1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Президент қол қоймаса да «Ұлт көшбасшысы» туралы заң күшiне ендi. Бұл ненi көрсетедi?
Бәрi алдын-ала ұйымдастырылғанын (63%)
Ақорда «бұлбұлы» Ертiсбаевтың сәуегейлiгiн (0.7%)
Кеңес өкiметi көсемдерiнiң сарқыншақтары бiздiң қоғамда әлi бар екенiн (8.9%)
Қазақ қоғамының саяси мешелдiгiн (27.4%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (15475) 2 наурыз, сейсенбі 2010
2 наурыз 2010
Су басқан Сарыағашты шу басып тұр...

 ЕЛ БОЛЫП ЖҰМЫЛҒАН ЖҰМЫСТЫҢ ЖҰЛЫМ-ЖҰЛЫМЫ ШЫҚҚАНЫ ӨКIНIШТI-АҚ

Тура осыдан екi жыл бұрын күтпеген жерден, 2008 жылдың ақпан айында Сарығашта су тасқыны болғаны елдiң есiнен шыға қойған жоқ. Сарыағаш ауданын бөле-жара айтып отырған себебi­мiз – ең көп зардап шеккен елдiмекендер осы ауданда болды. Ауа райының бiрден жылынуынан күрт ерiген қардан және толассыз жауған жаңбырдан пайда болған қарғын су Сарыағаш, Ордабасы аудандарының және Арыс қаласының көптеген елдi мекендерiн басып қалды. Су тасқыны 106 мың тұрғыны бар 49 ауылды басып, табиғи апат орасан зардап әкелдi. 3246 тұрғын үй, 9 мектептi су басты, 59 көпiр iстен шықты, 103 шақырым облыстық және жергiлiктi автожол, 170 гектардан астам егiстiк алқабы шайылды, 12 шақырым газ құбыры, 106 шақырым электр тарату желiсi, 269,7 шақырым суландыру құрылыстары қирады.
 
«Жұмыла көтерген жүк жеңiл» деген, обалы не керек, бұл нәубетке бүкiл ел болып жұмылды. Су тасқыны зардабын жоюға мемлекет 9 миллиард 348 миллион теңге, үкiмет өз қорынан 3 миллиард теңге, жергiлiктi бюджет 2525,6 миллион теңге бөлдi. Одан бас­қа көршi облыстар көмек қолын созып, атағынан ат үркетiн «Самұрық-Қазына», «Қазатомөнеркәсiп» секiлдi iрi-iрi ұлттық компания­лар қорға қомақты қаржы аударды. Одан басқа арнайы есепшотқа жұрт бiр күндiк жалақысын аударды, тiптi бiр айлық зейнетақысын аударған зейнеткерлер де көп болды.
Мемлекет басшысының өзi су тасқыны зардабына қатты алаңдап, қайта-қайта тапсырма берiп жатқан соң, қашанда көзге түсiп қа­луға тырысатын «Нұр Отан» партиясы бұл iсте тiптен белсендiлiк танытты. Олар ұйымдастырған «Жақыныңа жәрдемдес» республикалық телемарафонынан қа­йырымдылық есепшотына 861 004 896 теңге түстi. Оның 297 232 037 тең­гесi Ордабасы, Сарыағаш аудандары, Арыс қаласының зардап шеккен ауыл округтерiндегi үйлердi күрделi жөндеуге жұмсалды. Одан басқа мүлiк және мал шығындарына, мердi­гер компаниялардың шығынына, тiзiмге iлiнбей қалған 1417 отбасыға көмек көр­сету мақсатында тағы да қомақты қаржы бөлiндi.
Бiрақ, ел болып жұмылған iстiң аяғы не болды? Шынында, осыншама миллиардтаған қаржылар ел игiлiгiне жұмсалды ма? Тасқыннан зардап шеккен елдiң бүгiнгi жағдайы, көңiл-күйi қалай? Жақында Жаңа дәуiр ауылында «Азат» ЖСДП президиумының мүшелерi бастаған топпен болған кездесуде жүздеген тұрғындар мұң-зарын тiптен ақтарып салды. Олардың сөзi­нен байқағанымыз – ел жұмыла көтерген бұл iстiң аяғы жалған есеп беруге, ел болып жинаған ақшаны бөлуде алалаушылыққа жол берiп, елдiң сенiмiн, еңсесiн қатты езiп тастапты.
Осы төңiректегi төрт ауылдан келген тұрғындар табиғат апатына ұшырап, қираған үйлердi комиссия мүшелерi тiзiмге алмағанын, мемлекеттен жәрдем бөлмегенiн айтты. Тiптi «осы елдi мекенде 200 үй тұрғызылады деп жария етiлдi, алайда қазiр солардың тек жартысы салынды» деп ащы шындықты жайып салды.
— Комиссия деген үйiмiзге ке­лiп көрген емес, – дейдi Қош­қар ата ауылының тұрғыны А.Алшабаева. – Үйiнiң қабырғалары жары­лып, қираған талай отбасылар далада қалды. Көбiсi, жаңадан отау құрған жастар. Менiң жесiр қызымның үйiнiң екi жағынан су өткен, соның баспанасы тұрғызылмады. Ұлым алты баласымен бiр жағы құлап қалған үйдiң iшiн­де отыр. Осы мәселелердi жергiлiктi әкiмдерге, «Нұр Отанның» өкiлде­рiне айтқанымда «өзiңе үй салынды ғой, жылы үйiңде тыныш отырмайсың ба?», – деп қайтарып жiбердi. 
Осы ауылдың тағы бiр тұрғыны Болған Мыңбасова: «Тасқын судың салдарынан үйiм тұруға мүлдем жарамайды. Жағдайымды әкiмдiкке барып айтып едiм, ондағылар: «Сiз қалып кеттiңiз, кешiк­тiңiз. «Пойыз» кетiп қалды» деп шығарып салды. Сонда тiзiмге iлiгу үшiн олардың қалтасына бiрдеңе тығуым керек екен. Ал оған беретiн тышқақ лағым жоқ. Елдiң қалауымен емес әкiмқара­лардың таңдауымен сайланған «уличком» «сiздiң бұл жерге келiп арыздануыңызға ешқандай ақы­ңыз жоқ, шығыңыз» деп зекiдi. Мен қарсылық бiлдiрiп едiм, бiр ұрып, шалқамнан құлатты. Арызданып сотқа барғанымнан түк те шықпады.
Айтпақшы, су тасқыны басшылардың жүйкесiн жұқартып тастаған ба, осы жиында «жағдайымды айтып барып ем, қол жұмсады, таяқ жеп қайттым» дегендi бiр­неше мәрте естiп, жағамызды ұстадық. Жиынға «Нұр Отан» партиясының ауылдағы филиалының төрағасы қатысты. Алайда, жергi­лiктi тұрғындар көшбасшы партияның ауылдағы төрағасына жағдай айтып барса, таяқ жеп қайтатынын естiп, елдiң көнбiстiгiне қынжылдық. Сонда бұл қайдан шыққан дәу, «өтiрiк» десе өзi отырды ғой. Сол жердегi қоғамдық бiрлестiктiң жетекшiлерi «Бұл рас па? Әлде сiзге жала жауып отыр ма?» деп әлгi «дәудiң» өзiнен сұрап едi, анау: «Ол өзiмiздiң жеке шаруамыз» деп дүңк ете қалды. Ойпырмай, «басшы адамнан сөз естiдiк, ұрыс­ты, зекiдi, тiптi боқтады» дегендi естiп едiк, «шаруа айтып барған адам­ға қол жұмсады» деген не сұм­дық?! Бүйте берсе, бiр күнi арызданушыны арбаға байлап қойып сабар, ол сабазың? Әлде жергiлiктi билiк «Нұр Отанның» ауылдағы өкiлiн қол шоқпар қылып алған ба?
Жергiлiктi халықтың аудан және ауыл әкiмдерiне сенбейтiнi, жұмысына көңiлi толмайтынының бiр сыры осында жатса керек. 
— Екi жыл болды, ауыл әкiмi Нұрлан Әбдi­райымұлы жылдық есебiн бермедi. «Мұнда халық бар екен-ау» деп те ойламайды. Ауыл әкiмi­нiң тiрлiгi осы болса, жоғарыдағылар не iстейдi сонда? Халыққа көңiл бөлiп отырған ешкiм жоқ. Осында отырған «Нұр Отанның» өкiлi кезiнде комиссия мүшесi ретiнде менiң үйiме келiп, «25 па­йызы ғана зақымданған» деген баға берiп кеттi. Сол үйiм көп ұзамай құлады. Қазiр жермен-жексен болып жатыр. Көршiм 300 мың теңге ретiнде көмек алды, арамыз 15-ақ метр. Ал менiң жанайқайымды тыңдаған жан болмады. Әкiмдiктегiлер мафия болып кеткен, – деп Есенгелдi Қалыбеков ашуын жасыра алмады.
 Бұл ауыл тұрғындарының алқымынан тек баспана ғана емес, басқа да әлеуметтiк мәселелер алып тұр. «Мал iшетiн суды iшiп отырмыз, газ жоқ, жарық жиi сөнедi» дейдi ауыл тұрғындары. Елбасының жолдауында айтылған «Балапан» бағдарламасының орындалу барысына да елдiң көңiлi толмайды. «20 орындық шағын балабақшада 30 қызметкер жүр» деген әңгiмелер де естiлiп қалды. Халықтың мұңын тыңдаған қоғамдық ұйым өкiлдерi арнайы тексеру жүргiзiп, мемлекеттен бөлiнген қаражаттың қалай, қайда жұмсалғанын анықтау керектiгiн айтты. Маржан Аспандиярова: «Мұндай жиынды әр ауылда өткiзу керек. Ол жиналысқа жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң, аудан және ауыл әкiмдерiнiң қатысуын талап ету қажет. Тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап берсiн. Ал жауап беруге шамалары келмесе, орындарын босатсын. Ол халық үшiн әкiм болып отыр. Халық болмаса, кiмге әкiм болады? Осы бағытта кезiнде мил­лиардтаған қаражат бөлiндi. Бiр емес, бiрнеше қайырымдылық қоры құрылды. Ал ол қаржының бiразы ұрланып, желге ұшқаны шындық. Осы мәселеге қатысты тексеру жүргiзiп, қайырымдылық қорлары, әкiмдер мен комиссиялардың жұмысын тексерiп, кiнәлi­лердi жазаға тартуымыз тиiс. Жұмсалған әр тиынның есебiн берсiн. Ұрлық мiндеттi түрде дәлел­денедi», – деп жұрттың көкейiн­дегi ащы шындықты айтты. «Ақиқат – I» қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Лесбек Байжанов та: «Билiк халыққа қызмет етуi керек, бiзде керiсiнше, халық билiкке қызмет етiп жүр. Бiз билiкке сендiк пе, олар да бiздiң құқығымызды таптамауы қажет. Басқара алмаса, сенiмдi ақтай алмаса, қызметiнен кетсiн», – деп әрiптесiнiң сөзiн қуаттады.
Журналистiк зерттеу жүргiзгенiмiз­де тасқын судан зардап шеккен аймақта баспана ғана емес, мектеп мәселесiне қатысты да шикiлiктер қылаң бердi. Дәл қазiр Cарыағаш ауданындағы Ащыкөл ауылының балалары осыдан екi жыл бұрын топан су ша­йып, iргесi сөгiлiп  кеткен ескi мектепте бiлiм алуға мәжбүр болып отыр. Жалпы құны 410 миллион теңге болатын жаңа мектептiң құрылысы 2008 жылдың соңында бiтуi тиiс едi. Бiрақ тендердi жеңiп алған «КОЕЛ» компаниясының қимылы баяу, тiрлiгi тұрақсыз болып шықты. Сондағы айтқан уәждерi қандай дейсiз ғой? Қандай нысан, оны қай жерге салу керектiгiн бiлмесе де, ақшаға қызыққан мердiгердiң кейiннен «Ащыкөлдiң ауа райы қолайсыз екен», «қашықта орналысыпты» деген сылтауы көбейiп кеттi. Осындай желеумен құрылыстың аяқталу мерзiмiн бiрнеше рет кейiнге шегердi. Онымен уәде орындалмады. Қабырғасы қаланып қойған мектептiң әлi есiк-терезесi де бүтiнделмеген. Құрылыс басында қимылдап жатқан пенде жоқ.
Оңтүстiк Қазақстан облысының бұрынғы әкiмi Нұрғали Әшiмов кезiнде: «Тендерлер таза өтедi, оның жұмысында барлық әдiлеттiлiк сақталады», – деп едi. Әшiмовтiң әдемi сөздерi «әдiрем» қалғанына жоғарыдағы жағдай куә болып тұр. Сонымен, тас­қын су алған Сарыағашты ендi шу алып тұр... Мөлдiр суы тәнге саулық, денеге қуат беретiн Сарыағаштағы қиын жағдайға ел болып жұмылып едi, жергiлiктi билiк сол жұмыстың жұлым-жұлымын шығарыпты. «Бiреу тоңып, бiреу тойып секiредi» демекшi, бiреулер тасқыннан далада қалып, үй iздеумен әлек, бiреулер сол үйден өзiне күй, жағдай жасаумен әлек. «Бiрi кем дүние» деген осы...
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы 

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар