29 шілде 2010
Атырауда аптап ыстық

10 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРДI ӨРТКЕ ОРАДЫ
Қызылқоға – Атырау облысының шалғай аудандарының бiрi. Негiзгi күн көрiсi – мал. Аудан алып жатқан 2,5 млн. гектар жердiң, 1 млн. гектардан астамы ауыл шаруашылығы үлесiнде. Бiрақ биыл Қазақстанның Батыс аймағын жаппай жайлаған қуаңшылықтың салдарынан қыстан аман шығу неғайбыл деген болжамдар да айтылып қалып жатыр. Оның үстiне ел арасындағы ауа райы құбылысының бiлгiрлерi аптаптың соңы қыста қақаған боранға ұласады деседi.
Сондықтан болар қызылқоғалық ауыл шаруашылығы мамандары етек-жеңдерiн ерте жиып, мал санын тiзбелеп, басталар қыста «130 мың қой-ешкi, 42 мың iрiқара, 6600 жылқы, 2058 түйе қыстаққа түседi» деген ақпар таратқанымен олардың мал азығы бiтпес уайымға айналып барады.
Аудан мамандарының есебiнше, бұл малдарды қыстан аман алып шығу үшiн 140 мың тоннна шөп қажет көрiнедi. Алайда әзiрге дайындалғаны тек 13 мың тонна ғана. Аптаптың салдарынан өсiмдiк атаулы қурағанын былай қойғанда, ауданның әр-әр жерiнен бас көтерiп жатқан дала өртi де жағдайды ушықтыра түстi.
Бұған дейiн Қызылқоғамен iргелес Ақтөбеден бастау алған өрт Сағыз ауылын да шарпып өттi. Бұл жерде жылда мал азығы дайындалатын «Таңғысай», «Қоңырсай», «Қошабай» шабындықтары өртке оранды. Ауыл аймақ болып жабылып, өрттi сөндiргенмен, 500 гектарға жуық алқап жанып кеткен. Ең өкiнiштiсi – пiшеншiлердiң шауып үлгерген 60 орам шөбi де отқа оранған.
Ал бұл жерде iрiлi-ұсақты 13 шаруа қожалығы бар. Жалпы тұтас ауылдың өзiнiң күнi тек малға қарап келедi. Сағыз селолық округiнiң әкiмi Қанат Қожахметовтiң сөзiне сүйенсек, сағыздықтар ендi алыс болса да Жангелдин ауылына орақ салуға мәжбүр. Сондай-ақ олар жылдағыдай Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданынан пiшен сатып ала алмайды. Өйткенi, ақтөбелiктердiң өзi ауа жайылған өрттен әлi естерiн жия алар емес.
Қызылқоға ауданындағы тағы бiр ауыл Мұқырда да шiлденiң ортасында найзағай түсiп, бiрсыпыра шабындық алқаптар өртенiп кеткен.
Қызылқоға ауданы әкiмiнiң орынбасары М.Мұқанов өртенген жердiң көлемi 10 мың гектар болғанын хабарлап отыр. Шенеунiктiң мәлiмдемесiнен белгiлi болғаны – Қызылқоға ауданы биыл өзендерге судың дұрыс келмеуiнен шабындықсыз қалыпты. Шабындық жер табылғанымен, жер шалғайлығы шөп бағасына айтарлықтай әсерiн тигiзуi мүмкiн. Себебi аудандағы шөп бригадалары шабындық iздеп 60-70 шақырым жол жүруге мәжбүр.
Қызылқоғаның басына үйiрiлген тағы бiр қауiп – әлi күнге дейiн арылмай отырған бруцеллез ауруы. Аспан айналып жерге түсетiн мына ыстықта ол да жағадан алып барады. Аудан тұрғындары өз күштерiмен мал-жанын аурудан да, қуаңшылықтан да алып шығуға тырысып бағып келедi. Iс нәтижесiн қыс көрсетедi.
Сәния ТОЙКЕН,
Атырау





Уәж айту