Сараптама
Бодандықтан бостандыққа дейiн: Ресей-кеңес империясының геноцидi
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
04.10.2016 12:09
Қазақ елi Жоңғар шапқыншылығын бастан өткердi, жеңiске жеттi, хандық мемлекетi мен жерiнiң тұтастығын сақтап қалды. Алайда солтүстiктегi Ресей империясының Орта Азияға көз салған отарлау саясатының құрығынан құтылмасы анық едi. Алмағайып заманда, бiр жаудан жерiңдi тазартып азат болғанмен, екiншi, үшiншiлерiмен айқасқа түсу жойылып кетумен тең едi. Сон­дықтан қазақ жүздерi Ресейдiң бодандығына өтуге мәжбүрлендi. Мұны орыс патшалығы ұтымды пайдаланды. Бекi­нiстер салып, қазақтың құнарлы жер­лерiн өз қалауынша, жаппай иелендi.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi­нiң шығуына негiзгi себептiң бiрi – жер мәселесi. Отарлаушы елдердiң қай- қайсысы да бөгде елдердiң жерiн басып алу арқылы оның қазба байлығын тонауды, халқын құл етудi көздедi. Қарсыласқандарды аяусыз қырып жойды, қуаң, қолайсыз жерлерге қоныс аудартты. Ресей патшасы да дәл солай iстедi. Демек орыс ұлтының мүддесi үшiн қазақ және басқа да “бұратана” саналған ұлттар мен ұлыстарды соғыс жолымен, күнкөрiске қолайсыз аймақтарға, резервациялар­ға ығыстырып, халықты қырғынға ұшыратты. Ал мұны геноцид демегенде не деймiз!
19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарды әскер жұмысына шақырту соғыс қажеттiлiгiнен ғана туған жоқ. Ондағы мақсат – еңбек етiп, ата-анасын, бала-шағасын асырайтындарды майдан шебiне әкету арқылы отбасыларын аштыққа ұшырату, бала тапқызуды шектеп, халықтың өсiмiн тоқтату. Сөйтiп, қазақ, қырғыз ұлттарының санын азайтып барып, жоқ ету.
Осы уақытқа дейiн бұған геноцид деген баға берiлген жоқ, ендi олай деп атау қаншалықты жөн дейтiн сұрақ туындауы мүмкiн. Бұған қайтарылатын жауап мынадай: бiрiншiден, Ресей мен Қазақстан арасындағы тарихи жағдайлар бүгiнге дейiн толығымен шынайы бағасын алған жоқ – саясаттың ығына қарай жығылып келдi. Патшалық Ресейден кейiнгi империялық билiк үстемдiгiн Кеңестiк атауымен орын басқан коммунистiк билiк жал­ғас­тырды. Отарлаушылықтың түр-сипаты өзгерсе де, мазмұны мен нәти­жесi сақталып қалды – қазақ халқы азаттыққа, тәуелсiздiкке жетпедi. Өзiн-өзi дербес басқарудан шетте­тiлдi. Ресейге өз еркiмен қосылды дейтiн идеологиялық насихат тұсында, интернационализм “шуағына бөленген” кезде 1916 жылғы қанды жазалау мен басып жаныштауды және одан кейiнгi, 1930-32 жылдардағы аштық қырғынын, 1932-37 жылдардағы саяси қуғын- сүргiндi, миллиондаған қазақ қырылса да, геноцид деп айту, бағалау мүмкiн емес едi ғой! Екiншiден, геноцид туралы мәселе көтеру, онда да шетелдерге қатысты жағдайда ғана, тек жоғарғы билiктiң пәрменiмен, соның нұсқауымен болатын. Үшiншiден, тәуелсiздiк алғалы бергi жылдарда бұған ғалымдарымыздың, саясаткер­лерiмiздiң тәуекелi жетпедi. Өйткенi бiздiң қоғам өткенге берiлген бұрынғы иiс сiңдi баға мен жауыр болған анықтаманы қайта қарап, санада түбегейлi серпiлiс жасауға келгенде өз билiгi­мiз­дiң шылауынан шыға қоймады. “Итiң жаман десе, иесiнiң көңiлiне келедiнiң” керi – патшаң жаман едi десе, күллi орыстың көңiлiн қалдыратындай, империяға қатыстының бәрi Ресейге телiнiп кетердей көрiнедi. Осындай көңiл жықпастыққа елдiң тыныштығы керекке тiрелетiн жасқаншақтық, әсiре сақтық қосылған соң не қайыр! Тарихты әдiл таразылау қайда!
Ұлт-азаттық күресiн басып-жаныштауды, аштық нәубетiн, сая­си қуғын-сүргiндi, Семейдегi қырық жылдық ядролық сынақты, оның зардаптарын геноцид деп атайтын, оның баршасын және оның әрқайсысын жеке-жеке ГЕНОЦИД дейтiн мезгiл келдi! 
Ендi оның анықтамасына қарайық. Геноцид – қандай да бiр ұлттық, этникалық, нәсiлдiк, дiни немесе басқадай да бiр тарихи қалыптасқан мәдени- этникалық топты толықтай немесе iшiнара жойып жiберу мақсатындағы әрекеттердi мынандай жолдармен iске асыру: бұл топтардың мүшелерiн өлтiру; олардың денсаулығына ауыр зардаптар келтiру; мұндай топтарда бала тууды болдырмаудың шараларын қолдану; жанұясынан балаларды әкету; бұл топтарды толықтай немесе iшiнара қырғынға ұшырату үшiн қасақана адам төзгiсiз жағдай туғызу.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымы 1948 жылдан бастап геноцидтi халықаралық қылмыс ретiнде таныды. Қазақстан – Бiрiк­кен Ұлттар Ұйымының мүшесi, ал бiз ондай халықаралық қылмысты өз атымен атау­дан неге жасқанамыз. Бiз ұлттық намысын жоғалтқан ел емеспiз ғой. Қырғыз ағайындар 1916-ның қырғынын геноцид деп атады. Бiз әлдеқандай бiр ұпай алайық, ұлттық мәселенi ту етiп сайлауға түсейiк, билiкке ұмтылайық деуден мүлде аулақпыз. Ондай есеппен мұндай мәселе көтерушiлердi патриот деуден де саяси саудагерге теңеген жөн болар. Бiздiң мақсатымыз – ақиқатты ашу. Бұлталақсыз, әдiл баға беру. Қоғам оған қалыптаспаса, әлi де көп нәрсенi жоғалтады. Бұдан ұлтаралық араздықты қоздырудың елесiн iздеушiлерге айтарымыз: мырзалар, босқа тыраштанбаңыздар, Ақ патшаның, Компартияның жауыздығы үшiн қарапайым орыс халқы, бiздiң елiмiз­дегi славян азаматтары жауапты емес және олар бiздiң отандастарымыз. Айтылар ақиқатты бәрiбiр олар да бiлуi тиiс. Жауласу, кектесу үшiн емес, өткен кезеңдердiң жамандығына қайтадан ұрынбас, билiктегiлердiң немесе билiкке ұмтылушылардың, тiптi Ресей Федерациясындағы айтақшылардың арандатуына, жетегiне ермес үшiн, сананы тазарту үшiн ақиқаттың жүзiне тура қарау керек.
Мұрағаттардағы құжаттар, солардың негiзiнде жазылған кiтаптардағы деректер геноцидтiң нақ өзi болғандығын бұлтартпай дәлелдейдi. Ендi солардың бiрқаншасына көңiл бөлейiк.  
Сәйдәлiм ТӘНЕКЕЕВ ақсақалдың “1916. Қарқара – Албан кө­терiлiсi” (Алматы, “Экономика” 2002) кiтабы­нан:
“Қарақол түрмесiнде қамауда жатқандардың жалпы саны жайлы бiр деректе 300-ге жуық адам, тағы бiр мақалада 400-ге жуық адам едi деп көрсетедi. Хромых рапортында түрмеде жатқандардың 59-ы оққа ұшты деп жазыпты... Тiзiм бойынша оққа ұшқандардың саны – 80 адам”. Көрдiңiз бе, түрмеде жатқан тұтқындарды сотсыз, сұраусыз атып тастаған!
“Қарақолда түрмеде жатқандар мен Қарқарада қамауда жатқандар, бiрi – қапаста, бiрi – далада бiр күнде атылған екен.
Бұны кейдейсоқ, тосын болған iс деп кiм айта алады?! Қайта, осының өзi­нен-ақ заңсыз айуандық пен қырғынды итермелеушi күштiң жоғары орындарда тұрғаны айқын аңғарылмай ма?!” 
 
***
“Түрмеде отырғандарды жаяу айдапты. Жаркент қаласына шейiнгi екi ара 180 шақырым жер. Осыншама қашықтыққа жаяу айдалған адам қанша күн жүруi керек едi? Қамаудағыларды салт атты 15 солдат айдапты. Басқаны айтпағанда, түрменiң де, соттың да басшыларының отыз шақты адамның жол азық мәселесiн ойлап та қоймағандары қалай?
Демек, уездiң де, бөлiмшенiң де басшылары айдаған адамдарды Жаркентке апарамыз деп сылтауратып, түнделетiп жолға шығарып, адам жоқ иен далада атып тастау туралы алдын ала шешiм қабылдаса керек.
Алдаберген:
– “...Жұлдыз толып түн болғанда 12 ұйғыр, 3 қазақ (Серiкбай, Әбдiхалық, Қойшыбек) болып, бәрiмiздi 15 солдат Қар­қарадан айдады... Қарқараның тоғайына келгенде... (осы күнгi Кеген поселкiсiнiң оңтүстiк шетi, кенттен 3 шақырымдай жер – С.Т) (ұйғыр) Мансұрды найзалап өлтiрдi.
...Басқамызды сол айдағаннан таң ата Кегенге алып келдi... бiр жаман үйде қамауда жаттық... ...Күн көтерiлгенде тағы айдады... Жаманды өзекке барғанда (Осы күнгi Алматы – Нарынқол тас жолынан Тұйыққа бұрылатын жолдың айналасы – С.Т) Серiкбай мен Әбдiхалық болдырып жүруге шамалары келмей... дем алдық. Сол жерде солдаттар бiреудi қарауыл қылып атты. Содан... тағы жүргiзiп, жарым шақырым жерге барғанда мылтық атылды. Сонда мылтық түгел атылғанда Серiкбай жығылды, басқалары да жығылып жатыр. Қашқанын қуып атып жатыр. Сонда мен де жығылдым, оқ тиместен... Содан бiраздан кейiн бiр солдат келiп, аттан түсе қалып менi атты... Оқ менiң құлағыма тиген... Түс ауғанша жатып, есiмдi жиып, Сарытауға қаштым... Ақтас­тыға келдiм... Ел жоқ, үркiп кетiптi”, – дейдi.
 
***
“Волковтың отряды 24.08.1916 ж. Кеңсу өзенiнiң бойына келгенде, қазақтардың жасағы пулеметiнен оқ жауған әскермен ашық соғысса жолы болмайтынын түсiнiп, сейiлiп, сай-саланы паналап, тұтқиылдан тиiп, соғыс ашу тәсiлiне бой ұрған едi. Волков көрсеткендей киiз үйде тiрлiк жасап жатқан үлкен-кiшi, бала-шаға, түгел үйдi тастап, қалың жынысқа тығылып, бой тасалады.
Волков бос қалған киiз үйлерден бас­қа қару жұмсайтын бiрде-бiр адам бетпе-бет кездеспеген соң, үрiккен елдi жазалау туралы тапсырмаға орай, онсыз да қиындыққа ұшыраған елдiң тiрлiгiн тарылта түсу мақсатында, 600-ге жуық киiз үйлердiң бәрiн (iшiндегi жасағы мен iске жарар мүлкiн жиып алған соң) өртеп жiберуге бұйрық бередi. Солдаттар бос қалған үйлердiң түбiне құрғақ шiлiк жинап болғанда барып, Волков барлық үйлерге бiрден от қоюға бұйырады.
Керегесi құрғақ, iргесi шiлiктен лаулаған үйлер бiр сәтте өртенiп, бүкiл алқапты түтiн қаптап тұрған сәтте, Волковтың көзiне орта шенде жанбай қалған бiр үй түседi.
Ол:
– Анау үй неге өртенбей тұр? – деп сұрағанда, бiр солдат:
– Үйдiң iшiнде бiр жас келiншек тол­ғатып жатыр екен. Қасында жалғыз кемпiр бар. Өртеуге батпадық,–дейдi.
Сонда Волков:
– От қойыңдар!–деп бұйырады.
Үй түтiнге батып, лаулап жатқан кезде iшiнен шырылдаған нәрестенiң үнi естiледi.
Бiрақ Жер Анаға шекесi алғаш тиген нәрестеге ешкiм жәрдемге келмедi. Өйткенi бұйрық солай едi.
Бұл сұмдықты кейiн тергеу кезiнде осы айуандықты көзiмен көрген Жалаңаштың бiр орыс-шаруа азаматы (крестья­нин) айтып берген екен. Осы опасыз оқиғаны еске алған адамдар жасы келген Ананың:
“– Қанша жау дегенмен, олар да адам ғой! Толғатып жатқан жас келiншектi, шырылдаған нәрестенi көрсе бiзге тие қоймас” деп, үйден шықпай қалып қой­ғанын өкiнiшпен тiлге тиек етедi.”
 
***
“Беловодск iсi” былай өрбiген едi:
“Жазалаушы күштен бас сауғалап тау сағасына тығылған елдiң ортасында, қайдан шыққаны белгiсiз, әйтеуiр, егерде осы өңiрдiң пристав начальнигi Гранов­ский­дiң алдына келiп кешiрiм сұраған адамға жуас (“мирный”) деген бiр ауыз сөз жазылған қағаз бередi екен. Сол қағаз қолына тиген қазақтар мен қырғыздарға ешкiм тиiспейтiн болыпты деген сөз тарайды.
Бұл осы қанiшер Грановскийдiң өзi ойлап тапқан қулығы ма, жоқ, әлде тыныштықты қалаған елдiң ортасынан өрбiген сөз бе, оны анықтау мүмкiн болмады.
Осы хабарға сенген “бұратаналардың” үлкен топ ер-азаматтары аттарына мiнiп, таудан түсiп Грановскийдiң алдына келедi де, “бiзге айыбы жоқ деген қағаз берiңiз?” деген өтiнiш айтады.
Пристав алдына келгендердi түгел аттан түсiредi де, шепке тұрғызып, жаяу айдап, Беловодск кентiнiң түбiнде тұрған болыстың орталығына әкеледi.
Тынышбаев келгендердiң саны 517 адам едi, ал “қырғыздардың өздерiнiң айтуына қарағанда” қырғынға ұшырағандар 1100 адам едi деп көрсетiптi.
Сонымен, қарусыз, өздерi келiп қолға түскен үлкен топты Беловодск кентiнiң шетiне айдап әкеледi. Ал олардың ат-көлiктерi, қоржын-қолаш, ер-тұрмандары түгел осы кенттiң тұрғындары – мұжықтардың меншiгiне тиедi.
Мұжықтардың қарулы жасағы (!) қолдарына түскен қарусыз қазақ-қырғыздардың бiр тобын жол бойы кетiп бара жатып таяққа жығып өлтiредi. Мұндай жа­уыздықтың боларын күтпеген бейшаралардың айуандыққа көнбеске мүмкiндiгi жоқ едi. Сол себептi көпшiлiгi село ортасында және жол үстiнде ойран болып, көмусiз қала бердi.
Тiрi қалғандарын мұжықтар айдап Бiшкекке әкеледi. Ендi бейшараларды қаланың тентек, арақ iшiп есiрген адамдары мен (тергеу материалында солай деп көрсетiлген) айдап келген мұжықтар бiрiгiп, шiркеу алаңының алдында ұрып-соғып, бәрiн қырып салған екен.
Кейiн қырғын шiркеудiң алдында болғанына дiн иелерi “өкiнiш” бiлдiрiп, Жетiсу өңiрi “Семиреченская жизнь” газетiне хабар жариялапты.”
 
***
 “Кейiн, қазан айында генерал-губернатор “серуен” кезiнде көрсеткен “ерлiгi” үшiн бiр топ офицерлер, солдаттар, казак-орыс және мұжықтарды марапаттаған. Сол тiзiмде Грановскийдiң аты жүр. Бұл – патша үкiметiнiң әдiлетсiз саясатының сипаты емей немене?!”
 
***
“Сөйтiп, себепсiзден-себепсiз Мақаншы-Сабыр болысынан 84 адам, Мәмбетай болысынан 40 беделдi адам қамалып, 120-ға жуық қылмысы жоқ азаматтар айуандықпен оққа ұшқан.”
 
***
“...1917 жылы ақпанның 2-сi күнi (ескi стильмен), яғни, патша Николай II тақтан таярдан 13 күн бұрын ғана Жаркент уезiне қарасты Алжан болысының бастығы Әбдiреш Өтеулиев, Құрман болысының бастығы Қанатбек Қалқабаевтың көмегiмен, (актiде осылай деп жазылған– С.Т.) Жаркент уезiнiң 4-бөлiмше сотының тапсыруы негiзiнде (!), куәлер – Алжан болысының қазақтары Момынбек Әлмесов пен Арыстанбай Құрманбаевтарды қатынастыра отырып, 27 желтоқсан 1916 жылы “Тұзкөлге жақын жерге барып” (актiде солай жазылған), Шәлкөде постының казак-орыстары өлтiрiп кеткен бiр топ қазақтардың аты-жөнiн анықтап, көмдiк”, – деп №78 актi жазыпты.”
 
 *** 
“Мiне, сол айуандықпен айдалада атыл­ғандардың тiзiмi: Жаркент уезiнiң Торайғыр болысының қазақтары:
Отарбай Чинжылов, Узбек Тойчибеков, Чандыбай Тойчибеков, Абитай     Исаев, Сабдибай Исаев, Рахимкул Байдалов, Джакаш Уркембаев, Касымжан Аташов, Рысдаулет Тастанбеков, Акжол Тастанбеков, Койчигул Джексенбаев, Тойбак Джексенбаев, Рахим Джексен­баев, Савданбай Джексенбаев, Амирбек Джексенбаев, Қарабас Чатиев, Ибрагим Чатиев, Джайлган Казабасов, Тажибай Байбагысов, Тийн Саганаев, Джайнакбай Саганаев (21 адам).
Верный уезiнiң шығыс-Талғар болысының қазақтары:
Джантели Текесов, Қаптагай Текесов, Сабанчи Каптагаев, Байбасун Асылбеков, Телемыс Каскарауев, (5 адам) Барлығы – 26 адам.”
 
***
“Гопак биi” Прежавальск қаласында болды деген дерек шындыққа үйлеседi. Қалай болғанда, бұл iстiң болғаны шындық екенi күмән туғызбайды.
Оқиға былай болған екен:
“Жазалаушы” күш қаланың айналасына ойран салып, көптеген адамдарды қол­ға түсiредi. Олардың арасында ереуiлге қатынасқандар да, қатынаспағандар да баршылық. Өйткенi жазалаушылар қазақ, қырғыз көрiнсе болды жау санаған күн туған едi ғой.
Iшiмдiкке тойып, қызып алған бiр офи­цер ойынның бұрын-соңды болып көрмеген соны түрiн ойлап табады. Оның бұл ұсынысын офицерлер құптап шыға келедi. Көпшiлiктiң назары ендi сол ойын­ға аударылады
Әлгi офицер қамауға айдап әкелген, түрменiң қорасында отырған 80-ге жуық “бұратаналарды” кеңсенiң алдындағы алаңға айдап әкелуге солдаттарға бұйрық бередi. Офицердiң талабына сай, солдаттар айдап әкелген бейшараларды айқас­тырып, жерге жатқызады. Бiреуiнiң басына екiншiсiнiң аяғы тиiп, бiреуi шалқасынан жатса, екiншiсi етбетiнен жатқан бейшаралардың үстiне шығып әлгi офицер саусақ өтпейтiндей тығыз жатуды талап етедi.
Сонан соң “Гопак” деп аталатын бидiң жарысы жарияланады. Жарыстың талабы – офицерлер (тек офицерлер!) жатқандардың үстiнде “гопак” биiн билеуi керек. Кiмде-кiм сiресiп жатқан адамдардың бiр шетiнен бастап екiншi шетiне шейiн теп­кiлеп, отырып-тұрып билеудiң ерен өнерiн көрсетсе, оған сый-құрмет көрсе­тiледi, сыйлық берiледi. Сыйлығы оған жеке дара шөлмекке арақ құйып бередi де, ортаға шығарып, қол соғып құрмет көрсе­тiледi.
Билеушiлер бiрiнен соң бiрi жатқандардың үстiне шығып алып тартып, етпетiнен жатқандарды бүйрегiнен тепкiлеп, шалқасынан жатқандардың бауырын мыжып, “өнер” көрсетедi. Бидiң тәсiлiнiң талабына сай отырып-тұра берген аяғының ұшымен теуiп, бет-аузын, әсiресе, мұрнын қанатса, ол ерен бишi деп жарияланады. Әрине, бұл сәтте бидi қызықтап тұрғандар үздiк “бишiге” қол соғып, шуласып, қошемет көрсетедi.
Егер тепкiге түскендердiң бiрлi-жарымы наразылық бiлдiрiп, дауыс шығарса, оны сол жерде ұрып-соғып есiнен тандырып, орнына қайта жатқызатын тәртiп бой көтередi.
Бейшаралардың көбi басына, бүй­регiне, бауырына тиген жарақатты көтере алмай жатқан жерiнде дүние салады. Бiрақ қанша адам жатқан жерiнде өлгенiн анықтаған адам болмапты.”
 
***
“Мергендер”.
Тағы бiр дерекке жүгiнсек, Прже­вальскiнiң айналасын бұратаналардан “азат” ету жорығы кезiнде, бiр топ офицерлер айдалада қолға түскен адамдарды жардың басына тұрғызып қойып, өздерi жардың етегiнде тұрып қарауылға алып, “дем алған” екен.
Қолды болған 18 тұтқынды жардың басына араларын ашып, қақайтып тұрғызып қойып, 9 офицер түскi тамағынан соң қолдарын жаттықтыра түсу үшiн мер­гендiк сайысын ашып, әлгi бейшараларды “наганмен” қарауылға алып, “серуен­дейдi”.
 
***
“Жетiсу облысының әскери губернаторы Фольбаумның тамыздың 14-i күнi “жазалаушы” отрядтарға жiберген телеграммасында:
“Считаете малейшее скопление киргиз (“қазақтар” деп оқыңыз – С.Т.) уже за мятеж, подавляйте таковую. Никакие Гражданские суды в этих случаях не должны действовать. Ну, поймайте кого-нибудь из подозрительных, и для примеру, повесьте!” – дептi. (ОМА, фонд 77, тiзбек-1, iс-25).
 
***
“Түркiстан өлкесiнiң генерал-тубернаторы Куропаткин 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстi басу үшiн жүзеге асырылған iрi шаралардың бiрi ретiнде:
“1917 жылдың 1 ақпанына шейiн Өлке бойынша 347 адам ату жазасына, 168 адам каторгалық жұмысқа (каторжные работы), 228 адам қамауға, 129 адам түрмеге отыруға сотталады”, – деп көрсетедi.
Бұл “заңдық” жалпы қырғынмен салыс­тыр­ғанда дарияның бiр тамшы суындай ғана сан едi. Ал сотсыз атылған бейбiт адамдардың, бала-шағаның саны жоқ. Офицердiң бұйрығымен атылып, көмусiз тастап кеткен бейшаралар қанша десеңiзшi!?”
 
***
“Тек Албан көтерiлiсiне қатынасы бар деген сылтаумен оққа ұшқандардың санына iздеу салып көргенде шетiне шығу мүмкiн болмады. Ел аузында “ серуен” кезiнде қолға түскен жерде атып кеткен адамдар жүздеп саналады. Мысалы, осы күнгi Ұйғыр ауданының “Жондан” деп аталатын жайлауында биiк таудың басында “жазалаушылар” атып кеткен 43 адамның мүрделерi жатыр, оның iшiнде 12 балалардың бейiтi бар. Райымбек ауданына қарасты “Ақтас” деп аталатын таудың басында, жiңiшке, жалғызаяқ жол үстiнде айуандықпен оққа ұшқан 50-ге жуық адам жерленген. Мүрделер саны – 41, кейбiр денелер үштен, төрттен бiрге жерленiптi. Олардың да жартысына жуығы – балалардың кiшкентай бейiтi. Баланың денесiне қанша жер керек қой дейсiз. Мүрденiң топырағы кiшкене ғана төңкерiлген қазандай томпиып жатыр...”.
 
***
“Құлжа өңiрiне өткен Албандардың да халi өте ауыр едi. Құлжа консулдығы Қытай генералдығының мәлiметiне жүгiне отырып, Iле аңғарына босып өткен қазақтардың саны 300 мыңнан артып кеттi деп көрсетедi.
Сонымен Қытайға ауып кеткен Жетiсу өңiрiнiң азаматтарының жалпы саны 420 мыңнан асыпты.
 
***
 Верный және Жаркент уездерiне бағынатын Албандардың түтiн саны босқан­ға дейiн 15 145 болса, кеткендерi 10 740, қалғандары 4405 түтiн. Жетiсу және Верный уездерiне қарайтын Албандардың көпшiлiгi (71 пайызы) ауып кеттi.”
ОМА, 76-қор, 1-тiзiм, (О незаконных действиях местной и военной администрации во время востания казахов 1916 г).
 
 
***
“Патша үкiметi Бычковтың отряды, Құлжаға түбегейлiлiктi тұрған қарулы күштiң бiр бөлегi деп түсiндiрдi де, оған Қытай әскерiмен қақтығысқа бармау туралы қатаң бұйрық бердi.
“Ресей үкiметi қазақтарды Қытай жерiнде титығын құртып, қайта оралмайтын етiп, кең өңiрдi “жаңа жерге” айналдырғысы келдi”, – деп көрсетедi            Г.И.Бройдо өзiнiң Өлке прокуратурасына жазып берген куәлiгiнде.”
 
***
“Қазанның 16-сы күнi Куропаткин тiкелей өзi басшылық етiп, тағы бiр мәжiлiс өткiзiп, қарар қабылдаған едi. 
Мәжiлiсте:
“Көтерiлiске Ыстықкөл өңiрiнiң, Пржевальск уезiнiң, Кеген жазығының, Жаркент уезiнiң және Текес пен Шәлкөде су аңғарының қазақтарын жер аудару және осы өңiрдi орыстардың таза мекенiне айнал­дыру шаралары” туралы мәселе қаралды.
Сол мәжiлiсте төмендегiдей жан түршiгерлiк қаулы қабылдаған едi. Шешiмдi әдейi орысша жазылған қалпында келтiрiп отырмыз:
Высокое присутствие:
1.            ...Признал необходимым изъять из пользования бунтовавших киргиз Джаркентского уезда рода Албан все земли по долине реки Текеса и Шалкоде-Су, Каркаринские джайляу и земли бунтовавших киргиз Бишкекского уезда и части Чуйской долины;
2.            На освободившихся землях... пригодные под заселение, заселять русскими исключительно, а не пригодные пока к заселению – передать в ведение казны;
3.            Всю же долину реки Текеса и Шалкоде-Су а также Каркаринского плато обратить под поселение исключительно казаков, дабы иметь надежную защиту со стороны Китая.
Переселенцам же, жившим в поселка на реке Текес... предложить перейти в казаки.
Таким образом, из всей территории намеченной Совещанием под водворение казаков и русских переселенцев, т.е. час­ти земель Джаркенткого уезда (вкл. до селения Столыпинского) образовать особый уезд – Пржевальский – с чисто русским населением, с двумя приставствами...”
Ендi Жәлел Айдарханұлының “Албандар” кiтабындағы деректерге назар аударайық.
Асыдағы “Қызылбөрiк бүлiншiлiгiнен” кейiн В.Бычковтың жазалаушы отряды Верныйдан берi қарайғы тау iшiн түгел тiнтiп, халыққа ойран салған. Алдымен Асыдағы елге не iстедi дейсiз ғой, қараңыз: “Патша әскерi (орыстар) көбiне кө­рiнген қазақты атты, шапты, өртедi, тонады, зорлады, қорлады. Асы жайлауында жүздеген киiз үйдi сыртынан жауып, iшiндегi бала-шағасына қарамай өртеп жiберген. Жамбас тауының бiр сайында менiң әкем Нүсiптiң бес ағасын (Терлiк­байдың ұлдары) үй iшiмен, барлығы 23 адамды киiз үйге қамап өртеп жiберген. Жауыздар-ай! Осында көп адамдар қырылды, соңынан босқын болды” деп күйзеле отырып жазады Ерғали Нүсiпұлы өзiнiң (“Туған жерiм, өскен өлкем” кiтабы, 49-бет) кiтабында.
 
***
“Күрметi шатқалындағы тығылып жатқан қазақтарға таңертең шабуыл жасадық. 85 адамды өлтiрiп, 200-дей малын қолға түсiрдiк. Қазақтардың тастай қашқан малынан бөлек, заттарын алып кетуге мүмкiндiк болмағандықтан өртеп жiбердiк. 27 август күнi Теплоключинск селосына кiрiп, арнайы жiберiлген чиновник Хромыхқа барлығы 15 мыңдай мал өткiздiм” (Әскери iс жүргiзушi А.Чадовтың мәлiметiнен).
 
 
***
Түркiстан өлкесiнiң генерал-губернаторы Куропаткин мен Жетiсу облысының соғыс губернаторы Фольбаумның тiкелей нұсқаулары бойынша көтерiлiсшiлердi қанға бояп, бiржола басып-жаншу мақсатында, алдымен жазалаушы отрядтар құрылды. Ондағы қабылданған қаулыда “Әскери тәжiрибе ретiнде бiр болыстың жүздеген адамын бiрден қырып жiберу; бұзықтарға қарсы шешушi күрес кезiнде ешқандай жас-кәрiсiне және жыныс ерекшелiгiне қарамай аяусыз жазалау шаралары жүргiзiлсiн” деп ашық көрсетiлген.
***
Додабай Сәрсенбайұлының естелiгi­нен: “Сол түнi жиналып отырған 7 мың түтiн көшiп, қалмақ (Қытай – Ж.А.) жерiне өттiк. Текестiң суының бер жағы Алманың сазы деген жерге үш күн бойы шұбырып өттiк. Суға кеткен қатын-бала судың бетiн сең қылды. Мал одан да көп. Қысқасы қырғынның әкесi осы жерде болды”.
 
***
“1916 жылдың күзiнде патшаның жазалаушы отрядтарына қашып, Синьцзиянға (Шыңжаң өлкесi – Ж.А.) көшiп кеткен қазақ, қырғыз халқына өз елдерiне қайтуға рұқсат еттi. Шекарадан өткенде оларды тонап, қырғындап отырды. 1917 жылдың көктемiнде Батыс Қытайдан қайтқан бұрынғы көшiп кеткендердiң үлкен бiр тобын Пржевальск уезiнiң Валерианов селениесiнен өтерде жазалаушы отрядтың командирi полковник Гейцигтiң бұйрығы бойынша түгелдей қырып, мал-мүлiктерi талап әкетiлдi”.
 
***
“Сол кездегi Жетiсудағы Уақытша үкiметтiң халық комиссарларының бiрi – Мұхаметжан Тынышбаевтың мәлiметiнде (“Қазақ” газ. 17.12.1917ж) осы 16-жылғы көтерiлiске қатынасқан Албан руындағы 69 440 жанның 35 100 адамы қырылды деп атап көрсетедi. Демек, тең жартысына жуығы опат болды деген сөз.”
 
***
“1930 жылғы аштықтан 313 мыңнан астам адам қайтыс болды. 1931 жылы ондай өлiм 755 мыңға жеттi. 1932 жылы 769 мыңнан астам адам өлдi. Аштық, iндет және басқа жоқшылық салдарынан толық емес деректер бойынша 750 мың қазақ немесе халықтың 40 пайызы шығынға ұшырады”. Соңғы жылдары шыққан соңғы деректермен бұны толықтыратын болсақ, Қазақстандағы 6,2 миллион адамның 2,1 миллионы аштық азабынан өлген деп айқын анықтама бередi (Қазақстан тарихы, очерктер, 1994).
 
***
“Қазақстанда 372 көтерiлiс болды, оларға 80 мыңдай адам қатынасты. Тұрғылықты жерлердiң ОГПУ органдарының қарулы күшi көтерiлген халыққа қарсы қатаң жазалау шараларын қолданды. 1929 бен 1933 жылға дейiнгi бес жыл iшiнде Қаз.АКСР Бiрiккен бас саяси басқармасы өкiлеттi өкiлдiгiнiң үштiгiнен, толық емес мәлiметтерге қарағанда, 9805 iс қаралды да, 22 933 адам жөнiнде шешiм қабылданды. Соның iшiнен 3 386 адам жазаның ең жоғарғы түрi – атуға және тұтқын лагерлерiне 3 жылдан 10 жылға қамауға 13 151 адам кесiлдi” (Бұл да сонда, 325-326 беттер).
 
***
“1930-1933 жылдары отаршылықтан қазақ халқы жаппай босқындыққа айналып, 1 миллион 300 мың адам сыртқа ауып кеткен. Мұның 414 мыңы қайтып оралса, 616 мыңы шетелдерде мүлде қалып қойды”. Ал олардың қырылғаны қанша.” 
Жоғарыда көбiнесе Жетiсу өлкесi­не қатысты, онда да толық емес мәлi­меттер келтiрiлдi. Соның өзiнде жаныңыз түршiгедi. Қадiрмендi ақсақалымыз Сәйдәлiм Тәнекеевке, сыныптасым, марқұм Жәлел Айдарханұлына Қарқара көтерiлiсiне қатысты ұшан-теңiз зерттеу жұмыстарын жүргiзген­дерi үшiн ризалықпен алғыс айтамын. Ғалым болмаса да ғалымдарша тынбай iзденген еңбектерi қоғам қажетiне жарап тұр. Тағы да мың алғыс!
Қазақты ұлт ретiнде құртып, жойып жiберудi көздемесе, патшалық Ресей империясы мен кейiнгi коммунистiк кеңестiк Ресей империясы бiрiнен-бiрi өткен сұмдық қылмысқа барар ма едi. Алғашқысы отарлауды, бодан етудi, жерiмiздi иеленудi, екiншiсi социа­листiк республикалар одағына тығып, бұрынғы үстемдiктi сақтауды мақсат тұтты. Екеуi де қазақтың дербес ұлт, тәуелсiз мемлекет болмағанын қалады. Бiрiншiсi қазақ атауын алып тастап қырғыз атаса, ауыстырса, екiншiсi қазақ тiлiн керексiз етiп орыстандыруға ұмтылды.Екеуiнiң тұсында да қазақ өте көп қырылды.
Кеңестiк кезеңде Қазақ жерiнiң тоз-тозын шығартып, улап, ядролық сынақ жасатқандар Мәскеуде, Кре­мльде отырды емес пе. Кеңестер одағының мұрагерi болып халықаралық деңгейде танылған Ресей Федерация­сы қазақ халқынан және жарылыс зардаптарын тартқан өзге де этнос өкiлдерiнен кешiрiм сұрауы, келтiрiл­ген залал үшiн өтемақы төлеуi тиiс! Семейдегi сойқанды жарылыстарға дейiнгi басқа геноцидтерге жауапты болмаса да, соңғысынан бұлтара алмайды. Өйткенi әскери арсеналындағы ядролық қаруларды жасау, жетiлдiру үшiн миллионнан астам отандастарымыз радиациядан, экологияның бүлi­нуi­нен ажал құшты, ауыруға шалдықты. Википедияда 1 млн 323 мың адамның зардап шегушi деп танылғаны, соның iшiнде 1 млн 57 мың адамның ядролық сынақтардан зардап шеккенi туралы куәлiк алғаны жазылған. 1949-1963 жылдар аралығындағы сынақтардың жалпы жиынтығы Хиросим тасталған бомбадан 2500 есе асып түсетiнiн ойлайық.
Бiз бұл талапты қазiрден айта бас­тауымыз керек. Қазақстан дүние жүзiнде ядролық қаруларды қысқарту және жою жөнiндегi бастамаға қосыл­ған, әрi соны жақтайтын мемлекет ретiнде белсендiлiк танытып жүр. Бiздiң талабымыз соған сәйкеседi. Алдымен көршiмiздiң адамзатты жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартуына ықпал етейiк. Өтемақы төлеттiру – сондай қадамға итермелеудiң, адамгер­шiлiкке шақырудың өркениеттi, бейбiт жолы.
Ақ патшаның озбырлығына атойлап қарсы тұрған, ұрпағын сақтау үшiн жан пида жасаған ұлы бабаларымыздың аруағы баршамызды жебесiн! Тарихи шындықты тайсалмай айтқан ел өткеннен дұрыс сабақ алады. Жас­қан­байық, жасымайық!  
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/saraptama/18257.html