1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
14 қыркүйек 2017
Мемқызметкердің көзі байлаулы, құлағы бітеулі...

Соңғы кездері әлеуметтік желі десе әкімдер әжептеуір абыржып қалатынды шығарды. «Қай қимылымыз, қай сөзіміз әлеуметтік желіде жарқ ете қалар екен?» деп, ойға барса да, тойға барса да айтар сөзін он ойланып, мың толғанып, реті келсін-келмесін президентке алғыс жаудырып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, жүректері әбден шайлығып қалған. Қазір қит етсе мемлекеттік қызметкерлерді мүйіздеуге дайын тұратын, отырса опақ, тұрса сопақ қылатындар көбейді. Әйтеуір, жыл өткен сайын мемлекеттік қызметтің талабы күшейіп, осы жолды таңдағандар қыл көпірдің үстінде жүргендей өте үркек, аса сақ қимылдайды. Осыдан кейін мемқызметші дегенің бұйрықты бұлжытпай орындайтын әскердегі робот жауынгерге ұқсап бара жатыр демеске амалың жоқ.

Қайбір жылы Жамбыл облыстық тәртіптік ке­ңе­сі жер астынан жік шығарып, тойға, асқа қа­тысқан мемлекеттік қызмет­керлерді жиынға салғаны бар. Бір аудан әкімі ұлын үйлендіріп, қарапайым түрде той жасайды. Төрт-бес әріптесі қуанышымен құттықтап, тойға бас сұ­ғып шыққан. Ертеңінде тәртіптік кеңес басшысы «Тойға неге барасыңдар?» деп ашуланып, әжептеуір талқыға салады. Тәртіптік кеңес басшысының сөзінен түсінгеніміз, бұлардың тойға барғанына президент ренжіген бе, бұлқан-талқан болған ба, бір нәр­се, әйтеуір...
Сөйтіп, сол жолы тойға барған, бірақ қисалаңдамай тып-тыныш үйіне қайтқан мемқызметкерлер бір-бір жаза арқалап шықты. Әлі есімде, той иесінің жақын досы, бір басқарманың басшысы «Мен білмей қалдым... Президенттің айтқаны басқа сияқты еді. Енді тойға да бармаймын, асқа да бармаймын» деп азарда-безер болған. Сол жиыннан «Жас Алашқа» «Жамбылда жаназаға жаннан безген барады» деген мақала жазғанбыз. «Шаш ал десе, бас алған» осы жағдайды қазір айтсаң, бәрі күледі...
Енді қазіргі әкімдердің үрейін әлеуметтік желі ұшырып тұр. Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Қиқымов үлкен бір жиында жергілікті тұрғынға «сен» деп даусын көтере сөйлегені әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көп ұзамай жұмысынан босады. Алматы облысы Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылының әкімі Сәуле Амитованың да ойда-жоқта арқырап кеп қалған ашуын тежей алмай, бір шаруа қожалығының басшысына қатты сөйлегенін әдеп кеңесі кешіре алмай, жаза арқалатты. Біз бұл басшыларды ақтайын деп тұрғанымыз жоқ. Олар мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлiк бейнесiне және iскерлiк қасиеттерiне қойылатын талап деңгейінен шыға алмаған да шығар. Бірақ осыдан кейін мемлекеттік қызметкерлер не халыққа жақпайтын, не билікке жақпайтын, екі ортада сандалып қалған топ сияқты көрінетіні бар.
Рас, әлеуметтік желілерге «жүген» сала алмайсың. Кім не саламын десе де, не айтамын десе де өз еркі. Өткенде бір жиында «Мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желілерде жарияланған сын-пікірлерге неге тез арада жауап жазбайды?» деген сұрақ қойылды. Бір бөлім меңгерушісі орнынан атып тұрып: «Қалай тез арада жауап береді? Қазір әкімдікке қарайтын мекемелердің барлығынан ғаламтор желісін алып тастап жатыр. Әкімдіктің «Лотос» деген өз желісі бар. Бірақ ол арқылы әлеуметтік желілерге, интернетке кеңінен кіру мүмкін емес. Жоғарғы жақтан қайта-қайта «интернетті пайдалануға тыйым саламыз» деген бұйрықтар келуде. Смартфондардың барлығын ғимараттың кіреберісіндегі жәшіктерге тастап кетеміз. Ол да заңмен бекітілген тәртіп. Шынын айту керек, күні бойы жабық мекемеде жүргендей жаңалықтардан жұрдай болып отырамыз», – деп көкейдегі ашуын төгіп-төгіп тастады.
Иә, бұл рас жағдай. Көптен бері айтылып жүр. Кейде бұл да мемлекеттік қызметкерлерді роботқа айналдырудың бір тәсілі сияқты көрініп кететіні бар. Әрине, бұл жайт мемлекеттік мекемелердің құпиясы сыртқа шығып, жария боп кетеді деген қауіптен туындағаны анық. Алайда бұл сақтық сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерді ақпарат тасқынынан алыс ұстап, екі құлағын жауып, әлеуметтік желіге жақындатпауды да мақсат тұтқан сияқты. Осы жерде миға сыймайтын тағы бір көріністі айта кеткен орынды. Президент әкімқараларды халықпен қоян-қолтық жұмыс істей алмайтындары үшін жиі-жиі сынға алады. Мемлекет басшысынан «таяқ жеген» министр, облыс әкімдері бар ашуларын қызметі төменгі сатыдағы азаматтардан қайтарады. Бірақ бұл айқайдан түк нәтиже жоқ. Басшылық бір қолымен мемқызметкерді интернеттен шектеп отырса, екінші қолымен халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде түсінбедіңдер деп қамшының астына алады. Ақпарат заманында көзі байланып, құлағы бітелген, төрт қабырғадан таңнан кешке дейін шықпайтын мемқызметкер елдің сөзі мен жағдайын қайдан білсін? Шенділерге сөзі жетпеген ел бір күні ширығып, ашуға ерік беріп, атқа мінбегенде не істейді?
Оның үстіне әкімдіктен құпия ақпарат аламын деген адамға «ғимаратқа ұялы телефонмен кіруге болмайды» деген талап бөгет бола алмайтыны анық қой. Оның оңай жолын бас прокуратураның өкілі Бағдат Мусиннің өзі де баяндады. Оның айтуынша, ғимаратқа смартфон алып кіруге болмаса да, ғимараттан құжатты далаға алып шығып, сол жерде суретке түсіріп алуға болады. Демек, ақпарат қауіпсіздігі деген желеумен мемқызметкерлерді интернеттен, әлеуметтік желіден шектеу билікті өз қолымен жарға жығудан қай жері кем?

Ал осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды смартфон қолдануды үйренуге шақырды. Президенттің пікірінше, инновацияларға қарамастан, халық түгелдей жаңа гаджеттерді қолдануды білмейді. «Цифрлық экономика үшін халықтың цифрлық сауатын ашу өте маңызды. Қазір бір дамыған заттар жайлы, Uber жайлы айтып отырмыз. Халық ше? Алысқа бармай-ақ, мына тұрған Ресейде, Қазақстанда бұл туралы біле ме? Жоқ. Біздің енгізуді жоспарлап отырғанын да білмейді. Үйрету керек. Смартфон қолдануды үйрету қажет. Сондықтан алдымызда атқарылар жұмыс көп, көп айту керек, түсіндіру керек, үйрету керек», – деді президент цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық жиында.

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті