1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
Екі полицияның басы бір қазанға сыймай жүр

Былтыр ғана құрылып, жұмысын жаңадан бастаған жергілікті полицияның мына мәліметтеріне көз жүгіртсеңіз, Жамбыл облысында емін-еркін жүріп-тұруға жүрексініп қалар едіңіз. Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеті қоғамдық орындардағы қылмыс пен бұзақылықтың алдын алу ғой. Ал бүгінде қылмыс деңгейі артпаса, кемімей тұр. Атап айтсақ, Т.Рысқұлов ауданында көшедегі тәртіпсіздік 58,3 пайызға, мас күйінде жасалатын қылмыстар 43,3 пайызға, жол-көлік оқиғасынан жапа шеккендер саны 5,7 пайызға артқан. Жуалы ауданы бойынша маскүнемдікпен жасалған қылмыс деңгейі 187,5 пайызға, топ болып жасалған қылмыс саны 20 пайызға артқан. Ал пәтер ұрлықтары екі есеге өскен. Тараз қаласы бойынша мал ұрлау деректері 8 пайызға, бұрын сотталған тұлғалар жасаған қылмыстар саны 59,9 пайызға, жол-көлік оқиғалары 13,5 пайызға артқан.
Мас күйінде көлік басқарғаны үшін жазаның қатайғанына қарамастан, облыста жарты жылдың ішінде 556 автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ, соған қарамастан, мас күйіндегі жүргізушілер жасаған жол-көлік оқиғаларының саны 64 пайызға артқан. Қоғамдық жерлерде жасалған ауыр қылмыс түрлерінің де 2 пайызға артқаны тіркелген.
Бұл Жамбыл облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев берген мәліметтер. Рас, жергілікті полиция қызметі қабылдаған іс-шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыстардың саны біршама төмендеген. Бұрын сотты болған 535 тұлғадан әкімшілік қадағалауға тек 18 тұлға есепке алынған. Осы және басқа да мәселелер бойынша оперативтік кеңес өткізіліп, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Кемшіліктерді жоюдың нақты жоспарлары әзірленіп, іске асырылуда екен.
Қылмыс неге өршіп кетті? Мұның себебі неде? Қайтсек қылмыс азаяды? Көпшілікті толғантқан бұл сауалдарға Бақытжан Бейсеевтің өзі де мардымды жауап бере алмады. Тек «жұмыс істеп жатырмыз, қылмыстың өршіп кетуінің түрлі себептері бар...» деген сырғытпа жауаптан арыға аса алмады. Иә, полиция бастығы рас айтады. Соңғы үш айда қылмыстың күрт өсіп кетуінің себебін тек полицияның төңірегінен ғана іздесек қателесеміз. Жұмыссыздық, тұрмыстық жағдайдың қиындығы, теріс тәрбие... Осының бәрі қылмысқа итермелейтін алғышарттар емес пе?
Ал Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірде қылмыс санының артып кетуінің тағы бір себебін ашық айтты.
– Әрине, өңірімізде қылмыстық көрсеткіштердің өсуінің түрлі себептері бар шығар, – дейді Кәрім Насбекұлы. – Полиция басшылары қит етсе қаржы керек, күш керек, барлық жерге бейнекамера қою қажет, сонда ғана көрсеткішті төмендете аламыз деуден шаршамайды. Бұл дұрыс та шығар... Бірақ осы салаға бар жағдай жасалып, көлік және басқа да қажетті техникалық жарақтар алынды. Бірақ азайған қылмыс жоқ.
Шынында, әкімнің айтқаны айдай келді. «Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» деген, Бақытжан Бейсеев бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін әлі де көмектің қажет екенін жасырмады. Дәл қазір ақылы полицияның қоғамдық көмекшілер мәселесі шешілуде екен. Полиция басшылары мұны соңғы бес жылдан бері талмай сұрап келе жатқан болатын.
– Бұзақылық мәселесін айтар болсақ, адам ұсақ-түйек қылмыста өзінің жазаланбайтынын сезсе, одан әрі бұл едәуір теріс қылықтар мен қиындықтарға апаруы мүмкін екенін білеміз. Осы мәселенің маңыздылығын ескеріп, облыстағы жергілікті полиция қызметкерлері ұсақ құқық бұзушылықтар жасайтын тұлғаларға ерекше көңіл аударады. Осылайша «мүлдем төзбеушілік» шеңберінде анықталған құқық бұзушылықтар саны 16,5 пайызға артқан. Атап айтқанда, Әкімшілік кодекстің 440-бабына сәйкес, көшеде және қоғамдық жерлерде мас күйінде болғаны үшін 4376 тұлға, қоғамдық жерде темекі шеккені үшін 2210 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Жамбыл облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.
Сонымен қатар ауылдардың арақашықтығы, халықтың тығыздығын ескере отырып, қосымша учаскелік полиция пункттерін ашу және де ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторларына әкімшілік аумақтарында тұруға қызметтік үй қажет екені айтылды. Сондай-ақ нормаға сәйкес, жергілікті қызмет штаты жетіспейді екен. Сондықтан облыс басшысынан кезең-кезеңімен қызметкерлердің штаттық санын қалпына келтіруді сұрап отырған көрінеді.
Иә, Бейсеевтің айтқандарына қарағанда, жамбылдық жергілікті полицияның жағдайы мәз еместей. Ал Жамбыл облысының басшылары құқық қорғау саласына қаржы бөлуден аянып қалған жері жоқ.
Қылмыстың күрт көбейіп кетуінің тағы бір себебі Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті мен жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің бір-бірін түсініп, бірлесіп жұмыс істей алмауында жатыр ма деп те ойлаймыз. Өйткені бұл екі мекеменің арасында бір-бірін менсінбеушілік бар сияқты. Айталық, өткен жылы Т.Рысқұлов, Шу және Мойынқұм аудандарындағы ішкі істер бөлімдерінің басшылары мен жергілікті полиция қызметінің басшылары бір-бірімен сыйыспай, жергілікті халық қалаулылары сайлаған полиция басшыларын жұмыстан босатуға тура келді. Көпшіліктің ойынша, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Тілеген Маткенов облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Бейсеевті өзінің орынбасарындай, яғни өзінің оң қолындай көріп, бірлесіп жұмыс істемейінше, бұл салада іс алға баспайды. Қашанғы ішкі істер бөлімдері мен жергілікті полиция қызметкерлері болған қылмысты бір-біріне сілтеп, бастарын алып қашып араз болып жүреді?
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген, шынында, облыс әкімі айтқандай, жергілікті полиция мен Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті бірлесіп жұмыс істей білсе, бұл салада тәртіп орнатуға болар еді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегеннің керін келтірмей, Тілеген Маткенов пен Бақытжан Бейсеев жұмысты осы тұстан бастаса, қанеки...
 

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар