Сараптама
Каталония казусы
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
05.10.2017 13:53

НЕМЕСЕ «МАДРИД – БАРСЕЛОНА –1:1»?
Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Юриспруденцияда «казус» (латынша – casus) деген термин бар. Оны «cорақылық, шатақ, шырмау» деп аударып жүрміз. Осы сөзбен аса бір қиын, шырмалып қалған, біржақты шешімін табуы тіпті де мүмкін емес жайттарды атайды. Сондықтан күні кеше Каталонияда өткен референдум туралы айтқанда дәл осы терминді пайдалануды құп көрдім. Өйткені бұл, шындығында да, казус!

«Испанияның құрамынан шығып, бөлек отау тігіп, дербес мемлекет құрамыз» деп, тәуелсіздік жариялаған Каталониядағы референдум анау-мынау емес, өркениеті мен демократиясы мейлінше дамып, басқа елдерге үлгі-өнеге болатын ескі Еуропаның қақ ортасында өтті. Бұл жағдай төрткіл дүниені дүр сілкіндіріп, ежелден қалыптасқан қағидаларды қайта қарауға мәжбүрлеп, тұтас мемлекеттер мен әлемдік қауымдастықты ойландырып тастады. Солардың ішінде біз де «каталондық казус» жағдайын мықтап ойлануымыз қажет.
Меніңше, осы оқиға үш түрлі тағылымды көрсетіп тұр.
Алғашқысы – Испания мен оның бір бөлігі, автономиясы Каталонияның өзіне қатысты. Бұл жерде жай этносаралық қана емес, түп-тамыры терең әрі тарихи, ал болашағы бұлдыр, сұмдық қарама-қайшылық орын алды: Испания Конституциясының мемлекет тұтастығы туралы талабы мен каталондықтардың өз мемлекетін құру құқы арқылы жүзеге асқан референдум шешімі бір-бірін жоққа шығарып тұр. Бір-біріне мүлдем қабыспайтын талаптар, бір-бірімен бітімге келуге мүлдем мүмкін емес саяси прецедент! Бір жағынан, ел тұтастығын сақтап қалуға тырысып жатқан Испания үкіметінікі «дұрыс емес» деп айту әбестік. Өйткені үкімет мүшелері қолын қойып тұрып, ант берген Конституцияның мызғымас талабы бар – елді бөлшектеуге жол берілмеуі тиіс. Қай үкімет өз тұсында мемлекетті ыдыратып, тарихта қалғысы келеді дейсіз. «Күштінің арты диірмен тартады», Мадрид өз есесін жібермеуге тырысып бағады.
Бірақ, ашығын айту керек, Мадридтің Каталонияға топырақ шашып, полицияның сайлау учаскелеріне бет алған каталондықтарға қарсы күш қолданып, бастарына әңгіртаяқ ойнатып, тапа-тал түсте соққыға жыққандары дұрыс болмады. Төрт мыңнан астам адам зардап шегіпті. Қан-жоса болан каталондықтардың фотолары бүкіл әлемге тарап, демократияшыл Испанияның беделін түсіріп, абыройын айрандай төкті. Референдумды болғызбаудың басқа да, бейбіт те тиімді жолдары болды емес пе? Нәтижесінде осы сұмдық сойқанды көрген басқа да каталондықтардың Испания сияқты метрополияға деген қарсылығы арта түсті.
Оның үстіне референдум ұйымдастырушылардың басты ұраны «Мадридті асырағымыз келмейді!» деген талап еді. Осы тұрғыдан алғанда Мадридтегі үкімет Каталониямен қаржылық қарым-қатынасты өркениетті түрде, екі жақтың мүддесін ескере отырып, реттеп алуына да болар еді. Бірақ Испания билігі ондай қадамға бара қоймады. Сөйтіп, жағдайды тым ушықтырып жіберді. Арты референдум сияқты қатаң да қатқыл қадамға ұласты.
Екінші жағынан, референдумды қолға алушылар да өз қадамдарының салдарын түсінуі тиіс. Бұл бастамаға Испания да, Еуроодақ та, басқа елдер де қолдау көрсетпесі анық. Еуропада «егемендіктер парадына» жол беруге саясаткерлердің қазіргі ұрпағы дайын емес. Оған біршама тарихи мерзім, психологиялық әзірлік керек шығар.
Сонымен бірге Испаниядан бөлініп шығу Каталонияны халықаралық изоляцияға душар еткізері хақ. Ол жағдайда автономияның жағдайы не болмақ? Иә, Каталонияның да өзіне тиесілі, ата-бабалары көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған жері бар. Шаруашылығының да кенеуі кете қоймаған, экономикасы біршама дамыған, Испанияның жалпы ішкі өнімінің 20 пайызын беріп отыр. Өз қолы өз аузына жетеді.
Бірақ көрпесіне қарай көсіліп, онсыз да автономиялық мәртебе алған, өзін дербес ұлт ретінде ресми түрде Мадридке мойындатқан қалпында қалып, экономикалық дербестігін одан сайын тереңдете түсе беруі керек пе еді?! Өйткені дәл қазір әлем жұртшылығы, оның ішінде әр мемлекеттің жер тұтастығына кепілдік беретін ортақ құжаттарға қол қойған БҰҰ-ға мүше елдер қауымдастығының позициясы да ортақ болмақ. Өйткені Каталонияны мойындаған кез келген елмен Испания дипломатиялық ат құйрығын кесіп тастайтыны айтпаса да түсінікті.
Не болса да Мадрид пен Барселонада отырған басшылар осы референдумнан кейін бір-бірін ақылға шақырып, ортақ мәмілеге келуі тиіс. Ол болмаса, процесс тұйыққа тіреледі. Оның өзі екі жаққа да абырой мен береке әпермейді.
Екінші тағылым – әлем жұртшылығы, соның ішінде өз «каталониялары» бар жеке мемлекеттерге қатысты. Осы күнге дейін дербес мемлекетке қол жеткізе алмаған ұлттар қалай болғанда да өз құқықтарын пайдалануға тырысады. Ол – сөзсіз болуы тиіс тарихи процесс, күн шықпайын десе де, таң атпай қоймайды. Осы тенденция әлемдік архитектураға ерте ме, кеш пе, өз түзетуін енгізері анық.
Сондықтан да Каталония казусы бір атылар жанартаудай іштей тынып жатқан басқа ұлттардың қолтығына су бүркуі әбден мүмкін. Ондай шешілмей жатқан жер мен ел дауы әлемде жетерлік. Испанияның өзіндегі баскілер, Ирландия, Шотландия, Бельгиядағы Фландрия, Ирак пен Түркиядағы күрділер өз мемлекетін құру туралы референдумын өткізіп тастады емес пе?
Әзірше құйқа терісі тырысып, не істерін білмей, басы қатып жатқан Еуроодақта жалғыз бір құқықтық жол бар. Ол Каталония үкіметінің ресми мәліметіне негізделуі мүмкін. Яғни референдумға каталондықтардың 43 пайызы ғана қатысып, оның 90 пайызы Испания құрамынан шығуды қолдап дауыс берген. Халықтың жалпы санына салсақ, ол оның жартысына жетпейді. Сондықтан да плебисцит толыққанды әрі өкілетті болды деп айтуға болмас. Бірақ бұл уақытша шара ғана. Барселона мен оның маңында болып жатқан жаппай толқуларға қарағанда, тәуелсіздікті таңдаған каталондықтар осымен тоқтай қоймайды.
Өйткені дәл осы қарама-қайшылық, яғни әр ұлттың өз мемлекеті болу құқығы мен әр мемлекеттің өз аумағының тұтастығын сақтап қалу құқығы арасындағы таңдау дүниежүзіндегі қауымдастықты қақ жарып барады. Ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледінің кебі болып тұр.
Оның үстіне бұл алғашқы қоңырау емес. Кеше ғана Ресей 1994 жылғы Будапешт келісімшартын жоққа шығарып, Украинаның егемендігін тәрк етіп, Қырым түбегіне қол салды. Сол келісімде қол қоюшы мемлекеттер басқа елдермен бірге Украина аумағының тұтастығына кепілдік берген еді. Нәтижесінде аса маңызды халықаралық шарт жоққа шығарылып, Ресейдің дегені болып жатыр.
Яғни БҰҰ аясында бұрын қол қойылған осы тектес келісімшарттардың қазіргі жайы мен болашақта орындалу не орындалмау мүмкіндігі туралы келелі әңгіме қозғалуы тиіс. Оның ішінде жоғарыда аталған қарама-қайшылық тірегелі жатқан ғаламдық тұйықтан шығу жолдары қарастырылуы тиіс.
Әйтпесе «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп, біртұтас мемлекеттер құрамында орналасқан анклавтар мен автономиялар (оның ішінде ресми және бейресмиі тағы бар) ертеңгі күні тағы да бұрқ ете қалуы ғажап емес.
Үшінші және ең бастысы – біз үшін ең маңызды сабақ өзіміздегі ахуалға қатысты. Біртұтас мемлекет ретіндегі Қазақстанның аумағына көз алартып, қол салғысы келетіндер бар екені о бастан белгілі. Соның ішінде ресми Ресей идеологемаларының төрінен тұрақты орын тапқан «солтүстік аумақтар» деген термин бар. Оны ішкі және сыртқы сепаратистер қай өңірге қатысты айтып жүргенін оқырман біледі.
Осынау қатерлі қауіптің бұлты Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасында жатқан қазақ жерінің төбесінен сейілді ме?
Әрине, Ресей мемлекеттік органдары ондай мәлімдемелерді жария түрде жасамайды. Бірақ осы бағыттағы жұмыс мүлдем жүргізілмей жатыр деп кесіп-пішіп айта аламыз ба?! Жоқ! Оның бірнеше дәлелі бар.
Біріншіден, осы күнге дейін біздің сыртқы істер министрлігі Қазақстан аумағының тұтастығына тіл тигізген Жириновский мен Лимоновтарды жауапқа тарту туралы Кремль алдында мәселе көтере алмай келеді. Осыны сезген олар құтыруын, басынуын әлі де қоймай келеді. Оны айтпағанда, осыдан біраз уақыт бұрын Ресей неоимперияшыл саясатының ашықтан-ашық, күні-түні теледидардан түспейтін жаршысы Соловьев мырза елге келгенде де ресми билігіміз жұмған аузын аша алмай қалды. Ал кейбір біздің қалталы жігіттер оның «қолына су құйып жүргеніне» риза болып, елден сүйінші сұрағандай болып жүрді.
Екіншіден, дереу және табанды түрде Ресейдің неоимперияшыл, аннексияшыл саясатын ашықтан-ашық насихаттап, постсоветтік республикалардың тәуелсіздігі мен жер тұтастығына тіл тигізіп жатқан «пропагандалық» телехабарларына құқықтық мониторинг жасап (ол істі прокуратура мен ақпарат және коммуникация министрлігі қолға алуына болар еді), ондай бағдарламаларды Қазақстан аумағында таратуға тыйым салуы керек. Әйтпесе сепаратизмді астыртын түрде қолпаштап, «ватниктік» саналы электоратты әзірлеп жатқан дәл осы хабарлар емес пе?!
Осы талап тұрғысынан Қазақстанға Ресейден келіп жатқан баспа өнімдеріне де құқықтық аудит жасау керек: кітап дүкендерінің сөрелерінде де ұлыдержавалық шовинизм идеяларынан кет әрі емес туындылар табылып жатқаны ешкімге де құпия емес. Оларды оқып, ағайынның санасы улануда.
Әрине, Ресей – біздің стратегиялық көршіміз әрі досымыз. Бірақ өз Конституциямызға күмән келтірген жайттар болса, неге достың бетіне басып айтпасқа?!
Үшіншіден, соңғы кезде кейбір демократтар + саяси жүйені реформалап, толыққанды парламенттік басқаруға көшу туралы айтып жатыр. Әрине, заң шығарушы, атқарушы және сот секілді билік тармақтарының тепе-теңдігін қалпына келтіріп, біржақтылықтан, соның ішінде бір адамның қолына бар өкілеттікті шоғырландырған суперпрезиденттік формадан үзілді-кесілді бас тартып, оның есесіне парламенттің өкілеттігін арттыру керек.
Бірақ шаш аламын деп, бас алудың еш қажеті жоқ. Қазақстан сияқты унитарлық әрі ұлттық құрамы кейбір аймақтарда біркелкі емес елге мықты да, ертең сепаратизмге салынуы мүмкін кез келген әкімді орнынан алып тастай алатын механизмі бар президенттік жүйе керек-ақ. Ол институт мейлінше демократиялық түрде қалыптасуы тиіс: екі мерзіммен шектеліп, парламент пен үкіметке кедергі жасамайтын, сот билігіне пәрмен жүргізе алмайтындай болуы тиіс. Бірақ Конституцияның, соның ішінде жер тұтастығының ықпалды әрі өкілетті кепілі болуы шарт. Әйтпесе испанның басына келген күн қазақтың да басына келіп, «каталония казусына» біз де тап болуымыз мүмкін. Бетін аулақ қылсын! Сөз соңында айтарым, Каталония казусының баршаға ортақ моральдық, керек десеңіз, рухани тағылымы тағы бар. Тәуелсіздік дегеніңіз рационалды, материалдық пайда мен табысқа қана негізделген прагматикалық құбылыс емес. Ол – ақшамен не өмір сүру деңгейімен ғана өлшенбейтін рухани жаратылыс. Қарап отырсақ, ол геосаяси болмыс пен адамзат өз қолымен жасап алған шарттылықтар аясына да сыймай жатады. Әйтпесе Каталонияға да төрт құбыласы түгел, әлемнің дамыған елдеріне жататын Испания секілді гранд-мемлекеттің құрамынан шығып не керегі бар? Мадридтің арқасында Еуроодақ секілді геосаяси көшбасшы ұжымның құрамында жүріп, басқаларда жоқ біршама жеңілдіктер мен преференцияларға ие болып жатыр емес пе? Барселона Мадридтің қойнынан кіріп, қонышынан шығып, автономиялық мәртебенің бар қызығын көріп жүрді емес пе? Жоқ, олар басқаша таңдау жасап отыр.
Олай болса, кешеден бастап біз басқа әлемде, яғни кез келген отырықшы (абориген) ұлт өз метрополиясы мен күллі адамзат алдында өздеріне ие болу құқын айқайлап тұрып жария ететін кезеңге келіп жеттік. Арты жақсы болсын!


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/saraptama/20863.html