1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Президент Н.Назарбаев «Ұлт көшбасшысы» туралы заңға қол қоймайтынын мәлiмдедi. Саяси аренада ендi қандай оқиғалар болуы мүмкiн?
Ертiсбаев айтпақшы, өкпелеген депутаттар президентке импичмент жариялайды (7.1%)
«Ұлт көшбасшысы» мәртебесiн президентке халық өзi бередi (22.8%)
Жармақтар ендi «Әлем әкесi» деген заң жобасын ұсынады (58.7%)
Президент мұндайға мүлдем тыйым салады (11.4%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (15476) 4 наурыз, бейсенбі 2010
4 наурыз 2010
Мұхтар Жәкiшевке тағы да үш бiрдей қылмыстық iс қозғалды

 

 
 
Мұхтар Жәкiшевке қатысты сот iсi аяқталуға жақындаған кезде, оның үстiнен тағы да үш бiрдей қылмыстық iс қозғалғаны белгiлi болды. Бұл жөнiнде сейсенбi күнi Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген Жәкiшевтiң зайыбы Жәмила мен оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев мәлiмдедi.
 
«Қазатомөнеркәсiп» ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Мұхтар Жәкiшевке бұл жолы «көлеңкелi ақшаны заңдастырған, заңсыз еңбекақы тағайындаған және тағы да мемлекет қаржысын талан-таражға салған» деген айыптар тағылып отыр. Мұхтар Жәкiшевтiң зайыбы Жәмила да, оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев те бұл iстерде ешқандай мемлекеттiк құпияның жоқ екенiн алға тартады. Соған қарамастан, Мұхтар Жәкiшевтiң өзi қалаған адвокаттар – Данияр Қанафин мен Александр Розенцвайгтi жаңадан қозғалған тергеу iсiне жiбермей отыр. Гриф құпияны алға тартып. Жәмила Жәкiшева мұның бәрi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Мұхтарды тергеу изоляторында ұзақ ұстаудың амалы деп түсiндiредi. «Қазiргi жүрiп жат­қан iс аяқталуға жақын. Бұл iстен Мұхтарға қарсы ешқандай айып таба алмаған соң, жоспарларының күл-талқаны шыққан соң әдейi iстеп отырған әрекеттерi деп ойлаймын», – дейдi Жәмила.
 
МҰХТАР ЖӘКIШЕВТIҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚҚА ЖАСАҒАН ҮНДЕУI
 Жәмила сонымен бiрге Мұхтар Жәкiшевтiң абақтыда отырып халықаралық қауымдастыққа жазған екi бiрдей мәлiмдемесiн жария еттi. Онда «Қазатомөнеркәсiптiң» экс-президентi судьяның заңсыздық әрекеттерi мен өзiнiң барлық құқы­ғының бұзылғандығы жөнiнде айтады. Ол өзiне осыған дейiн әртүрлi қысым жасалып келгенiн де мәлiмдейдi. Сотта аяқ астынан пайда болған адвокатсымақ Болат Исатаевтың әрекеттерiн де сын­ға алады. Мұхтар Болат Исатаев сот iсiндегi қылықтарымен тек қана өзiн емес, елдегi барлық адвокаттардың мәртебесiн түсiрдi дейдi. Ал өзiн шынайы қорғауға тырысқан адвокат Нұрлан Бейсекеевке түрлi кедергiлер жасап, iспен толық танысуға мүмкiндiк бермегенiн де баяндайды. Сонымен бiрге Мұхтар Жәкiшев өзiнiң де айыптау iсiмен толық таныса алмағанын жеткiзедi. Ол қазiргi құқық қорғау органдары мен соттың әрекетiн барып тұрған қуғын-сүргiн деп баға берiп, халықаралық қауымдастыққа былайша үндеу тастайды: «Мен өтiп жатқан сот iсiн әдiлетсiз, заңсыз, өрескел әрi көптеген заң бұзушылыққа жол берiлдi деп мәлiмдеймiн. Мен барлық халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдардан, демократиялы елдердiң елшiлерiнен, бұқаралық ақпарат құралдардарынан және Қазақстан азаматтарынан бұл бассыздықты тоқтатуға көмектесуiн сұраймын. Мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қысымынсыз әдiл, ашық сотты талап етемiн», – деген Мұхтар мәлiмдемесiнде.
 
АДВОКАТ БЕЙСЕКЕЕВТIҢ ОТБАСЫНА ҚАУIП ТӨНIП ТҰР
 Ал Мұхтар Жәкiшевтiң адвокаты Нұрлан Бейсекеев жеке өзiне және отбасына қауiп төнiп тұрғанын мәлiмдедi. Осыны айта келiп, ол өткен жылы мамыр айында Мұхтар Жәкiшевтi қорғауға ниет танытқанда-ақ «чекистердiң» өзiн қорқытқан әрекеттерiн жайып салды: «Олар маған егер бұл iске кiрiсетiн болсаң, сенiң соңыңнан қуғындау арылмайтын болады» – деп ескерттi. Олар мұны менiң әрiптестерiме де айтып жiберiптi. Тiптен судья тарапынан да маған қысым болды», - дейдi адвокат. Ол сонымен бiрге өткен жұма күнi пәтерiне әлдекiмдердiң жасырын кiргенiн де жария еттi.
– Өткен жұма күнi мен Жәмиланы әуежайға өзiмнiң көлiгiммен жеткiзiп салуға кеткен едiм. Сол кезде маған кiшкентай ұлым қоңырау шалып, пәтерде белгiсiз бiреулердiң болғанын айтты. Ол 15 минөтке далаға дүкенге кеткен екен. Бөлмесiндегi жарықты жағып кеткен. Ол үйге келе жатып, терезеден жарықтың жанып тұрғанын көредi. Алайда, үйге кiрген сәтте, бөлменiң жарығы сөндiрулi болады. Мұнан басқа, пәтерде адамдардың iздерi қалған. Сосын менiң компьютерiмде iздер болған. Мен бiрден үйге келiп, барлығын тексерiп шықтым. Ешнәрсе тоналмаған. Бәрi орнында. Бiрақ, олардың үйге заңсыз қандай да бiр құралды тастап кеткенiне еш күмәнданбадым. Сол себептен де, бiрден құқық қорғау органдарын шақырдым. Таңғалғаным, олар бiр топ болып жетiп келдi. Тiптен есiрткiнiң иiсiн сезетiн иттi де ертiп әкелiптi. Мен үйге келген белгiсiз бiреулердiң Мұхтар Жәкiшевтiң iсiмен айналысып жүрген компьютерiме кiрмек болып әрекеттенгенiн түсiндiм. Осыған дейiн де мұндай жағдай басымнан өткен. Былтыр қазан айында үш апта бойында өзiмнiң жұмыс iстейтiн компьютерiме кiре алмай жүрдiм. Қоссам, «қате» деп сөнiп қала бередi. Кейiн, тексерткен кезде, менiң компьютерiм басқа компьютер арқылы басқарылып отырғанын анықтады, – дейдi.
               
ЖӘКIШЕВ ОҚҚАҒАРЫНЫҢ АДВОКАТЫ СОТ IСIНЕ СОЛ КҮЙI ҚАТЫСА АЛМАДЫ
Мұхтар Жәкiшевтiң оққағары Талғат Қыстаубаевтың отбасы ұсынған адвокаты Хамида Айт­қалиева болса, судьяның заңсыз әрекеттерi үшiн өзiнiң кәсiби мiндетiн атқара алмағанын айтты. Оған таяуда ғана Астана қаласының Ұлттық қауiп­сiздiк департаментiнен бiрнеше ай бойында табанын тоздырып жүргенде берген мемлекеттiк құпияға рұқсат анықтамасын әдiлет департаментi қайтадан алып қойған. Қызметтiк атауды нақтылаймыз деген себеппен. Бiрақ, әлi күнге дейiн әлгi құжатты керi қайтармапты.
Бұған қатысты Жәмила Жәкiшева шын мәнiнде сотта жай қатысып жүрген Талғат Қыстаубаевқа тағайындаған адвокат Ақан Байқанов пен Болат Исатаевтың ешқандай мемлекеттiк құпияға рұқсаты жоқ екенiн айтты. Мұны Болат Исатаевтың өзi Жәмилаға мойындапты. «Менiң қойған сұрағыма Б.Исатаев тосылып, «мен мұны қайдан алғанымды да бiлмеймiн және бұл сотқа қалай тап болғанымды да түсiнбеймiн» деп жауап берген», - дейдi Жәмила Жәкiшева.
Алайда, құқық қорғау органдарының осыншама заңсыздық әрекеттерiне қарамастан, Жәмила Жәкiшева да, Нұрлан Бейсекеев те, Хамида Айт­қалиева да әдiлеттiлiк үшiн күресуге бел байлап отыр.
 
Жұлдыз ТӨЛЕУ, Астана
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
ҚАЗАҚ | 7 наурыз 2010 22:26
Аса қадірлі, ҚАЗАҚ бауырлар !!!
Мұхтар Жәкішевтің ісін ашық сотпен шешуге қол ұшын берейік.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті