19 қаңтар 2010
Егде адамдар да ажырасады

«ӘПКЕМДI ТАСТАП КЕТТI»
Жұмыс ретiмен ары-берi жүрiп, бiраз қыздардың тағдырына қанықтым. Бiреуiмен сырлассаң, екiншi бiреуiмен мұңдас боласың. Осындай танысымның бiрi – Алтынай. Бiлiмiне көркi сай тәрбиелi жан. Бар айыбы – жасы 36-ға келсе де тұрмыс құра қойған жоқ. «Менiң әпкемдi күйеуi бес баласымен тастап кеттi. Ол кезде екеуi де 40-та едi. Үлкендердiң ақыл-кеңесiне жездем құлақ асқан жоқ. Екiншi әйелiмен араларында 15 жас айырмашылық бар. Одан да екi бала сүйдi. Алдыңғы балалары қазiр ер жеттi. Оларға жәрдемдесiп тұрады. Тек әпкем ауру болып қалды. Күйеуiнiң сатқындығын көтере алмаған тәрiздi», – дедi Алтынай. Мұны неге айтып отырмыз? Бұл таңсық жайт емес қой. Бүгiн үй болып, ертең екi жаққа кетiсiп жатқандар жайлы айтып та, жазып та ешкiмдi таңғалдыра алмайтын болдық емес пе мына заманда.
ДЕГЕНМЕН, АЖЫРАСУҒАНЕ СЕБЕП?
Статистиканың көңiлсiз мәлiметтерi соңғы кезде ажырасудың тым етек алып кеткенiн көрсетедi. Мәселен, 2008 жылы Атырау облысында 987 адам ажырасқан. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда 170 адамға көп. Атырау қаласы әдiлет басқармасының бас маманы Гүлфара Бисенғалиева: «Ажырасу үшiн АХАЖ бөлiмiне келгендердiң көбi «мiнезiмiз үйлеспедi» дегендi айтады», – дейдi. Маманның айтуынша, әсiресе, 18-25 жас аралығындағылар осындай себептi көбiрек көлденең тартады екен.
– Былтыр 750 адам некесiн бұзды. АХАЖ арқылы не балалары кәмелетке толғандар, не болмаса баласы жоқтар ғана ажыраса алады. Ал ортада сәбилерi барлар мiндеттi түрде сот алдына барады. Бiр байқағаным, 30-ға дейiн ажырасуға бiрiншi болып әйелдер қадам жасаса, 50-ден кейiн ерлер арызданады, – дейдi Гүлфара Бисенғалиева.
Психологтар ажырасудың салдарын ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне құлықсыз көзқарасынан, арадағы салқындықты жойып, жылы iлтипат бiлдiрудiң орнына бiр-бiрiне дөрекiлiк көрсетуден, үй шаруашылығына араласпаудан, бала тәрбиесiне көңiл бөлмеуден, жұбайлардың бiр-бiрiнiң көзiне шөп салуынан, жыныстық қанағаттанбаушылық және тағы да басқа себептерден iздейдi.
60-ТАҒЫ ШАЛДАРДЫҢ ӘЛI ҚЫЗДАН ДӘМЕСI БАР...
Сонда бұл не деген сөз? Ата сақалы аузына түскендердiң әлi күнге желiгi басылмағаны ма? Әлде, қартайса да қазақтың еркектерiнiң белден қайтпайтынының белгiсi ме? Бұл сауалға Мақсат есiмдi жасы елудi еңсерген отағасына қойған едiм. «Жасы келген еркектердi жас қыздар көбiрек қызықтырады. Менiң 60-65-тегi жолдастарымның көбi әлi күнге дейiн жас иiстен дәмелi. Оған бiр жағынан қыздар да кiнәлi. Отбасы, тұрмыс, тағы басқаны сылтау қылып тәнiн пұлдайды. Оларға күйеуге шықса болды, жасы 20-да ма, әлде 60-та ма, бәрiбiр. Мұны үлкен проблема ретiнде қарап, қадағалайтын ұйым жоқ. Кеңестiк дәуiрде суыт жүрiске барудан партиядан қорқатын едi. Оның үстiне төл құжатыңа балаларыңды тiзiп жазып беретiн. Қазiр кiмнiң бойдақ, кiмнiң әйелi барын ұқпайсың», – дейдi Мақсат. Ал Серiк атты 57 жастағы отағасы: «Әйелiңмен көп жыл бiрге тұрған соң, ол саған туысың секiлдi болып кетедi. Бiр күнi бiр кездегi жастық шағыңдай жүрегiңдi дүрсiлдете соқтыратын ғажайып жан пайда бола кетедi. Сол сәтте еркек бала-шағасы, тiптi немере-шөбересi барын ұмытады...», – дейдi.
Шетелдiктер қазақ қыздарымен некелесуге құмар
Гүлфара Бисенғалиева әңгiме барысында тағы бiр қызықты мәлiметтiң шетiн шығарды. Атырау – өндiрiстi қала болған соң, мұнда жан-жақтан ағылып келетiн өзге ұлттардың өкiлдерi де жетерлiк. «Солардың арасында қазақ қыздарымен некеге тұруға талпынушылар да көп. Олардың басым көпшiлiгi түрiктер, өзбектер мен орыс ұлтының азаматтары. Әрине, еуропалықтар да бар. Тағы бiр айтарым, тiркелуге келгендердiң көбiсiнiң жас айырмашылығы көзге ұрып тұрады. Әдетте қыздар 25-35 аралығында болса, ерлер – 55-65 жас шамасындағылар», – дейдi ол кiсi. «Мұның бiр ұшын елдегi әйелдер санының ерлерге қарағанда басымдығында болар», – деп ойладық. Мәселен, 2009 жыл Атыраудағы ерлер саны – 244 571 болса, әйелдердiң саны – 256 527 болған көрiнедi. Осы орайда былтыр Қытайға барғандағы бiр жайт есiме түседi. Сауда дүкенi алдында топырлаған ер адамдарды көрiп: «Мынау ерлер заттарын сататын тамаша орын екен-ау», – деп бас сұққым келген-дi. Бiрақ қасымдағы танысым күлiп: «Бұл дүкенде «бiздiң тауарымызды алсаң, қыз тауып беруге көмектесемiз» деген акция өткiзiлiп жатыр», – дедi. Дегенмен, отбасының берекесiнiң кетуiнiң нақты салдарын тек екеу ғана бiледi. Бұл жайлы бiр тамаша мысал-әңгiме бар. Әйелiнен ажыраспақ болған бiр римдiктi көпшiлiк талқыға салып, даттап, сөгiп, тоқтамға шақырыпты. Олар: «Ел аузында аса көргендi бұл әйел сенiң көңiлiңдi несiмен қалдырды?» – деп сұраған екен. Сонда әлгi римдiк аяқ киiмiн шешiп алып: «Мынау менiң башмағым. Сырт көзге ол өте әдемi. Бiрақ, оның аяғымның қай жерiн қажайтынын менен басқа ешкiм бiлмейдi» деген екен...
Республика бойынша 2007 жылы отау құрғандар саны – 146 мыңнан асса, ал 2008 жылы – 135 280 адам ресми түрде некеге тұрған. Ал 2007 жылы 36 108 адам ажырасса, 2008 жылы 35 852 адам ажырасқан екен. Ең бiр көңiл аударарлық жайт, бұрындары қазақ отбасыларының арасында егде адамдардың ажырасуы мүлде кездеспейтiн болса, соңғы жылдары егде адамдардың (50 мен 70 жастағы ерлер мен әйелдердiң) ажырасуы жиiлеп кеткен. Халқымыз: «Орта жолда атың өлмесiн, орта жаста қатының өлмесiн!» -– дейдi. Жалпы, егде адамдардың ажырасуы – екi жаққа да, әйелге де, еркекке де өте ауыр, қиын. Ал қиын, ауыр болса, неге ажырасамыз? Не десек те, осы құбылысқа жете назар аударып, зерттей түсу керек-ақ сияқты.
Сәния ТОЙКЕН,
Атырау





Уәж айту