Әлеумет
Перуашев «сиыр етінен» шошынды
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
05.10.2017 13:35

«Дүкендегі азық-түліктің басым бөлігі санитарлық талапқа сай емес. Әсіресе сырттан келетін өнімдердің сапасы тым мүшкіл. Сиыр деп алғаның шошқа, қой деп алғаның ешкі болып шығуы үйреншікті жағдайға айналды. Ал құрамына қандай қоспалар қосылатыны бір Аллаға ғана аян. Бұған себеп – еліміздің азық-түлік нарығындағы бақылаудың жоқтығы мен заңның солқылдақтығы». Мәжілістің сәрсенбідегі дәстүрлі отырысында депутат Азат Перуашев үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына осындай сауал жолдап, күндей күркірегендей болды.
Обалы нешік, Перуашев жоғары жаққа, отбасы саясатына қатысы жоқ мәселені жазуындай жазып, жолдауындай жолдап-ақ жүр. Қымбатшылық, бензин жыры, кәсіпкерлердің көз жасы сияқты Перуашев көтерген мәселелерге назар аударған үкімет көрінбеді. Бұған дейіл ол Кеден одағының техникалық регламенті заңы күшіне енген бір жылда Қазақстанға келген сәйкестігі туралы сертификаттары жоқ тауарлар тасымалы 46 пайызға артқанын айтқаны бар. «Бұл нені білдіреді? Бұл – біздің елімізге келіп жатқан импорт тауарларының жартысы қауіпті деген сөз. Өйткені ондай тауарды ешкім растамайды да, оған ешкім кепілдік бермейді де. Тіпті олардың қауіпсіздік нормасына жауап беретінін де ешкім дәлелдей алмайды. Ең ақыры ондай тауарларды нарықтан алып тастау да қиын шаруа болып отыр әрі бұған ешкім де жауапты болмайды», – деген болатын.
Содан бері, депутаттың айтуынша, ештеңе өзгермеген. Тіптен асқынып кеткен сияқты. «Тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдардың зерттеуінше, елімізде сиырдыкі деп шошқаның еті сатылатыны анықталған. Қытайдан әкелінетін бұл өнімдер нарықта «куб» деп аталады. Нақты талдау барысында сиыр өнімдері деп құжатталған азық құрамының 70 пайызы шошқа еті, 20 пайыздайы тауық еті, қалғаны әртүрлі қауіпті бояғыштар екені анықталды. Тіптен тауықтың еті деуге де келмейді, терісі, басы, сирағы секілді жарамсыз мүшелері қосылып жатыр. Сиырдың еті мүлдем жоқ. Тек химиялық ароматизаторлар қосып қана сиырдың етіне ұқсас түс пен түр және дәм берген. Мұндай «кубтардан» тұшпара, шұжық, сосискалар жасалып, сыртқы жапсырмасына сиырдың еті деген белгі соғылады. Өкініштісі сол – мұндай өнімдер еліміздің азық-түлік нарығында емін-еркін сатылып жатыр. Еш бақылау болмай отыр», – дейді депутат.
Оның айтуынша, мұндай олқылыққа азық-түлік пен әртүрлі тұрмыстық өнімдердің сапасын бақылап, нақты шара қолданатын уәкілетті органның болмауы себеп. «Қазір тұтынушылар құқығын қорғайтын арнайы мекеме болмағандықтан, тексеру, бақылау қызметі басқа мемлекеттік мекемелерге берілген. Сапа мен техникалық талаптармен нақты қай органның айналысатыны анықталмаған. Бүгінде импортпен айналысатын компаниялардың көбі бұл жеңілдікті өте ұтымды пайдаланып отыр. Оның үстіне біздің Кеден кодексімізде сырттан келген тауарлардан сертификат сұрамайтын жеңілдік бар. Яғни қазіргі заңнама бойынша, әкеліп жатқан тауарларын тексертуге міндетті емес. Кейін көрсетуіне мүмкіндік бар. Бірақ нақты қашан көрсетеді деген мерзімі заңда көрсетілмеген», – дейді ол.
Арнайы заң немесе нақты бір талапқа негізделген тексеру органы болмағандықтан, азық-түлік нарығын бақылау еш мүмкін емес. Тек 200 айлық есептік көрсеткішке айыппұл салумен шектеледі. Алайда бұдан айылын жиып жатқандар тағы жоқ. Айыппұл төлеп, жазадан оп-оңай сытылып кетіп жатыр. Депутат осы мәселені де нақты бір арнаға түсіру керек дейді. «Сапасыз немесе қауіпті тауар тасымалдағандарға айыппұл салынғанымен, зиянды тауарлар нарықтан алынбайды. Сол қалпы сатыла береді. Осыны пайдаланып көптеген алыпсатарлар білгенін жасап отыр. Ойыншық нарығындағы жағдай да осындай халде. Сол себепті біз үкіметке осындай сауал жолдадық. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселені қолға алып, нақты шара қолдануы тиіс», – дейді ол. Депутаттың дәл осындай өзекті мәселе көтергені құптарлық. Дегенмен Перуашевтің өзі сөзіне үкімет құлақ түрмейтінін айтып жүр. Сонда не болды? Шешімі табылмайтын болса, оның айтқанынан не пайда? Жалпы, үкімет депутаттың сөзін елемесе, депутат үкіметтің ісін майшаммен қарауға, қажет болса, отставка мәселесін қоюға қауқарлы. Бірақ бұл депутаттар ондайға, бас жаққа барыспайды ғой...

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/eleumet/20855.html