Руханият
Сен мендесің, Мен сенде...
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
05.10.2017 14:27

***
Тұма тұнық көзіңе
Тұла бойы батыршы.
Өз жырымды өзіме
Оқып беріп отыршы.

Бармағыңнан тіліммен,
Бал жалаған болайын.
Ертеңімді бүгінмен
Олжалаған болайын!

Бар мәзірім, бар бағым:
Өлең – елші, Мен – емші.
Сен де, жаным, Алланың
Ақ жолына кенелші.

Жан-ділімнің желегі –
Тағдырымның кінәзі.
Қылдан нәзік келеді,
Қыз баланың мінезі...

Сен мендесің, Мен сенде...
Екі аралық тым жырақ.
Енбесем бе, енсем бе,
Әлеміңе Гүлжұмақ?

Бірі көктем, бірі күз..,
Бір қуанып, бір жасап:
Бірімізден біріміз
Түн тынышын ұрласақ...

Сенің үнің тым нәзік,
Сенің үнің тым мәйін.
Менің музам мұңға азық,
Тағы оқышы?
Тыңдайын.

Тыңдайын да жылайын,
Өршіп өзек алқымы.
Сарғайтпағай лайым
«Құралайдың салқыны»...

...Тұма тұнық көзіңе
Тұла бойы батыршы.
Өз жырымды өзіме,
Оқып беріп отыршы?..

***
Не жүректі шерлі етерсің,
Не дертімді емдетерсің.
Не сөзімді желге ұшырып,
Не сезімді тербетерсің.

Иранбақтың гүлін дара
Көргендеймін бүгін ғана.
Шаңқай түсте шабыт қысқан
Шайырыңның түрін қара?!

Сауығыммен, сайраныммен,
Қай гүлзарда сайрадым Мен?
Екі көзім кімді көріп,
Екі аяғым қайда жүрген?

Мың тіріліп, мың бір өлген
Дүр сезімнің дүлдүлі ем Мен!
Екі аяғым қайда қаңғып,
Екі көзім кімді көрген?

Ғазал сырын ғашық ұқсын:
Көзіме оттай басылыпсың.
Бүршігіңнен жарылыпсың!
Қауызыңнан ашылыпсың!

...Не жүректі шерлі етерсің,
Не дертімді емдетерсің.
Не аялап періштеңді,
Не бейдауа пенде етерсің...

ТҮС
Жарым түнде Айға асылып білегім,
Жаратқаннан жан ләззатын тіледім.
Бесігінен белін шешкен баладай,
Қайта оянды-ау қалғып кеткен жүрегім.

Жалқын бақтың жапырағын алтындап,
Саратаным сарғайғанда салқындап.
Ақ төсекте алқынғаным неткенім,
Алпыс екі тамырымда қан тулап?!

Көзім жұмық...
Көңіл шіркін шала мас.
Көрген түсім ақиқатпен аралас:
Тәні, жаны тәтті Айым да жалаңаш!
Жалаң, желең Ақ қайың да жалаңаш!

Үлбір, тұнжыр не жетеді бұл кезге?!
Тына қалған, тұна қалған түн де өзге.
Халал сәттің халін кешкен шығар-ау,
Хауа ана да сен сияқты бір кезде...

...Жарым түнде Айға асылып білегім,
Жаратқаннан жан серігін тіледім.
Бесігінен белін шешкен баладай
Қайта оянды-ау қалғып кеткен жүрегім.

***
Неге көрдім мен сені?
Неге көрдім?
Таусылмайтын,
Бітпейтін не деген мұң?
Енді кімге жанымды жалға беріп,
Енді кімге тәнімді шөгерермін?

Екі дүние...
Жан мен Тән – екі дұшпан
Ерегесіп болмады-ау екі тұстан.
Өзімді-өзім қоярға жер таппаймын,
Желіккенде желкемде жеті мыстан!

Кімді қуып,
Келемін кімнен қашып?
Таңға келіп таусылам,
Түннен қашып.
Бөлінбейді Жан мен Тән қас қылғанда,
Жел улейді жебірдей іргемді ашып.

Ғашық-машық...
Дос-жаран...
Мені сатқан.
Өмірім-ай, өзендей теріс аққан...
Кеніш пенен Пейіштің арасында
Қайда қоям жанымды пері соққан?!


***
Таңырқадым,
Тамсандым,
Қызықтадым...
Жақсы сөздің тілдегі тізіп бәрін.
Білсең етті,
Көзіңе ілсең етті
Жүрегімнің төрінде жүзік барын.

Сол жүзіктің жүзіндей көз жанарың
Сезсең етті сезімді қозғағанын.
Сыбырлап-ақ айтатын сөзім еді,
Күбірлеуден қалмады өзге амалым.

Майдай еріп масаң шақ, масаң халім,
Күбірлеуден, амал не, аса алмадым.
Білмейсің-ау,
Көзіңе ілмейсің-ау,
Жақсы ағаңның көзіне жас алғанын...

Елеңдеумен жүргенде ескі елеске
Кеш кездестің...
Қайтейін кеш демеске?
Сен шыңына Шырқаудың шыққан сайын
Мен сыйлар ем гүл шоғын десте-десте!

Егіп тастап сол гүлді иен далаға,
Ұқсар ма едім елгезек мен балаға.
...Жағдайы жоқ, жайы бар жан-жүрекке
Жалғыз қиял, құдай-ау, ем бола ма?..


***
Гүл ашылды...
Көбелегің қайда жүр?
Құлдығыңа жұлдыз мәзір, Ай да әзір.
«Гүлнұр жәйлі жыр жаз...» дейсің,
Гүлім-ау,
Көңіліңді көншітпей ме Ләйла-жыр?

Сағыныш та,
Уайым да,
Мұң да өлең...
Бұл үшеуін бөле алады кім менен?
Мен қонбасам кім қонады, құдай-ау,
Аулаңдағы алма, өрікке гүлдеген?!

Аулаңдағы әппақ гүлді алма, өрік
Алабөтен әрленіп те сәнденіп,
Ерте күзде жарылады-ау ағынан
Ерке қыздай ерінінен бал беріп.

Жалғыздығы жан-жүректі жайлаған
Гүлнұр аман,
Тұнжыраған Ай да аман...
Жұмыр жердің жұмағындай Көктемде
Мен пәруана Періштеге айналам!

Айналам да гүлге қонам не түрлі,
Түзге қарай түзеп алып бетімді.
Күннің нұры, гүлдің нәрі нәрәнжу
Жүрегімнің нәр-азығы секілді.

Иә, иә, жүдеу жанға гүл азық,
Жүзім солып, жүрмейінші құлазып.
Көбейсе екен алма, өріктің бау-бағы,
Азайса екен арқамдағы мына жүк.

...Гүл ашылды...
Көбелегің келді ұшып!
Сартап күндер сағымға еніп, желге ұшып...
Жанарыңда жазықсыз жас мөлтілдеп,
Кірпігіңе қонбасыншы енді шық.

***
Қарағым, сен де қайың, мен де қайың,
Қайыңнан қар жамылған немді аяйын?!
Жас тұнған жанарыңнан жайыңды ұғып,
Асқынған ауруыңа ем болайын.

Қалқашым, қабағынды аш, қасынды кер,
Көңілі көркем қыздың ашық жүрер.
Жалт еткен жалғыз сәттік дүниеге
Жаныңның жауһар нұрын шашып жібер!

Алқынба,
Алабұртпа,
Аландама,
Алдымен маған кара, маған қара:
Тәңірдің құдіретіне таң қалып тұр
Көк пен жер!

Ақ жамылған тәмәм Дала!
Жауған қар...үркек, үрпек балапандай,
Сен оған қолыңды соз, алақан жай.
Әппақ қар – ақ періште пейілінді
Келем ғой әлі өзіме қарата алмай...

Қарағым, сен де қайың, мен де қайың,
Қайыңнан қар жамылған немді аяйын?!
Жас тұнған жанарыңнан жайыңды ұғып,
Асқынған ауруыңа ем болайын,
Қарағым, сен де қайың, мен де қайың...


ТӘҢІР ТҮНІ

Алтын құйма – астауға бал тамыздым,
Ақ маржаннан тізілген алқаны үздім.

Екі бірдей бап көріп балқыманы,
Асау жүрек атқақтап алқынады.

Сабырыма сай келіп сақтағаның,
Сары алтынның буына апталамын.

Тәтті еріннен тамады таңдайға бал...
Қаусамайды мұндайда қандай қамал?!

Анамыздың әлдилеп ақ бесігі,
Ашылғандай қайырлы қақпа есігі!..

Қоламтаның қозы ма қызқайнаған:
Бірде өртеніп,
бірде ысып,
мұзға айналам...

Телегейге тұңғиық батып кемем,
Жасаураған жанардан жақұт терем...

Тершіп, өршіп дегбірдің делебесі,
«Бір балшықтан құйылған» деген осы!

Көңіл ашық,
көз жұмық,
айра-жайра...
Соғып өткен ғайыптан найзағай ма?

... Алтын құйма – астауға бал тамыздым,
Ақ маржаннан тізілген алқаны үздім...


***
Қайсыбірін айтайын, қайсыбірін..,
Аз көрдім бе өмірдің қайшылығын?
Көрген түстей көңілден көшсін бәрі!
Құшағыңды күнәсіз жайшы, күнім?!

Көшсін әрі көңілден бәрі, бәрі!!!
Тағдырымның талғажау нәрі кәні?
Қасқағымның құлдығы – қайран, дүние
Қауызынан қашанғы тарылады?

Көшсін бәрі!!!
Сен ғана қал қасымда:
Жандасуға,
жарасып..,
жалғасуға.
Жаннан безген жалғыздық кімге керек,
Жапалақтай жарбиған жар басында?!

Кел қасыма:
Майысып,
мәйін басып.
Қалсын жүрек қауышып, қайымдасып.
Ертеңіме тілейін мың салауат,
Бүгініммен қоштасып, қайырласып...
 

Исраил САПАРБАЙ


www.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://www.zhasalash.kz/ruhaniyat/20870.html