Әлеумет
Байзақта баға бас бермей барады
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
05.10.2017 14:22

Бірер жыл бұрын Жамбылға жолаушылап келген қонақтардың бірі өңірді аралап, Байзақ ауданына барғанда «шіркін, қала болса тиіп тұр, баға дегеніңіз арзан, осы жерде өмір сүру керек екен ғой» деп ағынан ақтарылған еді. Әгәрәки, сол қонақ қазір қайтып келсе, Сарыкемердегі шарықтап кеткен бағадан басы айналып, бұрынғы айтқан сөзін қайтып алатыны анық. Олай дейтініміз – өткен жылдың осы уақыты аралығымен салыстырғанда Байзақ ауданында баға бас бермей, ең қымбат аудан атанып отыр. Басқасын айтпағанда, бұл ауданда бағасына арнайы мониторинг жүргізіліп отыратын 53 тауардың 17-сі қымбаттаған.
Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылы облыс орталығына тиіп тұрған, жеңіл көлікпен жақсылап жүріп берсеңіз сүтпісірім уақытта жетіп баратын-ақ жер. Яғни тауарды жеткізудегі жол шығыны әсер ете қоймайды. Демек, аудандық әкімдік тарапынан бағаға бақылау болмай тұрғанын аңғару қиын емес.
Бағасы бас бермей бара жатқан бұл ауданда тазалық жұмыстарына да тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр екен. Мәселен, осы аудандағы Дихан-2, Қосақ ауылдарындағы шашылып жатқан күл-қоқыс көрікті мекеннің көркін бұзып тұр. Қайбір күні ауыл-аймақтың тазалығына байланысты өткен жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиевке қарата сөзін жұмсартып: «Қай жерде тазалық болса, сол жерде тәртіп бар. Біз баратын кезде тазалап, одан кейін шашылып жатпауы тиіс. Күнделікті қадағалап отыру керек», – деді.
Р.Рахманбердиев Байзаққа әкім болғанға дейін үш жарым жылдай облыс әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Облыс басшысының оған келгенде сөзін жұмсартып, ашу шақырмай, дауыс көтермей сын айтатыны бұрынғы жанында жақын жүрген адамына деген құрметі болар. Әйтсе де соңғы күндері баға бойынша бір, тазалық жөнінде екінші мәрте көзге түскен Байзақтың әкіміне жұмысын ширатпаса болмайды. Әйтпесе Көкірекбаев аппарат басшысын Байзаққа әкім етіп жіберерде бағаны қымбаттатып, ауыл-аймақты күл-қоқысқа айналдырсын демеген шығар.

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/eleumet/20868.html