11 ақпан 2010
Болмаған «джихад» құрбандары

Газетiмiздiң алдыңғы санында «Солтүстiк Капқаздағы террорлық ұйымдарға бара жатқанда ұсталды» деген айыппен үш ақтөбелiк жас жiгiттiң iсi сотта қаралып жатқандығы жөнiнде жазғанбыз. Ақпанның 8-iнде Ақтөбе қалалық сотының судьясы Раулия Қустанова Асхатты – 7, Серiк пен Дәулеттi – 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кестi. Айыпталушылар мен олардың туыстары, қорғаушыларының қарсылық танытқандарына қарамастан, судья 6-7 жылға абақтыға қамауға ұйғарды.
Сот процестерi бiр айдан астам уақытқа созылғанымен де, бұлардың қолдарында не қару, не «джихадқа» шақыратын үгiт-насихат құралдары табылмады. ҰҚК департаментi қызметкерлерi үшеуiнiң пәтерлерiн тiнткен кезде, Құраннан басқа ешбiр кiтапты таппағандарын өздерi де сот залында мойындады. 6-7 жылға абақтыға қамайтындай ешқандай да қылмыстық iстерi анықталмады. Не қару, не қарулы қақтығысқа шақыратындай үнпарақтар табылмады. Керiсiнше, ҰҚК департаментi қызметкерлерiнiң айыпталушыларға дене жарақатын салып, түрлi қысым көрсету арқылы мәжбүрлеп мойындатқаны ашылып қалды. Бiрақ, судья Р.Құстанова ұлттық қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң сорақы әрекеттерiн естiгенде байқамағансып, iстi қайта-қайта басқа арнаға бұрып отырды. 23-24 жастағы 4 жiгiт «жазығымыз жоқ, әдейi ұйымдастырылған iс» деп шырылдағанда, не прокурор, не судья селт етпедi.
2009 жылдың 25 шiлдесiнде Ресей Федерациясы Астрахань облысы шекара өткiзу бекетiнде ұсталған үш жiгiттiң тағдырын қауiпсiздiк комитетi өз қалауынша шештi. Түрмедегi тағдырына туыстары қатты алаңдаулы. Асхаттың әкесi Қалабай Түркiмбаев: «Баламның тағдырын ойыншық қылды. Үшеуiнiң кiнәсiз екендiгi айдан анық болып тұрса да, Ақтөбе қалалық сотының судьясы iстi бiржақты қарады. Балалар өздерiн қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң қалай қинап-азаптағанын, түрлi айла-әрекеттерiн айтқан кезде, судья Қустанова мiз бақпады. Бiз ұлдарымызды ертең түрмеде жоқ қылып жiбере ме деп қорқып тұрмыз. Әрқайсысының әйел, бала-шағасы бар. Кiшкене немерелерiмiзге не айтамыз?» – дедi көзiнiң жасын сүртiп.
Бiр ай бұрын Арқалық түрмесiнде «террорлық әрекет ұйымдастырды» деген айыппен 17 жылға сотталған Азамат Кәрiмбаев жұмбақ жағдайда қаза тапты. Қандыағаш қаласының елу жастағы тұрғыны Азамат «түрмеде өзiн-өзi өлтiрiптi». Марқұмның әйелi Айман Кәрiмбаева «күйеуiмдi өлтiрiп тастады» деп қудалағанымен, ештеңе шығара алмай жалғыз өзi шырылдап жүр. Азамат Кәрiмбаевпен бiрге 12-13 жылға сотталған 5 азамат әр жердегi түрмелерде жазаларын өтеуде.
Асхат, Серiк, Дәулеттiң ата-анасы балаларымызды жазықсыз соттады, түрмеде жазым етуi мүмкiн, құқық қорғау органдары мұсылман тұтқындарды аямайды деп үрейленiп отыр.
Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе





Уәж айту