9 ақпан 2010
Жәкiшев iсi асығыс қаралуда

Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Жәкiшев iсi» өте жылдамдықпен жүрiп жатыр. «Қазатомөнеркәсiп» ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Мұхтар Жәкiшевтiң қан қысымы қайта-қайта көтерiлiп, жедел жәрдемге мұқтаж болып жатқанына қарамастан.
Айтпақшы, соңғы сот отырысы кезiнде судья Нұржан Жолдасбековтiң көзiнше айыпталушының денсаулығын тексерген тәуелсiз дәрiгер Владимир Боборыгин Мұхтар Жәкiшевтiң расында денсаулығы күрт нашар екенiн, оның ауруының асқынып бара жатқанын айтқан едi.
Еске сала кетейiк, осыдан бiрер апта бұрын Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң дәрiгерi Ғалым Қалиев «Мұхтар Жәкiшевтiң денсаулығы жақсы. Ол әдейi ауруды сылтауратады» деп мәлiмдеген болатын. Осыдан кейiн, адвокат Нұрлан Бейсекеев судьяға тәуелсiз дәрiгер шақырып, Жәкiшевтiң денсаулығын тексерту жөнiнде өтiнiм жазған.
Айта кету керек, адвокат Нұрлан Бейсекеев қорғаудан гөрi төбелеске дайын тұратын әрiптесi Болат Исатаевтың iс-әрекетiнен кейiн, денсаулығының түзелмегенiне қарамастан, Жәкiшевтi сот алдында қорғауға өзi шықты.
Ендi судья Нұржан Жолдасбеков адвокат Бейсекеевтiң Жәкiшевтiң денсаулығына байланысты өтiнiштерiне әзiрге көз жұмып келедi. Адвокат судьядан iстi уақытша тоқтатып, қорғауына алған айыпталушыны ауруханаға жатқызу жөнiнде өтiнiм түсiрген едi. Мұны тәуелсiз дәрiгер-кардиолог Владимир Боборыгин де қолдап отыр.
Алайда, бұл өтiнiшке қатысты судья Нұржан Жолдасбеков сот отырысын Мұхтар Жәкiшевтiң қатысуынсыз да өткiзе беруге болатынын жеткiзген. Ендi судьяның осы шешiмiмен келiспеген Нұрлан Бейсекеев судьяға сенiмсiздiк бiлдiру жөнiнде Астана сотына өтiнiм түсiргенiн айтты. «Судья сот iсiн өте жылдамдықпен жүргiзiп жатыр. Қайда асығып бара жатқаны түсiнiксiз. Мен соттағы былықты тоқтату үшiн, судьяға бiрнеше рет сенiмсiздiк бiлдiрiп хат жаздым. Бiрақ менiң бiрде-бiр өтiнiшiме құлақ асып жатқан ешкiм жоқ. Бiрақ мен наразылығымды тоқтатпаймын. Әрбiр сот процесi кезiнде судьяның атына сенiмсiздiк танытып отырамын», – дедi адвокат Нұрлан Бейсекеев.
Ал Мұхтар Жәкiшевтiң зайыбы Жәмила тергеу изоляторына жiберетiн сәлемдемесiнiң бiрде-бiрi жұбайына жетпейтiнiн айтады. Тiптен, судьяның Жәкiшевке газет-журнал оқып, теледидар көруiне рұқсат беретiн шешiм шығарса да, әзiрге оны Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi орындауға асықпайтын көрiнедi. Жәмила Жәкiшеваның айтуынша, өзi апарған газет‑журналдардың бiрiн де қабылдамапты. Есесiне, теледидарды қабылдап алған. Бiрақ ол Жәкiшевтiң жатын бөлмесiне жетпеген. Сонымен бiрге ол үнемi Жәмилаға сабын, тiс щеткасын және тiс пастасын сұрататын көрiнедi. «Мен үш күн бұрын ғана Мұхтарға сабын, тiс щеткасы мен пастаны берiп жiбергем. Алайда, тағы да Мұхтар осы заттарды сұратып жiберiптi. Тiс пастасының үш күнде таусылуы мүмкiн емес қой. Демек, бұл заттар да жұбайыма жетпей отыр», – дейдi Жәмила Жәкiшева.
Ендi алдағы сот отырысы кезiнде судья адвокат Нұрлан Бейсекеевтiң Мұхтарға Жәкiшевтi ауруханаға жатқызу жөнiндегi өтiнiшiне жауап беруге тиiс.
Ендi алдағы сот отырысы кезiнде судья адвокат Нұрлан Бейсекеевтiң Мұхтарға Жәкiшевтi ауруханаға жатқызу жөнiндегi өтiнiшiне жауап беруге тиiс.Жұлдыз ТӨЛЕУ,
Астана





Уәж айту