1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (16254) 29 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
29 тамыз 2017
Мектеп – кеме, білім – теңіз

Санаулы күндерден кейін мектептерде жаңа оқу жылы басталады. Жаз бойы емін-еркін асыр салып, еркіндікке үйреніп қалған бала атаулыға бірден сабаққа бас қою оңайға соқпайды. Ал білім ошағының табалдырығын енді ғана аттайтын балақайларды мектепке қызықтыру тіпті қиын. Кейбіреуі өздеріне беймәлім жаңа әлемге қадам жасаудан қорқады, енді бірі еркіндігін қимайды, енді бірінікі – жай ғана еркелік.
Қалай дегенмен де, психолог мамандар бұл жағдайға самарқау қарамауға шақырады. Олардың пікірінше, баланың мектепке барғысы келмеуінің ең басты себебі – дайындығының болмауы.Мысалы, ұшқалақ, не болса соған елеңдеп отыратын баланы мектепке беруге болмайды. Ол мұғалім айтқан қарапайым нәрсенің өзін есте сақтауға қабілетсіз. Мұндай балаға мектепте оқу қиын соғады. Ал мінез-құлқы орнықты, ұстамды, өзі қалаған ісінен бөлек, басқа да тапсырмаларды орындай алатын баланы мектепке қорықпай беруге болады.
Баланың мектепке дайындығының төрт белгісі:
1. Физикалық дайындығы – бала өз жасына лайық нормаларға сәйкес дамыған болуы тиіс. 2. Бала интеллектісінің дайындығы – баланың қоршаған орта жайлы белгілі бір түсінігі болуы шарт. 3. Психологиялық, эмоционалдық тұрақтылық – бала өзін-өзі басқара алуы тиіс. Мысалы, өзіне ұнамайтын тапсырманы да ұзақ уақыт отырып орындауға, уақтылы тұрып, мектепке баруға дайын болу. 4. Ортамен тіл табыса алуы. Бала өз қатарластарымен тіл табысуға, мұғалімді тыңдауға және оның талаптарын орындауға әзір болуы керек.
Баланың даму деңгейін тест арқылы тексеріп көруге болады. Айталық, а) Әртүрлі заттардың қандай мақсатқа жұмсалатынын түсіндіре ала ма? Мысалы, щетка, шаңсорғыш, тоңазытқыш не үшін қажет?
ә) Сөзді орын-орнымен айта ала ма? (Бала сөйлемдегі қатені түзетуі тиіс: «Мен сатып алуға кеттім нан», «Бала тізесіне әкесінің отырды» т.б.)
б) Ойлау деңгейін бағалау: ұқсас және ұқсас емес пішіндерді ажырата ала ма?
в) Суреттерді (алдында көрсетілген тәртіппен) рет-ретімен қоя ала ма? (Мысалы, суреттегі қояндарды кішісінен бастап, үлкеніне дейін қойып шығуы керек).
Жал пы, мектепке дайындықты үш жастан бастауға болады. Бұл кездегі дайындық, әрине, ойын түрінде өтуі тиіс. Мысалы, балаңызға шағын портфель сатып әперіп, оған ойыншықтарын, бояйтын суреттері мен кубиктерін салып берсеңіз болады. Үйдің бір бұрышын шартты түрде «мектеп» деп атаңыз. Бала сол жерге барып, суреттерін бояп, кубиктерімен ойнап немесе сурет салады. Егер балаға әріп үйреткіңіз келсе, ол да дәл сол «мектеп» деп аталатын шартты орында өткені дұрыс.
Мұндай дайындық міндетті емес. Бірақ бұл әдіс баланың мектепке барған алғашқы жылын біршама жеңілдетеді. Ал бес жастан бастап дайындыққа шындап ден қою қажет. Ол үшін әртүрлі үйірмелерге берген дұрыс. Бала осылайша әлеуметтік ортаға ертерек араласады. Сонда жаңа ортаға да тезірек бейімделеді.
Баланы музыкалық аспапта ойнауға үйретсеңіз, бұл оның дамуына өте жақсы әсер етеді. Одан бөлек, бала өз бетінше әрекет етуге үйренеді. Мектепке барғанда мұның көп көмегі болады. Бала өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Ережелер мен тәртіптерге де бағына бастайды.
Балаға әлденені үйреткенде оған ұрсуға, қорқытуға болмайды. Мысалы, ата-аналардың көпшілігі «Әріпке тілің келмейді, мектепте сені ешкім түсінбейді... Мына мінезіңмен мектепте ешкім сенімен дос болмайды... Оқи алмасаң, мұғалім жаныңды шығарады» деп шошытады. Бұдан кейін қай бала мектепке барғысы келеді?!
Сосын баланың сұрақтарына ерінбей жауап берген жөн. «Білмеймін, қоя тұршы, уақытым жоқ, ары кетші» деп меселін қайтаруға болмайды. Егер баланы мұражайға немесе хайуанаттар бағына апарып, үйге келгеннен кейін солар жайлы энциклопедиядан оқып берсеңіз және «Мектепке барған соң, бұдан да көп нәрсені білесің» десеңіз, әрине, қызығушылығы артады. Қалай болғанда да, «Мектеп – кеме, білім – теңіз» екенін ұғындыра біліңіз.
Қазіргі уақыт бөлек, талап өте жоғары. Сондықтан бала мектепке кейбір нәрселерді біліп барғаны дұрыс.Әрине,бәрін біліп баруы шарт емес. Сондаоқуға деген ынтасы да кемімейді.
1. Ең бастысы, әріптерді танып, буындап болса да оқи алғаны жөн. Жазуға үйретудің қажеті жоқ. Өйткені мұны арнайы маманның үйреткені жақсы.
2. Жыл мезгілдерінің атын, ретін, әр жыл мезгілінің негізгі сипаттарын, соған байланысты тақпақтар мен жұмбақтарды жатқа білу.
3. Шаршы, дөңгелек, жолақ, үшбұрыш, сопақ пішіндерді қайшымен қиып үйрену.
4. Қарындаш пен қаламды жақсы пайдалану: көлденең және тік сызықтарды сызғышсыз сызуды, қарапайым геометрикалық пішіндер мен заттың пішінін бұзбай бояу.
5. 10-ға дейін және кері қарай еркін санау, 10 санының көлемінде қарапайым есептерді шығару, қосу және айыру амалдарын білу.
Тағы бір маңызды жайт: ешқашан «жұмысқа барғым келмейді», «жұмыстан шаршадым» деп шағымданбаңыз. Онда сіз өзіңіз байқамай, балаға жаман үлгі көрсетіп жатырсыз. Керісінше, «мен өзімнің жұмысымды жақсы көремін, ал балам өз жұмысын жақсы көреді» деңіз. «Сенің қазіргі жұмысың – оқу» деп құлағына құя беріңіз. Мектепке дайындық дұрыс жүргізілсе, бір жағынан, балаңыздың жаңа ортаға тез бейімделуіне көмектесесіз. Ал, екінші жағынан, күнде-күнде балақайды алдап-сулап мектепке баруға, мұғалімді тыңдауға үгіттеп, жүйкеңізді жұқартпайсыз.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Гүлжаз апай | 30 тамыз 2017 23:02
Өте дұрыс жазылған
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар