1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №51 (16237)   27 маусым, сейсенбі 2017
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
27 маусым 2017
Ұшып жүріп жұмақты көргендеймін...

Көпбалалы отбасынан шыққан ақ жаулықты анамын. Бір үйде 10 бала тәрбиелендік. Әкеміздің небәрі үш сыныптық білімі болса да, өте сауатты, шаруақор, көкірегі ояу азамат еді. Білімдарлығы ұлдарына қонды. Негізінен, техникалық білім алған бауырларымның білмейтіні жоқ десем артық айтқандығым да, мақтанғандығым да емес.
Осы 10 баланың ішінде өзім өзгешелеу болып өстім. Аздап шығармашылыққа да әуестігім бар. Бірақ оны ешқайда жариялаған емеспін. Шимай-шатпағым сарғайған күйі сандықтың түбінде жатыр. Бойжете келе көрген түсімнің өмірде анық жүзеге асатынын, айтқанымның дені дұрыс шығатынын сездім. Бірақ күні бүгінге дейін бұл қасиетім туралы ешкімге ештеңе айтқан емеспін.
Айналама сездірген де емеспін. Мәселен, жастығымда маңдайға жазылған тағдырымды шамалап білдім. Кімге, қалай тұрмысқа шығатынымды, қанша бала туатынымды да сезіп жүрдім. Кейде айтқан болжамым дұрыс шығып жатса, таныстарым «қайдан білдің?» дейді. «Әншейін айта салғанмын» деймін. Шын мәнінде сеземін және көбіне ұйықтап жатқанда біреу құлағыма сыбырлайтындай күйде боламын. Осыдан бес жыл бұрын әпкемнің қызы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шықты. «Қап, бекер істеді-ау» дедім әпкеме. Одан әрісін айта алмадым. Көңіліне қарадым. Іштей «бұлар бәрібір дұрыс тұрмайды, балалы болғаннан кейін екеуі екі жаққа кетеді» деп ойладым.
Шынында да, солай болды. Күйеубаламыз алаяқ болып шықты. Осыдан екі жыл бұрын көршімнің ержеткен баласы қатты өзгерді. Әке-шешесі ештеңе байқамады. Ал мен оны жын иектеп жүргенін сездім. Дереу «молдаға апарыңыздаршы» деп едім, олар келісті. Бес-он күн дем салғаннан кейін құлан-таза айығып кетті. «Қайдан білдің?» – деді. «Соңынан біреу жүргенін көрдім», – деп едім, шошып, көзі бақырайып кетті. «Қалжыңдаймын, бұрын ондай емес еді, өзгеріп, өз-өзінен сөйлеп, көзі алақ-жұлақ етіп жүрді ғой. Сырт көзге бірден көрініп тұрды», – деп құтылдым. Мұндай мысалдар мың сан. Қайсыбірін айтайын. Соңғы кездері түсімде ұшатынды шығардым. Тау-тастың, ауыл-қаланың үстінен ұшамын. Бәрін өмірдегідей анық көремін.
Бірде... жұмақты көргендей күй кештім. Оны суреттеп, көрнекілеп айтуға тілім жетпейді. Неге екенін білмеймін, жұмақ деп ойладым. Керемет сұлу табиғат, бес-алты балапанын ерткен бір құсты көрдім. Ол да өте көркем. Тіпті керім. Тілім байланып қалды. Бұл не сонда? «Үшінші» көз бе? Білмеймін. Арғы тегімде көріпкел, бақсы-балгер болмаған. Сонда ол қайдан біткен қасиет? Соңғы кездері осы жайлы көп ойланып-толғанатын болдым.

Ғ.АМАНЖАН
Ақмола облысы


 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті