1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
Баталов тұсауын кескен әуежайдың әуресі көп болып тұр

Жаз шықса жағалауы демалушы жандарға қашан толады деп армандап жүрген Алакөлдің бағы ашылмай-ақ қойды, әйтеуір... Екі облыстың ортасында жарқырап жатқан осынау үлкен айдынға көлікпен барудың азап екені баспасөзде талай рет жазылды. Әсіресе Алматы облысы жағынан баратын жолдың тоз-тозы шыққан. Алматы қаласы мен Алакөлдің арасындағы 600-700 шақырым жолда, құдай біледі, селкілдей беріп, бір кездері жазылып кеткен ауруыңызды қайта тауып алуыңыз мүмкін. Осы аймаққа қатынайтын жалғыз пойызға билет маусымның басында-ақ таусылып кеткен.
Ал көл жағасы санитарлық талаптарға сай емес екені, демалушыларға ешқандай жағдай жасалмағаны, қарапайым ғана қоқыс тастайтын жәшіктің, киім ілетін орын, күн көзінен қорғанатын шатырлардың жоқ екенін барып келушілер әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Қымбат баға, қызмет көрсету сапасының төмендігі, демалыс үйінен жағажайға баратын шағын жолдарға асфальт төселмегені, тобықтан келетін топырақ, сәт сайын шаң-тозаң көтерілетіні – бәрі-бәрі айтылуда... Алакөл Алла тағаламның мейірі түскен қасиетті жер ғой. Бірақ суы тұзды, мөлдір, адам ағзасына өте пайдалы шипалы көлдің мүмкіндігін әлі күнге пайдалана алмай отырмыз. Былтыр ғана салынған мүгедектер демалатын пансионаттың бүгінде қаңырап бос тұрғаны осы сөзіміздің бір дәлелі болса керек. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар жататын орын мен көлдің арасында қатынау қол арбаға таңылғандарды айтпағанда, сау адамның өзіне қиын. Пансионат иесі Фатима Тайжанова мүгедек жандардың жағалауға жетуінің өзі үлкен проблема екенін ашына айтады. Жол жоқ, шаң-топырақ.

Рас, соңғы жылдары Алакөлді жағалай демалыс орындары салынып жатыр. Бірақ келушілер аз. Жалпы, көлге демалушылар көп келу үшін не істеу керек? Әрине, ең бастысы – сапалы жол. Келушілер қиналмай жетуі тиіс. Жолдың «жыры» жақын арада шешілмейтінін жақсы түсінген Алматы облысының әкімдігі шипалы көлге адамдарды әуе арқылы тасымалдауды жөн көрген сияқты. Сөйтіп, шілде айының 21-і күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алакөл ауданының орталығы Үшаралда жаңа әуежайдың тұсауын кесті. Әйтсе де 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған жаңа әуежайдың жұмысына жұрт тамсанып та үлгерген жоқ, артынша дау шықты.
Нақтырақ айтсақ, пайдалануға берілгеніне бір апта да болмаған бұл нысан ә дегеннен құқық қорғау органдарының қырына ілікті. Прокуратура ақпан айында 28 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған еді.
– Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Алакөл ауданы әуежайы құрылысы бойынша 28 млн теңгенің жұмысы атқарылды деп құжаттарға негізсіз қол қойған. Негізі, ол жұмыстар атқарылмаған, – дейді бұл жөнінде Алакөл аудандық прокуратурасының қызметкері Әділет Иманқұлов.
Енді қаржы полициясы да 1 миллиард 640 миллион теңге жұмсалған нысанның құрылысына қатысқандардың жұмысын «майшаммен» қарап жатыр.
Сондай-ақ екі айға кешіктіріліп ашылған әуежайдың жұмысы туризм саласындағылардың да көңілінен шықпауда. Себебі Үшаралға ұшақтар тек екі қаладан ғана қатынай алады. Алматы сынды мегаполис бұл тізімде жоқ. Туристік фирма директоры Антон Благушиннің айтуына қарағанда, Алматыдан Үшаралға тікелей ұшып бару мүмкін емес. Бірінші Талдықорғанға жету керек. Одан кейін Үшаралға ұшасың, ары қарай жүретін жолы тағы бар.
Қалай айтсақ та, Алакөлге жетудің де, жаңа әуежайдың да әуресі көп болып тұр.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар