1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
Аурухананы жапқанымыз асығыстық болды

«Артық қылам деп тыртық қылды». Атырау облысындағы құрт ауруының жағдайы осы сөзге сұранып тұр. Алдымен аймақтың республика бойынша ұзақ жылдардан бері туберкулез дертінен алдыңғы орында жүргенін айта кетейік. Атыраудағы «Астана» оқу-клиникалық орталығының директоры Дина Камелованың айтуынша, бұрын тұрғындардың міндетті түрде флюорографиялық тексеруден өтуі және оқушылардың манту екпесін алуы қатаң тексеріліп отыратын.
Мәселен, осындай шаралардың атқарылуы өзге өңірлерде 50-60 пайызды қамтығанын айтып жатса, Атырауда 100 пайыз болуы қатаң қадағаланатын. Уақыт өте келе құрт ауруының көрсеткіштері төмендеп, туберкулезге қарсы ауруханалар диспансер деп аталатын болды. Ал былтырдан бастап диспансерлер де «оңтайландыру» деген желеумен бірінен кейін бірі жабыла бастады.
Қызылқоға ауданындағы тубдиспансер 2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған-ды. Типтік жобамен бой көтерген су жаңа ғимарат былтыр басқа мекеменің балансына өтіп, барлық қызметкері аудандық ауруханаға жұмысқа орналастырылды. Жылыой, Исатай, Құрманғазы аудандарындағы тубдиспансерлер де біртіндеп жабылды. Олардың кейбірінің медициналық құрал-жабдықтары әзірге жұмыс істеп тұрған Атырау облыстық және Махамбет аудандық тубдиспансерлеріне таратылған. Енді диспансерлердің орнын аудан орталықтарындағы ауруханалар жанынан ашылған бөлімшелер басатын болады. Кейбір дерек көздері диспансерлерді жабуға олардың «жылдық жоспарды орындамай отырғаны» себеп болып отырғанын айтуда. Дегенмен бұл жерде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның БАҚ беттерінде берген түсіндірмесі қисынға қонымды-ақ. Оған сәйкес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа стратегиясы аясында туберкулезбен күресу үшін «интеграциялық бақылау» жобасы қолға алынған. Ол ұсақ емдеу мекемелерін ірілендіріп, біріктіруді білдіреді. 2015 жылы Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында қолданылған «интеграциялық бақылау» енді бүкіл республикаға енгізілген.
Денсаулық сақтау саласындағы бітпейтін шалағай реформаның тағы бірі жыл өтпестен-ақ теріс нәтижесін көрсетіп, қаптаған сынның астында қалды. Аймақтық коммуникация қызметінің брифингінде облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин жыл басынан бері 217 облыс тұрғынының құрт ауруымен ауыратыны тіркелгенін, оның 32-сі кәмелетке толмағандар екенін жеткізді. Аурудың белсенді түрімен ауыратын 1065 адам есепте тұр. Биылғы жарты жылдың ішінде 100 мың адамға шаққанда орта есеппен 35,6 адам туберкулезбен ауырған болса, өткен жылдың осы мерзіміндегі дерек 34,7-ні көрсетіп, науқастар санының артқанынан хабар береді. Оның үстіне мұнайлы өңірде діни сенім-нанымына байланысты балаларын ектіруден бас тартатындар санының көбеюі де аса қуантып тұрған жоқ. Себебі бұл ауруға жол бермеудің бірден-бір тиімді жолы – бала жастан ектіру болып табылады.
Жақында жоғары категориялы дәрігер Басарулла Харасов «туберкулез диспансерлерін жапқанымыз асығыстық болды» деген пікірін ашық білдірді. Дәл қазір олар ауруханалардың арнайы бөлімшелерінде басқа науқастармен бірге емделеді. Науқастың құрт ауруының ашық түрімен ауыруы әбден мүмкін екендігін ескерсек, осы жайдың өзі-ақ қауіп туғызатыны анық. Бұған қазіргі күні тұрғындарға бұрынғыдай жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтудің қатаң міндеттеліп отырмағанын қосыңыз. Оның үстіне Атырау облысында басқа жақтан келіп жұмыс істеп жатқандар көп. Олардың денсаулық жағдайын кім қадағалапты?!
Не нәрсені де бүлдіру оңай, ал қалпына келтіру қиын екені анық. Осы біз «қолымызды мезгілінен кеш сермеуді» қашан қояр екенбіз?

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар