Президент Н.Назарбаев «Ұлт көшбасшысы» туралы заңға қол қоймайтынын мәлiмдедi. Саяси аренада ендi қандай оқиғалар болуы мүмкiн?
Ертiсбаев айтпақшы, өкпелеген депутаттар президентке импичмент жариялайды (7.1%)
«Ұлт көшбасшысы» мәртебесiн президентке халық өзi бередi (22.8%)
Жармақтар ендi «Әлем әкесi» деген заң жобасын ұсынады (58.7%)
Президент мұндайға мүлдем тыйым салады (11.4%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Ақпан айының 7-сiнде «Жас Алаш» газетiнде адвокат Кәрiм Жұмағалиевтiң «Адвокатқа судьяға кiруден гөрi, түрмеде жатқан қылмыскерге кiрген оңай» деген мақаласын оқыдым. Бұл мақала менiң де қышыған жерiме дөп тидi. Мен де күнде көрiп жүрген қорлық қой бұл. Судьяға кiру үшiн жолдағы бiрнеше «қамалды» бұзып өту керек. Оның бiрiншiсi – сот приставы мен сақшысы. «Мен пәленше судьяға келiп едiм», — дейсiз қолсағатқа бiр үңiлiп қойып. Пристав «қамалдың» арғы жағына телефон соғады. Ондағылар жауап бермейдi. «Оларда процесс жүрiп жатыр күте тұрыңыз, – деп пристав бөсiп жiбередi кейде. Күтемiз де, күтпей қайтемiз? Сүт пiсiрiм уақыттан соң тағы телефон шалуға тура келедi. Тағы жауап жоқ. Бiр кезде шыдам таусылады. «Менi жiберiңiз! Сот мәжiлiсiнiң уақыты өтiп кеттi», — дейсiз амалсыздан алға өңмеңдеп. Сол кезде пристав сала-құлаш шлагбаумды алдыңа тарс еткiзедi.
Мiне, осылай қаңтарылып тұрғанда көсегең көгергiр хатшы түседi жоғарыдан. Бұлтты күнде күн шыққандай қуанып, бәрiмiз соған қарай жүгiремiз. Сосын, Заң саласының «жiлiгiн шағып, майын iшкен» бiзге, жасы 20-25 жастағы шөпжелке хатшы қыз дiкең-дiкең етiп, бүкiл «ақыл-кеңесiн» жүре айтып, жетелеп әкеп бiр залға қамап қояды. Қолсағатқа тағы бiр көз салып қоясыз. Дәлiзде бiр сағаттан астам күттiрiп қойғаны аздай, ендi тағы да сарылып судьяны күтуге тура келедi. Ал судьямен уақтылы кездесу дегенiңiз, бағы жанған байғұс болмаса, бiз сияқты «бейшараларға» арманға айналған. Ал бiздi бiр уақытқа шақырып алып, орта есеппен бiр сағат күттiрiп қою – қазiргi судьялардың сүйегiне сiңген әдетi. Әсiресе, көп жыл жұмыс iстеген тiсқаққандары мысыңды құртады. Оларға ерекше «подход» керек. «Көптi көргенiн» дәлелдеуi керек қой. Бекер обалы не керек, жас судьялар сот мәжiлiсiн уақытында бастауға тырысады. Бiрақ, олар да келешекте ағаларынан «үлгi» ала ма деп қорқамын.
Ал ендi мықты болсаңыз, өзiңiз кешiгiп көрiңiз. Атын атамай-ақ қояйын, бiр рет 10 минутқа кешiгемiн деп, баламның құрындай судьядан естiмеген сөздердi естiп, сақалымды кепiлдiкке салып жатып әзер құтылғаным бар...
Сот алдына жеткеннен кейiн, сот әдiлдiгiн орнату барысында екiншi «қамал» барын қорғаушы қауым жақсы бiледi. Бұл жерде сот қолданатын айла, тәсiлдердiң ауқымы өте кең. Бiр-екi мысал келтiре кетуге тура келiп тұр.
Бiрiншi мысал. К. деген азамат қайтыс болғаннан кейiн, оның мұрагерлiк массаға бұрын түспей қалған мүлкiн өзiнiң мұрагерлерiне бөлу үшiн 2009 жылы жаз айында сотқа арыз түсiрдiк. Оның жеке мүлкi – жер телiмi. Жамбыл ауданында орналасқан. Қалған мүлкi өзiнiң соңғы уақытта тұрған жерi Алматы қаласы, Бостандық ауданында тiркелген. Заң талабы бойынша мұрагерлiктi орындау жерi — мұрагердiң соңғы тұрған жерi болып табылады. Соған қарамай, Бостандық аудандық сотының судьясы Ж.Омаров өзiнiң ұйғарымымен «бұл арыздың соттылығы бұл жер емес, мүлiктiң тұрған жерi Жамбыл ауданы болып табылады және бұл арыз ерекше iс жүргiзу тәртiбiмен қаралмайды» деп құжаттарды керi қайтарды. Сонда қалай, сот мүлiктiк дау мен мұрагерлiк массаны және ерекше iс жүргiзу мен талап-арыздың ара жiгiн ажырата алмағаны ма? Мұндай жағдайда бұрын бiз «екiншi жақ судьяны қызықтырған болуы керек» дейтiнбiз. Бұл жерде мүдделi екiншi жақ та, үшiншi жақ та жоқ. Яғни, мұны судьяның бiлiксiздiгiнен кеткен қателiк демеске амалың жоқ. Әрине, бiз Алматы қалалық сотқа жеке шағым жаздық. Алматы қалалық сотының 2009 жылғы азаматтық iстер туралы алқасының қаулысымен ұйғарымның күшi жойылды. Бiрақ, әлгi солақай ұйғарым көңiлге күдiк ұялатты.
Екiншi мысал. Алматы қаласы №2 Әуезов аудандық сотының сырттай шығарған шешiмiн бұзу туралы арыз түсiрдiк. Бiздiң арызымыз судья Г.Жүсiпқалиеваға түстi. Осыдан кейiн бiз iспен танысуға арыз жаздық. Бiрнеше күннен кейiн келгенiмiзде «iстi мұрағаттан алуымыз керек, басқа күнi келiңiз» деп қайтарды. Айтқан күнi келдiк. Ол күнi де дайын болмады. Басқа күнi тағы келдiк. Әйтеуiр, әупiрiмдеп жүрiп iспен де таныстық. Оның iшiнен бiрнеше құжаттың көшiрмесiн сұрадық. Дайындап қоюға уәде бердi. Бiр күн, екi күн, үш күн өттi. Уәделi көшiрме жоқ. Сақалымызды сапситып бiрнеше рет келiп жүрiп, оны да алдық. Ал ендi сот мәжiлiсiне келсек, ол арыз бергеннен кейiн тура 3 айдан соң басталды. Заң талабына сай бұл iс 10 күнде қаралуға тиiстi. Ендi әрi қарай сот мәжiлiсi қанша уақыт боларын тек судья бiледi. Бұрын мұндай сергелдең өте аз болатын. Осы соңғы екi жылдың шамасында тым көбейiп кеттi. Бұл – iстi компьютермен бөлгеннен кейiн туындап отырған мәселе. Шешiмiн тапқан iс әлi шешiлмей компьютерде тұрса, судьяға жаңа iс тағайындалмайды. Мысалы, қарыз берген кiсi екiншi жақты қарызын мәжбүрлеп орындату үшiн сотқа талап-арыз түсiредi. Екiншi жақ алған қарызын мойындайды және дәлелдер де бар. Соттың бiр мәжiлiсiнде шешiлiп тұр. Бiрақ екi айсыз шешiм шықпайды. Ал бiз болсақ, судья мен екi ортадағы кедергiден өте алмай кiрiптар болып жүре беремiз. Бiзде басқа амал жоқ. Кейбiр судьялардың адвокатты шабарман көретiнiн қайтерсiз?!
Үшiншi мысал. Биыл қаңтарда талапкер Б. жауапкер К.-ден шығын өндiру туралы талап-арыз түсiрдi. Осы талап-арыз Алматы қаласы №1 Бостандық ауданының судьясы Р. Жақыповаға түстi. Ол өзiнiң ұйғарымымен талап-арызды қабылдамай, құжаттарды керi қайтарды. Себебi, талап-арыз қазақша жазылған, ал iстегi құжаттар орыс тiлiнде. Оларды қазақ тiлiне аудару керек дейдi. Осы құжаттардың барлығы жауапкердiң өзiнен алынған. Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң 14-бабында «iске қатысушылар iстегi басқа тiлде жазылған құжаттарды түсiнбей жатса, онда оны сот аудартуға мiндеттi» делiнген. Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл. Iстегi барлық құжаттарды аударуға адвокаттың мүмкiндiгi жоқ. Оған көп қаражат керек. Бiрақ сот соған мәжбүрлейдi.
Төртiншi мысал. Талапкер Л. өткен жылы жауапкерден үй салған шығындарды өтеуге талап-арыз түсiрдi. Бұл талап-арыз Түркiсiб аудандық сотының судьясы Смольяноваға түстi. Осы талап-арыз осы күнге дейiн әлi мән-жайымен қаралған жоқ. Соттың сылтауы көп. Сот iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзгенде талапкердi шақырмайды. Өзiнше шешiм қабылдайды. Мақұл қабылдасын делiк, ендi онымен талапкердi таныстыру керек емес пе? Олай етпейдi. Үй құрылысын сараптамаға бердi. Олар қосымша құжаттар сұрап өтiнiш жазған. Оны сот бiзге берген жоқ. Сосын бiз «неге сараптама уақытында жасалмайды» деп сұрағанымызда, өзiмiзге кiнә тақты. Мiне, судьяның әрекетсiздiгi.
«Судьяның үстiнен неге шағымданбайсыз?», – деп заңды сұрақ қоюыңыз мүмкiн. Шағым жасап көрiңiз. Ол – сiздiң бұдан кейiнгi iстерде ұтылуыңыздың бiрден-бiр кепiлдiгi. Егер бiрiншi сатыдағы сотта ұтылсаңыз, оны әрi қарай шағым берiп iстi бұзудың мүмкiндiгi жоқтың қасы.
Ә.Әбдиев.
Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесi, Алатау заң кеңесiнiң адвокаты.