1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
19 қыркүйек 2017
Қытайлық қандасымыз Қазақстанға қайта оралды

Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің ұсынысына сәйкес, жақында жоғарғы сот органының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Қытай Халық Республикасының азаматы Абай Дәулетқанды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы істі қайта қарап, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық сотының 2017 жылғы 16 қаңтардағы шешімінің күшін жойды. Осылайша сот заңдылық, әділдік және ізгілік қағидаттарын басшылыққа алып, Қытайдағы қандасымыз Абай Дәулетқанды отбасы мен бала-шағасы Қазақстанда бола тұра, жалғыз әрі баспанасыз жат жерде қалып қою азабынан құтқарды. Бұған дейін жергілікті соттың шешімімен ол өзінің тарихи Отанынан шығарылып жіберілген болатын.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, жақында ғана нүктесі қойылған істің қысқаша тарихы мынадай.
2002 жылдан бастап Қытайдың Шәуешек аймағының Дөрбежін аудандық орман көгерту мекемесінің жауапты басшысы қызметін атқарып келген қандасымыз Абай Дәулетқан отбасымен бірге тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келуге бел байлайды. Осы ретте оған әлдекімдер «Қазақстанның азаматтығын алу оңай емес, егер зейнеткер немесе жұмыссыз деген куәлік ұсынсаң жеңілдіктерге ие болып, азаматтықты тезірек аласың» деген кеңес айтқан.
Қалай болса да атамекеніне келуді армандаған ол басын бәйгеге тігіп, Қытай Халық Республикасы Шәуешек аймағы Дөрбежін ауданы әкімшілігінің халық істері мекемесінде өзінің атына 2004 жылдың 13 қазанында лауазымды тұлғаның қолы қойылып, мөрі басылған зейнеткерлікті растайтын жалған құжат жасатып алады. 2006 жылы ол Қазақстанда шетелдіктің тұрақты тұру ықтиярхатын алу үшін көші-қон қызметіне әлгі жалған зейнеткерлік куәлігін ұсынған. Осылайша ол шетелдіктің тұрақты тұру ықтиярхатына қол жеткізіп, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына отбасымен бірге көшіп келеді. Осы аралықта оның әйел, бала-шағасы Қазақстанның азаматтығын алып, жұмысқа тұрып, үйленіп, немере сүйіп, мамыражай күндер өтіп жатады.
Қашанда шындық ертелі-кеш белгілі болады емес пе?! Араға 10 жыл салып ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Абай Дәулетқан ұсынған зейнеткерлік құжаттың жалғандығын анықтайды. Осылайша оған 2016 жылдың 15 шілдесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 385-бабының 3-бөлігіне сәйкес, «көрінеу жалған құжатты пайдаланған» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалады. Жауаптылыққа тарту мерзімінің ескіруіне байланысты аталған қылмыстық іс қысқартылып, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
«Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, Д.Абай Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 602-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты, яғни көлiкті жүргiзу барысында сыртқы жарық түсiру аспаптарын қолдану қағидаларын бұзғаны үшін 2016 жылдың 1 мамырында әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өз қатесін мойындаған ол айыппұлды толығымен өтейді.
Осы мән-жайларды негізге ала отырып Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық ішкі істер бөлімі Дәулетқан Абайды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызбен Ұлан аудандық сотына жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот осы азаматтық істі қарай келе, 2017 жылғы 16 қаңтарда аудандық ішкі істер және прокуратура органдары өкілдерінің уәжімен келісе отырып, Абай Дәулетқанды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы шешім қабылдап, оның ел аумағынан шығуына 15 күн уақыт береді. Осылайша сот шешімі орындалып, Д.Абай 2017 жылдың 1 ақпанында ел аумағынан Қытайға шығарылады.
Бұл жағдайдың заңдылық пен әділдік қағидаттарымен үйлеспейтіндігін алға тартқан Д.Абайдың өкілі С.Оқасов кассациялық алқаға өтінішхат жолдап, сот шешімінің күшін жоюды талап еткен. Алайда 2017 жылғы 20 ақпанда кассациялық алқаның судьясы аталған өтінішті жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысында қарауға беруден бас тарту жөнінде қаулы шығарады.
Кассациялық алқаның қаулысымен келіспеген С.Оқасов жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің атына өтінішхат жолдайды. Онда: «Шығарылған сот актілерімен келіспеймін және күші жойылуы тиіс деп есептеймін. Сот екі болымсыз фактіні негізге алып, республика шегінен тыс шығарып жіберу туралы шешім қабылдаған. Бірінші факті бойынша қылмыстық іс қысқартылса, екінші факті бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни оның іс-әрекеті ауыр қылмыстар қатарына жатпайды. Жанұясы, үш баласы мен әйелі Абай Дәулетқанның асырауында болғандықтан, Қытайда зейнеткер куәлігін заңсыз жасатуға мәжбүр болған. Бұл іс-әрекетімен Қазақстан Республикасына ешқандай залал келтірмеген. Қазіргі таңда оның жасы егде тартып, денсаулығы нашарлады. Арнайы дәрігерлік құжаттар негізінде оның іш құрылысы: бауыры, бүйрегі, ішек жолдарына ота жасалып, үнемі емделуді және дәрігердің бақылауында болуды қажет етеді. Зайыбы мен үш баласы да Қазақстанның азаматтығын алып, құда-жекжатты болған кезде және елім деп еңіреп келген бұл азаматты қартайған шағында жалғыз өзін Қытайға шығарып жібергеннен біздің мемлекетіміз не ұтады? Қазіргі таңда Абай Дәулетқан туған отбасынан жырақта баспанасыз, бөтен елде қайыршының күнін басынан өткеруде. Сондықтан істі қайта қарап, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», – делінген.
Осы өтінішхатқа сәйкес, жоғарғы сот төрағасы азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасына ұсыныс түсірді. Аталған ұсынысында Қ.Мәми бұрынғы қабылданған сот актілері соттардың құқық нормаларын түсіндіру және қолданудағы бірізділікті бұзатындығын назарға алды. Себебі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексі 438-бабы 6-бөлігінің 3-тармақшасына сәйкес, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндірудегі және қолданудағы бірізділікті бұзатын жағдайларда заңды күшіне енген сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осылайша кассациялық алқа істі қайта қарау барысында жасы алпысты алқымдаған Д.Абайдың 2014 жылы Қытай заңнамасына сәйкес, еңбек өтілінің толуына байланысты расымен зейнетке шыққанын, оның әрекеті салдарынан Қазақстанның бюджетіне еш залал келмегенін, егде тартқан шағында өзге елде жалғыз өмір сүріп жатқанын, зайыбы мен үш баласы, олардың отбасы мен немерелерінің тарихи Отаны – Қазақстанда тұрып жатқандығын, олармен кездесу мүмкіндігінен айырылғанын, денсаулығының сыр беріп нашарлағанын ескерді.
Жоғарыдағы мән-жайлардың негізінде жоғарғы сот Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық сотының 2017 жылғы 16 қаңтардағы шешімінің күшін жойып, Д.Абайды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы Ұлан аудандық ішкі істер бөлімінің талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарды.
«Отан – оттан да ыстық» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Отанын сағынған қандасымыз түрлі кедергілерге қарамастан, атамекенінде өмір сүру бақытына ие болды. Әрине, кейіпкердің барлық іс-әрекетін толығымен құптаудан не айыптаудан аулақпыз. Бірақ бір нәрсе анық. «Атамекен» деп соққан жүректің тарихи Отанын таппай қоймайтынын, жат жердегі мың күннен – өз топырағыңдағы бір күннің артықтығын түсінесің. Өз басым осы оқиғаны зерделеу барысында ата-бабамыздың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қанатты қағидасының өміршеңдігіне тәнті болдым.

Айдос САДУАҚАСОВ
Астана қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Айдос | 21 қыркүйек 2017 14:34
Автор ретінде осы мақаламды жариялағаны үшін "Жас Алаш" газетінің редакциясына алғысымды білдіремін. Ел мүддесі жолындағы қызметтеріңізге табыс пен ақ жол тілеймін!
Шынар | 21 қыркүйек 2017 15:12
Ұлан аудандық құқық қорғау органдары немене кілең орыстар ма? Неге сонша жаулық қылады елім деп келген азаматқа. шетінен иттер екен.Оңбаған ақымақтар!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті