Қоғам
Аспанға ұшқандар ажал құша бере ме?
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
05.10.2017 13:32

Қара күздің қара суығы бес бірдей отбасына қайғы әкеліп, қара жамылдырды. 3 қазанда Алматы маңындағы Қосөзен ауылының тұсында EastWing авиакомпаниясына тиесілі АН-28 ұшағы апатқа ұшырап, ұшақ бортында болған бес адам (Г.Цой – ұшақ командирі, Е.Кутафин – екінші ұшқыш, Б.Акматбаев – авиатехник, Т.Патсаев – акушер-гинеколог, Ж.Артықбаев – дәрігер-реаниматолог) қаза тапты.

АН-28 ұшағы республикалық санитарлық авиация орталығының тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында ауыр халде жатқан адамды ажалдан арашалауға бара жатқан екі дәрігерді алып, Алматыдан Шымкентке ұшып шыққан бетте-ақ, қаладан 28 шақырым жерде құлаған. Бұрынғы ұшқыш Мақаш Әбішев баспасөзге берген пікірінде: «Ұшақ ауылды үш рет айналып ұшып, қонбақ болған кезде электр бағанасына соғылған», – депті. Ал апатты кездейсоқ көріп қалған ауыл тұрғындары екі бірдей қатты жарылыс болғанын айтыпты. Ал апаттың мән-жайын арнайы құрылған комиссия тексеруге кірісті. «Қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» деген баппен қылмыстық іс те қозғалды. Төтенше оқиғаның анық-қанығы анықталар, бірақ бес бірдей азаматтың артында қалған жесір әйелге жар орнын, жетім балаға әке орнын ешкім, ешқашан толтырып бере алмайды.
Апат айтып келмейді. Десе де, соңғы жылдары авиа апаттар тым көбейіп кетті. Өкінішке қарай, адам өмірін жалмаған жантүршігерлік апаттардан билік сабақ ала алмай, орны толмас ауыр қазаға соқтыратын әуе апаттарының алдын алуға қандай да бір іс-қимыл жасамай отыр. АН-28 ұшағының апаты соның кезекті дәлелі. Соңғы бес жылда, яғни 2013-2017 жылдар ішінде алты әуе апаты болып, 34 адам қаза тапқан. Соның ішінде биылғы жылдың тоғыз айында үш авиаапат болып, бес адам қаза тапқан. Билік не істеді? Әдеттегідей қайғырып көңіл айтты, комиссия құрды, іс қозғады, әйтеуір, бір шешім шығарып істі жабады. Сонымен бәрі бітті. Қоғам да биліктің ар жақ, бер жағы. Апат болғанда у-шу болып, артынан лезде басылады. Қайғылы оқиғаның зерттеу ісі қалай жүреді, қандай шешім шығады – онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Әйтеуір, өз басы аман. Қоғамның осы бір бойкүйездігі, биліктің 34 адамды ажал құштырған алты әуе апатынан қандай да бір қорытынды шығармауы өміріңді үрейге айналдырады.Сонымен, апатқа ұшыраған АН-28 ұшағына келейік. Бұл ұшақ 1987 жылы шыққан екен. Есептеп кеп жіберсеңіз, ұшып жүргеніне 30 жыл болған. Ұшақ былай тұрсын, қазір 30 жыл жүрген машинаны да ешкім мінбейді. Алмағанды қойып, ондай ескі машиналарды темірге өткізеді, өйткені жүргізбейді. Ал АН-28 ұшақ қой. Сонда инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті АН-28-ге ұшуға арналған рұқсатнаманы қандай негізге сүйеніп, қалай берген? Қалай екенін қайдам, бірақ 2017 жылдың 28 сәуірінде тап осы апатқа ұшыраған ұшаққа ұшу туралы рұқсатнама берілген екен. Рұқсат бір жылға жарамды көрінеді. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында EastWing әуе компаниясының президенті Виталий Масалитин: «Рұқсатнама алу үшін ұшақты құрастырушылардың қатысуымен тексеріс жүргізіледі. Осы тексерістің нәтижесінде ғана ұшуға рұқсат беріледі. Егер құрастырушылар ұшақ ұшуға жарамсыз деп таныса, онда ұшақты қолданыстан алып тастайды», – деді. Солай-ақ делік. Алайда АН-28 ұшағы кезекті ұшу туралы рұқсатнамасын алардан бір жыл бұрын, яғни 2017 жылы сәуірдің 13-інде Республикалық санитарлық авиация орталығы бас директорының орынбасары Мадияр Шалғынбаев 2 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған. Шалғынбаевтың тұтқындалғаны жөніндегі ақпаратта «Шалғынбаев Sky Service ЖШС, East Wing АҚ және басқалардан жалпы көлемі 130 мың АҚШ доллары көлемінде бірнеше рет пара алғаны» жайлы жария болған еді. Демек, EastWing әуе компаниясының АН-28 ұшағына ұшу рұқсатын алуының өзі күмән-күдік тудырады. Тағы да сол жемқорлық. Осы мысалдың өзі бес жыл бедеріндегі әуе апаттарының белгісіз қырларын аша түсетіндей. Мұндай күмәнді қоюлата түсетін тағы бір дерек АН-28 апатынан кейін айтылды. Sputniknews.kz сайты өз дереккөзінің АН-28 ұшағы қақында айтқан пікірін жариялады. Дереккөздің сөзіне сенсек, совет заманынан қалған АН-28 ұшақтарымен ұшудың аса қауіпті екенін айтпаған мекемелер қалмаған көрінеді. «Мүмкін, ескі ұшақтардан әлдебір деталін алып, ауыстырып салатын шығар. Мұндай ұшақтарға ұшуға, жолаушы тасуға қалай рұқсат береді? Осы ұшақтармен ұшып жүрген дәрігерлер құзырлы орындарға бұл ұшақтармен науқас адамды тасу, ұшу өте қауіпті екенін бірнеше рет айтқан. Бірақ «Онда шатақтарың болмасын! Ұшыңдар, ұшпасаңдар жұмыстан шығасыңдар!» деп айтқан». Мінекей, бір-бірімен сабақтаса байланысып жатқан дүниелер. Осы тұсқа қоса кететін және бір нәрсе бар: АН-28 ұшақтары Польшада шығарылады екен. Бірақ баспасөз мәслихатында әуе апатын тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Нұрлан Акулов «апатқа ұшыраған ұшақты 2017 жылдың 9 тамызында Украинадағы ұшақ құрастыру, шығару және жөндеумен айналысатын «Антонов» мемлекеттік мекемесі тексеріп, АН-28-ді 2018 жылдың 30 шілдесіне дейін ұшуға жарамды деп таныған. Осының негізінде авиация комитеті ұшуға сертификат бергенін» айтты. Ал инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр АН-28 ұшағына ұшу жөніндегі сертификат 28 сәуірде берілген дейді. Екі түрлі нұсқа. Қайсысына сенгіңіз келсе де еркіңіз. Айтпақшы, East Wing әуе компаниясының қазіргі президенті Масалитин АН-28-дің жалпы қолданыс мерзімі 30 жылдай деді. Демек, ұшақтың қолданыс мерзімі аяқталып тұрған деуге келеді. Масалитинді компанияның қазіргі президенті деп отырғанымыз, ашық дереккөздерде аталған компанияның президенті Александр Зыков деген азамат көрсетілген. Асылы, Зыков компанияның бұрынғы басшысы болса керек. Дәл East Wing компаниясы, Зыков және осы компания қызметкерлері делінген бірнеше ұшқыш 2010 жылы Таиландта контрабандалық жолмен қару-жарақ тасымалын жасады деп ұсталғаны белгілі. Халықаралық үлкен дауға айналған бұл іс Зыковты БҰҰ-ның қара тізіміне де ендірген еді. East Wing әуе компаниясы басшылары ауысқан сол баяғы даулы компания болуы да ғажап емес.
Мінекей, апатқа ұшыраған бір ұшақтың төңірегіндегі деректер. Осыған қарап отырып-ақ Қазақстанда неліктен ұшақ апаты жиілеп кеткенін ептеп түсінуге болатын сияқты. Бірақ азаматтардың өмірін жалмап жатқан әуе апаттарының алдын алу шарасын қабылдамай, қайғылы оқиғалардан сабақ алмай отырған биліктің әрекеті ақтауға да, түсіндіруге де, түсінуге де келмейді.

Таңатар ТАҒАН


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/kogam/20854.html