6 шілде 2010
Ақтау түрмесiнен камикадзелер қашқан ба?

БIЗДЕГI ЖАҒДАЙДЫ АМЕРИКАЛЫҚ КИНОРЕЖИССЕР ЕСТIМЕЙ-АҚ ҚОЙСЫН, «ФИЛЬМ ТҮСIРЕМIЗ» ДЕП ӘДIЛЕТ МИНИСТРIН ӘУРЕ ЕТЕР...
Ақтау қаласындағы ИУ-23 (171/1) қатаң режимдегi түрмеден қашқан қылмыскерлер туралы жаңа деректер жария болды. Бұл туралы «Время» газетiнiң тiлшiсi Г.Бендицкий өзiнiң зерттеу мақаласында жазыпты.
Алғашқыда қылмыскерлердiң түрме жарығын сөндiрiп тастап қашқаны туралы ресми ақпар тараған-ды. IIМ сарбазы Е.Отарбаевтың оқ тиiп жараланып, қансырағанына қарамастан қылмыскерлердiң үшеуiн атып түсiргенi туралы да аз айтылған жоқ. Алайда, ресми ақпараттың шындыққа жанаспайтыны әшкере боп қалды.
ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР ҚАРУ-ЖАРАҚТЫ ТҮРМЕГЕ ҚАЛАЙ КIРГIЗГЕН?
Ендi мынаған назар салыңыз: оққа ұшқан үш қылмыскердiң жанынан тегiс ұңғылы винчестер, «Байкал» тапаншасы, ТОЗ револьверi, темiр қиындылары толтырылған жарылғыш зат, 16 құтыға құйылған жанғыш сұйықтық табылған! Сонда деймiз-ау, мұнша қаруды түрмеге кiм кiргiзген, қалай кiргiзген? Түрме аумағынан шықпай жатып-ақ оққа ұшқандарынан осындай қару-жарақ табылғанда, сытылып кеткендерi жеңiл көлiктердi емес, дайын тұрған әскери БТР-дi мiне жөнелген шығар, бәлкiм?
Одан әрi оқиға былай өрбiген: түрмеден сытылып шыққандары колониядан шамамен 5 шақырым жердегi ескi қораға бiр топ сыбайласын тастай қашқан. Қорада қалғандары қуғыншыларды тұсай тұруы керек. Бұл топты басқа емес, қашқындардың басшысы Нариман Әжиевтiң өзi басқарыпты.
Арнайы әскермен қақтығыс кезiнде төртеудiң үшеуi оққа ұшып, Жандос Құрмашев тiрiдей қолға түскен. Өлген қылмыскерлерден 400 мың теңге, «Сайга-410» тегiс ұңғылы автоматы, бiр сөмке жарылғыш зат пен тапаншалар табылған. Құрықталған Құрмашевтiң айтуынша, қашқындар «ГАЗель», «БМВ» және «Тойота» джип-пикаппен зымырамақ болыпты. Бұлардың үш көлiкпен Арал теңiзiн айналып өтiп, Жамбыл облысының Қаратау қаласына жетiп аяқ суытып алған соң, одан әрi Қырғыз аспақ ойлары болған...
ӨЗДЕРIН-ӨЗДЕРI ЖАРҒАНЫ НЕСI?
Iшкi iстер министрлiгiнiң баспасөз хатшысы Қ.Жұманов қалған қылмыскерлердiң 26 шiлде күнi Ақтаудан 170 шақырым жердегi Шетпе ауылының тұсынан ұсталғанын қуана хабарлады. Қызылсай шатқалына бекiнiп алған қашқындар арнайы әскерге кәдiмгiдей күш көрсеткенiн, олардың бесеуi тұтқындалып, атыс барысында сегiз қылмыскердiң қаза болғанын да Жұмановтан естiп-бiлдiк.
Шын мәнiнде оқиға бұлай болмаған. «Время» газетi тiлшiсiнiң жазуынша, қылмыскерлер арнайы әскер жауынгерлерiнiң қолынан қаза таппаған. Тығырыққа тiрелгенiн сезген қашқындар джип-пикап «Тойотаға» таласа-тармаса мiнген соң «Аллаһ акбар!» деп айқай салып, өздерiн-өздерi жарып жiберiптi.
Осылай болғаны рас болса, мұны ресми органдар неге жасырған? Неден секем алды? Дiни алауыздықтан ба? Жаңағы тосын ақпардың шетiн шығарған — Маңғыстау облыстық IIД-нiң баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова. Ол баспасөз мәслихатында айтуға тиiс емес нәрсенi айтып қойғандықтан жұмыстан шеттетiлiптi. Ендi облыстық полицияның бұрынғы «көзi, құлағы һәм тiлi» Г.Мұхтарова тiптi полицияның есiгiнен де сығалай алмай қалуы мүмкiн.
Түрмеден қашқан 21 қылмыскердiң 20-сы дiни фанаттар көрiнедi. Тағы бiр дерек көзi бұларды «уахабшылар» дейдi. Ендi бiрiнiң «Хизб-ут-Тахрирдiң» мүшесi екенi айтылды.
Түрмеден қашқандардың бәрi де аса ауыр қылмыстары үшiн ұзақ мерзiмге сотталғандар болып шықты. Мәселен, Ресей азаматы Денис Воронкин 14 жылға сотталыпты. Дәурен Әлiмбетов ұлтаралық алауыздық тудырып, лаңкестiктi насихаттағаны үшiн 11 жылға кесiлiптi. Нариман Әжиев, Орынбасар Жолдасбаев және Еркiн Алпанов полиция қызметкерлерiн өлтiргенi үшiн 17 жылдан 20 жылға дейiн бас бостандығынан айырылыпты.
Сонда бұлардың бәрi де «не бел, не белбеу кетсiн» дейтiн тәуекелге қалай барды? Не себептi өздерiне-өздерi қол жұмсады?
Шынайы ақпаратты жасырып-жауып отыр. Ал жырымдап тапқан дерекпен мұның ақ-қарасын ашу қиын. Қашқындар шынымен де уахабшылар ма? Тыйым салынған ұйымның мүшелерi ме? Бәлкiм, Әдiлет министрлiгiнiң қабырғасындағы әдiлетсiздiктен әбден қажыған қарапайым адамдар шығар? Мұны жұрт Әдiлет министрiнiң өзi айтар деп күтедi.
ӘДIЛЕТ МИНИСТРI ЕНДI ҚАЙТЕР ЕКЕН?
Бұрын-соңды Қазақстан түрмелерiнен мұнша адам қашып көрген жоқ. Бұл ненi көрсетедi? Жемқорлық пен салақтықтың шегiне жеткенiн! Егер өркениеттi елдерде осындай оқыс оқиға болса, тиiстi органның басшысы өз еркiмен отставкаға кетер едi. Өз еркiмен кетпесе, кетiретiн едi. Ал Рашид Түсiпбековтен ондай ерлiктi күту бекер. Бiр кездердегi өрт сөндiргiш көлiктiң жүргiзушiсi Қазақстандағы бүкiл түрмелердi өрт шалса да, өз еркiмен қызметтен кете қоймас, сiрә. Ал Түсiпбековтi кетiруге тиiс адам дәл қазiр ондай «ұсақ-түйекке» бола көңiл-күйiн бүлдiргiсi келмейдi.
ҚАЗАҚСТАН ТҮРМЕЛЕРI ТАУЫҚКҮРКЕ СИЯҚТЫ
Бұдан екi жыл бұрын Тараз түрмесiнде болған оқиға естерiңiзде ме? Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған. Тараз түрмесiнде қылмыс әлемiнiң серкелерi бiлгенiн iстеп жүрiптi. Түнде белгiлi бiр камералардың есiгi сықырлай ашылады, онда отырған «құрметтi қонақ» маң-маң басып шығады... Бiр күнi сотталушылардың бiрi түрме бақылаушысына бешбармақ бермей ме. Ашқарақ байқұс бешбармақты қарпыта асайды да, бiршама уақыттан кейiн қатты ұйқыға кетедi. Сөйтсе, бешбармаққа героин және ұйықтататын дәрi қосып жiберiптi. Қылмыскерлер дәп бiр кинодағыдай түрме есiгiнiң кiлттерiн бақылаушының белiнен шешiп алып, көршi ғимаратқа өтедi. Одан кейiн түрме қызметкерлерiнiң кабинетi арқылы шатырға шығып, көрпенiң тысынан жасалған арқан арқылы жерге түсе бастайды. Үшiншiсiне келгенде арқан үзiлiп кетiп, ол 6 метр биiктен жерге құлайды да, жамбасын сындырып алады. Қалған екеуi қараңғыға сүңгiп, жоқ болады.
Бұлар тараздағы СИ-13 түрмесiнде жазасын өтеп жатқан ағайынды Ерғали мен Қайрат Қырықбаевтар және «Валют-Транзит банкiнiң 3 инкасаторын өлтiрткен Марат Әбдуәли едi...
БIЗДЕГI ЖАҒДАЙДЫ КИНГ ПЕН ДАРАБОНТ ЕСТIМЕЙ-АҚ ҚОЙСЫН
Америкалық жазушы-сценарист Стивен Кингтiң повесi желiсiмен режиссер Френк Дарабонт 1994 жылы «Шоушенкадан қашу» деп аталатын әйгiлi фильмiн түсiрдi. Шоушенк — АҚШ-тың солтүстiк-шығысындағы «Жаңа Англия» аймағындағы атақты түрме. Түрме болғанда да, аса қауiптi қылмыскерлер жазасын өтейтiн сұмдық түрме.
Әлдебiр банктiң вице-президентi Энди Дюфрейн «өзiнiң әйелi мен оның ашынасын өлтiрдi» деген жаламен өмiр бойы түрмеде отыру жазасына кесiледi де, Шоушенкке түседi. Жемқорлыққа әбден батқан түрме басшылығының әдiлетсiздiгiне шыдамаған Энди түрме қабырғасын ұзақ уақыт бойы үңгiп тесе бередi, тесе бередi. Күндердiң-күнiнде ешкiм қашып көрмеген Шоушенк түрмесiнiң қабырғасын тесiп өтiп, бостандыққа шығады. Фильмнiң қысқаша сюжетi осындай.
Жалпы, Френк Дарабонт түрмедегi өмiр туралы фильм түсiргендi жақсы көредi. 1999 жылы ол Стивен Кингтiң тағы бiр повесi бойынша «Жасыл миля» деп аталатын мистикалық түрме драмасын түсiрген-дi.
Пақырыңыз мұның бәрiн не үшiн жiпке тiзiп отыр дейсiз. Соңғы бiрер жылда Қазақстан түрмелерiнен кiмнiң қалай қашқаны жазушы-сценарист Стивен Кинг пен режиссер Френк Дарабонттың құлағына жетсе, екеуi қол-аяғы жерге тимей Қазақстанға келiп, онсыз да мұрнынан тiрелiп жүретiн Әдiлет министрiн әурелеп жүрер, «мына оқиғалардың авторлық құқығын бiзге сат» деп...
Е.Биеке.




