3 қараша 2009
«Сеймардың» басына бұлт үйiрген қандай күш? Белгiлi кәсiпкер Марғұлан Сейсембаевты Интерпол iздеп жатыр

Өткен аптаның сәрсенбiсiнде Экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгiнiң (қаржы полициясы) ресми өкiлi Мұрат Жұманбай «Альянс банк» АҚ-ның басты акционерлерi Марғұлан Сейсембаев пен оның туған бауыры Ерлан Сейсембаевқа «банк қаржысын жымқырды» деген айып тағылғанын мәлiмдедi.
«16 миллиард 919 миллион теңге банк ақшасын жымқырғаны үшiн М.Сейсембаев пен оның туған бауыры Ерланға және банктiң несие комитетiнiң төрағасы Сапаровқа агенттiк сырттай айып тақты. Тұтқындауға берiлген сот санкциясымен бұларға халықаралық iздеу жарияланды. Iздеу шараларын жүргiзу ҚР IIМ-нiң Интерполдағы орталық бюросына тапсырылды. Банк жер телiмдерiн кепiлдiкке алып, ағайынды Сейсембаевтарға тиесiлi компанияларға жалпы сомасы 23 миллиард 231 миллион теңге несие берiлген.
Алайда, Марғұлан Сейсембаевтың заңсыз тапсырмасымен әдiлет органдарына хат жолданып, ол хатта несие қарызын өтеп жатқаны айтылған. Сонымен, Сейсембаевтардың банкке қарызы қазiр 16 миллиард 919 миллион теңге боп тұр», — дедi М.Жұманбай.
Қаржы полициясы ресми өкiлiнiң айтуынша, Марғұлан Сейсембаевтың тағы бiр туған бауыры Асқар Ғалиннiң үстiнен де қылмыстық iс қозғалып, халықаралық iздеу жарияланыпты. Ғалин де «банктiң қыруар қаржысын қолды еткенi үшiн» айыпты болған көрiнедi.
Қаржы полициясының мәлiмдемесiнен кейiн онсыз да екiұдай ойда жүрген М.Сейсембаевтың елге оралмайтыны анық ендi. Егер Интерполмен ит қосып қуып әкелмесе, әрине. Марғұлан мен оның бауырларының iстеген iсiне бiз баға бере алмаймыз. Оны тергеу мен сот анықтауы керек. Ал бiздiң айтқымыз келгенi мүлдем басқа нәрсе.
Бiлетiндердiң айтуынша, 1991 жылы президент Н.Назарбаевпен кездесуден кейiн М.Сейсембаевтың тасы өрге домалаған деседi. ҚазМУ-дың заң факультетiнiң студентi президентке қарапайым отбасынан шыққанымен, бастамашылдығымен, бiрнеше тiл бiлгенiмен ұнаса керек, сiрә. Кездесуден кейiн Назарбаев оны жеке қабылдаған көрiнедi...
Кiм не десе де, Марғұлан Сейсембаевтың ұлтжандылығы, қазақ тiлiне, қазақ баспасөзiне деген жанашырлығы ұнайтын бiзге. Оның аз да болса қамқорын көрмеген қазақ газетi кемде-кем. Әсiресе, Марғұланның «Жас Алашқа» деген көңiлi алабөтен едi. Бұдан екi-үш жыл бұрын көмекшiсiнен сәлем айтқызыпты. «Қазақ баспасөзiнiң мұзжарғышы — «Жас Алаш» газетiне сұхбат берсем деп едiм. Саясатта шаруам жоқ, айтпағым — банк жүйесiнiң, қаржы саласының жай-күйi» деп. Елiмiздегi қазақ тiлiнде жатық әрi шешен сөйлейтiн бiрден-бiр бизнесмен өтiнiш айтып тұрғаннан кейiн көңiлiн қалдырмадық. Сол сұхбатында ол талай-талай жайттың басын ашқан-ды. Мәселен, еврей жүйесiмен жұмыс iстейтiн қазiргi банктер мен ислами банктердiң жер мен көктей айырмашылығын, ислами банктердiң Қазақстанға не үшiн кiре алмай отырғанын жiлiктеп бердi.
Қазақ баспасөзi десе, ертоқымы ауған асау аттай үркектейтiн қазақ кәсiпкерлерi турасында да сөз болған сол кездесуде. «Олардың көпшiлiгi менiң достарым, әрiптестерiм. Достарымның түгелге жуығы қазақ тiлiн бiлмейдi немесе өте нашар бiледi. Сiздерден ұялатын басты себебi де сол. «Қазақ тiлiн бiлмейтiнiмдi бетiме баса ма» деп үркектейдi. Кейбiреуi қазақ баспасөзi турасында тiптi қате пiкiрде екен. «Қазақ газеттерi сұраншақ, кездессек бiзден ақша сұрайды», – дейдi. Ондайларға: «Қазақ газеттерi сендердiң ақшаларыңа қарап қалған жоқ. Сендерге дейiн де шығып келген газеттер сендерден кейiнгi уақытта да шыға бередi. Мұндай жаңсақ пiкiрге жол бермеңдер. Өз басым қазақ газеттерiнiң бәрiн жазғызып алуға тырысамын. Және де «Альянс банктiң» елiмiздегi барлық бөлiмшелерiне қазақ газеттерiне жазылуға жыл сайын тапсырма беремiн. Сендер де осылай қазақ газеттерiне аз да болса көңiл бөлiп жүргендерiң абзал», — деп қарсы уәж айтамын», — деген сонда М.Сейсембаев.
«Альянс банкi» қаржы саласын жерiне жеткiзе жазып жүрген қазақтiлдi БАҚ арасында екi-үш жыл қатарынан «Қалам-Қаржы» конкурсын өткiздi. Мұнысы бiр жағынан қазақтiлдi БАҚ-тың сауатын арттыру болса, екiншi жағынан — ынталандыру. «Жас Алаш» та осы конкурста бiрнеше номинация бойынша жүлдегер атанған.
Қазақ кәсiпкерiнiң қаншалықты «iшiп-жеп қойғанын» бiз бiлмеймiз. Бiлетiнiмiз — онсыз да саяси даулардың қоламтасы өшпей жатқан тұста тағы бiр қажетсiз даудың басталғаны. М.Сейсембаев саясаткер емес, оны Интерпол арқылы шетелден елге алғызу анау айтқандай қиын болмауы да мүмкiн. Ал егер жария түрде таққан айыбын қаржы полициясы кезектi рет дәлелдей алмай қалса ше? Осы бiздiң қаржы полициямыздың iс-әрекетi баланың ойыны сияқты. «Кiм дұрыстап тығылмаса, қаржы полициясы кiнәлi емес» дейтiндей құдды. Онсыз да түрлi-түрлi маңызды iстермен басы қатып жатқан Интерполды әурелейдi де жүредi, әйтеуiр. Бiрде ҰҚК, ендi бiрде қаржы полициясы. «Соңғы кезде қазақтарға не болған осы?» деп олар да ойлайтын шығар...
«Сеймардың» — Марғұлан Сейсембаевтың басына бұлт үйiрген қандай күш болды екен, ә? Алдағы уақытта саяси жауырыншылардың бас ауыртатын басты тақырыбы осы болатыны даусыз. Айтпақшы, М.Сейсембаев «төл баласы» — «Альянс банкiн» үкiметке (бәлкiм, жеке адамға — ред.) бар-жоғы 100 теңгеге сатты ғой бұрынырақта. Банктi сатып алған үкiмет немесе жеке адам 100 теңгенi қымбатсынып, қорланған шығар, бәлкiм?..
Ерiк РАХЫМ




