1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Тележүргiзушi Аружан Сайын президенттi «Такси» телеойынына шақырып, 37000 теңге ұтып алуға болатынын айтты. Бұған Н.Назарбаев неге үндемеді?
Жүлде қорын қомсынғандықтан (17.8%)
Интелектуалдық қарым-қабiлетiне күмәнданғандықтан (24.3%)
Ресейден алынған көшiрме бағдарлама қызықтырмағандықтан (14.4%)
Ойын-сауықпен әуестенетiн жастан әлдеқашан өтiп кеткендiктен (43.6%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (15444) 10 қараша, сейсенбі 2009
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы. Дайындайтын Салима ЫСҚАҚОВА
10 қараша 2009
«Болмайды, жаман болады!»

НЕМЕСЕ КЕЙ ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАРДЫҢ МӘНI

Ол кезде сiз бала болатынсыз. Алматыдан әпкеңiз келдi. Ести салып үйге қарай құйын-перен ұшасыз! “Әпкем келдi-i-i-i!!!” деп айғайлап. Әжеңiз алдыңыздан шығып қап: “Тек! Жаман ырым бастағаны несi?! Үйге айғайлап, жүгiрiп келушi ме едi?” – деп тыйып тастайды. “Неге?” – дейсiз төргi үйге ұшып бара жатып, “Жаман болады!” деген жауапты құлағыңыз шалып қалады.
 Тағы да бала кезiңiз. Еркелiктiң неше түрiн жасайсыз. Сiздiң жылағаныңыз да ерекше, елдiң назарын аудару керек. Сәждеде жатқандай маңдайыңызды жерге тигiзiп жылайсыз, “маған анау ұрысты ғой” деп. Сонда анаңыз келедi де: “Тек! Жер бауырлап жылаушы ма едi?! Құдай сақтасын!” – деп тағы да сiздi тыйып тастайды. “Не болады?” – дейсiз өксiп жатып. “Жаман болады”. Немесе шаршағанда, бiр қолыңызды бүйiрiңiзге таянып тұра қаласыз. Онда да: “болмайды, жаман болады” дегендi естисiз. Жамандықтан Алла сақтасын! Қой деген соң, қоямыз ғой жаман болмасын деп. Соның кейбiреулерiнiң мәнiн бүгiнде түсiнгендеймiн. Сонымен… былай:
Бүйiрдi таянуға болмайды, неге? Өйткенi, қазақ жақын бiр адамынан айырылғанда қос бүйiрiн таянып, жоқтайды. Қатты өксiк, солықтап жылау адамның iшкi органдарына қатты зиян келтiредi, сол кезде екi бүйiрден таяну – адамға үлкен таяныш екен, органдардың төңкерiлiп, бұралуына аз да болса тосқауыл болады-мыс.
“Күлдi баспа”. Бұл – тазалыққа байланысты. “Босағаны керме” – қазақ ұғымында әйел мен ер қос босаға сынды, оны керу – екеуiнiң арасын ажырату деп бiлген.
Бiрде әкем үйге көңiлсiз оралды. Өз шаруасымен кетiп бара жатқан әкемнiң алдын бос шелек ұстаған бiр әйел кесiп өтiптi. Әлбетте, әкем оны көңiлiне алып қалған. Сол күнi құжаттары дұрыс болмай, жолы болмағаны үшiн үйге қатулы келген екен. Кiре сап бiзге: “Бiрде-бiреуiң ер адамның жолын кесiп өтушi болмаңдар!” – деп қатаң ескерттi. Содан кейiн мен бiреудiң жолын кесiп өткендi қаламаймын.
Есiнегенде ауызды қолмен жабу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есiнегенде аузын оң қолының iшкi жағымен не сол қолының сырт жағымен жапқан екен. Есiнегенде, шайтан адам аузына балаларын тастап жiбередi.  Демек, бұл тыйым – сүннет.
 Ырым-тыиымның денi жақсы болсын деген ниеттен туғаны ақиқат қой, бiрақ кейбiреуi дұрыс емес пе деп ойлаймын. Мәселен, мен жол кесуге болмайды немесе бүйiрдi таянба дегендi онша түсiне алмаймын. Әрине, миыма мықтап сiңген соң оларды жасамаймын да ғой, бiрақ көңiлiм қаламайды. Есiкке таға iлу не босағаға асықты жiлiк iлу бақыт әкеледi дегенге де сенбеймiн. Адам әр кез жақсы ойда жүрсе, Алладан сұраса, бақыт асықты жiлiксiз-ақ келедi деп ойлаймын.
 
CIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Дулат Исабеков,
жазушы:
– Ырымдарға сенбесең де, «солай болып қалса қайтем» деп психикаңа керi әсер етiп тұрады. Ондай сәттерде мүмкiндiгiнше, көңiлге алмауға тырысамын. “Аяқты шешкенде сол аяқтан бастап шешу, кигенде оң аяқтан бастап кию, жатарда жаман ойламау керек” дейдi. “Ымыртта ұйықтама” дейтiн бұрын. Мистика бо­йынша, “сол уақытта жын қоныс ауыстырады, көшiп жүредi екен. Сол кезде ұйықтап жатқан адамның үстiнен өтiп кетсе, есалаң болады” дейдi. Ол да тiршiлiк, тұрмысқа байланысты шыққан ба деп ойлаймын. Сол уақытта қой келедi ғой, қарбалас болады. “Түнде тырнақ алма” дейдi. Қазiр үнемi түнде алып жүрмiн ғой, күндiз уақыт та жоқ алатын. Шамасы, ол кезде қараңғы, қазiргiдей жарық жоқ, қолдарын кесiп ала ма екен, – деп жазушы әзiлдеп күлiп қойды.
– Кей режиссерлер бiр киноны түсiрiп бiткенше сақалын алмайды, шашын түзе­т­пейдi. Ал сiзде бар ма осындай нанымдар?
– Кейде жазып отырғанда ручкаңның пастасы бiтiп қалады, сиясы түспей қалады, сол кезде орнымнан тұрып кетемiн. Ары қарай жазбаймын. Жалқаулық та ұстап тұрады оның үстiне. Кейде “жарық өшiп қалса екен” деп ойлап тұрасың (күлдi). Кейде “тәжiрибелi жазушы” деп жатады ғой, менiңше, жазушы ешқашан тәжiрибелi бола алмайды, үстелге отырарда мiндеттi түрде тәжiрибесiз жазушыдай жүрексiнедi, тiптi, шығарма жақсы шығып жатса да жүрексiнiп барам столға.
 
Ләйле Ноғайқызы,
көпбалалы ана, ұстаз:
– Кiшкентай күнiмiзден “Ассаламуалейкум, ай көрдiм, аман көрдiм, жақсылықты заман көрдiм. Жаңа айда жарылқа, ескi айда есiрке” деп айтуды үйрендiк қой. Бұл жерде айға табынып тұрған жоқпыз, осы күндi көрсеткен Аллаға шүкiр деп тұрмыз. Бұл да – дұға. Бұрын бiздiң қолымызға сүйел шыққанда “ай толысып келе жатқанда қолыңды жуып көрсетсең, кетедi” деп жататын. Сүйел де ластықтан шығады ғой, бұның да астарында тазалық жатады.
– Ал ер адамның алдынан бос шелекпен кесiп өтпе деген ырымға қалай қарайсыз?
– “Ер адамның алдынан бос шелекпен кесiп өтпе”, “жағыңды таянба” дегенде жеке тұлғаның мәдениетi жайлы айтылып тұр деп ойлаймын. Адам ата да Хауа анадан бұрын жаралған ғой. Ер адамды сыйлау – ырым-тыйымда айтылса, ол да ешқандай шектен шыққандық емес, қайта әдеп.
 
Тамара Асар,
әншi:
– Өз басым “сол көзiң тартса – жабырқап, оң көзiң тартса   – қуанасың” дегенге сенем.
 – Ал “бүйiрiңдi таянба”, “жағыңды таян­ба” дегенге ше?
- Оған да сенем. Этикалық, эстетикалық мәнi бар деп ойлаймын. Мәселен, жақ таянса, адамның бет-әлпетi өзгередi. Қыз балаға “көсiлiп отырма” дейдi. Көсiлiп отырған соң, ыңғайсыз көрiнедi, үнемi жинақы жүру керек. Кiшкентай кезiмiзде “күлдi баспа, үйiң өртенедi” деп жататын. Мен өте ырымшылмын.
– Кез келген ырымды естiсеңiз болды, орындай бересiз бе?
– Бiр рет естiп қалып, көңiлiме алсам, мiндеттi түрде орындаймын. Балама үнемi “оң аяқтан бастап ки, оң жеңiңдi бiрiншi ки, киiмдi терiс iлме” деп айтып отырамын. Сахнаға шыққанда да оң аяғыммен шығамын. Ата-әженiң тәрбиесiн көрген соң, бәрi өмiрiңе сiңiсiп кетедi екен.
 
Кәмшат Әбiлқызы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (8)
Гүлмира | 23 қараша 2009 15:17
Мен пікірімді айтсам,бірде бір жерге құжаттарымды тапсыруға баратын болдым.Өте асығып бара жатырмын,сол кезде алдымнан бір мысық кесіп өтті.Мысық кессе жаман болады деп айтушы еді ғой,мен оған мән бермей бір Құдай сақтасын деп өтіп кеттім.Сенесіздерма сол күні жолым болып кетті. Содан бері мен мысық жолды кесіп өткенге сенбеймін.Бірақ көз тартқанға міндетті түрде сенемін.Ол сенің көріпкелің сияқты.
Ерлан | 25 желтоқсан 2009 16:11
Жалпы ырым-тиымдардың тәрбиелік мәні ерекше.. Ол ата-бабаларымыздың жолы. Ұмытуға тиісті емеспіз. Бірақ әр кім өзінше сенеді емеспе..
Гүлнүр, Астана студенті. | 30 желтоқсан 2009 02:21
Ия, сонау ата-бабаларымыздан келе жатқан ырымдар мен тыйымдардың барлығына сенбеуге болмайды. Десе де әр нәрсенің өз орны бар. Халық айтса қалып айтпайды. Өз санаңызға сеніңіз!!!!!!!!
алматылык | 28 қаңтар 2010 12:35
Казакта мынадай да макал бар:
"казак ырым етедi, ырымы кырын кетедi"
Айжан | 19 ақпан 2010 11:59
Сенбеймин ешкандай ырымга, АЛЛАга сену кажет болды. Уйден шыгып ката кирсен обай анйнага кара деп жатады карамай кете берем кудай сактасын ештеме болган жок, мысык та талай жугирип отти6 конилге алма болды.
Бекзат | 26 сәуір 2010 11:04
Айжан, кішкене дұрыстау жазсашы
Нұрлан Досмағұлов (Нұрлан_Дос) | 2 мамыр 2010 18:55
Мысық кесіп өтсе басқа көшемен айналып өту керек деген сияқтылар кейінгі кезде пайда болған ырымдар ғой. Әйтпесе ата-бабамыз киіз үйді көше қылып тігіп пе?! Мен қазақтың қанына сіңген ырымдарға сенемін. Мысалы, қақпанның ауызындағы аңды алса, орнына міндетті түрде зат немесе ақша қыстырып кетеді деген сияқты. Ал, кәрі жілікті бақыт әкелсін деп емес, үйді ұры-қарыдан қорғасын деп жинайды. Сол туралы аңыз да бар.
Бір бай қызын ұзатады. Қызының жасауымен қосып бір сандық қосады да, бірақ, не салғанын қызына айтпайды. Тек сол сандықты еліне барғанша ашпауын қатаң тапсырады. Сонымен қыздың көші жолға шығады. Жары жолға келгенде шыдамаған қыз сандықты ашып қалса, ішінде саудыраған сүйек екен. 40 кәрі жілік. Байыбына бармаған қыз ашуланып "маған саудыраған қу сүйекті неге салған? Жүкті ауырлатқанша..."-дейді де, сол жерге лақтырып кете барады. Сол күні түнде 40 қарақшыға жолығып, тоналады ғой. Сонда қарақшылардың басшысы айтыпты:
-Жолда әлгі жерде 40 жігіт қалып қоймағанда сендерді қолға түсіріп, мол олжаға ие бола алмас едік-деп.
Байдың қызы өкініштен бармағын шайнаған екен. Сонда әр кәрі жілік алпамсадай бір жігіт боп көрініп, қарақшыларды қорқытып келген екен ғой. Содан бері кәрі жіліктің орны қазақтың босағасы болыпты.
Айсұлу | 1 маусым 2010 14:52
Жолынды мысық кесіп өтесе ырымы бұл біздің ырымға жатпайды. Бұлы орыстардың немесе басқа ұлттардын ырымы. Әр халықтың өз ырымдары бар. Кей ырымдар дәл келеді. Қазақ айтса қалып айтпайды. Ырымға сен керек.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті