Саясат
«Нұрлы жолдың» арғы беті немесе «бір белдеу – бір жол» қайдан шықты?
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
05.10.2017 13:42

Қазір ақпарат құралдарында, елде өткізіліп жатқан халықаралық форумдарда, ғаламторда халықаралық экономикалық ұғымға байланысты жиі ұшырасатын атаулардың бірі – «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы. Ендеше, ол нендей стратегия және оның Қазақстанмен қатыстылығы қалай? «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы – Қытайдың өзінің алдыңғы 40 жылдық экономикалық жетістіктерін бекемдей отырып, жаңа халықаралық саяси-экономикалық, геосаяси жағдайларды қарастыра келе, «Сыртқа есік ашу» стратегиясын жаңа, жоғары белеске көтере дәріптеуі.

Бәріне белгілі, Қытай экономикасы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап халықаралық біршама тұрақты жағдайды пайдалана отырып ұшқан құстай дамыды. Нәтижесінде «Реформа жасап, есікті ашық ұстау» саясатын (1978 ж.) ұстанғаннан кейінгі 30 жылда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) бойынша Жапониядан озып (2010 ж.), Жер шарында экономикалық екінші алыпқа айналды (2016 ж. 11,6 трлн АҚШ доллары). Экспорт көлемі бойынша Германияны басып озып (2010 ж.), дүниедегі ең ірі экспорттаушы ел саналды. 2013 жылы экспорт-импортты қоса есептегендегі тұтас сауда айналымы (4,16 трлн АҚШ доллары) АҚШ-тан асып түсіп, әлемдегі №1 экспорт-импорт державасына айналды.
Осынша жетістік, мұншама экономикалық қуат Қытайды жаңа көкжиекке көз тастатты. Өз тұжырымдары бойынша Маодан бастап, үшінші буын саналатын Си Цзиньпин басшылық орынға жайғаса сала халқы бардам, елі бақуатты, қайта түлеген Қытайды елестететін «Қытай арманын» ортаға қойды.
Бірақ Қытайдың халықаралық саяси аренадағы салмағы, халықаралық мәселелерге ықпал ету тетігі, «әлемдік әңгімелерді» шешудегі сөз өтімділігі оның осы қуатымен мүлде сәйкеспейтін жағдайда болды. Енді Қытай әлемдік қауымдастықтан өзінің экономикалық әлеуетіне сай келетіндей «сөз ұстауын» талап етті. Әрине, экономикалық ауқымы әлі бірінші орында тұрған (2016 ж. 16 трлн), халықаралық экономиканың ережелерін бекітіп үйренген, әлемдік мәселелерді шешуде құрығы ұзын АҚШ мұндай бәсекелестіктің күшеюін қаламайды да, оған шамасынша жол бермейді. Керісінше, «Тынық мұхит жағалауы халықаралық ынтымақтастық шарты» TPP және «Мұзды мұхит жағалауы сауда-инвестициялық ынтымақтастығы шарты» TTIP сияқтыларды ұйымдастырып, Қытайдың әлемдік аренада беделге ие болып кетуіне кедергі жасап бақты. Осындай жағдайда Қытай бүтін Азия мен Еуропа құрлығын, Африканы қамтитын алып ынтымақтастық алаңын жасауды шешті. Сонымен, тарихи Жібек жолын қайта жаңғыртып, «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құру мен «Теңіздегі Жібек жолын қайта көтеруге» шақырған стратегиялық бастама өмірге келді. Осы бастама қысқаша «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы деген атпен мәлім болды. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, Қытай осы стратегияны жіті іске асыра бастады.
2015 жылы 50 млрд АҚШ долларын шығарып, Азия инфрақұрылым инвестициялық банкін, 2015 жылы 40 млрд АҚШ долларын шығарып, Жібек жолы қорын құрып, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясын қаржылық қолдауды қолға алды. 2017 жылы Азия инфрақұрылым банкіне тағы 10 млрд АҚШ долларын құятынын мәлімдеді. 2006 жылы құрылған BRICS ұйымын табанды қолдап келеді.
Қытай арманының ортаға салынуы мен адалануы дүние экономикасының аумалы-төкпелі жағдайына тап болып, Қытай экономикасының соның әсерінен және өз ішкі құрылымдық себептерімен өсімін жоғалтып, арыны бәсеңдеген мезгілге дөп келді. 2009 жылғы Оңтүстік Шығыс Азия қаржылық дағдарысынан кейін әлем экономикасы оңалған жоқ. Ол жолғы дағдарыстан, әлемдік қаржы нарығына қатыстылығының төмендігінен және ішкі сұранысының ауқымдылығынан аман өткен «әлем фабрикасы» әлемдік сұраныстың азаюынан өндіріс қуатының артып қалуына тап келді. Салдарынан экспортқа иек сүйеген зауыт-фабрикалар жабылды немесе өндірісін азайтты, экспорт көлемі кеміді. Ішкі сұранысты қоздыру арқылы өндірісті сақтап қалғысы келген ұмтылыс өндіріс қуатының одан сайын асып қалуына ұрындырды. Енді осы асып қалған өндіріс қуатын сыртқа көшіруге тура келді.
Ұзақ жылдар жолға қойылған «жоспарлы туыт» саясатының себебінен бір отбасында бір бала болып дүниеге келген еркетотайлар зауыт-фабрикалар мен жұмыс алаңдарында еңбектенуді қаламағандықтан, Қытайда нақтылы жұмыс күші азайып кеткен. Еңбекақы жаппай көтеріліп, өнімнің өзіндік құны айтарлықтай артқан. Бұрындары еңбек күшінің арзандығына қызығып келген шетел инвесторлары өндірістерін еңбек күші анағұрлым арзан елдерге жөткей бастады. Қытай да еңбек күші қамтымалы өндірістерін шетелдерге шығаруына тура келді.
Қытай экономикалық ғажабына тамсанған жұрт оның экологиялық тепе-теңдікті аяусыз бүлдірумен іске асқанынан бейхабар да.
Қытайдың сыртқа есік ашуы оның шығыс теңіз жағалауын сыртқа ашуынан басталды. Сондықтан оның шығыс өңірлерінің экспорттық әлеуеті мен экономикалық жалпы қуаты айтарлықтай көтерілді де, батыс өңірлері тұйық күйде қалды және дамыған жоқ. Бұл елдің батысы мен шығысындағы дамудың, қаржылық әлеуеттің, халықтың тұрмыс деңгейінің алалығына алып келді. Осы теңсіздікті түзеу үшін сыртқа есікті ашық ұстау моделін жаңарту қажеттілігі туындады. Әрине, бұл үшін батыс қақпаны ашуға – Орта Азия мен құрлық арқылы Батыс Еуропаға беттеуге тура келді
Демек, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы Қытайдың өзінің экономикалық әлеуетіне шақ әлемдік бедел мен орнын табудағы бірегей жобасы ғана емес, көз алдына дөп келіп отырған реал мәселелерін шешудегі керемет ізденісі деп те есептеледі.
Саяси элита пайымдары мен дипломатиялық құжаттарда Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы мен біздің «Қазақстан-2050» бағдарламасының үндестігі мен өзара ықпалдастығы жақсы бағаланады. Ендеше, осы стратегияның елімізге қатыстылығы қанша? Бұрынғы Жібек жолын жайлаған елдерді кәдуілгі Жібек жолын қайта жаңғыртуға шақыруды ниет еткен бұл бастаманы Қытай төрағасы Си Цзинь­пинь 2013 жылы 7 қыркүйекте Назарбаев университетінде лекция оқығанда тұңғыш рет жариялаған еді. Осының өзінде үлкен символдық мән бар. Қазірге қытай-қазақ қатынасы ырғақты дамып келе жатыр. Посткеңестік елдер ішінде саяси-экономикалық, дипломатиялық, гуманитарлық салаларда Қытаймен ең белсенді және өнімді байланыс жасап келе жатқан елміз. Бүгіндері біз тату көрші ғана емес, стратегиялық әрептеспіз де. Бұл, бір жағынан, біздің көпвекторлы саясатымыздың басым бағыттарының бірі саналса, Қытай үшін өз маңыздылығы бар.
Ең әуелі, Қытай – өз қуаты мен сұранысы тұрғысынан бағамдағанда шикізат пен энергияға тым тапшы, оның импортына тәуелді ел. 2014 жылғы есеппен Қытайдың мұнай импортына және темір рудасына тәуелділігі – 60, табиғи газға тәуелділігі 32 пайыз. Осы жағдай оны әлемнен жанұшыра шикізат пен энергия көздерін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Ол мұқтаж болған байлық қайнарларына бай Қазақстан – Қытай үшін таптырмас бұлақ. Демек, біз «күлшелі сүйкімді баламыз». Ақпарат көздерінде Қытай біздің мұнайымыздың 20 пайызынан астамына қожалық ететіндігі жиі сыналады. Келешекте бұл көрсеткіш одан бетер өсуі мүмкін.
Екіншіден, жақын жылдары Қытайдың шығыс теңіздегі жағдайы мәз болмайды. Ондағы территориялық дауды сылтау етіп АҚШ көтеріліп келе жатқан Қытайдың Тынық мұхитқа ықпалын тежегісі келеді. Әңгіме ушығып кетсе, Қытайдың теңіз арқылы Еуропа мен Африкаға шығу жолы мүлде кесілмесе де, бөгетке ұшырауы мүмкін. Осындай жағдайда Қытай ерте жарықта батысқа шығатын балама жол іздеуге мұқтаж. Ол, әрине, Орта Азия құрлық жолы арқылы іске аспақ. Оның қақпасы – Қазақстан. Біздің Қытайға керек болатын тұсымыздың ұрымтал жері де осы. Стратегиялық мәнінен қарағанда мұның маңыздылығы алдыңғы фактордан да жоғары болуы мүмкін. Себебі энергия мен шикізат көзі Жер шарының қай жерінен де табылуы ықтимал. Ал Азия құрлығын ешқайда көшіре алмайсың. Қазір айтылып жүрген теңізбен 40 күн жүретін жүк Лянь Юньганьнан Амстердамға теміржолмен 14 күнде жетеді дегендері – үлкен стратегиялық мақсат бүркемеленген жарнама ғана.
Үшіншіден, «Бір белдеу – бір жол» аясында Қытайдың асып қалған өндіріс қуатын, еңбек күші қамтымалы өндірістерін, экологиялық жарамсыз зауыттарын сыртқа жөткеуге аса мүдделі екені айтылды. Іргесі тиіп тұрған Қазақстан, әрине, бірінші болып ойға оралары анық. Соңғы 4-5 жыл көлемінде Қазақстанға келіп өндіріс ашқысы келетін, Қазақстанның шикізат өндіруден бас тартып, өңдеу өнеркәсібіне ден қоюды қолдайтын тиімді саясаттарын пайдаланып, нақтылы өнім өндіруді іздеп жүрген ірілі-ұсақты инвесторлар көбейіп кетті. Осылардың біршамасы өз еліндегі жарамсыз қалған жабдықтар мен өндірістерін бізге әкеліп, кәдеге жаратқысы келетіндер. Сондықтан да былтырдан бері Қытайдан Қазақстанға көшіріледі деп жүрген 51 жобаның бүге-шігесіне дейін үңілуі жайлы халық талабы өте орынды болса керек.
Бұлардан сырт, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясын қамтамасыз етудің алғышарты ретінде құрылған Азия инфрақұрылым банкі, аты айтып тұрғандай, инфрақұрылымдық жобаларға жұмыс істейді. Бұл да асып қалған өндіріс қуатын жөткеудің, сонымен қатар пайда табудың, одан да маңыздысы – қиын кезеңде қол ұшын берген жанашыр болып көрінудің таптырмас жолы. Қытай зерттеп отырғандай, біз де инфрақұрылымы жаңалау мен жаңғыртуды өте қажет ететін елміз. Қытайдың біздегі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізіне, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға, түсті металл саласындағы ауқымды жобаларға аямай белсене кірісуінің сыры да осында.

Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫҰЛЫ


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/sayasat/20857.html