5 қаңтар 2010
Қызылбалық төңiрегiндегi қырқыс

“КАСПИЙ” КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ КЕРЕМЕТ ЖОБАЛАРЫ
Таяуда “Каспий” әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясының Атыраудағы өкiлдiгi өз жұмыстары жайлы есеп бердi. Журналистермен кездескен басқарма төрағасы Әдiлбек Көшеровтiң айтуынша корпорация Атырауда 28 жобаны жүзеге асырады деп жоспарлаған. Олардың арасындағы аса iрiлерi – ас және техникалық тұздар өндiретiн зауыт, көкөнiс сақтайтын қойма, Береке селосынан бөлiнген 70 га жердi инженерлiк жүйелермен жабдықтау. Бiр қарағанда журналистерге жария етiлген жоспар жүзеге асса, қазақтардың мұртын балта шаппайтын болады. Яғни, тұз өндiретiн зауыт 2010 жылы iске қосылғанда жылына 1,2 миллиард теңге табыс беретiн 50 мың тонна тұз өндiрiледi. Корпорация қарамағына активтерiн толық тапсырған “Атырауагросервис” ЖШС Атырауда 296 миллион теңгеге көкөнiс қоймасын салғанда азық-түлiктiң бағасы төмендейдi. Ал онда 3500 тоннаға дейiн өнiм сақталмақ. 2,6 миллиард теңгеге мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына орай, жерге қажеттi коммуникация жүргiзiп бередi. Бұл дегенiңiз тиiстi инженерлiк қажеттiлiктермен жабдықталып бiткенде, қалтасы қалың кез-келген қазақ шамамен 17 мың долларға дайын жер учаскесiн сатып алып, үй сала бередi деген сөз. Сонымен қатар күкiрт сақтайтын арнайы ұлттық сақтау орталығын ашып, тау болып үйiлiп тұрған күкiрт мәселесiн де шешетiн болды.
Әрине, iске асырлып жатса ел игiлiгi үшiн бұлардың қайсысы да қажеттi жобалар екенiне ешкiм дау айтпайды. Дегенмен, осы жобалардың арасында журналистердiң назарын ерекше аударғаны – Атыраудың iргесiндегi Еркiнқала ауылында салынуы тиiстi бекiре тұқымдас балықтар фермасы болды. Өйткенi, тоғандарда өсiрiлетiн балық шаруашылығын дамытып, сатуға арналған бекiре балықтарын өсiру қажеттiгiнiң үлкен мiнбелерден айтылып келе жатқанына бiраз уақыт өттi.
АЛАЙДА IС БАСТАЛМАЙ ЖАТЫП СОЙЫЛМАҒАН ӨГIЗДIҢ ТЕРIСIНЕ ТАЛАС ТУДЫ
Қара уылдырық пен бекiре балығы еттерiн өндiретiн қызылбалық тұқымдастар фермасын ашу идеясын атыраулық ихтиолог-балықшы, Еркiнқаладағы алғашқы бекiре балығы зауытының директоры Әдiлғали Кемелбай 2007 жылдың 27 қазанында Самұрық-Қазына қорының басшысы Қайрат Келiмбетовпен кездескенде айтқан екен.
Жобаның аса маңыздылығына көзi жеткен билiк те оның болашақ пайдасына шүбә келтiрмей, бiрден қабылдаған.
– Жерiмiз бар, қолымыздан iс келедi, бiрақ ақшамыз жоқ. Бүкiл дүние жүзi қызылбалық өсiрумен айналысады. Ал Қазақстан қызылбалықтың отаны бола отырып, басқа елден келген өнiмдерге тәуелдi. Тiптi, Қытай, Бразилия, Перу де мұны табыс көзi қылып отыр деп ұсыныс айтқан едiм. Көп кешiкпей “Каспий” әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы құрылып, оны бастығы Болат Палымбетов қолдау бiлдiрген соң, iстi бастап та кеттiк, – деп еске алады құнды идеяның авторы, жеке кәсiпкер Әдiлғали Кемелбай.
Осылайша екi құрылтайшы – “Каспий” әлеуметтiк-корпорациясы мен жеке кәсiпкер Әдiлғали Кемелбай Қазақ бекiре компаниясы “Каспий-балық” ЖШС құрған едi.
Бұл бiрлескен серiктестiктегi “Каспий” корпорациясының үлесi – 85 пайыз, ал Ә.Кемелбайдың үлесi – 15 пайызды құрады. Жеке кәсiпкер жобаға қосқан өз үлесi ретiнде көлемi 6,8 га жерiн ұсыныпты. Кәсiпкердiң айтуынша ол жер басында 20 миллион теңгеге бағаланған, ал жобаның құны 107 миллион теңге болады деп есептелген көрiнедi. Кейiн “сауда – бекiре балықтар фермасы” деген атау қосылған соң жердiң құны да қымбаттап 58 миллионға дейiн барған. Ендi құрылтайшылардың үлес салмағы да теңесе түскендей болды.
Алайда бұл корпорация басшыларының көңiлiнен шыға қоймаған тәрiздi. Олар Ә.Кемелбайдың үлесiнiң 11,36 пайызға дейiн төмендегенiн хабарлап, оның бас директорлықтан алынғанын мәлiмдеген. Мұның аяғы қос құрылтайшы арасындағы дауға алып келдi.
Ал жобаның қазiргi құны – 450 миллион теңге деп бағаланып отыр. Оның нақты құны шамамен 700-800 миллион теңгеге дейiн өсуi мүмкiн.
“ҚАЛТАСЫНДА АҚШАСЫ БОЛСА, БIЗ ҚАРСЫ ЕМЕСПIЗ”
“Каспий” корпорациясының Атыраудағы өкiлдiгi директоры Әдiлбек Көшеровтың айтуынша “егер Ә.Кемелбайдың қолында 250 млн. теңге ақшасы болса, бiздiң еш қарсылығымыз жоқ”, – дейдi.
– Құрылтайшылық қордың өсуiне бiрiгiп дауыс бердiк. Қажеттi қаржы көзiн iздеп бiрқатар қолдарында ақша бар делiнген қаржы институттары – “Қазагроқаржыға”, Қазақстан даму банкiне ұсыныс жасағанбыз. Бiрақ барлығы келiсiм бермедi. Сондықтан бұл жобаны iске асыру үшiн корпорация өз ақшасын салды, – деп түсiндiредi Ә.Көшеров. Сондай-ақ Ә.Көшеров мырзаның сөзiне сүйенсек, корпорация өз мiндетiн атқарып, уәде еткен 110 миллион теңге қаражатты аударған.
– Бүгiнге дейiн компания атқарған жұмыс тек осы қаражат арқасында жүзеге асты. Бiр жылдан соң, құрылтайшы ретiнде өз қорымызды саралай келе, кәсiпкер Ә.Кемелбайдан жерiн өткiзудi сұрап, осы жылдың қыркүйегiнде қабылдап алған едiк. Алайда жер комитетi жүргiзген тексеру, оның құжаттарындағы заңсыздықтарды тапты, – дейдi корпорация басшысы.
Ендi осы мәселеге байланысты “Каспий” корпорациясы өзiнiң серiктесiн сотқа берiп, жерге қатысты шешiмнiң заңдылығын анықтауды талап етпек. Ал сот тұжырымын айтқанша Ә.Кемелбайдың үлесi “Каспий” корпорация құрамында қала беретiн болады.
– Егер құзырлы органдар жердiң заңдылығын растамаса Ә.Кемелбайдың үлесi қордан мүлде алынып тасталады және iстi корпорация өзi жалғастыратын болады, – деп мәлiмдедi Ә.Көшеров журналистерге.
ПАЛЫМБЕТОВ НЕГЕ ҚАШАДЫ?
Белгiлi ихтиолог Әдiлғали Кемелбай да заңнан құр алақан емес. Ол да өзiнiң неге құқысы барлығын бiлетiн көзi ашық азамат. Оның айтуынша миллиондаған теңгелер мен болашақ пайда құлқындарын тескен әлеуметтiк корпорацияның бүйректен сирақ шығарып отырған уәжi ақылға сыймайды. Себебi, кәсiпкер өзiне тиесiлi жердi заңсыз жолмен басып алып отырған жоқ. Оның да қолында Атырау қалалық әкiмшiлiгi шешiмi және жерге қатысты басқа органдар хаттары бар. Жердi кезiнде ақшаға сатып алған.
– Мемлекет жердi екi рет сатпайды. Ол әуелде сатылып алынған меншiгiмiз. Тек “сауда-бекре фермасы” деген атауға иеленiсiмен аяқ асты оның құны жоғарылады. Ал жер мәселесi жөнiнде олардың менi сотқа беруге құқылары жоқ. Берсе әкiмшiлiк немесе үкiмет беруi тиiс. Маған түсiнiксiз тұсы “Каспий” корпорациясының басшысы Болат Палымбетов неге менiмен көзбе-көз кездесуден бас тартады? Оның үстiне 25 қыркүйекте заңсыз жұмыстан босатты. Мен қазiр сотқа арызданып отырмын, – дейдi Әдiлғали Кемелбай.
ӘДIЛҒАЛИ КЕМЕЛБАЙДЫҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕНШIГI
Бекiре балықтарын өсiру мен қара уылдырық өндiру – Әдiлғали Кемелбайдың авторлық идеясы. Онымен ғылыми түрде айналысқанына да 5-6 жыл болыпты.
– Ростов на Донуда зерттеуден өтiп, Ресей ғылым академиясында бекiтiлген интеллектуалдық меншiк жөнiндегi құжатым да бар. Оны бәрi бiледi. Мен бұл жобамды олардың қолына берiп отыра алмаймын. Күреспен болсын өзiм жалғастырамын, – дейдi ашынған тәжiрибелi ихтиолог Әдiлғали Кемелбай.
Бұл мәселе жайлы сауалды арнайы қойған “Жас алаш” газетi тiлшiсiне жауап берген Әдiлбек Көшеров “ондай интеллектуалдық меншiк деген құжатты бiзге Кемелбай көрсеткен жоқ. Сондықтан бiз оны актив ретiнде қабылдай алмаймыз. Ал Кемелбайды жұмыстан шығаруға себеп болған басты мәселе ол дағдарысқа қарамастан корпорация қаржы бөлiп тұрса да жұмысты дұрыс жүргiзбедi. Жоба табандап орнынан жылжымады” деп бет бақтырмады.
Әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорация дегеннiң мәнi неде? Ол жүрiп тұрған бизнеске үлес қосып, шыққан пайданы халықтың әлеуметтiк мәселелерiне жұмсау емес пе? Халық қазiр осылай деп ойлап отыр. Өкiнiшке орай, әлеуметтiк корпорация туралы арнайы қабылданған заң жоқ. Егер ертең бұл корпорация тарап кетсе, мемлекет мүлкiне көлденең қожалардың қатары арта түспек. Бұл – қарапайым балықшының пайымы. Оны бiз де терiске шығара алмаймыз. Әйтпесе жер инспекциясының жеке кәсiпкер Кемелбайдың жерiнiң заңсыздығын құнды жоба жүзеге асырарда ғана байқауының астарында не сыр бар? Бәлкiм Кемелбай бұл ауқымды жобаға араласпаса 57 миллион кадастрлiк құн төлеу деген әңгiме көтерiлмес пе едi?
Егер мұндай ақша ихтиологтың қолында болса корпорацияға алақан жайып несi бар?
“КАСПИЙ” – ӘЛЕУМЕТТIК КӘСIПКЕРЛIК КОРПОРАЦИЯСЫ МА ӘЛДЕ РЭКЕТ ПЕ?
– Әлеуметтiк корпорацияның маған жасап отырғаны нағыз 90 жылдардағы рэкеттiң әрекетi. Олар менiң барлық халықаралық байланысымды қолданды. Мәселен, қазiр Данияда – жем, Астараханьда – бассейн, Питерде – алынған суды қалпына келтiретiн қондырғы дайындалу үстiнде. Бiр жыл бойы мен жобаның алғашқы сатысын жүзеге асыруға қажеттi барлық жұмыстарды жасадым. Ендi тек құрылысты бастау ғана қалған. 28 тамызда құрылысты салатын мердiгердi таңдайтын тендер өтуi тиiс едi. Алайда, тендерге бiр күн қалғанда оны да керi шегердi, – дейдi Әдiлғали Кемелбай.
Нақты жауаптан бастарын алып қашқан “Каспий” корпорациясының атыраулық өкiлдiгi басшылары жан-жақтан жауған журналистер сауалына “бұл екi құрылтайшы арасындағы мәселе. Қалай сұрақ қойсаңызда, мұны тиiстi органның шешiмiне қалдырайық” деумен құтылды.
ҚОЛДАҒЫ МАМАННЫҢҚАДIРI ЖОҚ
Сонымен құны 450 миллион теңгеге бағаланған жоба 2010 жылы толық iске қосылады деп күтiлiп отыр. 2012 жылы 85 тонна қызыл балық , ал 2014- жылы 500 келi қара уылдырық алынады деседi. Ол толық қуатымен жұмыс iстей бастағанда жылына 1500 тонна бекiре балығы етi, 20 тонна қара уылдырық өндiрiлмек. Мұндай фермалар саны алдағы уақытта 15-20 болмақ.
Корпорация көрсеткен суреттегi бекре балық фермасына қарап одан алынатын аса бағалы балық етi мен қара уылдырықты ойлап, ауызымыздың суы құрыды. Мұнайға ғана телiмiрiп, оның бағасының төмендемеуiн тәңiрден жалбарына сұрап отырғанда пайданың басқа көзiнiң табылғанын, жаңа жұмыс орнын, Қазақстан атының ендi балығымен де шығатынын ойлағанда төбең көкке жеткендей болады. Ферманың аты қандай десеңiзшi. Қазақ бекре фермасы.
Балық шаруашылығының бiлгiрi Әдiлғали Кемелбайдың сөзiне сүйенсек табиғатта қызылбалық 10-11 жылда уылдырық берсе, оны қолдан өсiре отырып оны 4-5 жылда алуға болады, ал бекре 18-20 жылда берсе, қолдан өсiру кезiнде 8-9 жылда бере бастайды екен. Өкiнiштi. Қолда барда алтынның қадiрi жоқ деген осы-ау.
Бүгiнде бүкiл әлем тауарлық балықтар өсiрумен айналысып жатыр. Португалия, Испания, Иран, Бельгия, Германия сияқты елдер бекiре тұқымдас балықтарды қолдан өсiрiп, етi мен қара уылдырығын сатып, белшеден пайда тауып отырғалы қашан? Қытайдың өзi осыдан 10 жыл бұрын Ресейден аналық шабақтарды алғанына қарамастан 2006 жылы 25 мың тонна жасанды түрде бекiре етiн өндiрген. Әрине, әзiрге олардың қара уылдырық алып отырғаны жайлы ешкiм айтып жатқан жоқ. Өйткенi, ол үшiн iрi аналық бекiрелер саны көбiрек болуы шарт. Сөйтсе де, көп уақыт салмай Қазақстанның Қытайдың шүберегiн киiп, электроникасын пайдаланып қана қоймай, оның қара уылдырығына да көз сатпайтынына кiм кепiл? Осы тұста ертеректе оқыған бiр дәйек есiме түседi. Сонау 1973 жылдары кеңес үкiметiнiң қаржы министрi 300 тiрi бекре аналығын Францияға сыйлық ретiнде берген көрiнедi. Француздар болса ол асыл тұқымды балықтарды жеп, рахаттанудың орнына ондаған жеке меншiк, астын сыза көрсеткiм келедi, жеке меншiк балық шаруашылығын ашып, фермерлерге несие берiп, салықтық жеңiлдiктер жасап, жаңа технологиялар енгiзiп, ғылыми бағыт-бағдар көрсетiп қолдаған екен. Осылайша қызыл балық етi мен қара уылдырығын саудаға салуға олар жұмыла отырып 20 жыл уақыт жұмсаған. Ал бiзде ше?...
Сания ТОЙКЕН,
Атырау облысы






Уәж айту