1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
26 қыркүйек 2017
Тасбике әжемнің сары жауырыны

Ес тоқтатқалы білетінім, Тасбике әжемнің алдынан келімді-кетімді кісі бір үзілмейтін. «Бал ашып берші» дегендерін еститінмін. Бірақ оған ерекше мән бермейтінмін. Орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы республикалық медицина училищесін аяқтап, аудан орталығында емдеу мекемесінде жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні кешкісін ойда-жоқта: «Әже, бал ашып беріңізші, мен қашан үйленеді екенмін?» – дедім. Әжем біссімілләсін айтып, шүберекке оралған сары жауырынын қолына алып, күбірлеп көп үңілді. Әлден уақытта: «Балам, алдыңда ұзақ жол жатыр. Айналаң көл-дария су, несібең сол жерден», – деді.

Шынымды айтсам, мен бұған өте қатты сене қоймадым. Содан үш-төрт апта өткен соң мені ойламаған жерден әскери комиссариатқа шақырды. Барған күні дәрігерлік комиссиядан өткізіп, ертесіне «әскерге алынсын» деген қағазды қолыма ұстатты. Ауданнан үш жігіт Солтүстік флоттың «Жаңа жер» аралындағы әскери бөлімшесіне барып түстік. Ел қатарлы алты ай қызметімді атқарған соң, Ленинградтағы Әскери-теңіз флотының медициналық академиясының үшінші курсына оқуға түстім. Академияны ойдағыдай аяқтап, межеленген жерге бармақшы болып жүргенімде шешемнің қайтыс болғаны жөнінде хабар алдым. Сөйтіп, тағдырдың тәлкегімен әскери қызметіммен қоштасып, майдангер кәрі әкемді, үйленбеген үш інімді ойлап, отау тігіп, азаматтық өмірге еніп кеттім. Мамандығымды ауыстырып, милицияға қызметке тұрдым. Аудан орталығының учаскелік инспекторымын. Бірде Ә. деген азаматтан «өз шарбағында жайылып жүрген жерінен бір қошқар жоғалып кетті» деген арыз түсті. Заңға сәйкес, барлық іс-шараларды атқарып болған соң үйіне шайға шақырды. Дастархан басында абайсызда «егер табылмай жатса, балгер әжем бар, сол кісі арқылы табамын» деп айтып қалдым. Осы сөзімнің кейін өзіме таяқ болып тиетінін қайдан білейін. Арада бір-екі апта өтіп кетті. Қошқардың табылар түрі жоқ. Бір күні таңертеңгілік бес минуттық лездемеде бөлім бастығы мені орнымнан тұрғызып, «қашаннан бері коммуниссің?» деген сұрақ қойды. Мен бес жыл стажым бар екенін айттым. Ішімнен «қызметімді жоғарылататын шығар» деп дәмеленіп те тұрмын. Бастығым бір кезде саяси орынбасарына қарап, «облыстан штат сұра, мына көксоққанның балгер әжесін жұмысқа қабылдаймыз» деді. Сол кезде бірдеңені бүлдіргенімді бір-ақ білдім. Лездеме соңынан кабинетіне кіргізіп, біраз сілкілеп алды. Сөйтсем, әлгі арызданған адам аудан басшыларының көзінше «сенің анау учасковыйың жоғалған қошқарымды әжесіне бал аштырып тауып беремін деп еді, соны есіне салшы» деп біраз қағытқан көрінеді. Болары болып, сыбағамды алған соң әжеме барып, жоғалған қошқар туралы айтып бердім. Әрине, «бал ашып беріңіз» дедім. Әдеттегідей сары жауырынға ұзақ қарап отырып: «Қошқар сойылып кеткен, еті қараңғы жерде сақтаулы, ұры сары адам, қошқар иесінің күншығыс жақ бетінде тұрады», – деді. Айтқанындай-ақ, ет үйдің күншығыс жағында тұратын орыс жігітінің ұрасынан табылды. Тағы бірде бастығым «Азаттық» колхозының Иірсудағы жайылымынан үш бас асылтұқымды ірі қара малының жоғалғанын, соны іздестіріп табуды жүктеді. Әжеме келіп мән-жайды түсіндірдім. Сондағы әжемнің айтқаны: «Мал басы аман, тереңнен ағатын судың арғы бетінде дәу қара адамның қолында байлаулы тұр», – деді. Іздестіру нәтижесінде мал табылып, ұры да ұсталды. Әжем айтқандай, ұры ірі денелі, қара кісі екен. Тереңнен ағатын су – Ақсу өзені. Міне, балгер әжемнің қасиетіне қалай таңданбайсың... Кеңестік дәуірде балгер деген сөздің өзі заңға қайшы еді.
Әжем Тасбикенің көріпкелдік қабілетінің көмегін одан кейін де талай көрдік. Ол кісі 1990 жылы ауырмай-сырқамай 95 жасында дүниеден озды. Тілегі бойынша сарғайған сары жауырынды өзімен бірге жанына қойдық. Қазіргі аласапыран заманда небір алаяқ бақсы-балгерлер өріп жүр. Менің Тасбике әжем сынды қасиет қонған адалдары аз. Соған налисың.

Байғозы ӘБІЛДАЕВ
Т.Рысқұлов ауылы
Түлкібас ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті