1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
8 тамыз 2017
Өзара түсіністік өздігінен келмейді

Сыйлау дегеніміздің өзі, ең біріншіден, өзге адамның құндылығын мойындау және оған құрметпен қарау. Өкінішке қарай, қазір «құндылық», «құрмет» сөздерін күнделікті өмірде өте сирек қолданамыз. Есесіне әйелдердің «сенің қолыңнан не келуші еді?», «сен нені оңдырушы едің?» деген сияқты күйеуіне кейістігін жиі естіп жатамыз. Өзіне деген мұндай қарым-қатынастан кейін, әрине, ер адамның алға ұмтылуға, өмірде бір нәрсеге қол жеткізуге тырысуға ықыласы болмайды.
Шындығында, Алла тағаланың махаббатпен жаратқан әрбір пендесі құрметке лайық. Тіпті айтарлықтай ештеңе тындырмаған күннің өзінде, адамға құрметпен қараудың, сыйлаудың маңызды екенін ұмытпаған жөн. Алғаш кездесе бастағанда немесе бірге тұра бастаған алғашқы айларында жастардың арасында сыйластық болады. Бірақ тұрмыстық түйткілдерді шешуге, күрделі мәселелерді талқылауға тура келісімен өзара сыйластыққа сызат түсе бастайды. Бір-бірін сүюге, аялауға тиіс жақын жандар, керісінше, бөтен адамға айтуға аузы бармайтын ауыр, дөрекі сөздерді бір-біріне айтып, жанын жаралайды. Бұл жердегі сұрақ тағы да отбасындағы сыйластықты қалай сақтап қалуға болады дегенге тіреледі.
Ең бастысы, өзара қарым-қатынаста белгілі бір шекарадан асуға болмайтынын ұмытпау керек. Мысалы, жақыныңның ар-намысына тию, қол жұмсау, тоң-теріс мінез көрсету мәселені ушықтырмаса, жеңілдетпейді. Екі адам бір-біріне ой бостандығын беріп, бір-бірін езіп-жаныштамаған жерде ғана сыйластық туындайды. Ал бірақ көзқарас-пікір сәйкес келмеген жағдайда ортақ келісімге қалай келуге болады? Бұл орайда, түйткілді мәселелерді бірге талқылау және өзара түсіністікке қол жеткізу ұзақ процесс екенін ұмытпаған маңызды.
Бізге ол ой жат болып тұрса да, өзгенің ой-пікірін құрметтеуге қалай үйренген жөн? Әр уақытта ашық әңгімелесіңіз. Өз ойыңызбен, дәлелдеріңізбен бөлісіңіз. Оның ойын біліңіз. Екі жақты да қанағаттандыратын шешімге бір-біріне жол беру, көну арқылы келуге болатынын ұмытпаңыз.

Есіңізде болсын: тіпті өз дегеніңізде қалып, ал жұбайыңыз соған мойынсұнған болса да, бұл сіздің жеңіске жеткендігіңіз емес. Сырттай келіскен сыңай танытқан жақыныңыз іштей басқаша ойлап жүре береді және ол қарсылығы ерте ме, кеш пе, бәрібір қайтадан оянады. Ал ішке бүгілген өкпе махаббат сезімін біржола тұншықтырады.

ІЗГІЛІК ДӘНІН СЕБЕ БІЛ
Сыйластыққа жеткізетін – әртүрлі амал-әрекет, сөз, ой-пікір. Жұбайыңыз ерекше ықылас танытса, әр сөзіңізге құлақ асса, жоғарыдан қарамаса, онда сіздер жай ғана ерлі-зайыпты болып қоймайсыздар, сонымен бірге дос та, бизнестегі әріптес те, спорт ойындарындағы қарсылас та бола аласыздар. Өзара сыйластық бір-біріңізге жан-жақты тұлға ретінде қарауға көмектеседі.
Сыйластық сенімді туғызады. Отбасындағы сенім – шаңырақтағы, ерлі-зайыптылардың жүрегіндегі тыныштық пен береке-бірліктің қорғаны. Күдік пен күмән, сенімсіздік үй ішіндегі қолайсыздық пен шиеленісті арттырады. Өмірлік серігіңе сену үшін өзіңнің майда өкпе-ренішің мен күдігіңнен әрі асып ойлай алуың шарт. Сенім тақыр жерден пайда болмайды. Өзіңмен қатар, тағдыр қосқан қосағыңның бойына да сенімге бастайтын ізгілік дәнін себе білуің қажет. Сонда ғана ол сеніміңе сеніммен жауап бере алады.
Сыйластық пен сенімді өзара байланыстырып, тұтастыратын – түсіністік. Тізе қосқан екі адамның бір-бірінің бүкіл арман-ойын, болмыс-бітімін жан-жүрегімен түсінуі, сезінуі керемет нәрсе. Әр отбасындағы түсіністіктің көрінісі де әртүрлі. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы әртүрлі мінез-құлық, әртүрлі көзқарас «тілінде» сөйлеуі мүмкін, бірақ сыңарының қалауы мен қажеттілігін білуге бұл кедергі бола алмайды. Түсініспеушілік өз ой-сезімін жақын адамымен бөліскісі келмеуден, бәрін ішке бүгуге тырысудан келіп шығады. Ол қарым-қатынасты біртіндеп бұзады, ал ары қарай өршіп кете берсе, теңе-теңдікті сақтау қиынға соғады.

Есіңізде болсын: біз әлдекімді немесе әлденені танып-білуге, түсінуге үнемі тырысып жүреміз. Тура көз алдымызда жатқанын аңғармастан ылғи да бақыттың кілтін іздейміз. Сыйластық, сенім, түсіністік. Міне, отбасылық өмірге үйлесім алып келетін де осы.

ЖҰБАЙЛАРҒА 7 КЕҢЕС
Егер өмірлік қосағыңыз сізбен санаспаса, тіпті адам ғұрлы көрмесе, мұның неден басталғанын ойлап көріңіз. Бәлкім, босаңсып, өзіңіздің бірқатар кемшіліктеріңізбен күресуді қойған боларсыз? Елдің өзіңізге қалай қарағанын қаласаңыз, өзіңіз де елмен сондай қарым-қатынаста болуыңыз керектігін ұмытпаңыз. Егер күнделікті өмірдегі әлдебір әдеттеріңіз серігіңізді шамдандыратын болса, олардан арылуға тырысыңыз.
Ортақ шаңырақтарыңыз ол да, сіз де асыға оралатындай, жайлы да жылы ұя болсын. Ұрыс-керіс туындай қалған күнде де отқа май құйып, оны дабырайтып жібермеңіз. Ренжіскенде де бір-біріңіздің туысқандарыңыздың жеке басын немесе қылығын сөз қылып, сыныққа сылтау іздемей, нақты мәселені ғана талқылағандарыңыз жөн. Ең дұрысы, ұрыстан тартынған абзал, өйткені онымен еш мәселе шешілмейді, жағдай тек ушыға түседі.
Махаббаттың үлкен құндылық екенін ұмытпаңыз. Егер әлдебір мезетте ықыласы жоқ болса, өз сезіміңізді оған күштеп таңудың, мейірімді сұрап алудың қажеті жоқ. Өзіңізге қызықты іспен шұғылданыңыз. Көп ұзамай жұбайыңыз өзі де сөйлескісі келері анық.
Сый-құрметке лайық екеніңізді жұбайыңызға көрсету үшін өзіңізше амал-айла қолданыңыз. Айқайлаудың, төбелесудің қажеті жоқ. Қойылған сұраққа сабырмен жауап беруді үйреніңіз, кез келген жағдайда айтар өз ұсынысыңыз болсын. Өзіңізді дербес, тәуелсіз тұлға ретінде көрсетіңіз және бәрін бейбіт түрде шешуге тырысыңыз.
Жұбайыңызды өзінің шынайы болмысымен қабылдаңыз, оны түзетуге тырыспаңыз. Өйткені бұл әрекет ерте ме, кеш пе, бәрібір оның қарсылығын туғызады.
Өзіңіз не істесеңіз, оны да соған мәжбүрлемеңіз. Мысалы, диетаға отыруға, дүкен аралауға, қаламаған жағына баруға т.б. Сонымен бірге оның да өзіне қызықты іспен шұғылдануына бөгет болмаңыз. Үйреншікті әдеттерін сыйлаңыз.
Отбасындағы қарым-қатынастарыңызды ешкімге, ешқашан сөз қылмаңыз. Мұндай жағдайда жұбайыңыз өзін қорланған, алданған адамдай сезінетін болады.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар