1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Сақалды телефонның сыры неде?

Күні кеше Шымкентте телефон саудалайтын бір топ теріс діни ағым өкілдері тұтқындалды. Ресми хабарламада былай делінеді: «Бұл операция теріс ағымдардың өкілдерінен тұратын қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қою үшін жасалды. Олар ұрланған телефондардың идентификациялық кодын өшіріп, оған экстремистік сипаттағы материалдарды жазып, қайта сатып отырған. Қазір осыған байланысты тергеу амалдары басталды». Бұл теріс ағымдармен күрестің басы ма әлде жеке жағдай ма оны уақыт көрсетер. Бірақ шындықты айтпай болмайды.
Біз Құдайға сену тұмшалану, қауғадай сақал қою, балақты қысқарту деп білетін діни надандық белең алған заманда өмір сүріп отырмыз. Біздің жағдайымызда надандықтың кеңістігі – қараңғылық, түсі қара болып тұр. Бұл сөзіміз, бәлкім, діни азшылықтың құқын қорғайтын, «адамзаттың бәрін бауырым» деп сүйетіндерге жақпас. Бірақ әр мемлекет теріс діни күштерден азаматтарын қорғауға, қорғануға міндетті. Егер теріс пиғылды «діндар» ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарына қарсы шығып, әрбір уағызымен қоғам санасын улап жатса, онда мұндай діни басқыншылықпен қоғам болып күресу күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Кезінде Лениннің «дін – апиын» деген сөзін Құран сөзінен кем көрмеген уақытта дінсізденіп кете жаздаған қоғам Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде жат діни ағымдармен тұтас қоғам болып күресетін жағдайға жетті. Әрине, теріс ағымның жетегінде кеткен әр адамның артында әлеуметтік проблема, діни білімсіздік, ұлттық рухтың әлсіздігі сынды көптеген мәселе бары белгілі. Яғни ұлттық еңбек нарығын қалыптастырып, жұмыссыздықты шеше алмаған биліктің де кемшілігі бар. Соның салдары енді көзге шыққан теріскендей болып отырған теріс ағымдармен күреске алып келіп отыр.
Теріс діни ағым иектеген адамдардың сырт келбетін қазіргі жұрт жатқа біледі. Оларды сырт тұлғасы ғана емес, айналысатын кәсіптері де біріктіреді. Оған кешегі Шымкенттегі жағдай мысал бола алады. Ал телефон жөндеумен немесе сатумен айналысатын мұндай топтар Қазақстанның кез келген қаласында бар десек жалған болмас. Алматы секілді ірі шаһардың өзінде осындай күдікті діни топтардың шоғырланған бірнеше орны бар екені туралы арнайы рейд барысында анықталып, баспасөзде жазылған еді. Демек, Шымкенттегі операция басқа қалаларда да жалғасын тауып жатса оған таңғалуға болмас.
Неге телефон дегенге келсек, ұялы телефон қазір әркімнің сырласына, мұңдасына айналды. Жақынынан гөрі телефоннан тыңдаған, көргеніне көбірек сенетін буын пайда болды. Ал бұл теріс діни ағымның дін таратушыларына таптырмас мүмкіндік.
Телефон арқылы әр адамға жеке шығасың және олардың санын тез молайтасың. Телефон уағызды тыңдап, санасы уланған талайлардың күрт өзгеріп, тіпті Сирия асып кеткені де көп айтылды. Бірақ жат ағымдармен күрес туралы көп айтылса да, телефондағы теріс ағыммен күрес сылбыр еді. Бұл жерде биліктің теріс ағымдармен күресінде ісінен сөзі ұзын екенін айтпасқа тағы болмайды.
Сақалды телефонмен күресті былай қойғанда, ортақ мектеп формасына бағынбай, сабаққа оранып келетін оқушылардың қатары да азаймай отыр. Мәселен, білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтованың дерегінше,
2015-2016 оқу жылында 194 бала мектепке орамал тағып келсе, 2016-2017 жылы бұл көрсеткіш 315-ке жеткен. Азайғаны былай тұрсын, жыл санап көбейген.
Өткенде дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев теріс діни ағым өкілдері батыс облыста көп шоғырланғанын айтып еді. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны үнемі айтылғанымен, теріс ағымнан теріс айналғандардың саны тым мардымсыз. «Адасыппын, қайта оралдым» деген пендені осы күнге дейін БАҚ бетінен көрмедік. Яки министрліктің жұмысы сылбыр, яки теріс ағымдар уағызы да, өздері де оңай оспаққа иліге қоймайтын дәрежеге жетіп алған.
Мәселен, сәуір айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жетекшілерімен өткен кездесуде президент Н.Назарбаев: «Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек», – деп еді. Жуырда Ақордада журналистермен өткен кездесуде тағы да қайталап, былай деді: «Бұрын да айтқанмын, қазір де айтайын. Мен бұл туралы бір рет айттым. Мен айтқанын орындататын адаммын». Шымкенттегі операция теріс ағыммен күресудің басы да, аяғы да болып жүрмесе игі.

Мұхан ИСАХАН, дінтанушы:
– Қазақстандағы ең қауіпті діни ағым – сәләфизм. Өткен жылдары Ақтөбе, Алматыда болған оқиғалардан кейін бұл ағыммен қалай күрес жүргізу керектігі қызу талқыланды. Құзыретті орындар түрлі дінтанушыларды шақырып, кеңестерін сұрады. Негізгі айтылған ұсыныстардың бірі – сәләфизм ағымына заңмен тыйым салу. 2014 жылы Астана қаласы Сарыарқа ауданының соты сәләфизмнің үш негіз ақидасын экстремистік деп танып, заңмен тыйым салды. Бірақ Қазақстанда сәләфтардың саны көп. Сондықтан ағымға бірден тыйым салудан гөрі білім арқылы күресу тиімді жол ретінде таңдалып алынды. Былтырғы қанды қасаптан кейін құзыретті орындар ең әуелі ағымның жетекшілері мен ошақтарын бір-бірлеп жоюға кірісті. Бейресми деректерге сүйенсек, сәләфтардың 370-380 жетекшісі бар екен. Ал сәләфтардың жалпы саны 20-30 мыңнан басталып, олардың отбасын қоса есептегенде 100 мыңның үстіне шығады. Олардың негізгі ошағы Атырау және осы облыстың Ганюшкин, Маңғыстаудың Жаңаөзені, Ақтөбе және Қандыағаш, Темір ауданы, Қарағандыда Сәтбаев қаласы мен Жезқазған қаласы, Шығыс Қазақстан облысында Аягөз, Павлодар облысында Екібастұз қаласы және Алматы мен Шымкент қалаларында да сәләфтардың үлкен шоғыры бар. Негізінен, жетекшілері тұтқындалса, қалған еліктеушілер теріс ағымнан бас тарта ма деген болжам бар шығар деп ойлаймын. Себебі бұдан бұрын «Таблиғи жамағат» ағымына тыйым салып, жетекшілері тұтқындалған соң ол ағым жоқ болып кетті. Зікіршілерді де солай етті. Жетекшілері істі болып сотталды да, ағымның өзі де тарап кетті.
Сәләфилік ағым өкілдерінің кәсіптері негізінен төрт салаға негізделген. Бірінші – телефон жөндеу. Мұнымен еркектер шұғылданады. Екінші – үнді тоқыма киімдерін сатады. Оны әйелдері сатады. Үшінші – автобөлшектер саудасы. Мәселен, жапон көліктерінің және кейбір неміс автоларының бөлшектерін Қазақстанға негізінен сәләфтар алып келеді. Төртінші – контрабанда. Сәләфтар асыл тастар, қымбат аң терілері мен мүйіздерді шетелге заңсыз жолмен шығарумен айналысады. Батыс аймақта мұнай ұрлығымен де шұғылданатын осылар.
Сәләфилердің бірінші проблемасы – олар зайырлы мемлекетті кәпір мемлекет деп санайды. Оларда зайырлы мемлекетке қанша зиян келтірсең, сонша сауап аласың деген түсінік бар. Сондықтан Шымкенттегі тұтқындаулар Ақтөбе, Алматы қалаларындағы оқиғалардан соң, жағдайды сараптай келе қабылданған шешім болар деп топшылаймын.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Мен | 24 қыркүйек 2017 21:36
Қазақстанда дін мәселесімен кімді шақырып жүргенін білмеймін, бірақ дін саласына ақылын айтып тура жол сілтейтін білікті мамандар тапшы жоқ десекте болады. Білікті мамандар вахтовый жұмыс жасап семьясын асырау жолында жур. Откен де дін танушы Абдулла Бакадырдың ақсақалымыз ютубта жүр абройымен ойнап, сонда осындай адамдардан ақыл сұрап жүргенсіндер
Қызылордалық Балталы Төлеген | 25 қыркүйек 2017 12:49
Қыздарымыз ұзын көйлек киіп,орамал тарттса,онда тұрған не бар?Біз,бүрмелі көйлекке,аппақ орамалға жармасқанша,түнгі клубтарды жойып,дені сау еркекті қылмысқа итермелейтін"мини"юбкаларды ұзартайық"."Әйелді зорлауды"орта дәрежедегі қылмыс санатына қоспай,кісі өлтірушілерді,тонаушыларды,зорлықшыларды аластайық.Қылмыс ортасы түнгі клуб,жыныстық аурулар ортасы сауна,некесіз бала туу,мектептен бастаған аборттар..үндемейміз."Орамал тартты"деп таза,тәртіпті жүргенді сөз қыламыз.Қыздарыңды жөндесеңдерші!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті