Әлеумет
Әкім депутатқа дым істей алмай отыр
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
05.10.2017 13:58

ҚАНЫБЕКОВКЕ САЙЛАУДАН КЕЙІН ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ ПА?
«2020 жылға дейін ауызсумен қаланы 100 пайыз, ауылды 80 пайызға қамтамасыз етеміз» дегенді президент 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген жолдауында айтқан екен. Осы жолдаудан кейін берілген тапсырманы орындау үшін үкімет 2011-2020 жылдар аралығын қамтитын «Ақбұлақ» бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Бірақ бұл межені бағындырудың ауылы әлі алыста сияқты. Суды есекпен тасып ішетін ауылдардың қарасы азаймай отыр. Халқы тығыз қоныстанған Мақтаарал ауданында осындай болған соң, шалғайдағы елді мекендердегі жағдайдың қандай екендігін кім білсін?!

Мақтаарал ауданы Қазыбек би ауылдық округі Құрбан ата ауылы тұрғындарының «Жас Алаш» газетіне жазған арызына қарағанда, ауызсудың азабы соңғы 20 жылда ең өзекті мәселеге айналған. Басшылар уәде беруден шаршамайды. Ауылды ауызсумен қамтамасыз етуді міндетіне алған аудан әкімдігіне қарасты «Мақтаарал-Сервис» кәсіпорны тиісті дәрежеде жұмыс істемейді. Тұрғындар бұған дейін талай мәрте құзырлы органдарға, тіпті президентке дейін екі рет хат жазыпты. Нәтиже жоқ. Рас, жазылған арыз-шағымнан кейін аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы (СЭС) тексеру жұмыстарын жүргізіп, «Мақтаарал-Сервистің» тірлігінен біраз шикіліктерді анықтаған. Осы тексерудің қорытындысымен кемшіліктерді қалпына келтіру, «Мақтаарал-Сервистің» басшысына шара көру жөнінде ұсыныс хат та берген. Алайда бұл ескертулерге не аудан әкімі, не «Мақтаарал-Сервис» мән бермеген. СЭС-тің ескертуінен сескенбеген соң, «Мақтаарал-Сервистің» директоры Шералы Қаныбековқа жауапсыздығы үшін әкімшілік шара көру жөнінде сотқа талап арыз берілген. Биыл ақпанда аудандық сот бұл талап арызды қанағаттандырып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 212 100 теңге айыппұл салады. Бір қызығы, сот қаулысында айыппұл Шералы Қаныбековқа емес, мекеменің өзіне салынады. Бірақ кемшілік бұдан кейін де жөнделмеген... Шералы Қаныбековқа шара көруге келгенде әкімдіктің де, соттың да жуаси қалуы немен байланысты? Қаныбековтің депутаттық мандатымен бе? Бұған аздан кейін тоқталатын боламыз.
Биыл бұл іске прокуратура араласады. Аудан прокурорының міндетін атқарушы А.Досаевтың Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмаиловқа 19 мамыр күні жолдаған хатында «Мақтаарал-Сервис» қызмет көрсететін ауылдардағы ауызсудың қазіргі жағдайы кеңірек баяндалыпты. Осы құжатқа сүйене отырып, Құрбан атадағы жағдайға тоқтала кетсек. Прокурорлардың анықтауынша, Құрбан атаға берілетін судың сапасы нашар, тұзды. Тексеру барысында Т.Мергенбаев көшесінде орналасқан су мұнарасының тесілгені, нысан есігінің жоқтығы, ішінде сиырлардың жүргені анықталған. Ауызсу ауылдағы 323 үйдің 150-ге жуығына ғана жетеді. Жетпегендері суды көрші ауылдардан тасып ішуге мәжбүр. Судың сапасыз екендігіне қарамастан, төлемақы адам басына 220 теңге деп белгіленген. Кейбір үйлер 500-1000 теңгеден төлейді. Есептегіш құралдары орнатылмаған. Ауылда екі «Омега» су тазартқыш қондырғысы жұмыс істейді. Ондағы 1 литр судың бағасы – 1 теңге. Хатты прокуратура аудан әкімі Ғ.Исмаиловқа жолдай отырып, орын алған кемшіліктерді реттеуді, кінәлілерге тиісті шара көруді ұсынған. Алайда Құрбан ата ауылы тұрғындарының жазған хатына қарағанда, жағдай бұдан кейін де оңалмаған.
«Жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырғанына қарамастан, «Мақтаарал-Сервистің» директоры Шералы Қаныбековті аудан әкімі Ғалым Исмаилов қолдап отыр. Шералы Қаныбеков былтыр қарашада зейнеткерлік жасқа толды. Алайда аудан әкімі араға екі ай салып, қаңтарда онымен тағы да бір жылға еңбек келісімшартын жасайды» дейді хатта тұрғындар. Қысқасы, тұрғындардың айтқан әңгімесінің түп-төркіні «әкім депутатқа дым да істей алмай отыр» дегенге саяды.
Біз осыдан кейін Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Асановпен хабарласып, мән-жайды сұраған болатынбыз. Оның айтуынан түсінгеніміз, ауылға судың жетпеуінің басты себебі – жерасты сулары аз.
– Құрбан атадағы ауызсу проблемасы бәрімізге белгілі. Аудан әкімі барып, тұрғындармен жиын өткізген. Қазір ауылда жерасты суларын барлау жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар желтоқсанда бітеді. Келесі жылға ауылға ауызсу жүйесін тарту үшін бюджеттен жобалау құжаттарына қаржы бөлеміз, – деді әкімнің орынбасары.
«Мақтаарал-Сервис» кәсіпорнының Қазыбек би ауылдық округі бойынша учаске басшысы Қайрат Надировпен де тілдесудің сәті түсті. Ол Құрбан атаға 2018 жылы жаңа ауызсу жүйесінің тартылатынын, сол кезде есептегіш құралдардың қойылатынын айтып ақталды. Әңгіме арасында тұрғындардың төлемақы төлемейтінін, қазіргі уақытта қордаланған қарыздың 9,5 миллионға жеткенін тілге тиек етті.
– Осы айда электр энергиясына 250 мың теңге төлеуіміз керек, ал жиналған төлемақы 40-ақ мың теңге. Не істерімізді білмейміз, – деді ол.
– Ауылдағы ауызсудың сапасы қалай? – деген сауалға учас¬ке басшысы «оны халықтың өзінен сұраңыздар» деп қысқа қайырды.
Сұрадық. Құрбан ата ауылының биі Сүйінбай Нәлібаевпен хабарласқанымызда, ол «ауылдағы суды мал ішпесе, адам ішіп болмайды» деді.
– Күніміз «Омега» су тазартқыш қондырғысына қарап тұр. Егер ауызсудың қызметі жақсы болса, халық төлемақы төлеуден қашпас еді. Ішпеген суына кімнің ақша төлегісі келеді?! Жерасты суларын барлау жұмыстарынан бір нәтиже шығады деген үмітіміз де өшкен сияқты. Бір компания келіп, «ішуге жарамды су таптық» деген. Бұған бәріміз риза болып, ақсақалдар жағы мешітте бата да берген еді. Алайда «Мақтаарал-Сервистің» басшысы Шералы Қаныбеков «бұл су да ішуге жарамсыз» деп отыр, – деді ауыл биі.
Айтқандай, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Асанов «Мақтаарал-Сервистің» директоры Шералы Қаныбековпен арада жасалған келісімшарттың 5 қаңтарда бітетінін айтты. Директордың қызметте қалу-қалмауын аудан әкімі Ғ.Исмаиловтың шешетіні бесенеден белгілі. Бір айта кетері, Шералы Қаныбеков – облыстық мәслихаттың бір емес, бірнеше шақырылымының депутаты. Осы шақырылымда да «Нұр Отанның» атынан сайлауға түсіп, бағы жанған. Рас, былтыр үгіт-насихат науқаны басталмай жатып, оның ауылдың ақсақалдарына дастархан жайып, батасын алып жүргені ақпарат құралдарында әжептәуір у-шуға ұласқан болатын. Әйтеуір, сол жолы Ш.Қаныбековқа сайлау комиссиясы кеңшілік жасап, кандидатурасын додадан алып тастаған жоқ. Бұған тереңірек тоқталмай-ақ қоялық. Біздің айтпағымыз, сайлау кезінде сайлаушыларына аста-төк дастархан жайып, асты-үстіне түсіп бәйек болған Қаныбековқа сайлаудан кейін қара халық керек болмай қалғаны ма?

P.S. Шералы Қаныбеков басқаратын «Мақтаарал-Сервис» – ауызсуға деп бюджеттен қомақты қаржы алып отырған кәсіпорын. 2012 жылы – 192 миллион, 2015 жылы 273 миллион теңге алған екен. Бұл қаржылар қайда кетті? Қазынадан ауызсуға деп бөлінген қаржы неге Құрбан ата сияқты шөліркеп отырған елдімекендерге жұмсалмаған? Мұны бір деңіз. Екіншіден, депутаттың қазынадан ауызсуға ақша бөлдіруінеде, мәселе көтеруіне де толық құқығы бар емес пе? Қаныбековті депутат сайлаған халықтың көрген қызығы қайсы, сонда?
 

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/eleumet/20864.html