жейтін" кеңістік дайындау керек емес пе?
серік | 17 тамыз 2017 17:35
Егер Қазақстанда қазақ тілі жоғары тұрмаса онда мемлектті Қазақстан деп атаудың не қажеті бар? Былықстан дейік!
Мансур | 18 тамыз 2017 22:16
басқа елде емес өз елінде қазақ тілі проблема болмау керек,қолдау керек
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар