16 ақпан 2010
Азамат рухына мешiттерде құран бағышталды

Он сегiз мың ғаламның жаратушысы бiр Алла екенi хақ. Мынау жарық дүниедегi жоқты бар қылатын да, барды жоқ қылатын да – бiр Алла ғана. Халқымызда “Адамнан сұрағанның екi көзi, Алладан тiлегеннiң екi бүйiрi шығады” деген нақыл сөз бар. Алладан тiлек тiлеп, жалбарыну, өлiлердiң рухына құран бағыштау – әрбiр мұсылманның парызы.
Осыған байланысты Маңғыстау облысындағы “Азат” партиясының жанынан құрылған ақсақалдар алқасы Алаш азаматтарына арнау хат жолдаған болатын. Ол арнауда “Алаштың ардақты ұлы, мемлекет және қоғам қайраткерi, әдiлеттiлiк жолында шаһит кеткен Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына арнап Қазақстандағы барлық мешiттерде 12 ақпан, жұма күнi жамағат болып құран бағыштап, Алладан тiлек тiлеуiмiз керек” деп үндеу тастаған болатын. Осыған байланысты “Азаттың” ақсақалдар алқасы мүшелерi Маңғыстау облыстық Бекет Ата мешiтiнiң бас имамы Төлепберген Жәкиев мырзаға жолығып, “12 ақпан күнi жұма намазынан кейiн жиналған жамағатпен бiрге Алтынбектiң рухына бағыштап құран оқиық” деп рұқсат сұраған болатын. Ол бастапқыда: “Бұларың өте орынды, өлiлердiң рухына мешiтте жамағатпен бiрге құран бағыштағанның ешқандай айыбы жоқ” деп келiстi. Екiншi күнi барғанда: “Кешiрiңiздер, А.Сәрсенбайұлының рухына құран бағыштау үшiн бiзге өтiнiш жазыңыздар, бiз сiздердiң өтiнiштерiңiздi бас Мүфти Әбсаттар Дербiсәлiге жiберемiз. Ол рұқсат етсе, жамағатпен бiрге оқуларыңа болады. Ал рұқсат етпесе, маған айып етпеңiздер. Бiз бас мүфтиятқа бағынамыз” деп қарап отыр. Иә, арада бiр күн өткен соң имамның бұлайша құбылуына бiз таңғалдық. Сонда қайтыс болғанына төрт жыл болған Алтынбектiң рухынан бiреулер әлi де қорқатын болғаны ма?!
Ақсақалдар алқасы имамның бұл айтқанына келiскен жоқ. “Бiз аруақтарға құран бағыштау үшiн, ешкiмге де өтiнiш жазып, рұқсат сұрамаймыз. Мешiт – барша мұсылмандарға ортақ Алланың үйi, имамдар мен билiктегiлердiң жекеменшiк офисi емес. Намазға жиналған жамағатпен бiрiгiп, оқытпаса оқытпай-ақ қойсын, бiрақ сол күнi әрқайсысымыз барып, өзiмiз құран оқимыз” деп уағдаласты.
Келесi, 12 ақпан, жұма күнi Маңғыстаудың барлық мешiттерiнде ел мен жерiн сүйетiн, Алтынбектей азаматын ардақтай бiлетiн халық мешiтке барып, бiрiнен соң бiрi құран бағыштаумен болды. Сол күнi Атырау, Ақтөбе облысындағы азаматтар да мешiттерге барып құран бағыштады. Өздерiнiң имандылық парыздарын өтеген азаматтар бiзге үздiксiз телефон соғумен болды. Солардың бiрi – Алматыдағы Ақсай мешiтiнен хабарласты.
Иә,үш жүз алпыс әулие мекен еткен, Пiр Бекет атамыздың жатқан жерi қасиеттi Маңғыстаудан басталған бұл имандылық бастамасы Алты Алашқа тарайтыны сөзсiз.Жыл сайын осы уақытта осындай шара өткiзiп тұруға мәмiлеге келдiк.Қасиеттi жұма күнi Алланың үйi – мешiттерде халық болып оқыған дұға қабыл болары хақ! Алтынбектiң рухы жәннатта ,топырағы торқа болғай! Алтынбек армандаған шынайы Азаттық мәңгi орнағай! Алтынбекке қастандық жасау халыққа қиянат жасағанмен бiрдей. Алла оларды екi дүниеде де тек жiбере қоймас. Қаныпезер қарақшылар мен олардың ұйымдастырушылары адамның заңынан айласын асырып құтылса да, Алланың әмiрiнен қашып құтыла алмас. Халықтың тiлегi қабыл болғай, иншалла!
Жәнiбек ҚОЖЫҚ,
Маңғыстау облысы





Уәж айту