1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Әйелдерді әсіредіншілдіктен сақтамақ

Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз зерттеуші мамандар экстремистердің қатарына қандай әйелдердің қосылып кету мүмкіндігін талқылай бастады. Олардың айтуларынша, радикализмге бейіл келетін қыз-келіншектердің көбі – махаббатты сезінбеген, ері мойындамаған және қоғамдағы өз орнын әлі таппағандар.
Көп елде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни бағыттарын ұстанатын әйелдер Қазақстанға да, Орта Азияға да жаңадан еніп жатқан құбылыс. Бірнеше жыл бұрын әйелдер деструктивті діни көзқарасқа өздерінің қаза болған күйеулері үшін кек қайтаруға келіп жатса, қазір бұл үрдіс өзгеріпті: әйелдердің өздері радикалданып, топтана бастаған. Қазақстанда бұл жағдай әзірге ушығып тұрған жоқ – мұндай әйелдердің саны салыстырмалы түрде аз, ал сарапшылар алдын алу шаралары қызу жүріп жатқанына сендіреді.
Бірақ мамандардың осы мәселенің шығу себебіне келгенде ойлары бір. Әйелдердің шектен тыс діншіл болып кетуіне олардың қоғамнан орын таппағаны әсер етеді. Айтуларынша, өзін сүйіктімін деп сезінбеген, ері теңім деп елемеген, қоғамда орны әлі бекімеген әйелдер радикализмге бейіл келеді.
«Террористік топтардың басшысы немесе тыйым салынған діни ағым өкілдерінің арандатушылары ондай келіншектерді жазбай таниды», – дейді психология ғылымының докторы, профессор Лейла Асылбекова.
«Бұл мәселе ерекше назар аударуды талап етеді. Әсіресе халықтың дінге қызығушылығы артқан шақта мұны ысырып қоюға болмайды» дейді мамандар. Астана кризис орталығы жетекшісінің айтуынша, көмек сұрап келетіндердің көбі үйінде әбден зорлық-зомбылық көрген әйелдер.
«Бізден отбасында үнемі ұрыс болатын әйелдер көмек сұрайды. Мұндай отбасылардың әдетте күйеуі шектен тыс діншіл болып келеді. Оларға діннің қағидалары дұрыс түсіндірілмеген сияқты. Ерлері теріс діни ағымдарға кірген соң тәкаппар болып өзгеріп шығады, отбасын оларға ұнамайтын нәрселер жасауға міндеттеп, ұдайы тексеріп, бақылап, шектеу қоя бастайды», – дейді Астана кризис орталығының жетекшісі Анна Рыль.
Дегенмен өзгелердің көмегін іздеп баратын шектен тыс діншіл азаматтың әйелдері ғана емес. Әбден күйзелген, тұрмыстың тауқыметінен салы суға кеткен қыз-келіншектердің де көмекке зәру кездері ұшырасады.
«Радикалды діни бағытқа көбіне өмірден өз орнын таппаған әйелдер бет бұрып жатады. Оны «сен әдемісің, ақылдысың, ерекшесің» деп арбайды, яғни оның қоғам үшін маңызды екенін миына сіңіреді, соған сендіреді. Біздің қоғамның бір қателігі – біз адамдарды жылы, ашық қабылдай алмаймыз. Әйелдің ішкі «мені» әбден қорланып, өзін тапталғандай сезінгенде, ол «мен қоғамға керекпін» деген сенімін нығайту үшін бәріне дайын болады. Тіпті мұның соңы өліммен бітсе де оған бәрібір болуы мүмкін», – дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі, белгілі исламтанушы Ақбөпе Тілегенова.
«Бұл әйелдер өзін-өзі өте төмен бағалайды. Олардың өткенінде сөзсіз бір жағдай, қайғылы жағдай болған. Я жұмысынан кеткен, я отбасында дау-дамай болған не жақыны дүниеден өткен. Оның мінезі тез өзгеріп отырады. Бүгін мейірімді ана болса, ертең нағыз көкбет болып өзгеріп шыға келуі мүмкін. Әйел миының физиологиялық реакциясы өте анық көрініп тұрады», – деп түсіндіреді психолог Лейла Асылбекова.
Психологтің сөзінше, арандатушылар мұндай әйелдерді вербалды емес белгілер арқылы бірден ажыратады.
«Жиі киімге оранып, мойны мен денесін үнемі жасырып жүретін қыз-келіншектер мұндай стильдерінің арандатушы үшін «азық» екенін аңдамауы да мүмкін», – дейді маман.
Деструктивті діни ұйымның тәжірибелі арандатушылары әйелдерді санасы арқылы еркін басқарып, оларды қандай да әрекетті орындатуға шебер келеді. Маманның айтуынша, психологияда мұндайды «ярлык» деп атайды, яғни арандатушылар өз «жемтігін» әдемісің, ақылдысың деп сендіріп, олардың қоғамдағы маңызын әсірелеп жібереді.
«Арандатушылар адамды қызықтыра алады, өзіне кіршіксіз иландырып қояды. Ол жақсы да бола алады, жаман да болуға қабілетті. Жаның мен сезімінің қылын қозғап, сырын біліп, өзіне сендірген соң олар әйелдерді ақылға қонбайтын нәрселер жасауға көндіреді», – дейді ол.
Одан бөлек, мамандардың айтуынша, мұндай әйелдер суицидке жақын болғандықтан, оларды шейіт болуға итермелеу оңай. Сарапшылар «мұндай қыз-келіншектердің жасы біркелкі емес» дейді.
«Қазір Қазақстанның 400-ден астам азаматы әрекетіне Қазақстанда тыйым салынған, Сириядағы терроршыл «Ислам мемлекеті» ұйымының қатарына кірген. Олардың 20 пайызы – әйелдер. Бір әйелдің өзі сонда болуы біз үшін үлкен трагедия», – дейді психолог.
Қазақстан азаматтарының радикалдану үрдісін зерттеп жүрген әлеуметтанушы, әлемдік экономика және саясат инс-
титутының сарапшысы Серік Бейсембаевтың ойынша, әйелдер ерлерден гөрі тезірек радикалданатынына қарамастан, Қазақстан құзырлы орындары содыр-
лықтың алдын алу жұмыстарын осы уақытқа дейін ерлермен ғана жұмыс жүргізіп келген.
– Деструктивті діни бағытқа өткен әйелдер мешітке бармайды, қоғамнан мейлінше оқшауланады. Сондықтан олар жабық күйде радикалданады және ол процесс өте жылдам жүреді. Әйелдердің әсіредіншілдігі енді ғана талқылана бастады. Өзім зерттеу жүргізгенде көзімнің жеткені – Қазақстанда әйелдердің әсіредіншілдігімен айналысатын мамандар жоқ. Теологтер бар, басқа мамандар бар, бірақ қыз-келіншектер олармен сөйлеспейді, – дейді маман.
Бейсембаевтың айтуынша, радикализациямен күресуде негізінен көбіне әйелдермен жұмыс істеу тиімдірек. «Себебі, – дейді ол, – халықаралық тәжірибеде дістүрлі емес діни бағытқа түскен 18-19 жастағы балаға әкесінен гөрі анасы көбірек әсер етеді. Сондықтан Пәкістан сияқты мемлекеттерде мамандар отбасының радикалдануымен күресу үшін отағасымен емес, сол үйдегі анамен жиі байланысады», – дейді маман.
Сарапшылар қиын жағдайға түскен әйелдерге қымсынбай көмек сұрауға кеңес береді. «Бастысы – өзіңді дамытумен айналысып, көп оқып, жаңа достар тауып, араласу, айналаңа қызығушылық таныту», – дейді олар.
«Әйел өзіне сенімді болып, алдына арман мен мақсат қойып отырса радикалданбайды. Ал жат ағымға ауып кеткен қыз-келіншектерге өзгеру ешқашан кеш еместігін түсіндіру керек. Жақсы ана, адал адам, мықты маман болудың маңызын айту керек. Оларға мейірім мен мән беру арқылы біз әйелдерді осы өмірге қайтара аламыз», – дейді психолог.

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
qazaq muslim | 5 қазан 2017 14:12
Әсіредіншіл деген не? Дінді бекем ұстану ма? Исламды бекем ұстанса бар жақсылықтың иесі болар еді ғой! Меніңше сөздеріңді дұрыстаңдар!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті